29 Тамыз, 2015

Қазақтың қамын қолдаған құжат

773 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін
Өз мемлекетіміз үшін мақтаныш сезіміне бөленіп, біртұтас отбасы сезімін сезінуге, қазір бүкіл дүниежүзі білетін республика – Туын, Елтаңбасын, Гимнін ардақтап, құрметтеуге тиіспіз.

 Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

«Конституцияны қатаң ұстану – бұл мемлекеттіліктің табысты дамуының және қоғамдағы азаматтық келісімнің негізі. Ол бойынша өмір сүру – бұл демократияның ең жоғарғы мектебі. Бұл мектептен барлығымыз өтуге тиіспіз. Біздің міндет – Конституцияға аса ұқыптылықпен қарау».  Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев осылай деген еді. 3 би Иә, Конституция, шынтуайтына келгенде, кез келген мемлекеттің ұстанымын, ұлтының құндылығын айқындайтын негізгі құжат. Оны ұлттың бет-пердесі, айнасы десек те болады. Кез келген мемлекет өзінің алғашқы қадамын тәуелсіздігімен қатар,  Конституциясын қабылдаумен бас­тайтыны – бүкпесіз ақиқат. Конституция – мемлекетті құраушы ұлттың ғасырлардан жинақталған өзіне тән ұстанымының, заңдарының, жүрген жолдарының өзегінен шығып, келешегіне бағыт-бағдар жасайтын маңызды белгі. Сол себепті де, Елбасымыз: «Конституция біздің тәуелсіздігімізді нығайтты, мемлекетті және бүкіл қоғамды берік етті. Сондықтан да біздің ортақ парызымыз – Негізгі Заңға құнттылықпен қарау,  оны өз Отанымызды, өз тарихымызды құрметтегендей құрметтеу» деп бекер айтқан жоқ. Конституция еліміздің ұлттық саяси-құқықтық жүйесінің мәйегі, мемлекеттілігі мен егемендігінің заңдық негізі, республиканың сөзсіз жетістіктері мен Елбасымыз салып берген өршіл мақсатқа қол жеткізу – басты парызымыз. Әрбір мемлекеттің, ел дамуының негізгі бағыттарын айқындайтын өз конституциялық саясаты болады. Біздің еліміздің де конституциялық саясатының негіздері 1995  жылғы 30 тамызда бүкілхалықтық референдумда айқындалды. Бірақ оның түп негізі «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», Тәуке ханның «Жеті Жарғысы» секілді Дала заңының құқықтық актілерінің әлеуетін сақтап, негізін жалғастырды десек те болады. Егеменді елдің Конституциясы бертінде қаланғанымен, оның негізгі іргетасы әріде жатыр. Қазақ хандары жолға қойған бұл жарғылар дала заңының бастауы болып табылады. Тіпті ХХ ғасырдың басында Алаш ардақтылары да дала ережелерінің негізінде дербес Конституция әзірлегенін де тарихымыздан білеміз. Алаш қайраткерлері Конституцияны әзірлеуде неге сүйенгеніне келер болсақ, бұл құжат, бір жағынан, партияның  негізгі бағдарламасы болып саналды. Алаш партиясының саяси бағдарламасын жасауға кімдер атсалысты? Тарихтан белгілі, Алаш партиясын құрудың басы-қасында ұлттың беткеұстар қаймақтары жүрді. Олар Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы, Е.Ғұмар, Е.Тұрмұхамедов, Ғ.Жүндібаев, Ғ.