28 Шілде, 2010

ДОП: дүбір мен дүрмек

689 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін
ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫ-2010: ОҚИҒАЛАР МЕН ОЙЛАР Тарихта тұңғыш рет “қара құрлықта” өткен дүниежүзілік доп додасының аяқталғанына екі жұмадан артық уақыт өтті. Алайда, чемпионаттың дүбірі тынғанымен, дүрмегі әлі тарқай қойған жоқ. Көзден көшсе де, көңілден кете қоймаған футбол спектакльдері төңірегіндегі ойлар мен оқиғалар, деректер мен дәйектер алда талай әңгімеге тамызық болатын түрі бар. Біз солардың арасынан жадымызда қалғандарды сөз етіп көрмекпіз. “Сегізаяқ-Нострадамус” Сірә, адамзат өзінің тарихында тап даңқы осыншалықты жер жарып, аспан асырған сегізаяқты бұрын-соңды көрмеген шығар. Германия­дағы Оберхаузен қаласының Sea Lіf атты океанариумында тіршілік ететін Пауль ныспылы бұл су жәндігінің ерекше көріпкелдік қасиеттері туралы біздің Бақтияр газет бетінде бұған дейін көсілтіп жазды. Аталмыш мақұлықтың биологиялық жасы 3 жылдан аса қоймайтынын, сондықтан Бразилияда өтетін келесі біріншілікте оның қызметіне жүгіне алмайты­ны­мызды да әріптесіміз өкінішпен еске алған екен. Дегенмен, атақты дра­ма­тург Ф.Шиллердің кейіпкері аузынан шыққандай, “мавр өз тірлігін істеді, мавр енді кете алады”. Ендеше, бұл доп додасында бол­жағандары түп-түгел айна-қатесіз тура келіп, тарихта осы чемпионаттың ойындарынан бетер қалғалы тұрған Пауль жол­дастың осы абыроймен көптің назарынан кеткені де жөн шығар. Бір таң қалатынымыз, неміс ағай­ындар бұл сегізаяқтың Ностра­дамус сынды ғажайып сәуегей бо­ла­тынын қалай дөп басып тапқан? Бұл – бір. Екіншіден, саналы жан ие­сінің өзінің шамасы келмейтін шым-шытырық жұмбақтарды аталмыш мақұлық қалай оп-оңай шешіп бе­­­реді? Осы қызметке жегілгелі Еуропа чемпионатының финалы жөнінен ғана бір мәрте қателесіп кеткен ось­миногтың мына көрсеткіші шынында керемет! Жалпы, мұндай үлкен серияларда болжамның 50 пайыздай бөлігі тура келуінің өзі барынша жоғары сәттілік болып саналады екен. Осының бәрі қисынымызға қияс келгесін, бұл шіркіннің қандай жануар екенін зерттеп көріп, оның үш жүрегі болатынына, бас миының жоғары дамығандығына көз жеткіз­дік. Ал мамандар Пауль ойлау қабі­леті болмағандықтан, таңдауды өзі түйсінбейтін алгоритм бойынша жа­сай­тынын айтып отыр. Бәзбір қал­жың­бастар қай жалаудың түсі тар­тым­ды көрінсе, болмаса қай тудың түбіндегі жем қорап жақын болса, оның соған жүзіп баратынын айтып көрген. Алайда, мидия жейтін сегізаяқтың жұрт әбігерінде тіпті шаруасы жоқ, өзін жақсылап тамақтандырса болды. Бір өкініштісі, мансабы аяқталып келе жатқан Паульдің атын естімейміз. Бәлкім, оның орнын басатын тағы бір осындай сегізаяқ табылып қалар?.. “Әлемнің сыбызғысы” Африканың арғы белдеуіндегі елде өткен чемпионатта жұрттың көзіне бірден түскені матч басталған бойда ондағы стадиондарды даңғаза еткен