...Біз көгілдір экраннан осы күнге дейін түспей жүрген “Кездесу орнын өзгертуге болмайды” кинофильмін әлі де көре беруден жалықпаймыз. Өйткені, онда қоғамдағы тыныштықты қорғайтын құқық қорғау қызметкерлерінің өмірі, жұмысы, сондай-ақ мінез-құлықтары шынайы бейнеленеді. Әсіресе, бізді сол кинодағы иі жұмсақ болса да, нағыз ер мінезді Шараповтың, өз ісіне шын берілген – Жегловтың бейнелері қатты еліктіреді, сүйсінтеді. Содан болар осы фильмді көрген сайын: “Шіркін, біздің қазақта да осылар секілді ержүрек, білгір ізшілдер бар ма екен? Бар болса неге олар жайлы осындай бір жақсы кино түсірілмейді?..” деген ойлар санамызды шырмап, матап тастайтын. Әрине, Шарапов, Жегловтың ойдан құрастырылған жиынтық көркем бейнелер екенін, ал нағыз ізшілер арамызда жүргенін ол кезде біз қайдан білейік.
Мысалы республикадағы қылмысты іздестіру саласында көп жылдар бойы қызмет атқарып, аты аңызға айналған із кесуші болған, Қазақстан ІІМ Қылмысты іздестіру басқармасының бұрынғы бастығы, отставкадағы полковник Ғабдірахым Меңдешов міне, сондай адам дер едік. Оған дәлел керек пе? Айтайық.
ҚЫЛМЫСКЕРГЕ ДЕ СОҢҒЫ МҮМКІНДІК БЕРІЛУІ ТИІС
...Өткен ғасырдың 80-жылдарында біздің елімізде қарулы қарақшылық шабуылдар, ұйымдасқан қылмыстық топтар, тапсырыспен кісі өлтіру, адам ұрлау секілді қылмыстық әрекеттер ілуде бір кездесетін. Сол себептен де қоғамымызда оларды “капиталистік дүниеге тән қылмыс” деп түсіну бекем орнығып қалған болатын.
Бірақ та 1989 жылы Алматыда болған кассирлер мен таксистерді қасақана өлтіру оқиғасы, бұрын-соңды мұндайды естіп көрмеген қоғамды дүр сілкіндірді. Сондықтан, ауыр қылмысты ашуға республиканың ең үздік із кесушілері тартылды. Олардың арасында Ғабдірахым Меңдешұлы да болды. Із кесушілер алдымен барлық кілтипандар мен айғақтарды сараптай отырып, ақыры бандалық топтың біреуін құрықтады. Сол-ақ екен, шиеленіскен іс тарқатылып қоя берді. Бұл ретте Ғабдірахым аға банданың қолға түскен ең жас, әрі бұрын сотталмаған мүшесі Александр Солуяновты ашық әңгімеге тартып, оған бар айыбын мойындаса қылмыстық топтың басқаларымен бірге төніп тұрған ең жоғарғы үкімінен арашалап қалуға тырысатынын айтып, соған көзін жеткізді. Әрине, мұндай жағдайда уәде беру өте қиын болатын. Өйткені, соңғы сөзді соттың айтатыны белгілі. Және іс жүзінде солай болды да. Сот Александрға да бар қылмысын өз еркімен мойындап, бүкіл банданы ұстап беруге көмектескеніне қарамастан, ату жазасын берген-ді.
Бірақта, Ғ.Меңдешов қылмыскер болғанына қарамастан А.Солуяновқа берген өз уәдесіне беріктігін байқатады. Сөйтіп, үкім шыққан соң сол кездегі Қаз КСР Ішкі істер министрі, Жоғарғы Кеңес депутаты Андрей Платаевқа жолығады. Екеуі бірлесіп Жоғарғы Кеңеске хат жазады. Нәтижесінде, соған сәйкес халық депутаттары ату жазасын 20 жылға бас бостандығына айыруға ауыстыру туралы шешім шығарады. Осы орайда, кейін Ғабдірахым аға – “Сосын мен онымен Қостанай облысының бір колониясында жазасын өтеп жатқанда кездестім. Қазір ол бостандыққа шыққан, жұрт қатарлы қалыпты өмір сүруде” – деп еске алады. Иә, қатыгездікпен күресіп жүріп, қайырымдылықты да ұмытпау-полковник Ғ.Меңдешовтің өмірлік басты ұстанымы болған еді...
ҮШ МИНУТҚА СОЗЫЛҒАН ОПЕРАЦИЯ
Қазір шет ел фильмдерінен ұшақтарды немесе автобустарды басып алып, адамдарды кепілдікке алған лаңкестік оқиғаларды жиі көріп жүрміз. Бірақ полковник Ғ.Меңдешовтің мұндайды тікелей басынан өткізгенін көпшілігіміз біле де бермейміз. Әрине, ол кезде еліміз тәуелсіздігін жаңа алғандықтан, лаңкестікпен күресуде әлі тәжірибе жинай қоймаған болатын. Дегенмен де, ол қазір Қазақстан ІІМ Академиясында еліміздегі лаңкестікке қарсы алғашқы операция ретінде оқытылып жүр.