Бірімжанов бастаған қазақтың сол кездегі алдыңғы қатарлы, озық ойлы азаматтары атсалысқан еді. Бұл бағдарлама он бөлімнен тұрды. Онда мемлекеттің формасы, жергілікті билік пен оны басқару жүйесі жөнінде, құқық негіздері, дін бостандығы, сот билігі, елді қорғау, салық салу, еңбекшілердің құқығы, жер мәселесі қамтылды. Алаш партиясының тағы бір ерекшелігі – дініне, қанына, жынысына қарамай барлық адамдардың теңдігі қағидасын ұстанғандығы. Хандық жарғылардан кейінгі алғашқы Конституцияның тарихы осындай. Одан кейін де республикамызда бірнеше конституциялар өмірге келген. Оның алғашқысы 1926 жылы  18 ақпанда жазылған екен. Алайда, бұл Конституция заңдық күшіне ене алмаған. Одан кейін 1937  жылы 26 нау­рызда бекітілген құжаттың ғұмыры ұзақ болды. Араға қырық жыл салып барып қана, 1978 жылы  20 сәуірде жаңа Конституция қабылданды. Бұл құжат еліміз егемендікке қол жеткізгенге дейін өмір сүрді. Қазақтың арайлап таңы атты. Ел егемендігіне қол жеткізді. Тәуелсіз елдің тәуелсіз тұңғыш Конституциясы әзірленді. 1993 жылы қабылданған Қазақстан Республикасының алғашқы Конституциясы егеменді елдің тарихындағы ең демократияшыл құжат болып табылды. Ал 1995 жылдың 30 тамызында негізін қалаған құжат ондағы олқылықтардың орнын толтырды. Еліміздегі саяси өзгерістерге орай, сол жылы Елбасы бастамасымен арнайы сарапшылар тобы құрылды. Бұл топ әлемнің озық елдерінің конституцияларын, әсіресе, ХХ ғасырдың екінші жартысында қабылданған негізгі құжаттарды мұқият сараптаудан өткізді. Сарапшылар тобында  ғалымдарымыз, саясаткерлеріміз ғана емес, бұл іске Елбасымыз да етене араласқан еді. Тіпті, осы істің тізгіні Мемлекет басшысының өз қолында болды. «Біз үшін дамудың әртүрлі сатыларында тұрған, сан алуан әлеуметтік-мәдени, ұлттық және басқа да ерекшеліктері, әртүрлі құқықтық жүйесі бар елдердің Конституциясы басты мәселені – тұрақтылықты нығайтудағы, халықтың әл-ауқатын жақсартудағы және демократияны дамытудағы қол жеткен табыстарын ұғыну маңызды болды. Ізденіс география­сы да ауқымды болатын – ол Еуропаны, Азияны, солтүстік және Латын Америкасын қамтыды. Мен өз басым тікелей әлемдегі жиырма елдің Конституциясын талдап, олардан конспекті жасап алдым. Нәтижесінде, жаңа Конституцияның қажеттігі туралы шешім қабылдамас бұрын бізде бес жылдық жинақталған тәжірибе болды. Біз содан негізгі басымдықтарды, мақсаттарды ажыратып, оларға жетудің амалын үйрендік. Конституцияны қабылдау қарсаңында ондаған жылдар бойы азаматтарымыздың ой-санасында қордаланып қалған стереотиптерді жою үшін, мемлекет пен қоғамды түбегейлі реформалау барысында пайда болатын көптеген объективті және субъективті проблемаларды шешу үшін  бірнеше жылға созылған табанды жұмыстар атқаруға тура келді. Иә, кейде біздің шешімдеріміз жартыкеш, ымырашыл сипатта да болды. Кез келген жаңа істе болатыны сияқты, қателіктер де жіберілетін. Осының бәрі сол кездерде анық өтпелі сипатта болған мемлекеттік институттар мен заңнамалық қызметтерден көрініс тауып отырды. Бірақ, сол бір қиын-қыстау жылдарды еске алғанда, елімізді күрделі әлеуметтік катаклизмдерге соқтырмай, аман сақтап, әлемдік қауымдастықтың тең құқықты мүшесі ретіндегі осы заманғы мемлекет құру үшін не керектің бәрін істегеніме, мемлекетті құруға қызмет жасағаныма сенімдімін» – деп жазады Елбасы өткен жылдар туралы. Иә, бұл Конституцияны талқылау кезеңінде еліміздегі беделді заңгерлерден бөлек, Францияның Конституциялық кеңесінің де өкілдері шақырылды. Сонымен бірге, Мемлекеттік кеңестің мүшелері, Ресей зерттеу орталығының ең беделді заңгерлері жобалық жұмыстың жоғары талқылау шараларына қатысты. Қызу пікірлер ортаға салынды. Кем-кетіктер түгенделді. Айта кетерлік тағы бір мәселе – тәуелсіз еліміздің тарихындағы тұңғыш рет бүкілхалықтық талқылауға салынған, көптеген пікірлер ескерілген Негізгі Заң да осы. Ресми мәліметтер не дейді? Ресми дерек, құжатты талқылауға 3 млн. 345 мың адам қатысқанын айтады. Сол себепті де, Елбасымыздың: «1995 жылғы Конституция тақыр жерде пайда болған жоқ. Ол егемен Қазақстанда конституциялық құрылыс орнату үшін бұрыннан жинақталған тәжірибелерді, сондай-ақ біздің жағдайымызға сәйкес келетін ең прогресшіл шетелдік тәжірибелерді барынша толық пайдаланған еді. Сондықтан да, кімде-кім еліміздің Негізгі Заңының рухы мен маңызын терең түсінгісі келсе, оны жасаудың, қалыптастырудың тарихын жақсы білуі керек», деуі орынды. Сол жылы Конституцияны қабылдау үшін бүкілхалықтық референдум өтті. Оған сайлаушылардың 90,58 пайызы қатысып, 89,14 пайызы жаңа Конституцияның қабылдануын қалады. Конституция барлық қазақстандықтардың ой-пікірін есепке ала отырып, жасалған құқықтық-саясат құжат болды. Оның себебі, бүкілхалықтық референдумға қатысып, халықтың өзі дауыс бергендігі. Сондықтан бұл Конституцияны еліміздің негізгі басты құжаты дейміз. Бұл құжат несімен құнды? Ондағы басты құндылықтар қандай?  Ұлт құқығы, негізгі құндылықтардың  бостандық, әділдікке негізделген қасиеттердің «Дала демократиясынан» алынғанын ескеруге болады. Естеріңізде болса, ежелгі сот беделінің өсуі, талай ханға ақылшы болған билердің халық ілтипатынан кенде болмауы қазақ құқығының  өзіндік қырын аңғартпай ма? Бұрынғы қоғамдағы тағы бір артықшылық, сөз құдіретін жоғары бағалауы. Дауласқан даугерлерді де, жауласушыларды да бір ауыз сөзбен тоқтатқанын тарихтан білеміз. Мұның бәрін неге мысалға келтіріп отырмыз. Біз жоғарыда еліміздің басты құжатының негізінде «Дала демократиясының» жатқанын тегін айтқан жоқпыз. Осындайда алғашқы болып еске түсетіні Тәуке ханның Жеті Жарғысы. Оның себебі, Тәуке хандық құрған XVII ғасырдың аяғы мен  XVIII ғасырдың басы қазақ елінің абыройы асып, көсегесі көгерген ерекше бір кезеңі болды. Бұл жайында белгілі тарихшы А.Левшиннің: «Тәукенің атын атасақ, бар қазақтың жүрегін алғыс кернеп, мақтаныш билейді. Тәуке алауыз болып қырғынға бөккен елді сабаға түсіріп, ру мен рудың арасындағы талай жылғы қантөгісті тоқтатты, ақылы мен әділдігінің арқасында жұрттың бәрін өзіне мойынсұндыра білді, әлсіз рулардың басын қосып, әлеуетті дұшпанға қарсы қоя алды. Күштілерді тізеге салып, тәубесіне келтірді. Баршаға ортақ заң жасап, сол бойынша билік айтты. Атақты Мәртөбеде үш жүздің игі жақсыларының басын қосып, ел өмірінің көлемді мәселелерін талқылады. Қазақ  қоғамына осындай біртұтастық дарытып, ынтымақ орнықтырған ежелгі ереже-қағидалардың, тәртіп-низамның, салт-дәстүрлердің жүйелі жиынтығы – атақты «Жеті Жарғы» еді. «Жеті Жарғы» баба даналарымыздың  «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы» деп аталатын мемлекет басқару мен биліктің қалыптасқан жосықтарын негізге алып, сахараның сол замандағы тұрмыс-тіршілігін, қоғамдық-әлеуметтік ахуалын ескере отырып, келешектің қамын ойлап, жан-жақты байыпталған заңгерлік ұлы мұрасы болды. Ұлы Абайдың «Ғақияларының» үшінші сөзінде: «билік жасау үшін бұрынғының «Қасым ханның қасқа жолы», әз Тәуке ханның «Күлтөбенің басында күнде кеңес» болғандығы «Жеті Жарғысын» білмек