28 Шілде, 2010

Жаяу Мұсаның жұрағаты

987 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
Астанада Гүлбаршын Дүрманова деген апамыз тұрады. Осы кісінің ата-анасы Павлодардағы: “Міне, қазақ от­басы!” – деп мақтан тұтатындай, өнегелі-өнерлі бетке ұстар бір орта еді. Отағасы Орханның әкесі, яғни бұлардың атасы қасиетті Баян­ауыл­дың атақты билерінің бірі Дүрмән би болса, ал анасы атағы алысқа кеткен әнші композитор, ақын Жаяу Мұсаның қызы Анна (қазақша аты Бибіқамар, бірақ ол есімді ешкім білмейді) болған. Ол жерде: “Ол апа неге Анна атанған?” – деген сұрақ тууы мүмкін. Ай­тайық. Жаяу Мұса ор­ысша өте сауатты болған, Ресейді көп аралаған жан ғой. Ке­зінде орыс әде­биетін, әсіресе, Лев То­лс­тойды көп оқыған. Соның әсері шығар, жазушы шығармаларының кейіп­кер­лерін өз балаларының атына қойып отырған. Анна деп отырғанымыздың мәнісі енді түсінікті болар. Анна Ка­ренина емес пе. Биқамар болғанымен әкес­і оны Анна деп кеткен. Ал Софья Андрееваңыз Сәпия дегендей... Осылай жалғаса береді. Әулетті де әлеуетті, арқалы адам­дардың отбасында дүниеге кел­ген Орхан Дүрмәнұлы да атала­ры­ның жолын қуып Баянауылдың сол кездегі сауатты, оқыған көзі ашық қазақ­та­ры­ның бірі болыпты. Былайша айт­қанда қаратаяқ, еуропаша тәрбие ал­ған кісі екен. Кейіннен барып қана заман өзгерісіне сай партия, кеңес қызметін атқарыпты. Ол кісіні білетіндер қазір: “Ойпырмай, өзіне тән бет қаратпайтын мінезі бар еді. Қазақ болыңдар, тілді сақтаңдар”, – деп отыратын деп еске алады. Майда атты бойжеткен, міне, сол кездің салт-дәстүріне сай осы үйге болып-толған жас келін боп түседі. Ол кісі кейін жасы келіп салиқалы бәйбіше болғанға дейін ылғи да үлкен қызы Гүлбаршынға мұңын шағып, оқып-тоқып білім алмағанына қатты өкініп жүреді екен. “Шіркін, оқысам ғой!..” деген сөзді көп айтатын бол­ған. Майда әженің шешесі Күнипәнің ба­уыры Құл­ма­ған­беттің көпке дейін ба­ласы болмайды. Сондықтан ата-анасы Майда апамызды қазақшылық жолмен ырымдап Керекудегі сол кісілерге берген екен. Жас қыз осы жердегі мектепке барады. Бір күні ескіше молдадан сауат ашқан, мұ­сыл­ман жолын берік ұстанған әжесі мектепке келсе, қала тәртібі бойынша бір сыныпта ұл-қыздар аралас хат та­нып білім алатынын көреді. Ертесіне оқуға жібермейді. Сөйтіп Майда әжеміз бар болғаны он-ақ күн мектеп бетін көріпті. Он күн бүкіл өміріне жара сал­ғандай қатты өкінеді екен. “Бала бол­дық па, жас кезімізде ана­мыздың бұл өкінішін түсіне бер­меппіз ғой. Ол кісіде білімге, ән са­луға деген ғаламат бір құштарлық бар еді”, – деп еске алады Гүлбаршын апай. Қаланың аты – қала. Оның ішінде тарихы талай оқиғаға жүк боларлық Керекудің жөні бір бөлек. Орыс-қазақ көп ортада ел бір-бірімен көрші тұрды. Сол жерде ежелеп, ежіктеп оқып жүріп-ақ апамыз сауатын ашып алады. Балаларын таңғалдырғаны: ол кісінің білім­құ­марлығы, өнерге жа­қын­дығы еді. Екінші, Майда әженің бо­йында ғұмыр бойы сақталып қал­ған бекзаттығы. Жүріс-тұ­ры­сының, сөй­леген сөзінің, дастарқан басында оты­руының өзінде бір ақсүйектік, дәу­летті отбасының қызына тән өт­кеннің кербездік белгілерін көрер едіңіз. Қазақ мұндай жандарды ханым, мырза деп тегін ата­маған ғой. Майда апаның бойындағы осы бір ғажап ұстаным мен ұстынды мен Екібастұз жағында тұратын Қауа ападан көріп байқап, таңғалып едім. Бай бәйбішелерінен қалған керемет бір кербездік, әйел баласының өзін-өзі ұстаудағы өткеннің ибалы көрінісін көргендей боласыз. Біз бұл