Кеше Үкімет үйінде Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен Мәдениет министрлігі әзірлеген Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының жобасын талқылауға арналған кеңес өтті. Оған Парламент депутаттары, Үкімет мүшелері, үкіметтік емес ұйымдардың, этно-мәдени бірлестіктердің басшылары, белгілі ғалымдар мен тіл жанашырлары қатысты. Тіл саясатына байланысты 30 елдің озық тәжірибесі зерделеніп, әзірленген жобаға қатысты негізгі баяндаманы Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед жасады.
![](http://old.egemen.kz/2010/img/270710-21.jpg)
Тілі мен ділінің діңгегі мығым ел діттеген биігіне шығып жатыр. Сол шың Қазақ елінің де ежелден аңсаған асқақ мұраты. Тәуелсіздік рухын асқақтатқан тіл мәртебесін көтеру ешқашан күн тәртібінен түскен емес. Ол бүгін де елдік мәселе болғандықтан жан-жақты екшеліп, сараланып, тұйық тұсы қайта тұжырымдалып, олқылығы оңалып, жұқа беті қоң алып, мемлекеттің ең басты құндылықтарының бірі ретінде айрықша мәртебеге ие болуда. Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы жобасының әзірленуі соның жарқын бір мысалындай көрінді. Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммедтің “Тіл – кез келген ұлттың болмыс-бітімін даралайтын құбылыс” деп әуелгі сөзін тілдің тірегінен, өзегінен өрбітуі оның бір күндік мәселе еместігін, керісінше ол туралы ойлар ұлттың кемелденуімен, қай жағынан да керегесін кеңейте түсуімен тығыз байланысты екендігін айқын бағамдатқан. “АҚШ Конгресінің кітапханасы халықаралық ІSO-639 стандарты бойынша дәл қазіргі уақытта дүниежүзінде 7048 тіл барын анықтаған. Зерттеушілердің пайымдауынша, әрбір екі апта сайын жер бетінде бір тіл жойылып отырады екен. Дэвид Хариссонның “Тілдер қалай өледі?” атты кітабында жер бетіндегі өсімдіктердің 8 пайызы, сүт қоректілердің 18 пайызы, ал тілдердің 40 пайызы жойылу қаупінде екендігін атап көрсеткен” деді ол. Тіл құбылысын зерттеп жүрген ғалымдардың небәрі алдағы 100 жылдың ішінде қазіргі тілдердің 3 мыңнан астамы біржолата келмеске кетеді деген пікірін алға тартты. Әрине, мұндай жағдайда сол тілмен бірге оны жаратқан ұлт та өзінің бастапқы бояуын жоғалтып, бірте-бірте адамзат тарихы сахнасынан орнын босатары шындық жәйт. Ал тіл, барша қазақстандықтардың мемлекеттік тілі – қазақ тілі руханиятымыздың, ұлттық болмысымыздың, мемлекеттілігіміздің, тәуелсіздігіміздің басты тірегі десек, мемлекеттік бағдарлама жобасы ең әуелі мемлекеттік тілді он жыл мерзімде жан-жақты дамытудың негізгі бағыт-бағдарын айқындауға арналғаны айтылды. Бұл бағдарлама жобасының басты ерекшелігі – оны әзірлеу барысында 30-дан астам шетелдің тіл саясатын құқықтық реттеу тәжірибесі зерделеніпті. Осынау ауқымды істің басы-қасында үнемі Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзінің жүруі жұртты үнемі жарық үмітке жетелейді. Ел Президентінің “Біз барша қазақстандықтарды біріктірудің басты факторы болып табылатын қазақ тілінің одан әрі дамуы үшін барлық күш-жігерімізді салуымыз керек... Сонымен бірге елімізде тұратын барлық халықтар өкілдерінің ана тілінде еркін сөйлей, оқи алуына, оны дамытуға қолайлы жағдай тудыруымыз қажет” деп атап көрсеткеніндей, бұл жоба осы уақытқа дейін қордаланған қомақты істерді жүзеге асырудың бағыт-байламы ретінде бағаланатын бірден бір құжат ретінде ұсынылды.