вувузела атты сыбызғы болды. Басында таңсық көрінген бұл қурай бара-бара миллиондаған көрерменнің нағыз бас ауруына айналды. Афри­калықтардың негізінен жануарларды үркітуге арналған мыңдаған үрлеме құралынан құралған оркестрдің дамылсыз шы­ғатын даусы қалқа­сын­да стадиондағы жанкүйерлердің ойындар ахуалына орай көңіл-күй толқынын білдіретін шуылы мүлдем естілмей қалды. Осы­ған қатты қапа болған телетрансляция жүргізуші компаниялар оны “басу­дың” түрлі әрекеттерін жасағанымен ештеңе шығара алмады. Ендігі бір шенеу­нік­тер стадионға вувузела әкел­дірмеуге күш салыпты. Сол күндері, мәселен, Жаңа Зеландияда осы “зи­ян­кес” сыбызғыны спорт алаң­дарына болдырмауға қатаң тыйым салатын заң қабылданған. Алайда, ФИФА басшылығы бұл мәселеде барынша сабырлылық білдіріп, вувузеланы африкалықтар мәдениетінің бір бөлшегі деп таныды. Сондықтан қара континент тұрғындары осылайша жанкүйерлік жасауға ерікті болды. Олай болмаған күнде, ол ағылшындарға стадионда ән салуға рұқсат етпегенмен бірдей болып шығар еді. Не дегенде де, бұл құрал чемпионат кезінде бірте-бірте жұрт жек көретін заттан назар аударуға тұратын бұйымға айнала бастады. Мәселен, орыстардың мат­решкасы сияқты. Сондықтан әлем­нің әр түкпірінен жиналған жанкүйер­лердің көпшілігі мун­ди­альдан қайтарларында ескерткіш зат ретінде бас­қаға емес, тап осы ву­ву­зелаға жар­масты. Айт­қан­­дай, сарап­шылар ста­дион­дарда сол сыбызғыны аңы­ратып­ тар­тып отырған­дардың не­гі­зінен жергі­лік­тілер емес, сырттан кел­ген­дердің болғанын да айтады. “Африка колориті” Осы жолы әлем чем­пионаты Оңтүстік Африка Республикасында өтетіні белгілі болғаннан бұл таңдау жан-жақтан сын­ға ұшырады. Прогрес­шіл адамзат баласы осын­дай үлкен жарыстың жер бетіндегі қылмыскерлері көп елдердің бірінде өткелі тұрғанынан қатты шошы­ды. Бірақ нәтижеде бәрі жұрттың бояуын қалың етіп салып берген суретіндей болмай шықты. Дегенмен, доп додасы өтіп жатқан күндерде әртүрлі ұсақ-түйек қыл­мыстар да орын алды. Мұны жұрт “африкалық колорит”, яғни осы “қара континенттің өзіне тән бояу-болмысы” деп таныды. Жергілікті жұрт осыншама шет­ел­дік меймандардың қаптап келе қал­ғанына бірден бой үйрете алмаса ке­рек, әсіресе, біріншілік енді басталған кезде инцидент көбірек кездесті. Бұ­лар бұзақылар тобының журналис­тер­ді соққыға жығуларымен, футбол­шылар тұрып жатқан нөмірлерді үптеп кеткенімен өрнектелді. Жалпы, мұнда майда ұрлықпен айналысушы ұрылардың торына түсіп қалмаған қонақтар аз еді. Әдеттегідей қолдан жасалған жалған билеттерді сатушы­лар да кездесті. Ал тұтастай алғанда, орасан ауқымдағы қылмыстар бола қойған жоқ. Соның ішіндегі ең ірісі ұрылардың ФИФА штаб-пәтеріне ұялмай басып кіріп, Әлем кубо­гы­ның жеті көшірмесін ұрлап әкеткені болды. ОАР-дағы мундиаль осы оқиғасымен де ерекше есте қалады. Төрешілер “төрелігі” Ақыр соңында бұл чемпионат оған қызмет