ғажайып құбылыстың қыр-сырын әлдеқашан жоғалтып алдық емес пе. Мұны айтып отыр­ғаным, осы қа­сиет­ті қазақтың ұлттық салт-дәстүріндегі әуелден келе жатқан өркениетті жо­ғары мәдениетті тәлім-тәрбиенің көзі деуге болады. Әжей ұлттық на­қыш­тағы киімдерінің өзін ерекше бір сән-салтанатпен киіп жүрді. Бір ғажабы Майда апаның бойындағы сол бекзаттық, ақсүйектік болмыс ұл-қыз­дарынан да байқала­тын. Мысалы, Бикештен, Гүлбаршын апайдан өзге әйелдерге қарағанда ол бөлек сезілетін. Майда анамыз бен Орхан ақсақал екеуі өмір бойы бір-біріне ғашық болып өтеді. Жас кездерінен бергі терең сезім мен махаббат шарпуы олардың егде тартып, қарттыққа жақындаған кездерінде де суымаған. Өсіп, есейіп қалған тоғыз баланың бәрі де әкесі мен ше­ше­сінің ара­сын­дағы осы бір сүйсіпеншілікке қы­зығып та таңғалып жүрген. Орхан ақсақал 1910 жылы, ал, Майда апамыз 1918 жылы дү­ниеге келген ғой. Апамыздың аты дін-мұсылман негізін ұстаған за­манда Майда сүресінің құр­метіне орай қойылыпты. Өмірге Темірхан бастаған алтын асық­тай бес ұл, Гүлбаршын апай секілді таңмен таласа туған төрт қыз келеді. Ер баласының бірінің атын ата-анасы – Жаяу Мұ­са­ның құрметіне орай атай­д­ы. Сол жігіт 1980-1986 жыл­дары Алматыдағы өзіміз оқыған КазГУ-дің журналис­тика фа­культетінде дәріс алып, бітіріп шық­ты. Осы күнгі белгілі жур­налист Қайрат Мұсақұлдың жақсы жолдасы болған еді. Талантты Жаяу Мұса Дүрманов ауырып қайтыс болды. Ал анасынан аумай қалған сұлу Бикеш қыз да көпшіліктің есінде. Оны білетіндер қазір Бикеш десе Бикеш еді деп еске алады. Ұлтжанды, елім-жерім дейтін жан еді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында облыс ор­талығындағы қазақы рухани тірліктің алғашқы бастамашы­ла­ры­ның бірі болды. Алматыдағы Мұхтар Әуезов музейінде белгілі зерттеуші ғалым Тұрсын Жұртбаймен қатарлас қызмет атқарды. Өкінішке қарай, Бикеш апайымыз да өмірден жас кетті. Ал анасының домбыра тартып, өнерге бейімділігі ол кісінің қыздарының бірі Әнуза мұғалімге қоныпты. Гүлбаршын апа­йымыз да өнерден кенде емес. Әнші. Облыс орталығында тұратын Дүр­ма­новтар әулетін білетін адамдар, көрші-қолаңдары Орхан аға мен Майда әженің отбасы ұлтын сүйетін, өмірде жеке өзіндік түсінік-тұжы­рымдары қалыптасқан ерек­ше үй деп бағалайды. Өздері де сонау бір кездегі текті, ақсүйек тұқымды әулеттен қалай тарап, қандай қазақы тәр­бие алса, ұл-қыздарын да үрім-бұтақтан тараған зия­лылыққа баули білді. Қа­зақ­тың көп бала өсіру салтын сақтады. Кеңес өкіметінің кезінде орысшыл болып бара жатқан Павлодардың көп қа­зағына ұқсамайтын халықтық жолды ұстады. Облыс орталығының жұрт­шы­лығы бұл отбасына “нағыз қазақы әулет”, “нағыз қазақтар” деп сыйлай да қызыға да қарайтын. Ана тіліміздегі кітаптар, газет-журналдар Дүр­ма­нов­тар әулетінен үзілмейтін. Алматыдан келетін Зейтін Ақышев, Ғафу Қа­йырбеков ағаларымыз Жаяу Мұсаның текті бір тұқымы, бел немересі деп деп Павлодарға аяқ басқанда Орхан ақсақалдың үйіне тоқтайтын. Олжабай батырдың ұрпағы Олжас ақын да осы үйдің құтты бір қонағы болып, шаңыраққа сәлем беріп кетіпті. Бертінде Ғафу ағамыз қатысып, Дүрмановтар отбасы Орхан мен Майданың “Алтын той” салтанатын өткізген. Сол жиын әженің қолына алтын, ал ақсақалдың қолына өз туған шешесі Аннаның күміс сақинасын салдырған құтты бір өнегелі той болыпты. Балалары қалада тұрамыз, орысша сөйлеу керек екен деп айтпайтын. Олардың оқу-білім, өнер үйренуі бәрі де тек өз ана тілдерінде