04 Сәуір, 2015

Үздік пошташыға берілген сыйлық

312 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
«Қазпошта» АҚ-тың  облыстық филиалында «Учаскелік пошташы» атты жаңа жоба енгізілді. Жергілікті филиал басшысы Абылай Әбішевтің  айтуынша, жалпы, бұл жобаның  мақсаты – бөлімшелерде жұмыс жасайтын әр пошташының өзі қызмет көрсететін ауданда тұрғындарға қаншалықты танылатындығын анықтау. Екіншіден, пошташы мамандығының беделін көтеру.Үшіншіден, қоғамның пошташыға назар аударуы қандай дәрежеде деген сұрақтарға жауап ізделді. Айтса айтқандай-ақ, әрине, түрлі тақырыптағы пошта қызметі жайлы осындай жобалар өте қажет. Бұл жалпы қоғамның,  жергілікті атқарушы органдардың назарын аударуға тиіс деп ойлаймыз. Қазір пошта байланысының  жұмысында мәселелер аз емес. Мысалы, қа­ладағы тұрғын үйлерде пошта жәшіктері әбден тозығы жеткен. Қалалық әкімдіктің назар аудармай, қолға алмай тұрғаны осы. Бұл бір.  Екіншіден, шалғайдағы ауыл жолдарымен күн ара газет-журнал жеткізу мүмкін емес. Сондықтан, осы мақсат бойынша, «Учаскелік пошташы», «Үздік пошташы» деген тақырып аясында байқау ұйымдастырылды. Байқауға қатысу үшін  үміткерлерлер өті­ніштерін жіберді. Ал, қала тұр­ғындары дауыс беру арқылы өз пошташыларын таңдап берді. Сөйтіп, байқау қорытындысын­да  Гаухар Қабыкенқызы, Гүлнар Қаженовалар ақшалай сыйлыққа ие  болды. Облыс орталы­ғын­дағы №13 пошта бөлім­шесінің  бел­сенді қызметтері аталып өтті. Барлық қатысушыларға ынталан­дыру сыйлықтары берілді. Сонымен қоса, байқау жеңімпазы  Гаухар Қабыкенқызына «2014 жылдың үздік учаскелік пошташы» номинациясы бойынша  белесебет берілді. Алдағы уақытта  «Учаскелік пошташы», «Үздік пошташы» байқауы жыл сайын және тек қана қалада емес, ауыл­дарда, аудан орта­лықтарында «Қазпошта» АҚ бар­лық облыстық филиалдарында өткізуді жоспарлап отыр. – Өйткені, бұл жоба  мақсаты  пошташы­лардың газет-журнал, хат-хабар таратуда белсенді  жұмыс жасаулары үшін корпоративтік рухты көтеріп, еңбекке деген ынта-ықылас тудырады, – дейді Абылай Әбішев. Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан». ПАВЛОДАР.