жасаған арбитр қауы­мының өте көп қателік жіберуімен бір­ден санаға сызат түсіреді. Бір өкі­ніш­тісі, осы қателіктердің көпшілігі ойын тағдырын өзгертіп жіберетіндей деңгейде болды. Бүйректен сирақ шығарудан танбаған сол рефери­лер­дің қасында өзбек төрешісі Равшан Ирма­товтың біршама әділ де адал қазылығы бірден менмұндалап көзге ұрып тұрды. Сондықтан мамандар оны осы чем­пио­наттың жағымды жа­ңалықта­­рының бірі ретінде қабылдады. Расында бұл біріншілікте “қара киімділер” кемшілігінен көз тұнды. Солардың ішінде Лэмпардтың таза голын санамай қоюдың өзі сұмдық қой! Екі метр офсайдқа шығып кет­кен Тевес пен Вильяның тап осылай ойыннан тыс жағдайда соққан гол­дарын есепке алу ше?! Сол сияқты Фа­бианның анық қолмен ойнағанын көр­мей қоя салуды қайтеміз? Ал чем­пионаттың бас жағында Арген­тина ойыншысы Хайнценің Нигерия қақпасына түсірген күмәнді голын санау арқылы оларға жеңіс тізгінін ұстата салуды қалай ұмытамыз? Тізе берсе, мұндай деректер же­терлік. Соның ішінде Гватемала, Сауд Арабиясы және Мали секілді ел­дерден келген төрешілердің алаң үстіндегі ешбір қисынға сыймайтын шешімдері оларды футбол атты өнер­дің ережесімен енді ғана танысып жүргендей етіп көрсетті. Бұлардың алдыңғысы тіпті Испания мен Па­раг­вай кездесуінде “пенальти экспо­зи­циясын” жасап, соғылып тұрған гол­ды болдырмай тастаудың да ама­лын оңай ойлап тапса, екіншісі Чили – Швейцария матчында жөн­ді-жөнсіз, оңды-солды ысқыра берумен елді естен тандырды. Үшіншісі өз еркінің қалауымен АҚШ құрама­сы­ның сло­вен­дер қақпасына соққан таза голын санамай тастады. Осының бә­рін кө­ріп отырған ФИФА бір қоры­тынды шы­ғаруға уәде беруін берді. Бірақ ба­тыл қадамдарға баруға әлі асығар емес. Бірінші рет Иә, бұл чемпионатта статисти­калық тұрғыдан қарағанда, бірінші рет орын алған деректер де аз болған жоқ. Айталық, Словения мен Грекия өздерінің әлем чемпионаттарындағы бірінші жеңістеріне осында қол жеткізді. Мұнда словендер бірінші матчында Алжир құрамасынан басым түссе (1:0), гректер нигериялықтарды тізе бүктірді (2:1). Ал жапон құрама командасы өз елінен тыс жерде өткен біріншілікте бірінші рет жеңіске жетті. Бұл жолы Камерун командасы топтағы бірінші матчта “саму­рай­лардың” құрбанына айналды (0:1). Жалпы, жапондар жеңістің алғашқы дәмін 2002 жылы Жапония мен Кореяда өткен жаһандық жарыста татып үлгерген еді. Осы жолы Жаңа Зеландия құ­­ра­масы әлем біріншіліктері ойын­да­рындағы алғашқы ұпайын қанжығ­а­сына байлап қайтты. Бұл Словакия командасымен болған тең (1:1) ой­ын­­ның нәтижесінде мүмкін болды. Алайда, жаңазеландиялықтар мұ­нымен шектеліп қалған жоқ, бұдан кейін топтағы екі ойынын да бейбіт бітіріп, тағы екі ұпайға аяқ артты. Сол сияқты Димитриос Салпин­гидистің Нигерия қақпасына соққан добы гректердің 404 минутқа со­зылған голға деген “құрғақшылығы” тамырына балта шапты. Дания ко­мандасының