Бітімгершіл күштер – БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесінің шешімімен енгізіліп, текетіреске түскен жақтардың арасына түсіп немесе текетірес аяқталған соң бейбіт өмірдің орнауына көмек беріп, араағайындық ізгі ниетті істер атқаратын қарулы күштер.
Сыртқы саясатта аймақтық және әлемдік бейбітшіліктің сақталуы мен қауіпсіздіктің орнауын тілеп, маңызды бастамалар көтеріп жүрген Қазақстан жағы да мұндай игілікті істерден шет қалмай, 1993 жылдан бері араағайындық қызметке белсенді түрде араласып келеді. Ал Қазақстанның бітімгершіл күші – «Қазбат» 1993 жылы БҰҰ шешімімен Ауғанстан-Тәжікстан шекарасының есірткі тоқтаусыз ағылатын ең қауіпті бөлігін күзетуге енгізіліп, 2001 жылға дейін қаншама тонна залалдың халықтар арасына тарауының жолын кесті және қаншама лаңкестік әрекеттерді іске асырмады.
Осы бітімгершіл операциялар барысында қаза болған қазақстандық жауынгерлерге риза болған Тәжікстан Республикасында ескерткіш те орнатылған. Ал 2003-2008 жылдар аралығында «Қазбат» Ирактағы бейбіт өмірдің орнауына қолдан келген барлық көмегін жасады. БҰҰ-ның шешімімен енгізілген ол қаншама мың минамен, басқа да жарылғыш заттарды залалсыздандырып, миллиондаған бейбіт тұрғынның өмірін сақтап қалды. Жалпы, «Қазбат» Қазақстан халқының бейбіт өмірге ұмтылып қана қоймай, оның жолында бастарын бәйгеге тіге алатынын, керек болса, ерліктің де неше алуан үлгісін көрсете алатынын бүкіл әлемге танытып, намыс туын көкке көтеріп келеді.
Енді осылай, еліміздің даңқын асырып жатқан бітімгершіл күштеріміздің, жалпы бітімгершілік қызметке қатысушылардың әлеуметтік жағынан қамтамасыз етілуі қандай десек, тілімізді тістейді екенбіз. Өйткені, оларды қолдайтын арнаулы заң әлі күнге қабылданбаған. Олардың іс-әрекеті Конституция мен «Қазақстанның Қорғаныс және Қарулы Күштері туралы», «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заңдармен ғана реттеледі. Бұларда тек әскери қызметшілерге қатысты әлеуметтік қорғалу мәселелері қарастырылған. Ал бітімгершілік қызметтерге әскерилермен қатар, азаматтық тұлғалар және басқа да мемлекеттік органдар қызметшілерінің тартылуын аталмыш заңнамалар қамтымаған. Мәселен, ақпараттық технологиялар, медицина қызметкерлері, өрт сөндірушілер және т.б.
Осыған байланысты «Бітімгершілік қызмет туралы» заң жобасы әзірленіп, ол Парламент Мәжілісінің қарауына ұсынылды. Палатаның соңғы жалпы отырысында қаралған бұл заң жобасы туралы баяндаманы Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-майор Талғат Мұхтаров жасады. Оның айтуына қарағанда, бітімгершіл қызметке тартылған азаматтық тұлғалар түгілі әскерилердің өзіне әлеуметтік қорғау істерін жасау қиынға түсетін көрінеді. Мәселен, Ирактан 2008 жылы шығарылған әскерилерге әлеуметтік қорғаулар тек төрт жылдан кейін ғана, яғни 2012 жылы ғана жасалыпты. Ал тәжік-ауған шекарасындағы бітімгершіл қызметке қатысқандарға әлі күнге ешқандай жеңілдіктер жасалмаған. Енді ұсынылып отырған мына заң жобасы сол олқылықтардың орнын толтырмақ.
Заң жобасын әзірлеу барысында шетелдік тәжірибелер ескерілген. Жалпы, заң жобасы ерін қолдайтын елдің бейнесін толықтыратын өзекті мәселені қамтығаны көрініп тұр. Сондықтан да депутаттар оны сөзсіз қолдайтындарын байқатты. Кейбір мәселелерді нақтылаған сұрақтар заң жобасын жетілдіре түсуге ғана бағытталды. Мәселен, депутат Майра Айсина бітімгершіл күштерді енгізу туралы шешімді «халықаралық ұйым (БҰҰ) немесе әріптес мемлекеттер өзара келісіммен қабылдайды» деген баптың дұрыстығына шүбә келтірді. Бұл сұраққа жауап берген генерал бітімгершілік қызметті жасауға мандат беру тек БҰҰ-ның құзыретінде болғандықтан, әріптес елдердің ондай шешім қабылдауы туралы норма заң жобасынан алынып тасталғанын жеткізді.
Депутат Виктор Киянский өзінің сұрағын мемлекеттік тілде жариялап, заң жобасында бітімгершілік қызметтердің шығынын халықаралық ұйымдар мен әріптес мемлекеттер көтеретіні айтылғанын еске салып, осы шығыстарға не кіретінін сұрады. Баяндамашы әрбір бітімгершілік операцияның алдын ала бюджеті бекітілетінін, күштерді қабылдаушы ел оларды қару-жарақпен, қажетті техникалармен қамтамасыз ететінін айта келіп, әскерилердің әрқайсысына БҰҰ-ның шешімімен айына 1028 доллар көлемінде бірдей ақы төленетінін айтты. Ал қосымша баяндама жасаған Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Абай Тасболатов бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау жөніндегі халықаралық міндеттемелерді орындау Қазақстан Республикасы қорғаныс саясатының негізгі міндеттерінің бірі екенін атап көрсетті. Соның ішінде БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тиісті шешімдерін орындау шеңберінде бітімгершілік қызметке қатысу да бар, деді ол.
Депутаттар заң жобасын бірауыздан мақұлдап, екінші оқылымға дайындауға жіберді.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан».