Алғашқы көмек жүйесін жетілдіру — бүгінгі күннің басты міндеті
1978 жылы қабылданған медициналық-санитарлық алғашқы көмек (МСАК) жөніндегі Алматы декларациясының жарияланғанына 30 жылдан астам уақыт өтті. Декларацияда жетістіктерге ұмтылу, әлеуметтік әділдік пен бүкіл халықтың барынша жоғарғы деңгейдегі денсаулыққа құқығы, қатысуы және ынтымақтастық нақты көрсетілген. Алайда, бұл жылдары денсаулық сақтау саласында айтарлықтай өзгерістер болса да, Декларация негізіндегі құндылықтар өзгеріссіз қалды. Бұл ретте қағидаттар толық сақталмағандығын естен шығармаған жөн. Қазіргі таңда өзгеріп жатқан әлемнің талабына жауап бере отырып және қолжетімді медициналық көмектің жоғары сапасын қамтамасыз етудегі күтілетін нәтижелерге сәйкес бола отырып, Денсаулық сақтау министрлігі ұсынған Қазақстан Республикасында денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған “Саламатты Қазақстан” мемлекеттік бағдарламасының жобасында МСАК жүйесінің жұмыс істеу қағидаттары қайта қаралды, әлеуметтік қызметкерлердің институтын енгізу жоспарлануда. Бұл мәселелерді талқылау әртүрлі деңгейде: дәрігерлер, денсаулық сақтауды ұйымдастырушылар, қаржыгерлер, жоғары оқу орындарының өкілдері арасында жүргізілуде. Әрине, қанша адам болса, сонша пікір айтылады. Алайда, денсаулық сақтау секторында жұмыс істейтін әрбір маман бұл жүйенің іргетасы – оның бастапқы буыны болып табылатын МСАК екенін біледі. Ол денсаулық сақтау жүйесінің бәсекелестікке қабілеттілігін қамтамасыз етуге бағытталған. Жаңа бағдарламаның негізгі мақсаты – Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесінде медициналық көмекті ұйымдастыру, басқару және қаржыландыру жүйесін жетілдіру болып табылады. Негізгі алты бағыт ретінде мыналар ұсынылады: профилактикалық іс-шараларды күшейтуге, скринингтік зерттеулерге және саламатты өмір салтын ынталандыруға екпін жасала отырып, негізгі әлеуметтік елеулі аурулардың деңгейін төмендету және халық денсаулығын одан әрі нығайту; санитарлық-эпидемиологиялық қызметті жетілдіру; пациенттерді диагностикалаудың, емдеу мен оңалтудың халықаралық стандарттарын енгізе отырып, Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесінің шеңберінде медициналық көмекті ұйымдастыру, басқару және қаржыландыру жүйесін жетілдіру, сондай-ақ, азаматтардың өз денсаулығына ынтымақтасқан жауапкершілігін күшейту. Сондай-ақ бәсекеге қабілетті кадрларды даярлау және қайта даярлау жөніндегі халықаралық стандарттарды кезең-кезеңмен енгізу арқылы медициналық, фармацевтикалық білімді жетілдіру, сонымен бірге медицинада инновациялық технологияларды дамыту және енгізу; халықтың сапалы дәрі-дәрмектерге қолжетімділігін арттыру және халықаралық стандарттарға сәйкес келетін отандық дәрілік заттарды өндіруді дамытуға ықпал ету. Бағдарламада азаматтардың денсаулығын сақтау мәселесі бойынша сектораралық және ведомствоаралық іс-қимылдарды күшейтуге ерекше назар аударылады. Қалалық және ауылдық денсаулық сақтау деңгейінде МСАК құрылымына түсініктеме берілді. Бағдарламада денсаулық сақтауды ұйымдастырушыларды толғандыратын өте күрделі мәселелер қозғалады. Бұлар: елдің денсаулық сақтау саласындағы басым бағыттарын барынша жақсы келісу; жүйені қаржыландыруды қамтамасыз ету және тұрақтандыру, денсаулық сақтау жүйесін нығайту, оны тиімді, нысаналы ету жолдары, сондай-ақ медицина қызметкерлерінің әлеуметтік статусы, құзыреті мен уәждемесі және халықтың саламатты өмір салтын ұстануы және аурулардың профилактикасы мәселелеріндегі ынтымақтасқан жауапкершілігі сияқты басқа да проблемалар. Республикада осы проблемаларды шешуге негіз бар және мынадай үйлесімді кешенді жұмыстар жүргізілді: “Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы” Қазақстан Республикасының кодексі қабылданды; стационарлық және стационарды алмастыратын көмек деңгейінде Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтаудың жүйесі енгізілді; дәрілік заттардың бірыңғай дистрибуция жүйесі енгізілді; медициналық ұйымдардың желісін үлгілендіру мен стандарттау жүргізілді; мемлекеттік нормативтер бекітілді. Кадрларды даярлау мен қайта даярлау жөніндегі халықаралық стандарттар енгізілді. Бұдан