қорғаушысы Дани Аггер де өзінің бірінші голын торға түсірді. Бірақ ол “минустық” белгіге ие, себебі, бұл доп оның арқасына тиіп барып, ту сыртында тұрған өз қақпасына қойып кетті. Осы оқиға даниялықтардың чемпионаттардағы бірінші автоголы болып саналады. Бұл елдің құрамасы біріншілікте өзі үшін антирекорд болатын тағы бір деректі тіркеді. Мундиальда бірінші рет өз қақпасына бірден үш гол жіберіп алды. Кот-д Ивуар құрамасының ша­буылшысы Дидье Дрогба Бразилия командасының қақпасына гол салған бірінші африкалық ойыншы атанды. Рас, оның бұл добы командасын жеңілістен құтқара алмады. Ал америкалық жартылай қорғаушы Майкл Брэдли әлем чемпионатында жаттықтырушы әкесінің қол астында ойнап, қарсыластар қақпасын ны­санаға дәл алған бірінші футболшы болды. Бапкер Боб Брэдлидің ұлы Словениямен кездесуде (2:2) есепті теңестірді. Сол сияқты серб қақ­па­шысы Владимир Стойкович әлем чемпионатының финалдық бөлігінде пенальти қайтарған өз елінің бірінші голкипері болды. Ол бұл ерлігін Гер­маниямен ойында Лукас По­доль­скидің соққысы кезінде жасады. Ал Давид Вилья әлем чемпионатында он бір метрлік соққыдан гол сала ал­маған бірінші испан болды. Ол Гон­дураспен кездесуде мүлт кетті. Со­ны­мен бір мезгілде испан Икер Ка­силь­яс екі әлем біріншілігінде пе­нальти қайтарған бірінші дарбазабон атанды. Ол өзінің мұндай бірінші сэйвін бұдан сегіз жыл бұрын ир­ланд­тарға қарсы ойында орындаған еді. Бұл чемпионатта ол Парагвай фор­варды Оскар Кардосаны қапыда қалдырды. Мексикалық Каутемок Бланко өз елінің үш чемпионатта гол соққан бірінші футболшысы болып отыр. Бұған ол осы жолы Франция қақ­пасына гол соғу арқылы қол жеткізді. Сол сияқты камерундық Ригобер Сонг керемет көрсеткіш – әлемнің төрт чемпионатына қатысқан бірінші африкалық футболшы атағын алуы­мен тарихта қалмақшы. Ал Швей­цария және Нигерия құрамаларының жартылай қорғаушылары Валлон Бехрами мен Сани Кайта өз елде­рінің әлем чемпионатында алаңнан қуылған алғашқы ойыншылары болуымен ерекшеленіп отыр. Бұлар­дың алдыңғысы Чилимен ойында, келесісі Грекиямен кездесуде “қызыл қағаз” алып қалды. Парагвай құрамасы өзінің тари­хында алғаш рет 1/4 финалға дейін жет­ті. Мұнда ол бір доп айыры­мы­мен болашақ чемпион – Испания құрамасына жол беріп алды. Турнир­де бірінші рет бірде-бір рет жеңіске жетпей, бірінші мәрте топта соңғы орында қалып қойған Италия өздері үшін антирекорд жасады. Сол секілді ОАР құрамасы плей-оффқа дейін жете алмаған чемпионатты өткізуші бірінші ел болды. Ал Чили құрама­сының Швейцария мен Гондурасты бірдей жеңуі “қызылдардың” Оңтүс­тік Америкадан тыс жерде қол жет­кіз­ген бірінші үлкен жетістігі еді. Ал­жир құрамасы өзінің тарихында алғаш рет чемпионатта өз қақпасын “құрғақ” сақтап қалды. Ол ағыл­шын­дармен ойынды 0:0 есебімен тең аяқ­тады. Парагвай бірінші рет өз то­бын­да бірінші болса, Голландия үш ой­ынның