![](http://old.egemen.kz/2010/img/270710-3.jpg)
Расымен де, өткен жылдар бедерлері көп ой саларлық нәтижелерге толы. Мәселен, мемлекеттік тілді оқыту инфрақұрылымы елеулі түрде кеңейгенін айтпай кетуге болмайды. Мұндайда сонау 1989-1990 оқу жылындағы Қазақстан мектептерінің хал-ахуалы еріксіз еске түседі. Онда қазақ мектептерінде 910 мың оқушы оқыса, ал биылғы жылы бұл көрсеткіш 1,5 миллионнан асып түскені мысалға алынды. Тәуелсіздік жылдарында мыңға жуық қазақ мектебінің ашылуы бұл жолда айтарлықтай нәтижеге қол жетіп жатқанын айғақтайды. Сондай-ақ іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізу үдерісі соңғы уақытта көңіл көншітерлік көрсеткішке жетіпті. Мемлекеттік органдарда қазақ тіліндегі құжаттардың үлес салмағы шамамен 67 пайызды құрайтыны осы ойды растай түседі. Ал мемлекеттік тілде оқытудың әдістемелік базасы туралы айтқанда, көп деңгейлі оқу-әдістемелік кешендер, таралымы миллион данаға жуық сөздіктер, жалпы таралымы 260 мың дана екі және үш тілдегі сегіз салалық сөздіктің жарық көргенінен тіл мәселесінде кежегенің кері тартылуынан гөрі кеменің алға оза түскені байқалады. Мемлекеттік тілді меңгеру үдерісіне жаңа ақпараттық технологияларды енгізу мақсатында интернет-портал құрылып, олар тұрақты түрде жаңартылып отыратынын тілге тиек еткен министр 20-дан астам сервис түрі, әлемнің 50 елінен белсенді пайдаланушылар аудиториясы барлығын айтты. Мемлекеттік тілдің коммуникативтік қызметінің нығаюына байланысты ой қозғалғанда, мемлекеттік БАҚ контентінде қазақ тіліндегі хабарлардың көлемі 70 пайыздан асып, 2750 БАҚ басылымдарының 68 пайызы бүгінде толық немесе ішінара қазақ тілінде шығып жатқаны мысалға алынды. Қазақстанды мекендейтін түрлі этностардың тілдерін қорғау мәселесі де шет қалмаған. Мәселен, жалпы білім беретін 7576 мектептің 1398-і орыс тілінде, 62-сі өзбек тілінде, 14-і ұйғыр тілінде, 2-і тәжік тілінде оқытса, 2089-ы аралас мектептер екен. Ал 2003 мектеп жасына дейінгі балалар мекемесінің 260-ы орыс тілінде, 2-і өзбек тілінде оқытып, 801 аралас оқу орындарының болуы өзге ұлт өкілдерінің рухани құндылықтарын қорғауда Қазақ елі ешбір елде жоқ озық үлгіні ұсынып отырғанын көрсетеді. Этномәдени бірлестіктердің 190 жексенбілік мектептерінде 30 этностық топтың ана тілі оқытылса, қазақстандық 50 театрдың 9-ы аралас, 15-і орыс тілінде, сондай-ақ 1 кәріс, 1 неміс, 1 өзбек және 1 ұйғыр театры көрерменін өнермен ұйытып жүр. Әрине, бұл жерде де соңғы уақыттары қазақ тіліндегі мектептер санының күрт артқанын айтпай кетуге болмайды. Қазақ мектептерінің саны 3811-ге жеткен. Осы мәселелер ортаға салына келе шетелде тұратын отандастармен мәдени байланыстарды дамыту мен нығайту жайы да ұмыт қалған жоқ.
