27 Шілде, 2010

Әлем өткен аптада

547 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
БҰҰ Косовоны таныды Біріккен Ұлттар Ұйымының Халықаралық соты 22 шілдеде Ко­совоның өзінің тәуелсіздігін жа­риялауы заңға қайшы емес­ті­гін мәлімдеді. Ал Косово өзінің тәу­елсіздігін 2008 жылы 17 ақ­панда жариялаған. Бүгінге дейін Косовоның тәуелсіздігін 69 ел таныды. Ресей және оның ық­па­лындағы біраз ел танығысы жоқ. Олар Косовоны таныса, Прид­нес­тровье, Абхазияны да тану керек дегенді айтады. Ал бұларды салыстыруға келмейді. Сербия­ның Косоводағы тағылық гено­цид­тік әрекетін ұмытуға бол­май­ды. Халықаралық сот шешімінен кейін Косовоны танитындар саны көбейетіні сөзсіз. Әскерін қысқартпақ Украина басшылығы өз әс­ке­рін 15-20 пайызға қысқарту жөнінде шешімге келіпті. Әсіресе, бұл экономикалық қиыншылыққа ұшыраған ел үшін өте маңызды. Бұл заманда бейбіт саясат ұстаған елге ешкім басып кірмейді. Сон­дықтан көп әскер ұстаудың қажеті шамалы. Бүгінге дейін Украинада әскер саны 200 мың төңірегінде болса, оны біршама қысқартудан айтарлықтай қаржы үнемделмек. Іздегенге жау көп Иран Ислам Республика­сы­ның президенті М.Ахмадинежад Иранға қарсы АҚШ сценарийін қол­даған елдердің барлығын өз­деріне жау санайтынын мәлімдеді. Бұл жерде “Менің жауымның досы маған жау” қағидасы қол­данылып отырғаны белгілі. Бүгінгі интеграциялық заманда бұл қағида жақсылыққа апармайды. Апар­мағанда, Иран аз дегенде әлемнің жартысын өзіне жау етуі мүмкін. Көп ел АҚШ-тай өркениеттің биігіне көтерілген ұлы елмен Иранға бола жау бола алмайды. АҚШ-тың бастамасымен және көп елдің қолдауымен әзірленген БҰҰ-ның Иранға қарсы санкциясынан бас тартпайды. Бопсадан сескенбеді Біраздан бері Корея түбегі ай­мағында айтарлықтай шиеле­ністі жағдай қалыптасып отыр. Оңтүстік және Солтүстік Корея мемлекеттері аңдысып өмір сүріп жатыр. “Сен өйтсең, мен бүйтем” деген қорқытулар екі жақтан да жиі айтылады. Ең алдымен КХДР Оңтүстік Корея мен АҚШ-тың біріккен әскери жаттығу өткізуіне қарсы біраз қоқан-лоққы білдір­ген. Соған қарамай, олардың Әс­кери-теңіз күштері Жапон теңі­зінде біріккен жаттығуларын бас­тап кетті. Жұрт бұған жауап ре­тін­де КХДР қандай әрекетке барады екен деп мазасызданып отыр. Айтматовты айыптаған Fergana.ru-дың хабарлауына қарағанда, Өзбекстан үкіметі елдің ақпарат құралдарының басшыла­рына ұлы қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматовтың атын да, шығармаларын да атамау жөнінде ауызша нұсқау берген көрінеді. Олар мұны жақында Қырғыз­станның оңтүстік өңірінде болған оқиғаларға жауап деп есептесе керек. Онда өзбек ұлтының өкіл­дері қуғынға ұшыраған болатын. Бірақ оған “Адамзаттың Айтма­товы” атанған ұлы жазушының не айыбы бар? Ұлтшылдарға орын жоқ Ұлыбритания королевасының жылына бір рет елдің белгілі адам­­дарын дастарқанға шақыратын дәстүрі бар. Бұл әдетте аста-төк той емес, жай құрмет белгісіндей ресми шара. Бермингем сарайына 8 мың адамның бірі ретінде әсі­ре­оңшыл Британия ұлттық пар­тиясының көсемі Ник Гриффен де шақырылған еді. Ол дереу мәлім­деме жасап, жеке тұлға ретінде емес, ұлтшылдар атынан бараты­нын айтқан соң, королева әкім­шілігі дереу шақыруды кейін қайтарып алыпты. Алдында ол Еуропарламент депутаты ретінде шақырылған екен. Заңды диктатор Оңтүстік Американың солтүс­тік шығысындағы шағын ғана Суринам деп аталатын мемлекетте әркез төңкеріс болып жатады. Оның біразын елдің қазіргі пре­зи­денті Дези Беутерсе жүзеге асыр­ған. Ол сексенінші және тоқса­ныншы жылдарда екі рет төңкеріс арқасында билікке келіп, шағын елде диктаторлық тәртіп орнықты. Бір қызығы – өткен апта басында ол “демократиялық жолмен” билікке келді: парламенттегі 51 депутаттың 36-сы оны жақтап дауыс берді. Жұрт бұрынғы диктатор енді қандай тәртіпті қалар екен деп жүр. Әзірлеген Мамадияр ЖАҚЫП.