Шығыс өңірінде сайлауды байқау жөніндегі өңірлік қоғамдық комиссия ашылды. Аталған комиссия сайлау үдерістерінің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында құрылды. Комиссия өкілдері сайлау барысында Конституциялық заңның талаптары мен сайлау құқықтарының нормаларын реттейтін заңнаманың сақталуын және дауыс беру барысын байқайтын болады.
«Сайлауды байқау бойынша республикалық қоғамдық комиссиясы» республикалық қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалының жетекшісі Светлана Линоктың айтуынша, өңірдегі барлық сайлау учаскелерінде 1 мыңнан астам байқаушы жұмыс істемек.
– Қазіргі кезде біз өкілдерді таңдау жұмыстарын жүргізудеміз. Құрамында білім саласының қызметкерлері, зейнеткерлер, студенттер, жастар ұйымдарының өкілдері бар барлық байқаушылар алдын ала оқыту семинарынан өтеді, – деді С.Линок.
Облыстық комиссияның мақсатын өңірдегі Азаматтық альянс та құптап отыр.
– Азаматтық альянстың сайлауды байқау, сайлау үдерістерін қадағалау және технологияларды қолдану бойынша ауқымды тәжірибесі бар. Біз де өз тарапымыздан байқаушылар жіберіп, облыстың барлық қалалары мен аудандарында пул құру арқылы осы іске қолдау көрсетпекпіз. Яғни, осы пул арқылы қанша адамның дауыс бергенін, қай кандидат қаншалықты қолдауға ие болғанын анықтай аламыз. Дауыстарды санау нәтижесінде Шығыс Қазақстан облысы бойынша нақты нәтижелерді ұсынатын боламыз, – деді Шығыс Қазақстан облысы Азаматтық альянсының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Олег Чернышов.
Осы уақытқа дейін ТМД аумағында бірқатар елдердің президенттік сайлауларында халықаралық байқаушы ретінде жұмыс істеген Олег Чернышов биылғы кезектен тыс сайлауда шетелдік байқаушылар саны өткен сайлаулардан анағұрлым көп болатынын жеткізді.
– Бүгінде өңірімізде ЕҚЫҰ-дан халықаралық байқаушылар келіп, сайлау учаскелерінің жұмысымен танысу үстінде. Сонымен бірге, ТМД елдерінен де арнайы өкілдер тіркеліп жатыр. Халықаралық байқаушылардың негізгі легі сайлау күні таяғанда келеді. Олар облыс көлеміндегі кез келген сайлау учаскесінде еліміздің «Сайлау туралы» Заңының орындалу барысымен және сайлаудың өту үдерісімен танысатын болады, – деді ол.
Өңірде ел болашағын анықтаудағы маңызы зор саяси науқанға дайындық қызу жүріп жатыр. Дайындық кезеңінде байқаушылар сайлау учаскелерін араламақ. Олар үгіт-насихат науқаны мен сайлаушылар тізімі бойынша жұмыс істейді. Сондай-ақ, сайлауға қатысуды тең дәрежеде қамтамасыз ету және сайлау үдерістеріндегі ықтимал заң бұзушылықтардан сақтандыру жөнінде жұмыстар жүргізіледі. Сайлау күні облыс аумағында 1079 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Облыс орталығында 120 сайлау учаскесі, Семей қаласында 145 сайлау учаскесі тіркелген.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан».
ӨСКЕМЕН.