![](http://old.egemen.kz/2010/img/270710-5.jpg)
Алдағы 2011-2020 жылдардағы тіл саясатын жүргізудің ой-қисыны еліміздегі қоғамдық саяси ахуалдың тұрақтылығына елеулі қауіп-қатер әкелуі мүмкін бірқатар проблемалық мәселелердің де бар екендігі ашық айтылды. Министр ең алдымен, бұл қоғамдағы мемлекеттік тілді меңгеру деңгейінің әркелкілігінен екенін ескертті. Екіншіден, елдің қоғамдық саяси өміріне мемлекеттік тілдің әлі де болса баяу енгізілуі, үшіншіден, тіл мәдениетінің төмендігі, төртіншіден, шетел тілдерін меңгеру қарқынының баяулығы себеп болып отырғанын қадап-қадап көрсетті. Бағдарлама жобасы осы проблемаларды жүйелі түрде шешуге бағытталған деді. Мемлекеттік бағдарламаның басты стратегиялық мақсаты – Қазақстанда тұратын барлық этностардың тілін сақтай отырып, ұлт бірлігін нығайтудың маңызды факторы ретінде саналатын мемлекеттік тілді балабақша, мектеп, жоғары оқу орындары, мемлекеттік қызмет және қоғамдық саяси, әлеуметтік кәсіпкерлік саласының барлығында батыл қолданысқа енгізіп, қазақстандықтың өмірлік қажетіне айналдыру екенін және алда тұрған төрт негізгі мақсатты алға тартты. Оның біріншісі – мемлекеттік тіл – ұлт бірлігінің басты факторы деген тұжырым, екіншісі – мемлекеттік тілді кеңінен қолдануды көпшілікке тарату қажеттігі. Үшіншісі – дамыған тіл мәдениеті – зиялы ұлттың басты күш-қуаты деп түйінделсе, төртіншісі – Қазақстан лингвистикалық капиталын дамыту жайы. Мәдениет министрі бірінші мақсат бойынша Қазақстанның барша азаматтарының мемлекеттік тілді меңгеру жүйесін құру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру көзделетінін тұжырымдай келіп, бұл жүйенің арқауы үш негізгі компоненттен тұратынын, олар – әдіснама, инфрақұрылым және басқару тетіктері екенін жеткізді. Содан кейін әдіснаманы әзірлеудің мақсат-мүддесін таразылады. Мұның өзі мемлекеттік тілді меңгеру мен оны оқытудың бірыңғай стандарттарын енгізуді көздейтінін айтты. Бұл жерде ерекше көңіл аудартатын мәселе – ұсынылып отырған алты деңгейлік тіл меңгеру жүйесі нобайының пирамида тәріздес болып келуі. Пирамиданың ең төменгі табанындағы А1-А2 деңгейлері бойынша тілді қарапайым дәрежеде меңгеру көзделген. В1-В2 деңгейлері адамдардың тілді өз беттерінше сөйлесетіндей дәрежеде меңгеруін талап етеді. С1-С2 деңгейлері мемлекеттік тілді іскерлік деңгейде, яғни емін-еркін, жатық меңгеруге бағытталғаны ортаға салынды. Тілді үйретудің мұндай тың жобасы ауқымды істің аяқсыз қалмайтынын аңғартатындай. Ал енді оқытудың мұндай стандартты түрі мектепке дейінгі, мектептегі, жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру жүйесіне ендіру мәселесі өз алдына бөлек әңгіме. Бағдарлама жобасының басты ерекшелігі де осында. Өйткені ол әрбір Қазақстан азаматының білім алуы барысында жүзеге асырылуы тиіс шара болып қалады. А1-А2 деңгейлерін балабақшада және бастауыш мектепте оқыған кезде, В1-В2 деңгейлерін мектептің орта және жоғары сыныптарында оқып жүргенде, ал С1-С2 деңгейлерін жоғары оқу орнында және жоғары оқу орнынан кейінгі білім алу барысында қол жеткізу мүмкіндігі парықталды.
Бұл бағыттағы тағы бір көңіл аударуға тиісті мәселе, қазақ тілінде оқытатын білім беру мекемелері желісін кеңейту және қазақ тілі оқытушылары мен мамандарын даярлау және олардың біліктілігін арттыру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру екені назардан тыс қалмады. Бұл орайда қолға алынар қордалы істер қомақты көрінеді. Мәселен, әдіснамалық және ұйымдастыру тұрғысынан мамандарды жоғары сапалы деңгейде оқытудың мүмкіндігі бар ғылыми-білім беру орталықтарының саны аз болуына байланысты білім берудің қашықтан оқыту нысандарын кеңінен енгізу арқылы осы тұйықтан шығу көзделуде. Бұл міндет тұтасымен қазақстандықтардың жас буынына арналған, олар мемлекеттік тілді балабақша – мектеп – жоғары оқу орындарында үздіксіз оқу арқылы үйренетін болады. Осы мақсат шеңберінде қазақ тілін үйрену негізі Қазақстандағы барлық балабақша жүйесінде басталып, тілдік өзгешелігіне қарамастан барлық қазақ, орыс және ұлттық мектептерде және барлық жоғары оқу орындарында жалғасатын болады. Қазақ тілі 12 жылдық білім беру жүйесімен бір мезгілде ҰБТ жүйесіне енгізіліп, барлық жоғары оқу орындарында белгілі бір пәндер тек қазақ тілінде оқытылады, мәселен “Қазақстан тарихы” қазақ тілінде жүреді, деді министр.
Қазақ тілін оқыту орталықтарының арнайы аккредитациядан өтуі сөз болды. Бұл орайда штатында директор мен бухгалтер ғана бар жеке тұлғаның демпинг арқылы қазақ тілін оқытуға арналған тендерді ұтып алатын кездері аз болмайтынына қынжылды. Мұндай бірер мұғалімді жалдап, оқуды қалай болса солай өткізетін, сонысымен мемлекеттік тілді меңгеру идеясына өлшеусіз нұқсан келтіретін келеңсіз жәйттерді болдырмаудың алғышарттары қарастырылды. Аккредитациялау осы мәселені түбегейлі шешудің бір жолы болмақ. Сондай-ақ Сынақ-біліктілік орталықтары желісін құру көзделіп отырғаны айтылды. Мақсатқа қол жеткізудегі үшінші міндетті бағыт мемлекеттік тілді оқыту процесін ынталандыру жүйесін құру екені мәлім етілді. Мәселен, Қазтесттің негізінде үйренушілердің білім деңгейін бақылау мен оларды материалдық жағынан көтермелеу жүйесін енгізу көзделуде. Сонымен бірге білім берудің барлық сатыларында мемлекеттік тілді білу деңгейін бағалау және бақылау жүйесін енгізу, барлық мүдделі адамдарға тегін курстар ұйымдастыру, дистанциялық оқыту жүйесін енгізу, жеке бизнес өкілдерін әріптестікке тарту арқылы қазақ тілін оқып үйренуге кеңінен мемлекеттік қолдау көрсету көзделіп отырғаны баяндалды.
Екінші мақсатты іске асыру үшін мемлекеттік тілді қолданудың абырой-беделін көтеру, оған деген қажеттілік пен сұранысты кеңейту тағы бір ауқымды міндет саналады. Расын айту керек, бүгінде өз тілінде сөйлеуге намыстанатын жастар жиі ұшырасады. Қазақша сөйлеген адамды артта қалған, кертартпа, ескілікті көксеуші, мәдениеттен жұрдай, көненің көпшігін сүйреткен жандай жиырылатындар аз емес. Осының бәрі өз тамырынан үзіле жаздап қалған кешегі немкеттілік кесірінің зардаптары. Бағдарлама жобасында осы мәселеге айрықша көңіл бөлініп отыр. Күнделікті өмірде қазақ тілінде сөйлесу мәдениеттілік пен зиялылықтың дәрежесі саналып, әсіресе жастардың ортасында сәнге, керек десеңіз ұлтты сыйлау, ата-баба тіліне қамқорлық көрсету және қазақ патриотизмінің шынайы көрінісіне айналуға тиіс. Мемлекеттік тілде сөйлейтін адамның беделді бейнесін қалыптастыру, мемлекеттік тілді әрбір отбасы дәстүрі ретінде көпшілікке таныту, саяси және PR технологиялар арқылы қоғамдық санада қазақ тілін білушілердің артықшылықтарын мықтап орнықтыру міндеттерін іске асыру қажет, деді Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед бұл ойды тиянақтай келіп. БАҚ-тың бұл бағыттағы қызметі барынша ширатыла түсетіні айқын болды. Сандық теледидарға көшу барысында мемлекеттік тілде хабар тарататын теле және радио арналарын ашу арқылы тілдік ортаны қалыптастыруда БАҚ-тың орны бөлек болмақ. Онлайн нұсқаларын орналастыру арқылы қазақ тілді БАҚ-тарға жүйелі қолдау көрсету, қазақ тіліндегі интернет ресурстарды мемлекеттік қолдау жүйесін құрудың маңызы зор екендігі атап өтілді. БАҚ қызметкерлері қоғамдағы тіл мәдениетінің қалыптасуына тікелей ықпал ететін адамдар ретінде көрсетілді. Мемлекеттік тілді жалпы ғылым, заң және жаңа технологиялар тілі ретінде дамытуды қолға алып қана қоймай, сондай-ақ халықаралық қатынас, демалу және ойын-сауық саласында қолдануды кеңейту мақсаты айрықша мәнге ие болды.
Үшінші мақсат бойынша ойын таратып айтқан министр терминология мен ономастика саласындағы атқарылатын істерге тоқталды. Ол арқылы қазақ тілінің лексикалық қорын одан әрі жетілдіру көзделмек, атаулар беру үдерісінің ашықтығын қамтамасыз етпек. Терминологиялық комиссияның құрамын жаңарту, мәртебесін көтеру, терминологиялық сөздікті Үкімет қаулысымен бекіту, жер-су атауларын өзгертумен айналысатын ономастика комиссиясының жұмысын реттеу сияқты бірталай міндет алға тартылды. Осы арада Пушкин шығармаларына қатысты мынадай бір мысалдың көпке үлкен ой салғаны сезілді. Кезінде орыстың ұлы ақыны шығармаларында 26 мың сөзді пайдаланыпты. Ал ХVІІІ ғасырда жарық көрген “Словарь академии Российской” сөздігінде небәрі 40 мың сөз болған. 1949 жылы жарық көрген сөздікте 50 мың сөз болса, 1994 жылғы басылымда ол 75 мыңға жетіпті. 1948-1965 жылдарғы 17 томдықта 120 мың орыс сөзі тіркелсе, осы сөздіктің соңғы басылымында сөздер 180 мыңға көбейген. Термин сөздердің арқасында орыс тілі орасан дәрежеге жеткенін алға тарта отырып министр қазақ тілінің терминдік қорын қалыптастыруда біз де осы бағытты ұстануымыз керек деді.
Жағымды жаңалық жария етілді. Бұйыртса, келер жылы осы бағдарлама бойынша 15 томдық қазақ тілінің түсіндірме сөздігі қолымызға толық тиіп қалуы мүмкін. Онда қазақ әдеби тіліндегі 150 мың сөз қамтылыпты. Қазақ тілінің орфографиялық сөздігі Мемлекеттік терминология комиссиясы мақұлдауымен, Үкімет қаулысымен басылып шықса, ол оқушылар еңбегін бағалауда кетіп жүрген кейбір келеңсіздіктерді болдырмас еді деп тұжырым жасалды. Келер жылғы тағы бір жетістікке бағаланар еңбек – қазақ тілінің 30 томдық салалық терминологиялық сөздігі болмақ. Осы мәселеге орай министр Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтен терминология комиссиясының мәртебесін үкіметтік деңгейге көтеруді, салалық терминологиялық сөздіктерді шығару жобасына қолдау көрсетуін сұрады.
Төртінші мақсат орыс және шетел тілдерін оқыту мәселесіне арналды. Министр Абай атамыздың сөзін мысалға келтірді. Шетел тілдерін, ағылшын тілін үйрену бүгінгі күннің басты талабы екені айтылды. Бағдарламаны үш кезең бойынша жүзеге асыру көзделді. Бірінші, 2011-2013 жылдары қажетті нормативтік-құқықтық базаны, оның ішінде “Мемлекеттік тіл туралы” Заңның жобасын әзірлеу және мемлекеттік тілді меңгеру мәселесі бойынша міндетті талаптар қойылатын мамандықтардың тізбесін енгізу және бағдарламаны жүзеге асыруды қолға алу болжанса, екінші кезеңде ұйымдастырушылық және әдіснамалық жұмыс кешенін ұйымдастыру көзделген. Үшінші кезеңде іс-шаралар тиімділігінің мониторингі мен бағдарлама индикаторларын бақылау арқылы қол жеткен нәтижелерді мемлекет өмірінің барлық саласына берік орнықтыру жүзеге асырылмақ, дей келіп баяндамашы, егер қолға алған жұмыстар нәтижелі жүзеге асатын болса, мемлекеттік тілді меңгерген қазақстандықтардың саны 60 пайыздан 95 пайызға дейін өсетініне сендірді. Сөз соңында министр сараптамашы қоғамдастықты және белсенді азаматтық ұстанымы бар барлық қазақстандықтарды ұсынылған жобаны талқылауға қатысуға шақырды.
Қоғамдық талқылау осы кеңесте қызу басталып та кетті. Әуелгі сөзді қарағандылық балабақша қызметкері Райхан Ауғалиева алды. Ол бағдарламаның ең басты ерекшелігі – қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуде үздіксіз білім беру моделінің мектепке дейінгі білім беру жүйесінен бастау алуына тоқтала келіп, осы бағытта балабақша тәрбиешілерінің де біліктілігін арттыру мен оқыту іс-шаралары жоспарынан тыс қалып қоймаса екен деген тілегін жеткізді. Балаларға арналған мемлекеттік тілде хабар тарататын телерадио арналарын ашу керек деді. БАҚ-та балалар мен жастардың мемлекеттік тілдегі медиалық контентін кеңейтуге назар аудару керектігіне тоқталды. Қазақ театрларының репертуарларын балалар мен жасөспірімдер аудиториясына бейімдеуге көңіл бөлінсе деген ойын жеткізді. Этнотуристік іс-шараларды ұйымдастырғанда мемлекеттік тілдің