«
Жаңаның бәрі – найзаның ұшында» демекші, сөз бен істің бірлігін сақтау қашан да оңай болған емес. Әсіресе, ондаған жылдар бойы қалыптасып қалған қасаң идеологиядан батыл бас тартып, өркениет көшінің өркеші биік желкенін жетекке алып, арыстан жалды асау толқындармен алыса жүріп, көксеген жағалауға жүзіп жету үшін не керек? Меніңше, ол үшін жалаулы жастық шағы мен ерлікке толы еселі еңбегінің, абырой-атағының жарқын ізі сайрап жатқан, ақыл-парасаты, өрелі білімі кемеліне келіп, күш-қуаты тау суындай тасқындаған данагөй ерге ғана жарасар дарабоз дарын қажет! Міне, осындай тамаша артықшылықтарымен қоса, жаратылысында ыстық жүректі, иманды да бауырмашыл, ізгі тілекті, бекзат болмысты Елбасымыз халық аңсарын жүзеге асыру жолында қажымай-талмай, тамшылата тер төкті. Әлбетте, жас мемлекетті қаз тұрғызып, қатарға қосу үшін ең әуелі қыруар ұйымдастыру-әкімшілік, басқару тетіктерін қалыптастырып, оларды үнемі жетілдіру керек болды.
Осынау орасан зор көкейкесті мәселелерді ойдағыдай орындау мақсатында күллі әлемнің ең озық елдерін шарқ ұра аралап, шартараппен іскерлік байланыстар орнатты. Соның бәріне үлгерумен қатар, қаншама заңдардың қабылдауына күш-жігер жұмсады. Ата Заңымыздағы әрбір азаматтың құқығын қорғаудың, ұлтаралық татулықтың қамтамасыз етудің кепілдігін мойнына алды. Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің ең алғашқы Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен оларға теңестірілгендердің жағдайын жақсарту туралы Жарлығынан бері жүздеген заңдарға, жарлықтарға, қаулыларға, өкімдерге қол қойды. Солардың қайсысын алып қарасақ та, ең алдымен қарапайым халықтың, қалың елдің қамы мен мүддесі көзделеді. Әсіресе, қоғамды реформалау бағытындағы заңдардың маңызы ерекше. Мұның сыртында Конституциямыз бойынша мемлекеттік мәртебе берілген қазақ тілінің тағдыры, саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу, халық тарихы, ұлтаралық татулық, ұрпақтар бірлігі мен сабақтастығы жайында қаншама істер атқарылуда. Мәселен, Президенттің ұсынысымен ЮНЕСКО-ның аясында өткізілген Абай, Мұхтар, Қаныш, Түркістан қаласының тойларын былай қойғанда, алты Алашты шаттыққа бөлеген Қарасай, Райымбек, Наурызбай,
Абылай хан, Жамбыл, Махамбет, тағы басқа қасиетті бабаларымызды еске алу шаралары мен «Мәдени мұра» бағдарламасының аясында жүзеге асқан істердің өзі неге тұрады. Әрине, бұл жерде Елбасымыз әрдайым ескертіп жүргендей, мәселе асып-тасқан байлықта емес, ғасырлар бойы бодандық бұғауынан шыға алмаған халқымыздың ақылы мен батырлығы асқан ұлы перзенттерінің аз емес екенін төрткүл дүниеге таныту мұраты көзделгенін дұрыс түсіне білгеніміз жөн.
Адамға ең алдымен иман мен асқақ рух, биік еңсе керек дейтін ұлы ұстанымды үнемі Темірқазық жұлдыз ете білген, елім деп еміренген Президентімізді басқа елдердің де ерекше құрметтейтініне қарап біз әлі бағасын біле алмай жүрміз бе деп те ойлайсың? Задында, әрбір қарагөз бауырымызды бұл сауал ойландырып қана қоймай, тым құрығанда ол кісідей тұлға бола алмасақ та, ұқсап бағу жөн секілді. Он тоғызыншы ғасырда Шоқан Уәлихановқа орыстың ұлы психолог-жазушысы Федор Достоевскийдің ақыл-ойы мен шынайы адамгершілігі, тек ұлы жандарға ғана жарасатын қарапайым әрі кішіпейіл қасиеті үшін «ғашық» болғанын ашық жариялағаны мәлім. Ал енді бүгінгі біздің кибернетика мен компьютерлік дәуірімізде Нұрағаңның ел үшін атқарған істерін, заман тынысын болжайтын көрегендігін орыс ағайындарымыздың ыстық ықылас, ізгі ілтипатпен жарыса жазып жатқанының өзі қандай керемет. Тіпті, өткен жылдары орыс тілді бір беделді басылымнан жоғары дәрежелі христиан діні өкілінің «Над Назарбаевым – Бог» атты көлемді мақаласын оқығаным есімде. Соған байланысты Қазақстан Президентінің дүниедегі дін атаулының бәріне де ақыл-ойдың, мәдениеттің, қоғамның қозғаушы күштерінің бірі тұрғысында қалтқысыз құрметпен қарайтынын, бұл ретте де білімі мен білігін жетілдіруден жалықпайтынын атап айтқым келеді. Мысалы, бірде славян халқының діни мерекесінде арнайы барып құттықтаған Елбасымыздың Иса пайғамбардың өсиеттерін жетік білетіндігімен патриарх ІІ Алексийді таңдандырып, тәнті еткеніне теледидар арқылы куә болған едім.
