Астана қаласындағы “Қарттар мен мүгедектерге арналған медициналық-әлеуметтік” мекемесіндегі екі жарты – бір бүтін болған жандар туралы үзік сыр
Әлия тағы өз әлеміне кіріп, үлкен терезеден көшеге қарап, тапжылмай отыр. Кең көшемен ерсілі-қарсылы ағылған мәшинелер мен тро-туарларды бойлай тынымсыз қозғалған адамдар өмірі оған өте таңсық. Құмырсқаның илеуіндей бір сәт дамыл таппайтын бұл тынымсыз тірлік Әлияға тіптен түсініксіз. Тіршілік үшін тоқтаусыз тырбанған бұл адамдарға ол қызығарын да, қызғанарын да білмейді. Сыртқы өмір оған беймәлім. Өйткені, отыз төрт жылдан бері төрт қабырғаға қамалып, тар төсекке таңылған Әлияның өз әлемі бар. Ол- тағдыр талайымен ғұмыр бойы сыртқы өмір тылсымын терезеге телміріп қана танит-ын жарымжан жанның өз пайымы, өз түсінігі...
1976 жылы тұлымы желбіреп, ойнақ салып жүрген алты жасар Әлия мұрттай ұшты. Қызуы көтеріліп, күйіп-жанып жатқан баланы дәрігерлер тымауратып қалған деп, дәрі-дәрмек берді. Баланың беті бері қарар болмаған соң дене қызуын түсіру үшін нешетүрлі дәрілермен еге бастады. Айға жуық уақыт өткенде, кішкентай қыз өлім аузынан қайтып, әупірімдеп ес жиды. Бірақ тілі күрмеліп, аяқ-қолы тартылып, мүгедек болып қалды. Ол кезде Әлияның ата-анасы қазіргі Атырау облысының Индер кентінде тұратын. Әкесі Жиенғали білімді де білікті жан еді. Әлияны Алматыға апарды, Мәскеудің атақты клиникаларында емдетті. Амал қанша, басында дәрігерлер дұрыс диагноз қоймай емдеген аурудың беті қайтпады. 1986 жылы сүйікті қызы үшін тағдырмен тайталасқан әкесі қайтыс болды. 1992 жылы анасы төсек тартып қалды. Сол жылы Әлия Ақтөбе қаласындағы мүгедектер үйіне келуге мәжбүр болды...
Он жасқа толғанша Орынтай ат құлағында ойнайтын нағыз шабандоз бала болды. Әкесі Мұхтар Қарқаралы орман шаруашылығында орманшы болып еңбек ететін. Ат баптауды ұнататын адам еді. Осы қасиеті Орынтайға дарып, бұл да жылқы малы десе, ішкен асын жерге қоятын. Тай-құнандарды үйрету оның сүйікті машығына айнала бастады. Жазмышқа қарсы тұрар шара бар ма? Бір жолы ол асау аттан құлап, белін мертіктірді. Аудан орталығында операция жасалды. Бірақ жұлынына зақым келген баланың екі аяғы семіп, Орынтай он жасында мешел болып отырып қалды. Содан бері оның жарты ғасырдан астам уақытқа созылған мүгедектер үйіндегі өмірі жалғасып келеді. Осы уақыт ішінде ол Қарағанды, Қызылорда, Ақтөбе облыстарындағы мүгедектер үйлерінің дәм-тұзын татты...
ЕКІ ЖАРТЫ ‑ БІР БҮТІН
Орынтай мен Әлия 1997 жылы Ақтөбе қаласындағы мүгедектер үйінде танысты... Демеушілер тарту еткен шет елдік мүгедектер арбасына мінген Орынтай алғаш рет ауладағы бақ ішін аралауға шыққан болатын. Кенет дәл өзінікіндей арбамен қарсы келіп қалған әйел адамға көзі түсті. Бір сәт екеулерінің жанарлары түйісіп қалғандай болды. Орынтайдың жүрегі шым етіп, денесін әлде бір от шарпып өткендей болды. Ойын жиып, артына бұрылып қараса, арбадағы ару да бұған мойын бұрып, көз қиығын тастап барады екен. Содан бастап барлық өмірлерін төрт қабырғаға қамалып, өксумен өткізген қос мұңлық тіршілік тылсымының өздеріне беймәлім әлсіз жарығына жармасып, тағаттарынан айрылды. Олардың ендігі мақсаты – әлдеқашан үзілген үміт жібін қалай да жалғау еді.
Келесі күні олар тағы да кездесті. Бұл жолы да бір- біріне тіл қата алмай, тек көздерімен ұғысып, үнсіз тарасты. Тек үшінші күні ғана олар тұңғыш рет тілге келіп, таныстық сұрасты. Талай күндерді ақтарыла сырласумен өткізіп, ауыр тағдырларының тарқамас мұңдарын шақты. Әрине, мүгедек жандардың мүмкіндігі шектеулі. Кейде ұзақ уақыт жүздесе алмай, шер тарқатып, сырласуды былай қойғанда, бір көруге зар болған кездері де аз емес еді.
Айлар алыстап, жылдар жылжып, уақыт өте берді. Үш жыл бойы бірін-бірі жете түсініп, әбден ұғысқан қос мұңлық ақыры қасіреті қалың қатал тағдырларын тоғыстырып, ендігі қалған ғұмырларын “екі жарты, бір бүтін” болып өткізуге тәуекел етті. 2000 жылдың 22 маусымында Ақтөбе қаласындағы мүгедектер үйінің қос тұрғыны Орынтай Мұхтаров пен Әлия Жұбатқанованың үйлену тойлары өтті. Мүгедектер үйінің қамкөңіл жандары тойға түгел жиналып, арбаға таңылған ауыр қасіреттеріне қарамастан, өмірге деген құштарлықтарын жоғалтпаған жас жұбайларға ақ тілектерін ақтарды.
Міне, содан бері де зымырап, он жыл өте шығыпты. Ұзақ жылдар бойы жалғыздық азабын тартқан екеуі енді өзара шүйіркелесіп, маңдайларына жазған жазмыш тауқыметін жеңілдетіп келеді. 2005 жылы олар Астана қаласындағы қарттар мен мүгедектер үйіне ауысты. 2007 жылы Мемлекет басшысының тікелей қамқорлығының арқасында салынған “Қарттар мен мүгедектерге арналған медициналық-әлеуметтік мекемесіне” қоныс аударды. Қазір олар осы ғимараттағы барлық тұрмыстық жағдайлар ойластырылған қолайлы да кең бір бөлмесінде өздері жеке тұрады.
“Тұрмыс құрған он жыл ішінде біз ешқашан бір-бірімізді ренжітіп көрмеппіз. Тауқыметіміз қандай ауыр болса да, өзара іштей ұғысып, қиындықты қосыла жеңілдетуге тырысамыз. Бұған да шүкір”,- дейді Әлия Жұбатқанова ойлы жанарларымен Орынтайға мейірлене қарап. Міне, қилы-қилы тағдырлар тоғысқан қарттар үйінің қос тұрғынының сөз түйіні осындай...
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.