күш-қуатын пайдалануды жандандыру мақсатын алға тартты. Тіл білу әр адамның өз бесігінен басталады, сондықтан оны отбасы құндылығы ретінде бағалау керек деп бағамдады. Астаналық мұғалім Қуанышгүл Дүйсенова: “Мен осы бағдарламаның мектепке байланысты тұсын, мектептегі мемлекеттік тілді дамытудың жай-жапсарын толығымен оқып шықтым. Үздіксіз білім беру моделі арқылы қазақ тілін оқыту жүйесін әзірлеу, енгізу және оған қол жеткізу жолдары нақты көрсетілген. Сондықтан мен мектепке дейінгі, орта, арнайы орта, жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру орындарында оқытуды дұрыс деп санаймын. Балабақшадан бастап жоғары оқу орнына дейінгі тіл үйрету жүйесі мұнда толық қамтылған” десе, филология ғылымдарының докторы, профессор Мырзатай Серғалиев қазақ тілінің қазіргі жанайқайын сөз ете келіп, бағдарлама жобасын толығымен қолдайтынын айтты. Мемлекеттік тілді үйретуде батыл талап қою жағы кемшін соғып жататынын жеткізді. Қорғаныс министрлігінің қызметкері Олег Кузин министрлікте мемлекеттік тілді дамыту бойынша біршама жұмыстар жүйелі атқарылғанын, қызметшілер мен әскери бөлімшелерде мемлекеттік тілді үйрету сабақтары ұдайы өтіп тұратынын, қазіргі таңда барлық құжаттар, іс қағаздары мемлекеттік тілде орындалып жатқанын мәлімдей келіп, бағдарлама жобасындағы мемлекеттік тілді үздіксіз оқыту үдерісіне ерекше тоқталды. Жас азаматтардың әскер қатарына қазақ тілін жетік біліп келгені тіл оқыту мәселелерін біршама жеңілдетеді, сол себепті балабақшадан жұмыс орнына дейінгі мақсаттар жүйелі жүзеге асырылуы тиіс, деді. Төтенше жағдайлар жөніндегі министрліктің қызметкері Любовь Шапошникова қазақ тілінде қазақтардан қалыспай сөйлеп, мемлекеттік тілдің мүддесін қорғады. Ол “Мемлекеттік тіл – ұлттық бірліктің басты факторы” мақсатына орай ойларын ортаға салды. Елбасының: “Қазақ тілі үш тілдің біреуі болып қалмайды. Үш тілдің біріншісі, негізгісі, бастысы, маңыздысы бола береді. Қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі”, деген сөзін мүлтіксіз жеткізіп, бағдарламадағы мемлекеттік тілге басымдық берілуін құптады. Тележурналист Оксана Лоскутоваға сөз кезегі тигенде мүдірмей ағыла жөнелді. Ол мемлекеттік тілде хабар тарататын телерадио арналарын құру керектігіне қосылды. “Бұл осыдан 3-4 жыл бұрын қойылған мәселе еді. Алайда, енді ғана экономикалық, ғылыми-технологиялық мәселелері реттеліп, осы шешімге бағдарлама аясында қол жеткізіледі деген сенімдеміз”, деді. Балаларға арналған мультипликациялық фильмдердің, басқа да барлық жастағы азаматтар санатына арналған түпнұсқалық телебағдарламалардың жаңа үлгілерін жасау жөніндегі жұмыстар қарастырылғанын құптады. Тележүргізушілерге қойылатын талаптың енгізілгендігін дұрыс деп санады. Қазақ тілінде интернет-сайттардың жұмысын жандандыру қажеттігін айтты.
