23 Мамыр, 2015

Өрелі еңбек

476 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Талдықорғанда Парламент депутаты Серік Үмбетовтің «Ой иірімдері» атты кітабының тұсаукесер рәсімі болып өтті. Оны Алматы облыстық Тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Ахмет Кендірбекұлы ашып, жүргізіп отырды. Қалыптасқан дәстүр бойынша, өңірдегі аға буын өкілдері кезек­тесе аталған кітап туралы өзін­дік ой-пікірлерін айтып, кітапқа жақсы бағаларын берді. Әрине, күні кеше Серік Үмбетовпен қызметтес болып, тәлімді ісін, ең бастысы, қаза­қы салт-дәстүр, әдет-ғұрып сынды құн­дылықтарды берік ұстанатындығын көздері көріп, өнеге алған жандар жүрекжарды лебіздерін жарыса ағытты. Сөйтіп, дөңгелек үстел отырысында атпал азаматтың адами асыл қасиеттері мен өмірдің өзінен ойып алып, сараптап, саралап қағазға түсірген еңбегі тең өрілді. Ол – заңды құбылыс. Олай болатыны кітаптың авторы Серік Үмбетов есімінің астына «Ой иірімдері» деген кітап атауының қойылуы өте лайықты һәм жарасымды. Себебін дәлелдеп жатудың өзі артық. Алты тараудан тұратын кітап­­­­­­тағы әр тақырыптың астында жетелі ой жатқанын, ретіне орай мектеп оқушылары мен студенттерді ұлт­тық рухта тәрбиелеуге бастау бола­тындығын да сөйлегендер жеткізе айта білді. Бұл кітаптың тағы бір ар­­тық­шылығы – деректерінің нақ­ты­­лығы. Оны кітапсүйер қауым автор­дың қандай жағдайда болсын көке­йіне дөп келген сөзді сол заматын­да қойын дәптеріне түсіріп алатын­дығымен растады. Біле-білсек, бұл да үлгі тұтар ұқып­тылық екені анық. Өмірден көргені мен түйгенінің молдығының тағы бір айғағы. Сонымен, дөңгелек үстел отырысын Алматы облысы әкімінің орынбасары Бақтияр Өнербаев Төле бидің Ескелді биге ұлттық ұлағат тұрғысында берген батасымен байланыстыра келіп, сөзін: «Бұл кітап күнделікті өмірге, әсіресе, идеологияға керек туынды екен. Осы кітап арқылы Серік Әбікенұлын тереңірек тани түстім», деп түйіндеді. Нұрбол ӘЛДІБАЕВ, «Егемен Қазақстан». ТАЛДЫҚОРҒАН.