КӨКТЕМДІ КӨП ЖЫРЛАҒАН АҚЫН ЕДІ
Ақын Рахымжан Өтегеновті бұрын газет-журналдарға жарияланған өлеңдерінен жақсы білетін едім. Кейін жыр жинақтарын да оқып жүрдім. Ал таныс-білістігімізге ұйытқы болған ұлтымыздың ұлы, халқымыздың шын мәніндегі құлы бола білген Шона Смаханұлы еді. Мектеп ашу ісінің сол кездегі “көшбасшысы” – шоң Шона ағамыз Кеңес дәуірі есе бермей тұрғанның өзінде жанкештілікпен, Д.Қонаевтың қолдауымен бұл жұмысты қайыспас қара нардай көтерді. Ол кісі қағылез жасты көрсе, өзінің аядай бөлмесіне шақырып алып: “Сен өзі, қазақсың ба?” – десе, “Бұл қай сөзі?” – дейтінбіз іштей. Кейін білдік, ол кісі өзінің “кадр” таңдаудағы саясатын осылайша жұмбақтап, жұмбағының астарына: “Ұлтыңа адалсың ба, адал қызмет етуге жарайсың ба, табаныңның бүрі бар ма?” деген секілді ойларын сыйғызады екен ғой. Баспаға қызметке тұрғаннан кейін сол Шона ағамыздың саптағы “сарбазына” айналғанымыз бар. Жұмыстан кейін ақын ағамыздың тапсырмалары аз болмаушы еді. Менің алдымда біраз ағаларым болды. Олардың қатарында Шөкеңнің ізбасар інілері Орысбай Әбділдаев, Жақсылық Түменбаев, Марат Тоқашбаев, Рахымжан Өтегенов, Нұртан Төлепбергенұлы – осылай жалғасып кете беретін. Кейбір қайыстай қатып қалғандары болмаса, ол кездегі азаматтардың рухы мықты еді.
Желтоқсан көтерілісінен кейін Шөкеңнің көңіл-күйі онша болмады. Жасырын қудалауға түсті ме... ақыры бір жылдан кейін өмірден озды. Бірақ жұрт ұйқыдан оянды. Қазақ мектептерінің саны өсті. Атүстіндегілер де “жібіп”, көмек қолын созды. “Тіл туралы” тұңғыш заң қабылданды. Одан кейін бәрі біртіндеп шешімін табатындай көрінді.
Сол Шөкеңнің “кадры” болып жүріп, бауырласып кеткен Рахымжан Өтегенов бір өлеңінде “О, жүрегім, бермей келем бір тыным, кетпесін деп дүниеде сен қалғып” деп еді. Бірақ арсыз ажал барлық адамның ойындағысын аяғына дейін орындатқан ба? Ақын бар болғаны 44 жыл ғана ғұмыр кешті. Дегенмен, артына өлмес мұра қалдырды.
Ол ұлттың рухани дүниесіне қосылған құндылық – жыр жинақтары еді. Ондай дүниелердің қатарында өткен ғасырдың 60-70-ші жылдары жас ақындардың “Жас керуен”, “Көктем тынысы” атты топтама жинақтарға енген өлеңдерін, “Ақшуақ”, “Көңіл көктемі”, “Көгілдір көктем”, “Күтіп жүрмін көктемді”, “Бір шоқ бүлдірген”, “Жырлайды жүрек”, тағы басқа өзінің жеке кітаптарын қосуға болады. Ал өзі қызмет еткен газет-журналдардағы алуан тақырыпты қамтитын мақалалары бір төбе. Бұған қоса ақын халқын қадірлеген, тілінің тілеуін тілеген азамат болатын. Оны жоғарыда аңғарттық.
Ақын өткен жылы алпысқа толды. “Атадан пұл қалғанша, ұл қалсын” деп артындағы жанашыр жары, ұл-қыздары аяулы жанның барлық өлең жинақтарының басын қосып, өз күштерімен “Сыбаға” деген атпен, таяуда жарыққа шығарыпты. Көлемді дүниені парақтап отырғанда ақынмен қайта табысқандай болдық. Жүрек қылын тербер сыршыл лирика, табиғаттың сан бояуын көз алдыңа әкелетін әдемі суреттер, балаларға арнаған шағын болса да тілі жеңіл, ойы орамды шумақтар оның жан дүниесін, бүкіл бітім-болмысын көрсетумен қатар, ақындық қарымын танытып тұрғанын көрдік. “Көзден оқылған сыр”, “Қыз сыры”, “Оралу” атты үш поэмасындағы қазақ халқының қадір-қасиеті, үлгі-өнегесі, махаббат әлеміндегі пәк сезім – бәрі де жарасымды сыр толғайды екен.
Рахымжан Өтегенов көктемді көп жырлапты. Әр жинағының атына көктем сөзін кірістіріп отыруы бұл сөзіміздің бір дәлелі. Бірер мысал келтірсек: “Бәйшешек болып алдымен бой көтеріп, Көктем шығып келеді, көктем шығып” дейді де: “Сол көктемді сезіндім қара жерден, Сала берді кеңейіп дала-кеудем. Сол көктемді ұқсаттым әкемізге, Түрлі-түсті базарлық ала келген” деп, ақын бір түйіп тастайды. “Алатаудың сығалап иығынан, Күліп қойды алтын күн миығынан. Айнымайды екен-ау!” – дедім іштей, Анашымның көзінің қиығынан”, деген бар жоғы төрт жолда керемет өмір желісі жатыр. Табиғат, ана және бала. Бір-біріне деген сүйіспеншілік, тазалық тәнті етеді. Осыны тап басып бере білудің өзі ақынның шеберлігін көрсетсе керек.
Ол – сан қырлы талант иесі еді. Оның балаларға арнап жазған өлеңдері де жүрекке жылы тиеді. Жұртына тартқан сыбағасы боларлық бұл жинақтың ішіндегі әр сөз, әр шумақтан ақынның жүрек лүпілі, жан сыры көктемнің жылы самалындай еседі. Оның жер бетіндегі өшпес ізіндей, жалғасын тапқан екінші өміріндей сезіледі. Ақын рухы өлмейді деген сөздің растығына да осы сәт көзің жетеді.
Сүлеймен МӘМЕТ.