Филология ғылымдарының докторы, профессор Шерубай Құрманбайұлы көптеген елдердің мемлекеттік тілдерінің қызмет етуінің өзіндік тарихы, өзіне тән ерекшеліктері барлығын, ол әр елдің ұлттық құрамы мен ішкі саяси жағдайына, географиялық орналасуына, экономикалық дамуына, т.б. себептерге байланысты екенін тілге тиек ете келіп, тілдік жоспарлау тұрғысына мән берді. Осы жоспарлаудың мемлекеттік бағдарлама жобасынан көрініс тауып отырғанын айтты. Мұны он жыл мерзімдегі тіл саясатын жүзеге асыратын тілдік жоспарлауы деп бағалады. Бағдарламаның басты бағыты ретінде үздіксіз білім беру моделі арқылы қазақ тілін оқыту жүйесі қарастырылған деді. Мемлекеттік тілді үйрететін орталықтардың көпшілігінің басшылары тіл мамандары, әдіскер ғалымдар мен білікті оқытушылар емес, басқа саланың мамандары екенін сынға алды. Қазақ тілді ғылыми кадрлар даярлау қажеттігін айтты. “Соңғы 10-15 жыл көлемінде техника, медицина сияқты ғылым салалары бойынша қазақ тілінде қорғалған диссертациялар 7-8 пайыздан аспайды. Ал физика, математика ғылымдары бойынша 2006-2008 жылдар аралығында бірде-бір диссертация қорғалмаған. Сонда бұл салалардың қазақ тілді мамандарын кім дайындайды, оқулықтарын кім жазып, дәрістерді кім оқиды?” деп өткір мәселеге ойысты. Тіл білімі институты директорының: “Іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізу көлемі 60-70 пайызға жетті деу – өзімізді өзіміз алдау. Өйткені, бұл көрсеткішті аудармашылар жасап отырғанын бәріміз де білеміз”, дегені жиналған жұртшылықтың тарапынан қол соға қуатталды. АҚШ-тағы Индиана университетінің профессоры Уильям Фиерманды қазақша судырата жөнеледі дегенге кім сенеді?! Бірақ, мұхит асып келген қонақ әңгімесін сонау 1989 жылғы Тіл туралы алғашқы заң қабылданған кезден бастады. Жергілікті тұрғындардың үлес салмағы аз Өскемен, Павлодар, Қарағанды облыстарында мемлекеттік бағдарламаға сәйкес іс қағаздарын қазақ тілінде жүргізу жайын сөз етті. “Тоқсаныншы жылдардың басында қазақ тілінің мәртебесін көтеруде үміт пен қорқыныш басым болатын. Енді Қазақстан келесі онжылдыққа арналған жаңа бағдарламаны қабылдағалы отыр. Бағдарлама жобасын мұқият оқып шықтым, өз басым оны қолдаймын”, – дей келіп қазақ тілін Қазақстан халқын біріктіруші негізгі факторлардың бірі ретінде бағалайтынын жеткізді. Бұл қағида мемлекеттік негізгі саяси құжаттарында айқындалғанын білетін шетелдік ғалым қазақ тілі оқу бағдарламаларына сәйкес жүйелі оқытылса, бұл іс нәтижелі болмағына еш күмән келтірмейтінін айтты. Баз біреулер бұл бағдарламаны ысырапшылдық, ақшаны босқа жұмсау деуі де мүмкін. Ондай пікірлермен келісе алмаймын. Қазақ тілі ауыл тілі ғана емес, өз кезінде кең далада көшіп-қонған халықтан қалған қазына екендігін баршаға, әсіресе оны саналары тез қабылдайтын балаларға ұғындыру керек. Қазақстан азаматтары қазақ тілінің қазіргі қалалық өркениетке қызмет жасай алатынын, тәуелсіз Қазақстанда қазақ тілінің барлық ел азаматтарының игілігі екенін түсінуі қажет деп ой түйіндеді. Белгілі қоғам қайраткері Амангелді Айталы бағдарлама жобасымен танысып шыққанын айта келіп, этнопсихологияда тілдің өміршеңдігі деген ұғым бар екенін, қазақ тіліне осы тұрғыдан қарағанда ұсынылып отырған бағдарлама жобасының айтарлықтай рөл атқаратынын, алайда мұның әлі де болса құқықтық-әлеуметтік жағынан толықтыра түсетін тұстары барлығына тоқталды. Егер барлық қазақ бір-бірімен қазақ тілінде сөйлессе, бүгін дәл мұнша тіл қиындығына тап болмас едік дей келіп, мемлекеттік қызметке алдағы уақытта тілді жақсы білетін адамдарды тарту керек деген ұсыныс білдірді. Терең ойларымен танымал философтың Абай атамыздың орыс тілі туралы айтқанын прагматикалық тұрғыдан түсіну қажеттігін дәлелдеуі ерекше көкейге қонды. “Егер сол заманда қазақ Англияға бодан болса, Абай ағылшын тілін үйренуге шақырар еді”, деді ғалым. Сонымен бірге А.Айталы қазақ тілінің қазіргі мәселелерінің ең бастысы – қажеттілік қалыптастырылмауында екенін де әдемі айтып өтті. Тілді оқып-үйренуге кіріскен адамдардың өзі осы тілдің өзіне шын мәнінде қажет болатындығына толық сене бермейді. Айталық, біздің арамызда ағылшын тілін игерушілер саны жылдан жылға артып келеді дейміз. Рас. Неге? Ағылшын тілін үйрену жөнінде бірде-бір қаулы қабылданған емес. Тағы да бюджеттен бір теңге де бөлінген емес. Сонда не үшін талай курстар ашылып, жұрт өз ақшасына тіл үйреніп жатыр? Өйткені жұрт ағылшын тілінің өзіне, өз өміріне керек екенін біліп отыр, келешекте қажеттігіне сеніп отыр. Қазақ тілін білу шын қажеттілікке айналған жағдайда бұл мәселенің көптеген түйіндері өзінен өзі тарқатылып жүре беретініне тіпті де күмән келтіре алмаймыз.
