28 Шілде, 2010

Өссе тілім, мен де бірге өсемін

742 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Шығыс Қазақстан облыстық сотының судьялары мен сот жүйесі қызметкерлерінің арасында мемлекеттік тілден байқау болып өтті Тіл дамыған жерде кез келген салада алға басушылық айқын бай­қалып, адамдарды алға жетелеп тұратыны белгілі. Ал тілдің өркендеуі ұжымдар мен мекемелердегі басшы­лардың біліктілігіне, мемлекеттік тілді құрметтеуі мен сыйлауына байла­нысты екені белгілі. – Біздің елде тіл неге дамымай келеді? Ол, ең алдымен міндеттеу, құр­­меттеу, бұл қағиданы дұрыс ба­ға­ламауға байланысты алға жыл­жы­май келеді. Екіншіден, тілді на­си­хаттау әлі күнге өз деңгейінде емес. Оның үстіне халық қалаулы­лары бұл бағытта заңнамаларды дұ­рыс қабылдамай отыр. Сондықтан да, ол босаң, солқылдақ, – дейді Шы­­ғыс Қазақстан облыстық сотының төрағасы Мұхаметжан Пақірдінов. – Шығыс Қазақстан облысында 36 мекеме болса, оларда 250 судья бар. Бұл Қарағанды облысынан кей­інгі екінші көрсеткіш. Қарағандыда осы саланы басқарған кезімде мемлекеттік тілді меңгеруге көңіл бөлініп қана қоймай, заң актілерін, терминдерін игеруге де назар ауда­рылды. Кенді Алтайда да мұндай бай­қаулар өтіп тұрады екен. Демек, тіл­ді еркін меңгеру басты назарда, сол үшін судьялар арасында тіл бай­қа­у­ларын өткізуді дәстүрге ай­нал­дырдық, – дейді Мұхаметжан Ахмедияұлы. Жақында Шығыс Қазақстан об­лыстық сотының жаңа мекемесінде “Өссе тілім, мен де бірге өсемін” атты тіл байқауы болып өтті. Оған облыстық қалалық және аудандық соттардың судьялары мен маман­дарынан жасақталған 26 команда қатысты. Байқау басталмас бұрын облыстық сотта қызмет ететін сот мамандары “Қара жорға” биін мың бұрала билеп берді. Тіл мерекесі қызықты да тартысты өтті. Оған облыстық соттың төрағасы Мұхаметжан Пақірдінов жетекшілік етсе, облыстық тілдерді дамыту басқармасының бастығы Манарбек Мұхаметжанов қазылар алқасының тәуелсіз төрешісі ретінде қатысты. “Әсерлі таныстыру”, “Ең үздік сот актісі”, “Ең үздік көрініс”, “Үздік аударма”, “Нағыз қазақи топ” және “Нағыз ұлтжанды сот мамандары” деген тақырыптар бойынша өткен байқау жиналғандарды өзіне баурап алды. Байқау төрт турдан тұрды. Бірінші турдың қағидасы бойынша қатысушылар өздері атқаратын жұ­мыстардың ерекшеліктері, міндеттері жайлы кеңінен әңгімелеп беруі тиіс еді. Ал екінші турда қазақ халқының салт-дәстүрі, билері мен шешендік сөздері, мақал-мәтелдері қамтылған болатын. Сонымен байқау қорытынды­сын­да №2-ші қалалық сотының (құрамында Б. Қайсина, Н. Сағи­дол­дина) командасы бас жүлдені жеңіп алды. Ал бірінші орынға Шығыс Қа­зақстан облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты ие (С. Қабидолдина, А. Естай) болды. Жүлделі екінші, үшінші орындарды Шығыс Қазақстан облысы бойынша мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер соты, №2-ші Көк­пекті аудандық соты иеленді. “Нағыз ұлтжанды”, “Үздік сот актілері” аталымдарын Тарбағатай аудандық соты мен Шығыс Қазақстан об­лыстық сотының командалары иеленіп, бағалы сыйлықтармен марапатталды. Сөйтіп, “Өссе тілім, мен де бірге өсемін” байқауының бастамашысы, қазылар алқасының төрағасы, тіл жанашыры Мұхаметжан Пақірдінов жеңімпаз командалар мен жекелеген азаматтарды ақшалай сыйлықтармен, грамоталармен марапаттады. Жа­қын­да М. Пақірдінов ақпарат құралдары өкілдерін қабылдап, емен-жарқын әңгімелесіп, олардың сауалдарына жауап қайтарды. Алдағы уақытта да мұндай кездесулердің халық үшін тиімді болатынын тілге тиек етіп, құқық қорғау саласы қызметкерлерін насихаттап жүрген бір топ журна­листерді марапаттады. Оңдасын ЕЛУБАЙ. Шығыс Қазақстан облысы.