керек» деуі көреген бабаларымыздың реформаторлық қасиетін бағалағаны деп білгеніміз жөн. Хакім Абай  оны тегін мысалға келтіріп отырған жоқ. Дала демократиясының көрінісі хандардың жарғыларында жазылғанын көрегендікпен айтып отыр. Мәселен, «Жеті Жарғы» ауыл-үйдің берекесін қашыратын талас-тартысты азайтып, бірлікке үндеді. Күншілдік, бақталастық, қызғаншақтық сияқты күйдіргі дерттен айықтырып, шаруаға құлшындырып, еңбекке баулыды. Қарекет-тірлікке икемдеді. Елдің басы қосылып, халық өз қасиетін тапқан еді. Бұған түрткі болған Тәуке хандай ханның көрегенділігі мен хан маңайына топтасқан зиялы топ өкілдерінің білгірлігі еді. Соңғы қабылданған Конституция «Дала демократиясының» қайта түлеуі, қайта түрленуі. Ата Заңымыз байтақ еліміздің өркендеуіне, атқарушы, заң шығарушы сот билігінің барған сайын нығайып, халқымыздың ойынан шығуына берік іргетас болып қаланды. Конституциямызда қаралған құқықтар мен еркіндіктердің жүзеге асуын қолдап, бағалауымыз керек. Осындай жағдайда ғана біз қоғамның шынайы конституциялық дүниетанымын, жаңа конституциялық мәдениетін қалыптастыра аламыз. Мәдениеттілік, отансүйгіштік, ұлтжандылық әрбір отбасындағы тәрбие шеңберінен бастау алса, әділдік пен заңдылықтың күретамыры Ата Заңымыздың бұлағынан арна тартады. Мұның бастауында «Дала демократиясы» тұрғаны айқын. Сондықтан, еліміздің бас құжатының әлеуеті жоғары.  Конституция дегеніміздің өзі – қоғамдық және мемлекеттік құрылыс негіздерін, мемлекеттік органдар жүйесін, олардың түзілу реттілігі мен қызметін, азаматтардың құқықтары мен міндеттерін айқындайтын мемлекеттік заң емес пе? Конституция бүгін мемлекетімізді мекендейтін халықтардың тыныш әрі бейбіт өмір сүруінің кепілі болып отыр. Ата Заң аясында алтын дала Қазақстан әлем елдері алдында экономикалық реформалар жүргізу мен демократиялық қоғам қалыптастыруда, әртүрлі ұлт өкілдерінің бейбіт өмір сүруі және әлеуметтік мәселелердің оң шешім табуы жөнінен үлгі болып отыр. Конституция мемлекетіміздің тарихи дамуының негізі ретінде танылып қоймай, ол барлық заңдардың бастауы болып табылатыны белгілі. Ата Заңда адамның жеке бас бостандығы, жеке өміріндегі құндылығы, сондай-ақ билік тармақтарының қоғамдағы рөлі айқын тұжырымдалған. Конституция біздің сая­си, мәдени, рухани және экономикалық дамуымыздың құқықтық қайнар көзі ретінде танылады. Ол еліміздің дамуына жол ашып, тәуелсіз мемлекеттің буынының қатаюына себеп болды. Өзгерістер мен толықтырулар енгізілгеннен кейін Ата Заңымыз жаңа сипатқа ие болып, еліміздегі демократиялық реформалар тереңдей түсті. Еліміздің басты саяси құжатының негізі – адам өмірін сақтау және оның құқығы мен бостандығына нұқсан келтіруге жол бермеу болып табылады. Ал шынтуайтына келгенде, заңға бағыну дегеніміз – тәртіп, ал тәртіп бар жерде, тәрбие мен тиянақтылық болады. Бұл қасиеттер қоғамның дамуына негіз бола алады. Өз Отанын сүюі, оның заңдарына бағынуы – бұл әр адамның азаматтық жауапкершілігін сезінуі, өз елінің алдындағы азаматтық борышын орындауы. Ендеше, біз ата аманатына адалдық танытып, Ата Заңның негізінде елдік парызымызды ақтауға тиіспіз. Осылайша, қазақтың қасиетін арттыруда басты құжаттың маңызы зор екенін ұмытпайық, ағайын. Мұрат БАҚТИЯРҰЛЫ, сенатор, саяси ғылымдар докторы, профессор.