Бұл оқиға 1992 жылы Қызылорда облысында болған еді. Ресейде жазасын өтеп жатқан бір топ қылмыскер Өзбекстанға ауыстыру кезінде пойыздағы арнайы вагоннан қашып шығады. Бұған сотталғандарды күзеткен солдаттар кінәлі болыпты. Олар бірнеше кәнігі қылмыскердің алдауына түсіп, вагондағы тордың есігін ашып жібереді. Сол-ақ екен, сотталғандар солдаттардың өздеріне тарпа бас салып, автоматтарын тартып алады. Сөйтіп, аудан орталығы Шиеліде “Сарыағаш” шипажайына қатынайтын қарапайым автобусты басып алып, оның ішіндегі ем алуға бара жатқан үлкендер мен бала-шағаларды кепілдікке алады.
Алғашында жергілікті милиция қызметкерлерді өз күшімен ұстамақ болады. Атыс болып, милиция аға лейтенанты мен бір қылмыскер қаза табады. Және екі сотталушы қолға түседі. Бірақ, автобуста әлі де қарулы екі қылмыскер мен 11 жолаушы болғандықтан, автобусты тіке шабуылмен басып алу, бейбіт адамдар өміріне үлкен қауіп туғызды. Сондықтан да, милиция қылмыскерлермен келіссөз жүргізуге мәжбүр болған. Қылмыскерлер Ташкентке дейін ұшақ талап етті. Әрине, ол талапты орындамаса болмайтын еді. Міне, дәл осы кезде “Альфа” жауынгерлері мен Ғ.Меңдешов бастаған арнайы топ ұшып жетеді.
Келісім бойынша қылмыскерлерге Шымкентке дейін даңғыл жол ашылады. Ал бұл кезде арнайы топ автобусты басып алудың жоспарын жасап жатқан еді. Нәтижесінде, Ғабдірахым Меңдешұлы ұсынған сценарий бойынша Шымкент аэродромының ұшып-қону алаңына арнайы қар тазалайтын мәшине әкелінеді. Оның тасасына “Альфа” жауынгерлері жасырынып, қар тазалағыш мәшине автобус алдын кесе көлденеңдей өте бергенде “Альфаның” бір жауынгері қазақша “Жатыңдар!” деп айқай салады. Кепілдікте отырғандар түгелдей қазақтар болғандықтан, олардың бәрі жата қалысады. Ал, бұл сөзді түсінбеген қылмыскерлер болса тұрып қалады. Сол-ақ екен, арнайы бөлім қызметкерлері оның екеуін де атып өлтіреді. Осылай, әбден ойластырылып жасалған операция небары үш минутқа қана созылып, барлық кепілдегілер аман-есен тірі қалады.
“ТОҒЫСҚАН ТАҒДЫРЛАР” ТЕЛЕФИЛЬМІНІҢ КЕҢЕСШІСІ
Міне, осы қауіпті операцияның сәтті өткізгені үшін полковник Ғабдірахым Меңдешов сол кездегі Қазақстанның ең жоғары наградасы – Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасы мен марапатталды. Әрине, бұған дейін Ғабдірахым аға құқық қорғау саласындағы көп жылғы еңбектері мен із кесушілік операциялар бойынша жеткен жетістіктері үшін бұрынғы КСРО-ның “Қызыл жұлдыз” орденімен және бірнеше медальдармен, сондай-ақ “КСРО ІІМ Құрметті қызметкері” атағымен марапатталған еді.
Ал қазір Ғабдірахым Меңдешұлы құрметті демалыста. Соған қарамастан, бұл кісі өзінің өмірден жиған мол тәжірибесін, із кесушілік қызметтің қыр-сырын жастарға үйретуден бір жалыққан емес. Осы ретте ол, із кесуші –қайырымды, адал, батыл, шалт қимылдап, жылдам шешім қабылдай алатын адам болуы керек деп санайды. Сондай-ақ із кесушінің табиғатында ішкі сезім интуиция, қылмыс жасаған адамды жазбай көре білу қасиеті ерекше жоғары болуы керек екені. Сол себептен де, кезінде Ғабдірахым аға “Хабар” арнасы түсірген “Тоғысқан тағдырлар” телесериалына кеңесші болып шақырылды. Өйткені, соған дейін-ақ, ол “Профессия – сыщик” кітабында із кесуші кәсібі туралы мол деректерді жұртқа ұсынып үлгерген болатын. Ол кітап қазір жас із кесушілерге қылмыстық қайшылықтар мен шытырман оқиғаларды ашуда үлкен көмек құралы ретінде пайдаланылады.
Өз қызметін мінсіз атқарған Ғабдірахым Меңдешұлы – жеке өмірде де кімге болмасын өнеге бола алатындай абзал тұлға. Ұлын-ұяға қондырып, қызын-қияға ұшырған аяулы әке, немере сүйген бақытты ата.
Гүлмира МЕРАЛИНА.
АЛМАТЫ.