басқа, бағдарламада бастапқы және мамандандырылған көмектің арасында қаржы ресурстарын ұтымды бөлу негізделе отырып, МСАК-тың әлеуметтік бағдарланған үлгісі, жалпы дәрігерлік практиканы, саламатты өмір салты жөнінде, халықпен, әсіресе жастармен және егде жастағы адамдармен жұмыс бойынша жаңа нысандар мен технологияларды дамыту ұсынылған. Жұмыстың осы бөлімі бірқатар нормативтік құжаттарды, оның ішінде МСАК-ты қаржыландыру мәселесі бойынша қайта қарауды талап етуі сөзсіз. Денсаулық сақтауды дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаның жобасында дипломдық және дипломнан кейінгі деңгейлердегі медицина мамандарын даярлауға тұтас бөлім бөлінген, медицина кадрларының білімі мен дағдыларын бағалау орталықтарын құру көзделген. Жалпы, мемлекеттік бағдарлама, сөзсіз, Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау жүйесін дамытудың негізгі кезеңдерін көрсететін болады. Мұның барлығы ел азаматтарының өмір сүру сапасы мен деңгейін жақсартуға, әлеуметтік қорғалуын нығайтуға, қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығын ұлғайтуға ықпал ететін болады. Қарлығаш ӘЛИХАНОВА, Қарағанды мемлекеттік медицина университетінің кафедра меңгерушісі, медицина ғылымдарының докторы, профессор.* * *
Әлі де нақтылау қажет Кез келген саладағы реформа күтілмеген нәтижелер тәуекеліне келіп тірелетіні айқын. Алайда, Қазақстан Республикасында денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған “Саламатты Қазақстан” мемлекеттік бағдарламасы мұндай тәуекелге тап болмайды. Өйткені, бұл жобаны жасаған Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі алда тұрған аса ауқымды жұмыстың мақсатын, міндетін, бағыт-бағдарын нақты айқындаған. Бұл бағдарламада елдегі қазіргі экономикалық ахуал мен денсаулық сақтау саласында шешімін күтетін проблемаларға үлкен мән берілген. Атап айтқанда, саланы басқаруды жетілдіру, медициналық және фармацевтикалық білім берудің тиімділігін арттыру, инновациялық технологияларды жасау мен енгізуге бағытталған ғылымды дамыту және тағы басқа да мәселелер қамтылған. Бағдарламада оны тиімді жүзеге асыруға ықпал жасайтын механизмдер нақты көрініс тапқан. Бұл құжатта денсаулық сақтау саласы мемлекеттің ұлттық экономикалық доктринасының бір бөлшегі екені айрықша атап көрсетілген. Демек, денсаулық сақтау саласы Қазақстан Республикасының Даму стратегиялық жоспарын іске асырудың аса маңызды бағыттарының бірі ретінде қарастырылып, Президент Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, елдің стратегиялық мақсатта табысқа жетуінің басты кепілі болмақ. Бұл жәйт практик дәрігерлер мен халық тарапынан қолдау тауып, сан-алуан меншік түрінің дамуы мен медициналық қызметтің өркениетті рыногын құруға мүмкіндік жасайды. Алайда, заңды сұрақ тудыратын кейбір тұстарға көңіл аударуды жөн көріп отырмын. Мәселен, репродуктивті денсаулық сақтаудың жинақталған көкейкесті мәселелері, жұқпалы емес сырқаттардың профилактикасы жөніндегі қызметті жетілдірудің шешілмеген мәселелері, санитарлық-эпидемиологиялық сараптамалардың сапасы мен жеделдігін арттыру қажеттілігі, экономикалық ахуалдың нашарлығы бірқатар өткір жәйттерді алға шығарып отыр. Менің ойымша, бұл проблемаларды шешудің нақтыланған әдіс-тәсілдерін атап көрсету бағдарламаның мән-маңызын арттыра түсуі тиіс. Сонымен қатар, сектораралық және ведомствоаралық әріптестік механизмі жайлы да осындай ойды айтуға болады. Бағдарламада халық және салалық министрліктер тарапынан саламатты өмір салтын ұстануға деген жауапкершілікті арттыру көзделуі қажет. Былайша айтқанда, спорттық базалардың нормативтік саны, қоршаған ортадағы қолайсыз жағдайларды реттеу, ауызсумен, тамақпен қамту – мемлекеттік қамқорлыққа алынатын басты мәселелер болуы тиіс. Жалпы алғанда, Қазақстан Республикасында 2011-2015 жылдарға арналған денсаулық сақтауды дамытудың “Саламатты Қазақстан” мемлекеттік бағдарламасы отандық денсаулық сақтау саласын әлемдік стандартқа сай келген жаңа сапалық көрсеткіштерге жетелейтін аса маңызды әрі дер кезінде ұсынылып отырған басты құжат деп есептеймін. М.БИҒАЛИЕВ, “Шымкент қалалық жедел медициналық көмек көрсету ауруханасы” МКҚК бас дәрігері.