05 Шілде, 2015

Ертеңге еншіленген ерен ерлік

291 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
ПАрламент-үлкен Қалалар да адамдар секілді. Олардың да өз тағдыры, бағы мен соры, қуанышы мен қайғы-қасіреті бар тәрізді. Әріге бармай-ақ, Қазақ елінің кеңес дәуіріндегі астаналары қай қалалар болғандығын еске түсірсең, осындай ойға қалады екенсің... 1920 жылы 4 қазанда Орын­бор қаласында Қазақ өлкесі Кеңес­терінің құрылтай съезі өтіп, Қазақ Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасы (Қазақ АКСР-і) құрылған-тұғын. Сөйтіп, Орынбор 1920-1925 жылдары Қазақ АКСР-інің астанасы атанып, басына бақ құсы қонғандай күй кешті. Бірақ, кейін ол шаһар Ресей Федерациясының құрамына енгізіліп, облыс орталығы ғана болып қалды. Орынбор облысында қазір 120 мыңдай қазақ тұрады. Олардың ата-бабалары өздерін бір кезде Қазақ елінің азаматтарымыз деп есептеп, кеуделерін шаттық кернеген болса, бүгінде Орынбор қазақтарының бәрі де ресейліктер, яғни шетелдіктер... 1925 жылы сәуірде Ақмешіт қаласының атауы Қызылорда болып өзгертіліп, ол 1929 жылға дейін Қазақ АКСР-інің екінші астанасы мәртебесін иеленді. Орынбордың басынан ұшқан бақ құсы төбесіне келіп қонған шаһар шапшаңдата дамытылып, жаңадан денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет мекемелері салынған. Бұл ретте қазір Алматы қаласында орналасқан Мұхтар Әуезов атын­дағы Қазақ мемлекеттік акаде­миялық драма театры 1926 жылы Қызылордада шаңырақ көтергенін айтсақ та жеткілікті. Бейнелеп айтқанда, патша-қала тәжі 1929-1997 жылдары Алатау баурайындағы табиғаты тамаша жерге орналасқан Алматыға бұйырды. Бұл шаһар 68 жыл ішінде адам танымастай өзгеріп, жан-жақты өркендеп, еліміздегі 1 жарым миллионнан астам халық тұратын ірі мегаполиске айналды. Ол қазір елорда мәртебесінен ресми түрде айырылса да, жұрттың бәрі әлі күнге «Оңтүстік астана­мыз» деп еркелете атайды. Хал­қы­мыздың сүйікті қаласы, студент­тер мен жастар шаһары тағы­нан түссе де, басындағы бағы ұшпай, мәң­­гілікке қонақтап қалған тәрізді... 1994 жылы 6 шілдеде Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі ел астанасын Алматыдан Ақмола қаласына көшіру туралы қаулы қабылдады. Ал 1997 жылы 20 қазанда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ақмола қаласын Қа­­зақстан Республикасының астана­сы деп жариялау туралы» Жар­лыққа қол қойды. 1998 жылғы 6 мамырда елорда атауы Президент Жарлығымен Астана деп өзгер­­тілді. Сол жылғы 10 маусымда еліміздің жаңа елордасының салтанатты ашылу рәсімі болып өтті. Сөйтіп, кеңес заманында Тың өлкесінің орталығы деген мәртебеге ие болып, бес жыл бойы өзге облыс орталықтарынан шоқтығы биік тұрған шаһардан бақ құсы біржола безіп кетпей, айнала ұшқан аққудай қимай тұр екен, ақыры қайта қонып, ке­зін­де тарихи атауы әр алуан әң­гі­ме тудырған Ақмола айбын­ды Астанаға айналып, Айды аспан­ға бір-ақ шығарды! Астана қазақстандықтар­ды өзіне магниттей тартып, тұрғын­дарының саны жылдан-жылға өсу үстінде: 1998 жылдың басында елордада 342 мың адам тіркелген болса, биыл астаналықтар саны 852 мыңнан асып жығылды. Болжам бойынша 2020 жылы 1198 мыңға жетуі тиіс. Осы үрдістен жаңылмаса, Астана келешекте халық саны жөнінен Алматыны басып озатын түрі бар. Ал елорда ажарының сұлулығына қарасаң, көзің тоймайды. Ол туралы уәлі ауыздардан шыққан талай тамаша теңеулер бар. Бірақ, меніңше, әйгілі ақын Кәкімбек Салықовтан ешкім асырып айта алған жоқ. Аста­наға арнаған кітабын «Әлемнің сегізінші кереметі» деп атаған еді асыл ағамыз. ...Астананы өтпелі кезеңдегі экономикалық дағдарыс әлі аяқ­талмаған қиын кезеңде Алматыдан Ақмолаға көшіру Елбасына оңайға соқпағаны жадымызда. Президенттің осы жөніндегі ұсы­нысына Жоғарғы Кеңес депу­таттарының кейбіреулері ашық қарсы шығып, қызылкеңірдек болған еді. Сондайда Нұрсұлтан Назарбаев: «Біз мынадай аумаққа елдің бір шетінен қарап отырып, ие бола алмай қалуымыз мүмкін. Арқада, солтүстік облыстарда демографиялық ахуал­ды қалайда өзгертуіміз керек. Мына елдің иесі кім екенін бүкіл әлем білуге тиіс. Елдің иесі елдің қиыр-қиырына бірдей қарап отыруға тиіс. Тым болмаса соны түсінсеңіздерші. Экономиканы ел орталығынан басқарған тиімді. Ақмола тоғыз жолдың торабында тұр, облыстардың астанамен байланысы да оңайлайды. Бұл мен үшін емес, ел үшін керек, елдің ертеңі үшін керек. Мұның мәнін қазіргі адамдар толық ұғар-ұқпас, бірақ болашақ ұрпақтарымыз ұғатын болады», – деп, көкейіндегі терең ойды жалпақ жұрттан жасырмай айтуға мәжбүр болған еді. Ақыры халық қалаулылары Елбасының дәл туған күні өткен сессияда оған ерекше бір тарту жасағандай болып, астананы елдің оңтүстік шетіндегі Алматыдан кең-байтақ қазақ даласының кіндік тұсындағы Ақмолаға көшіру туралы ұсынысты көпшілік дауыспен қабылдаған-ды. Пайымдап қарасақ, жер жән­наты атанған Жетісу өңірінде дүниеге келіп, асқар Алатауға қарап бой түзеп өскен азаматқа өзінің туған өлкесіне орналасқан елорданы жазы қысқа, қысы ұзақ Сарыарқа төсіне көшіру туралы бастама көтерудің өзі жүз ойландырып, мың толғандырған аса қиын шешім болғандығы сөзсіз. Шын мәнінде бір өңірдің емес, тұтас елдің қамын жеген Ердің ғана қолынан келетін ұлы шешім һәм Елбасының ешкім ешқашан жоққа шығара алмайтын саяси ерлігі еді бұл. Кәрібай МҰСЫРМАН, Қазақстанның құрметті журналисі. ПЕТРОПАВЛ.