04 Сәуір, 2015

Мұнайлыдағы мәнді күн

239 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
ЭМБЛЕМА ГОДАСәуір айының алғашқы күні киелі Маңғыстау топырағына қадам басқан «Менің Қазақстаным» пойызының Бейнеу ауданының орталығы – Бейнеу кентінен кейінгі тоқтаған өңірі Мұнайлы ауданы болды.  Негізінен, алыс-жақыннан ортамызға оралған бауырлар шоғырланған аудан тұрғындары пойызды емен-жарқын көңілмен қарсы алды. – Көпұлтты мемлекетіміздің береке-бірлігі мен өркендеп-дамуы – баршамызға ортақ қажеттілік. Біз болашаққа айрандай ұйыған ауызбірлігіміз, татулығымыз бен жұдырықтай жұмылған бірлігіміз арқылы жетеміз. Ұлттар арасындағы достықты насихаттап ел арасына шыққан «Менің Қазақстаным» пойызын біз қуана қарсы аламыз, – деді аудан орталығы Маңғыстау стансасындағы теміржол вокзалынан қарсы алған маңғыстаулықтар атынан Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Рақымбек Әміржанов. Тәуелсіздік алған соң елімізде алғаш ашылған бұл  аудан туралы көбірек айтуға болады. 2007 жылы құрылған ауданның жер көлемі 492,2 мың га, қазір ауданда Маңғыстау, Баянды ауылдары, Қызылтөбе, Атамекен, Басқұдық, Дәулет, Батыр ауылдық округтері бар. Жас та болса өзіндік келбеті қалыптасып, түгелге дерлік  қаракөз қандастарымыздан тұратын 130 мыңға тарта тұрғыны бар, бұрын бос жатқан дала төсін ауылға толтырып, жылдан-жылға қанатын жайып келе жатқан аудан. Тұрғындар облыс орталығы – Ақтау қаласынан небәрі 20 шақырым қашықтыққа, тіпті, «ауылы аралас, қойы қоралас» дейтіндей, кейбір тұстарда шектесе орналасуын қолайлы санайтын болар, мұнда халық саны  көшіп келушілер мен табиғи өсім есебінен  кідіріссіз өсіп келеді, аудан ашылғалы бері тұрғындар саны 76,1 мың адамға көбейген. Осыған орай мектеп, балабақша, дәрігерлік нысан сынды әлеуметтік ғимараттар құрылысы қарқын алып тұр. – «Үлкен үйге не керек болса, кіші үйге де сол керек» дегендей, жаңа аудан тұрғындарын әлеуметтік тұрғыда қамтып, ауданның экономикалық қарқынын арттыру бағытында жұмыстанып келеміз. Жыл басынан бері әр салада біршама оң нәтижелерге қол жеткізілді. Мысалы, өнеркәсіп өнімдерінің өндіріс көлемі 9 609,6 млн. теңгені құрап, өткен жылдағы көрсеткішті сақтап қала алса, екі айда 31,2 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл есепті кезеңде 23,5 мың шаршы метрді құраған еді. Сондай-ақ, ауданда барлық экономикалық қызмет түрлері жұмысшыларының орташа жалақысы 118 859 теңгені құрады, бұл өткен жылғыдан 327 теңгеге көбейген. Мемлекет кәсіпкерлік саласына айрықша мән беріп отыр. Бұл бағытта біздің ауданда кәсіпкерлікпен айналысамын деген адамға мүмкіндік те, қолдау да бар. Биыл қаңтар, ақпан айларында өткен жылғыдан 532-ге көбейген 4609 шағын кәсіпкерлік субъектісі тіркелді және шағын кәсіпкерлік саласында жұмыспен қамтылғандар саны 5 382 адамға жетті, – деді ауданның бүгінгі тыныс-тіршілігін таныстырған Елубай Жақаев. Сан-сапат адам көшіп келіп, қордаланған мәселелерді туын­датқан ауданның «бетін бері қа­ратып», бүгінде облыстағы алдыңғы қатарлы аудандардың қатарына қосқан аудан әкімі назарынан білім беру саласы тыс қалған жоқ. Оның жөні де бар, өйткені, үш ауысымды оқыту, тасымал мәселесі халқы көп осы ауданда күрделі болып келген. Қазіргі таңда аудан мектептерінде  20 мыңнан астам оқушы білім алып жүр. Жер қойнауын пайдаланушы компаниялар есебінен «Маңғыстау-4» тұрғын үй массивінде 1200 орындық мектеп пайдалануға берілсе, жергілікті бюджет есебінен Атамекен, Дәулет ауылдарында 280 орындық балабақша құрылысы және Атамекен ауылында 1200 орын­дық мектеп құрылысы жүру­де. «Маңғыстау-5» елді мекенінен 280 орындық балабақша ғимараты жуық арада пайдалануға берілмек. Мектептің жетіспеушілігінен туындаған  оқушыларды тасымалдап оқыту үшін арнайы автобус­тар сатылып алынып, оқушылар аялдамасы ашылып, оңтайлы жолға қойылған. Ал 3-6 жастағы балаларды бақшамен қамту 57 пайызды құрап отыр. «Көш жүре түзеледі» дегендей,  іргетасын қалауы да, аяғын қаз басуы да дағдарыс кездеріне тұспа-тұс келген ауданның алдағы кезеңдерге межелеп отырған жоспар-жобалары жоқ емес. Қазақылыққа сай қонақтарды ақпейілмен қарсы алған мұнайлылықтар «Менің Қазақстаным» пойызының келуіне ризашылықтарын білдірді. Бір күн бойы кәсіпкерлік, әлеуметтік, заңгерлік бағыттағы кеңестерге жүгінушілер де аз болған жоқ. Тұрғындардың, әсіресе, шоғырлана барған жері – дәрігерлер қабылдауы болды. Бір күнде дәрігерлерге 410 ересек адам, 180 бала қаралып үлгерді. Белгілі өнерпаздардың концерті де Мұнайлы ауданы тұрғындарына үлкен сый болды. Шарафаддин ӘМІРОВ, Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан». Маңғыстау облысы, Мұнайлы ауданы.