Парламент Мәжілісінің депутаты Уәлихан Қалижан: “Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының мерзімі биылғы жылы аяқталады, бұл бағдарлама бойынша көп жұмыс атқарылды. Игерілмеген проблемалар да баршылық. Қазақстанда қазір тілдік ортаның анағұрлым қазақыланғанын көре отырып, бұл бағдарлама өзінің негізгі міндетін біршама орындады деп есептеймін” дей келіп, қазақ тілінде сөйлеушілердің ұтымды бейнесін қалыптастыруда БАҚ-тың орны ерекше екеніне тоқталды. Бағдарламада көрсетілген тіл мәдениетін жетілдіру талабына бұқаралық ақпарат құралдары да үлес қоса алады. Маған әсіресе тілді үйрену үшін арнайы стандарт технология енгізілетіні қатты ұнады. Алдымен тілді үйренуге талап еткендердің деңгейін анықтау керек. Сол анықталған деңгей бойынша сабақтың жіктемелері мен үйрену мерзімі белгіленеді. Мұны да бір маңызды қадам деп есептеймін, деді. Көрнекті ақын Мұхтар Шаханов тілдің гендік, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып тарайтын түп тамырынан ой қозғап, адамның өз тілінде сөйлеуін тоқтатуы ата-анасының тамырынан ажыратуға апарып соқтыратынын алға тартты. Халықаралық “Қазақ тілі” қоғамының президенті, академик Өмірзақ Айтбайұлы құжаттағы төрт мақсатқа ерекше мән берді. Сол міндеттердің ішінде қоғамдық ұйымның жетекшісі ретінде менің көңіл аударғым келіп отырғаны мемлекеттік тілді оқыту орталықтары жүйесін дамыту міндеті, оларды аккредиттеу мәселесінің ескерілгені. Біздің қоғамымызда, әсіресе жастар арасында қазақ тілінде сөйлеу мақтаныш болуға тиіс. Көбіне олай бола бермейді. Осы пиғылды өзгерту мақсатында бағдарламада мемлекеттік тілде сөйлеушінің жағымды бейнесін қалыптастыру мәселесіне назар аударылып, оны қоғамдық салада орнықтырудың көтеріліп отырғаны қуантатын жәйт. Бұл бағдарлама жобасы алдыңғы онжылдық бағдарламадағы қамтылмаған, іске асырылмаған шаралардың орнын толтыратын, жан-жақты қамтылған, мемлекеттік тілді сапалы және жетік меңгергендер қатарын арттыруға мүмкіндік беретін кешенді бағдарлама болады деп есептейміз деді. Президенттік мәдениет орталығының директоры Мырзатай Жолдасбеков тіл бәріміздің ортақ дертіміз, жанды жеріміз, мақтанышымыз дей келіп, жұртшылықты бағдарлама жобасын қолдауға шақырды. Алдағы уақытта осы іспен тікелей айналысатын бір адам тұрақты бекітілсе дұрыс болар еді деген ұсыныс білдірді. Жиындағы әңгімені түйіндеген Үкімет басшысы К.Қ.Мәсімов тіл еліміз тәуелсіздік алғалы бері ең көп талқыланған мәселе екенін, бағдарлама жобасы талқыланған алғашқы кеңесте де бұл туралы жан-жақты ойлар ортаға салынғанын айта келіп, алдағы уақытта да ел болашағына, ұлт руханиятына үлкен үлес болып қосылатын бағдарлама жобасын жер-жерде, зиялы қауым арасында, оқу орындарында, тағы да басқа мекемелерде кеңінен талқылап, қыркүйектен қалдырмай бекіту керектігін айтты. Премьер-Министр өз сөзінде тәуелсіздік жылдарында қазақ тіліндегі мектептердің саны әлденеше рет артқанын, іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізу өсе түскенін тілге тиек етіп, бұл бағыттағы жұмыстар негізінен оң сипатта екендігіне нақты дәлелдер келтірді.
Жарыссөз барысында Кәрім Қажымқанұлы: “Біздің халқымызда: “Төртеу түгел болса, төбедегі келеді” деген мақал бар”, деген еді. Иә, төртеу түгел болса тіліміз де төрге озатыны талассыз. Кешегі алқалы жиын солай боларына сендіреді.
Қарашаш ТОҚСАНБАЙ.