болды. Сол жылдары Павлодардан қазақы бір орта, қазақы бір шаңырақ іздеген қонақ осы үйді іздеп табар еді. Майда апаның зейнеті, рақаты, қуанышы қандай көп болса, бейнеті, тауқыметі, уайым-қайғысы одан да көп еді. Жары Орхан 41-дің соғысына кетті. Аман-есен оралды. Ақсақалдың кеу­де­сінде соғыстың ескерткіші сияқты жаудың оғы қалған. Заман түзелген шақта ота жасап алып тастауға да дәрігерлердің ба­тылы бармады. Оқ ет пен сүйекке сіңіп қалған. Ақырында ақсақал 77 жа­сын­да дүниеден өткенде денесіндегі сол оқ­пен бірге жерленді. Тағдырдың жа­зуы сол шығар. Соғыстан келе өзінің тыным тап­пайтын табиғатымен елдің қиын жағ­дайын түзеу жолында жұмыс жасады. Адам­ның басына не келмейді, ақ адал ақ пен қара дүниенің табан астында қа­сыңнан табылып жарылқайтыны да, тұқыртып тастайтыны да бар. Сондай сәт Орхан ақсақалдың да басынан өтті. Күтпеген жерден істі болып, итжеккенге айдалды да кетті. Ел ішіндегі бас көтерер ірі, көзі ашық қазаққа қырғидай тиген заман әр кез қайталанып отырған ғой. Жары Майда бес жылғы соғыстан жарын қалай күтсе, Орхан итжеккен жақтан ақталып келгенше ақ адал көңілімен солай тосты. Балаларын бауырына басып, ошақтың отын сөндірмей қазақ әйеліне тән қайсарлықпен бәріне де төзе білді. Ол өзіне, сүйген жарының жолының дұрыстығына сенді. Тіпті, ұлы Темірхан мен қызы Бикешті “әкелеріңді жатырқап қалмаңдар” деп, жол азабының қиындығын тартып, сонау Иркутскіге дейін “мен сенімен біргемін” деп Орекеңе барып тұрған ғой... Міне, сол Майда апамыз жасы жүзге жақындап барып жақында өмірден өтті. Біз де ол кісінің қолынан дәм татып, ырымдап кидірген шапанын естелікке қалдырған қыздың біріміз. Пара­саттылығын, тектілік, бекзаттық үлгі-өнегесіне қайран қалып тәнті болғанбыз. Әне-міне жазамыз, әңгімелесеміз деп қу тіршілікпен уақыт жетпей жүргенде апамыз да бақилық болып кетті. Өкінішті. Соңында аналарының қадір-қасиетін, бекзаттық болмыс-бітімін өздеріне үлгі етіп ұл-қыздары қал­ды. Темірхан ағаның үйінде әкесі Орхан марқұмнан қалған бір ша­мадан кітап пен ол кісінің жазған сырлы дүниелері мұра боп қалды. Жазудан қол үзбеген адам еді. Анасын жерлеген күні Гүлбаршын апайымыз қол сөм­кесінен алып бір сарғыш дәптер берді. Бұл не деп сұраған жоқпын. Облыстық газетте бірге қызмет жасаған он жыл ішінде апай екеуміз де күнделік жазушы едік. Бірге ән салушы едік. Қазір де сол әдет қалмаған ғой бізде. Үйге келген соң ашып қарап ем: “Қош бол, ана! Жан ана! Қоштасқымыз келмейді! Амал қанша... Тағдыр... Табиғат заңы... 2010 жылғы 9 шілде, жұма күні Анамыздың маң­дайындағы бұл дүниелік тіршілік сызығы таусылып көз жұмды. Мәңгілік мекеніне аттандырдық. “Орхан күтіп жүр... Жаңа ғана осы арадан шықты”, – деп сөйле­гендей болады да, өзінің үйрен­шікті әдетімен төсекте жатса да қайта-қайта: “Ұят-ай, жұрт Орханның әйелі не болып кеткен деп жүрмесін”, – деп басындағы орамалын жөндей бастайды... Сонда бұл өмірдің о дүниеге бастап апаратын тылсым сырына тағы да таңғаласың. Әркім өз өмірін өзінше өрнектейді ғой... Ал біздің анамыздың өмір сүру өрнегі тіпті әдемі, ерекше. Бекзаттық, асыл тектіліктің құпия сырын өзімен бірге ала кетті. Анадан айырылған қуаныш демесек те, өзінің сән-салтанатымен 95 жасында құтты орнына – мәңгілік мекеніне барғаны – шалының жа­нынан то­пы­рақ бұйырып, ол алдынан шы­ғып жатқан сияқты көрінеді... Бұл да бір сауапты бақыт деп тү­сі­не­мін...” – деген жолдарды оқыдым. Фарида БЫҚАЙ. ПАВЛОДАР.