үшеуінде де жеңіске жетті. Бі­рінші рет ширек финалдан Еуро­па­ның ең аз мөлшердегі командасы (3) шықты. Есесіне, осы үштіктің кейінгі жұлдызы оңынан туып, екеуі финалға дейін барды, үшіншісі үшін­ші орынды жеңіп алды. Со­нымен қатар Испания құрамасы өзінің топтағы бірінші ойынында ұтылып, соңынан әлем чемпионы дәрежесіне дейін жеткен бірінші футбол жасағы атанды. Чемпионат цифрлар тілінде ОАР-да өткен әлем чемпио­на­ты­на 18499 ерікті көмекке келді. Олар­дың ең жасы үлкені 80-де болды. Испан жартылай қорғаушысы Хави өзінің жақын қарсыластарының алдына түсіп кетіп, әріптестеріне 669 пас берді. Неміс Бастиан Швайн­штай­гердікі бұдан 104-ке кем. Ката­лон­дық футболшы сондай-ақ алаң жиегінен доп лақтыруда да алда тұр. Барлығы 42 рет осылай доп берген ол сондай 50 доп тастаған арген­ти­на­лық Диего Форланнан ғана қалып қойды. Біріншілік барысында 261 мәрте тәртіп бұзушылық орын алды. Бұл осының алдындағы чемпионатта­ғы­дан едәуір аз. Онда 346 фол тіркелген екен. Сол сияқты “қызыл қағаздың” да саны азайыпты. Бұрын ол 26 рет көр­сетілсе, бұл жолы 17-мен шектелген. Оңтүстік Африка Республика­сы­ның алаңдарында 145 гол соғылды. Бұл 32 командадан қатыстырыла бас­таған чемпионаттар ішіндегі көр­сет­кіші ең төмені болып отыр. Деген­мен, осы салада төмендеу үрдісі ұдайы байқалып келеді. Мәселен, 1998 жылы Францияда – 171, 2002 жылы Корея мен Жапонияда – 161, ал 2006 жылы Германияда 147 гол соғылыпты. 39 жыл және 330 күн. Чемпио­наттағы ең кәрі футболшының жасы осындай. Ол – ағылшын қақпашысы Дэвид Джеймс. Алаңдағы ойын­шы­лар ішіндегі ең жасы үлкені мекси­ка­лық форвард Куатемок Бланко екен. Оның жасы біріншілік бастал­ғанда 37 жыл және 156 күнге толған. Ал ең жас футболшы сол сәтте туғанына 18 жыл, 120 күн болған дат жартылай қорғау­шысы Кристиан Эриксен көрінеді. Испанияның оң қапталдағы қор­ғаушысы Серхио Рамос 31 рет жеке дара қарсыластар қорғаныс шебін жарып өтіп, осы көрсеткіш бойынша ең өнімді футболшы атанды. Одан кей­­інгі орындарға Подольски (27), Иньеста (26), Месси, Вилья (25) жайғасты. Кейптаундағы “Грин Пойт” ста­дионында 22 гол соғылды. Бұл осы аре­наның ең нәтижелі болғанын көр­сетеді. Екінші орында “20 голы бар” Йоханнесбургтегі “Сток Сити” тұр. Чемпионаттағы ойындарда Гер­ма­ния құрамасы тізімдегі 23 ойын­шы­сының 22-сін алаңға шығарды. Бұл – турнирдегі ең үлкен ротация. Бұ­ған қарама-қарсы көрсеткіш – ой­ын­шыларды барынша шақтап пай­да­лан­ған құрамалар қатарына 15 фут­болшысы алаңға шыққан Сло­ве­ния, Жаңа Зеландия және КХДР жатады. Жапон жартылай қорғаушысы Кейсуке Хонда 19 рет фол жасап, чемпионаттағы “ең дөрекі ойыншы” атанды. Бұдан бар-жоғы екі рет кем тәртіп бұзған Серхио Рамос пен Марк ван Боммель екінші-үшінші орында тұр. Әлем чемпионатында әр кезеңде 8 құрама жеңіске жетті. Испания осының сегізінші командасы атанды. Серік ПІРНАЗАР. АСТАНА.