29 Тамыз, 2015

Заң үстемдігін қамтамасыз етудің кепілі

3910 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
1424172016489Ел Президенті алға қойған тапсырмалар қашанда дер кезінде қабылдануымен ерекшеленеді. Елбасы Н.Назарбаев жариялаған 5 институттық реформаның ішінде заң үстемдігін қамтамасыз етуге ерекше мән берілген. Біздің мемлекеттің стратегиялық тапсырма ретіндегі алдына қойған мақсаты – әлемдік қоғамдастықтың 30 алдыңғы қатарлы мемлекеттің қатарына ену. Бұл мақсатқа біздің мемлекет нақты, әрі салыстырмалы түрде тексерілген, дәл анықталған жоспарға сәйкес дамыған жағдайда ғана жете алады. Солардың арасында заң үстемдігін қамтамасыз ету бойынша нақты қадамдар анықталған. Конституционализмнің басты қағидаларының бірі ретінде құқық үстемдігі танылады, ол 1995 жылғы еліміздің Конституциясында көрініс тапқан. Оны дайындаушылар – заң шығарушылар үшін құқық үстемдігі мен заң үстемдігі идеясын толық конс­титуция өзегі арқылы өткізу маңызды болды. Сондықтан бүгінде, заң үстемдігі идеясы Қазақстанның қазіргі заманауи Конституциясында толық іске асырылды деп нық сеніммен айта аламыз. Конституцияның 1-бабы Қазақстанды құқықтық мемлекет ретінде бекітеді. Қазақстан Республикасында құқықтық мемлекеттің қалыптасуы – күрделі және ұзақ процесс, ол өмірге саяси, экономикалық және құқықтық реформаларды енгізу, адамгершілік негіздер мен жалпы адами құндылықтардың өрлеуі, заманауи демократиялық азаматтық қоғамды құру аясына қатысты үздіксіз кеңейе түсуде. Сондай-ақ, құқықтық мемлекеттің қалыптасуы азамат пен мемлекет, билік, басқару, сот органдары арасында ерекше құқықтық қатынастардың генезисін, сонымен қатар, қоғам, құқық және саясат арасында жаңартылған өзара әрекеттесуді жалғайды. Құқықтық мемлекет құқықтық заңның үстемдігін бекітпей мүмкін бола алмайды, ал құқықтық заң өзінің орнатылуы мен әрі қарай жүзеге асырылуы үшін конституционалдық-құқықтық бақылауы бар және адами қатынастардағы құқық үстемдігін қамтамасыз етудің басқа да әдістерімен бірге, биліктің сәйкесінше бөлінуі бар құқықтық мемлекетті қажет етеді. Бұл туралы Елбасы 5 институттық реформада «Барлық азаматтар құқық көлемін тең қолдануға, жауапкершіліктің бірдей жүгін көтеруге және тең мүмкіндіктерді пайдалануға тиіс», деп ерекше атап көрсеткен болатын. Мемлекеттің қызметі заңды ұйымдасқан қоғамдық тұтастық ретінде тек қана құқықтық нысанда және құқыққа сәйкес жүзеге асырылуы тиіс. Бұл толықтай заң шығарушы, атқарушы және сот билігіне қатысты. Өйткені, барлық жағдайда заңның бұзылуы әділеттілікті орнату үшін сот органдарына жіберіледі. Сот – әділдікті жүзеге асыратын орган. Президент әділ сот аясындағы заң үстемдігін қамтамасыз ету бойынша нақты қадамдарды анықтады. Олар сот органдары қызметінің институттық құраушысына да, мазмұнды бөлігіне де қатысты.   Заң үстемдігін қамтамасыз етудегі нақты қадамдардың бірі беделді шетел соттары мен әділ сот саласындағы заңгерлердің қатысуымен еліміздің Жоғарғы Сот жанында халықаралық кеңес құру арқылы халықаралық өлшемдерді енгізу болып табылады. Бұл орайда заң үстемдігін заңға барлық нормативтік актілердің, құқықты іске асыру актілерінің (ұстануды, орындауды және қолдануды іске асыру) бағыныштылығы деп түсінген жөн. Заң үстемдігі – бұл өзін демократиялық деп санайтын кез келген қоғамның іргелі қағидасы, ол әмбебап болуы және қоғамның барлық өзегінен өтуі тиіс. Құқық үстемдігі қағидасының барынша бірізді жүзеге асырылуы заңдылықтың теориясы мен тәжірибесі болып табылады, онда Конституцияға мемлекеттегі негізгі рөл бөлінеді, ал қалған барлық басқа құқық шығармашылық қызметтің конституциялық шегі болуы керек. Заң үстемдігі қағидасы шындыққа айналуы үшін Конституция ықпалды болуы қажет. Дәл осы тапсырма қазіргі қолданыстағы заманауи Конституцияны дайындауда маңызды болды. Біздің ойымызша, заң үстемдігі қағидасы қазіргі Конституцияда қазақстандық заңдылық қағидасы ретінде көрініс тапты. Бұл дегеніміз, мемлекеттегі барлық заңдарға және басқа да заңды нормативтік актілерге негізделеді деген сөз. Конституцияның 4-бабының 2-тармағы ел Конституциясының жоғары заңды күшін бекітеді. Құқық үстемдігі қағидасының жолын ұстаушылықты бүкіл өркениетті адамзат мойындайды. Бұл қағида халықаралық құқықтық актілерде көрініс тапқан. Осылай, Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) Копенгаген кеңесінің қорытынды құжаты бекіткендей, СБСЕ құрамына кіретін 35 мемлекет құқық үстемдігінің негізін құрайтын әділеттілік қағидаларын қолдау және алға тарту туралы ниеттерін білдірді. Барлық мемлекеттер бірауыздан құқық үстемдігінің тек жай формальді заңдылықтан да үлкен маңызға ие екенін мойындады. Бұл институттармен кепілденген адамзат тұлғасының жоғарғы құндылықтарын мойындау мен толық қабылдауға негізделген әділеттілікті білдіреді. Конституциялық құқық теория­сында Конституцияның үстемдігі қағидасы туралы айтылады, алайда, бұл бөлек қағида емес, тұтастай тұжырымдама болып табылады. Конституция үстемдігі тұжырымдамасы тарихи, заңды және әлеуметтік өлшемге ие бола алады. Конституция бүкіл заңнамаға негіз болады және қоғамдық өмірдің түрлі салаларын құқықтық реттеудің салмақ түсетін құрылымын анықтайды. Құқық қайнар көздерінің жүйесінде ол жоғары буын, заңдардың шыңы болып табылады. Жоғары заңды күшке және тікелей әрекетке ие бола отырып, ол бүкіл мемлекет аумағына тарайды, оған қайшы келетін заңдар мен басқа да құқықтық актілер заңды күшке ие болмайды. Құқық үстемдігі тұжырымдамасы қазақстандық конституциялық құқық теориясында айтарлықтай күрделі болып келеді және мемлекеттің конституциялық дамуы кезеңінде қашанда оны конституциялық-құқықтық тәжірибеде іске асыру мәселелері туындайды. Қазіргі конституционализм доктринасының қалыптасуына мемлекеттік құры­лыстағы заң мен құқық үстемдігі тұжырымдамасының біртіндеп енуі үлкен әсер етті. Сәуле АМАНДЫҚОВА, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, заң факультетінің деканы, заң ғылымдарының докторы, профессор.