Президентіміздің Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Дүниежүзі қазақтары құрылтайының төрағалықтарын, басқа да толып жатқан қоғамдық міндеттерді өз мойнына іліп, еріккеннен атқарып жүрмегені айдан анық.Апыр-ау деймін кейде, осыншама орасан маңызды міндеттермен қатар, туған елінің жоғын тауып, қалғып-мүлгігенін оятып, намысына қамшы басып, жамандықтың да арасынан жақсылық іздеп жарқыратқан жайсаң жанды азаматты да күндейтіндерді киелі Жер-ана қалай ғана көтеріп тұр екен?! Тіпті, халықаралық саясат аренасына шығып алып сандырақтайтын сондай содырлардың өзіне де Елбасымыз кеңпейілді кешіріммен қарап, нарықтың өтпелі кезеңіндегі кедергілердің объективті себептерін салиқалы түрде сабырлы түсіндіргені де есімізде. Айталық, ықпалды қазақ басылымдарының бір топ беделді басшыларымен «Біздің халқымыз жаңа өмірге бейімделуі керек» атты кең ауқымды әңгімесінде былай дейді:
«...Дегенмен, қауырт заман, дағдарыс болғаннан кейін, әрине, кемшіліксіз іс болмайды. Стратегияда өкінетін ештеңе болған жоқ дедім ғой, тактикада мүмкін қателік болған шығар. Мәселен, айталық, ең бірінші жігіттерді сараптап, лауазымды қызметке қою мәселесінде қателіктер жіберген сияқтымын, жібердім де. Әкімшіліктерге де, Үкімет басқаруға да әкелген адамдардың кейбіреуі халықтың да, менің де сенімімді ақтамай кетті...» («Егемен Қазақстан» газеті, 2000 жылғы 31 мамыр).
Иә, шындықтың шыңы ақиқат десек, ондай киелі ұғымның бетіне тек қана нағыз қарапайым әрі ұлы тұлғалар ғана қарай алатындай көрінеді, маған. Бәлкім, биылғы президенттік сайлауда бүкіл халықтың зор сеніміне ие болғаны – сол адалдығының дәлелі шығар. Елбасы тарихи науқан қарсаңындағы қалың жұртшылықпен кездесулерінде әдеттегідей әділдіктің ақ жолынан әсте айнымайтынын ескертіп, әлі де көптеген қиыншылықтарды жеңу қажеттігін жасырмайды, құрғақ уәдені үйіп-төкпейді. Жеңіске жетісімен өзінің халыққа берген уәдесін орындауға кірісіп кетеді. 5 салада 100 нақты қадамның басталуы – соның дәлелі.
Тәуелсіздікке қолымыздың жетуі, мемлекеттілігіміздің орнығуы, төл ғарышкерлеріміздің самғауы, ұлттық рәміздердің, ұлттық валютаның, Қарулы Күштердің, жасампаз Астана қаласының, тағы басқаларының өмірге келуін ауыз толтыра мадақтап, бар дауыспен жаһанға жар сала білу – перзенттік парызымыз.
Елбасы – халқымыздың адастырмайтын Темірқазығы. Оның соңынан ере берудің өзі жарқын болашаққа тура бет алу болып табылады.
Жаңа қоғамның жасампаз қаһармандарының, нарықтық қатынас нарқасқаларының жан дүниесін, қуанышы мен күйінішін, өркениетке бет бұрған өнегелі өмірін сұңғыла сезімталдықпен, тамаша талғампаздықпен суреттеу арқылы Тұңғыш Президентіміздің заңғар тұлғасын толықтыра түсуге қалам ұстаған зиялы қауым қарымды үлестерін қосса, қанеки.
Әлімжан ДӘУІТҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты.
Алматы облысы,
Жамбыл ауданы,
Ұзынағаш ауылы.