Мәжілістің Экономикалық реформа және аймақтық даму комитетінің төрағасы Сейітсұлтан Әйімбетовтің жетекшілігімен «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» заң жобасының ілеспе түзетулерімен таныстырылымы өткізілді. Ұлттық экономика министрінің орынбасары Қайырбек Өскенбаев депутаттарды заң жобасымен таныстырды.
Осы заң жобасын әзірлеу үшін тұрғын үй құрылысына үлестік қатысудағы үлескерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі заңнаманы жетілдіру және үлестік қатысу қарым-қатынастары үшін құқықтық алаң құру қажеттігі негіз болды.
«Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» Заңда (бұдан әрі – заң) үлестік құрылысты ұйымдастыруға өте қатаң талаптар көзделген, олар үлескерлердің қаражатын барынша қорғайды. Көрсетілген талаптардың жоғары болуы сондай, нәтижесінде осы сызба бойынша іске асырылатын жобалардың саны мардымсыз.
«Қазақстанды әлеуметтік жаңғырту: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласында Мемлекет басшысы баяндаған ережелерді іске асыру үшін тұрғын үй құрылысына үлестік салымдарды сақтандыру тетігін пысықтау қазіргі кезеңде осындай прогрессивті тетікті енгізуге кедергі келтіретін бірқатар проблемаларды ашып көрсетті.
Құрылыс салушының үлескерлер алдындағы азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандырудың әзірленген тетігін келісу барысында Ұлттық банк пен Қазақстанның қаржыгерлер қауымдастығы бүгінгі күні сақтандыру компаниялары сақтандыру өнімінің жаңа болуына, сақтандыру жағдайының орын алу статистикасының, тұрғын үйдің дайындық деңгейін тәуелсіз бағалау стандарттарының болмауына байланысты тұрғын үй құрылысына үлестік қатысумен байланысты тәуекелдерді өзіне қабылдауға дайын еместігі туралы ұстанымын айтты.
Осыған байланысты Ұлттық экономика министрлігі үлестік тұрғын үй құрылысын ұйымдастырудың сақтандыру жүйесімен қатар, үлескерлердің қаражатын қорғаудың тиімді тетіктерінің бірі болып табылатын және, сонымен бірге, тұрғын үй құрылысының саласын дамытуға кедергі келтірмейтін жаңа тәсілдері бар «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» заң жобасын әзірледі.
Әзірленген жобаға сәйкес үлестік тұрғын үй құрылысына құрылыс салушы, уәкілетті компания, мердігер (бас мердігер), екінші деңгейдегі банк, инжинирингтік компания, инжинирингтік қызметтер көрсету бойынша аттестатталған сарапшылар, Кепілдік беру қоры, үлескер, уәкілетті орган, жергілікті атқарушы орган сияқты қатысушылар көзделген. Үлестік тұрғын үй құрылысының көрсетілген қатысушыларына әрқайсының құқықтары мен міндеттерін көздейтін мәртебе және оларға тиісті талаптар берілген.
Кепілдік беру қорынан кепілдік алу арқылы тұрғын үй құрылысына үлестік қатысуды ұйымдастыру үшін құрылыс салушы мынадай талаптарға сай болуға міндетті:
Бірінші. Құрылыс салушы құрылыстың әрбір жобасына уәкілетті компаниясын құру арқылы үлескерлердің ақшасын тарту есебінен тұрғын ғимараттардың үлестік құрылысын ұйымдастыруды жүзеге асырады. Егер құрылысы болжамдалған объектілер бір жер учаскесінде орналасқан жағдайда, құрылыс салушы бір уәкілетті компанияның балансында бірнеше құрылыс жобаларын біріктіреді. Кепілдік беру қорынан кепілдік алу арқылы тұрғын үй құрылысына үлестік қатысуды ұйымдастыру үшін құрылыс салушы мынадай:
1) тұрғын ғимараттар салу тәжірибесі, оның ішінде тапсырыс беруші ретінде кемінде үш жыл тәжірибесінің болуы;
2) алаңы кемінде 18 000 шаршы метр тұрғын ғимараттар салу және пайдалануға беру;
3) өзінің қаржылық есептілігіне сәйкес соңғы екі қаржы жылында залалсыз қызмет атқаруы.
Екінші. Құрылыс салушы уәкілетті компанияның жарғылық капиталына немесе меншігіне:
1) меншік құқығы немесе жер пайдалану құқығы негізінде тиесілі жер учаскесін;
2) оң сараптама қорытындысымен қоса, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен бекітілген тұрғын ғимараттың жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасын;
3) ақшасы немесе орындалған жұмыстар актісімен расталған аяқталмаған құрылысын:
– егер жер учаскесі меншік құқығы негізінде тиесілі болған жағдайда, тұрғын ғимараттың жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасы құнының кемінде 10 пайызы көлемінде, немесе
– егер жер учаскесі жер пайдалану құқығы негізінде тиесілі болған жағдайда, тұрғын ғимараттың жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасы құнының кемінде 15 пайызы көлемінде мүлік түріндегі салымды енгізеді.
Үшінші. Уәкілетті компания ағымдағы банктік шот шартын жасасады және екінші деңгейдегі банктен банктік шот ашады. Уәкілетті компания мердігері (бас мердігері) осы банктен ағымдағы банктік шот ашады.
Төртінші. Қор 15 жұмыс күнінен аспайтын мерзімде ұсынылған құжаттарды бағалауды жүзеге асырады және кепілдікті беру/бермеу туралы шешім қабылдайды. Берілген рейтингке байланысты қор кепілдіктің құнын белгілейді.
Бұдан басқа, тұрғын ғимараттың қаңқасын салғаннан кейін үлескерлердің ақшасын тарту жөніндегі қызметті ұйымдастыру үшін құрылыс салушы соңғы бес жыл ішінде Қазақстанның аумағында құрамына кемінде 60 000 шаршы метр кіретін тұрғын ғимараттар салуға тиіс.
Тұтастай алғанда, көрсетілген тетіктерді енгізу тұрғын үй құрылысына үлестік қатысуындағы үлескерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталып отыр.
Заң жобасын іске асыру қордың жарғылық капиталын толықтыру үшін республикалық бюджеттен 15 млрд. теңге (он бес миллиард) мөлшерінде қосымша қаржы шығындарын талап етеді, бұл ретте теріс құқықтық, әлеуметтік-экономикалық, экологиялық, криминологиялық және өзге де салдарға әкеліп соқтырмайды.
Сәулебек БІРЖАН.