“Нұр Отан” халықтық-демократиялық партиясының облыстық филиалы Елбасы Н.Назарбаевтың халыққа биылғы Жолдауы мен партияның Халықтық тұғырнамасын, Мемлекет басшысының “ Нұр Отанның” ХІІ съезінде берген тапсырмаларын жүзеге асыру мәселелері бойынша “ашық есік” күнін өткізді. Оның жұмысына Парламент Мәжілісінің депутаты Николай Турецкий арнайы келсе, прокуратура мен қаржы полициясының, облыстық ішкі істер департаментінің қызметкерлері, Азық-түлік келісім-шарт корпорациясының өкілдері, “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қорының басшылары, орта және шағын кәсіпкерлікпен айналысатындар қатысты.
Жиында облыстық өнеркәсіп және кәсіпкерлік басқармасы бастығының орынбасары Мұрат Андабаев екі сатымен жүзеге асырылатын “Бизнестің жол картасы- 2020” бағдарламасының бағыт- мақсаттары туралы айтып, мемлекетіміз осы бағдарлама арқылы отандық кәсіпкерлерге қолдау көрсететініне жан-жақты тоқталды. Кәсіпкерлер болса, банктердің өздеріне қоятын шарттары тым қатал деген мәселені алға тартты.
Кәсіпкерлік секторды тоқыраудан аман алып қалу, келешегінен үміт күттіретін бизнес өкілдеріне, кәсіпорындарға мемлекеттің барынша қолдау көрсетуін қамтамасыз ету қажеттігі ортаға салынды. Өңірде аталған бағдарламаны жүзеге асыру үшін 973 млн. теңге бөлінсе, оны облыстық өнеркәсіп және кәсіпкерлік басқармасы үйлестіріп отырады. Сондай-ақ, жиында “Даму” қорының директоры Р.Талтусов айтылған мәселелерге байланысты ой-пайымымен бөлісті. “Ашық есік” күнінде орта және шағын кәсіпкерлікті дамытудың өзге де мәселелері ашық айтылды.
Күмісжан БАЙЖАН.
Алматы облысы.