Кеше, 3 сәуір – Алматыға сапарларының екінші күні Қазақстан Республикасы президенттігіне кандидат Нұрсұлтан Назарбаевтың Республикалық қоғамдық штабының (РҚШ) мүшелері ғылыми және шығармашыл интеллигенция, ардагерлер ұйымдары мен патриоттық клубтардың өкілдерімен, қала кәсіпкерлерімен кездесіп, сондай-ақ, «Инновациялық технологиялар паркі» еркін экономикалық аймағында болды.
Алматының зиялы қауымы Елбасының басшылығымен еліміз тек үлкен экономикалық табыстарға қол жеткізіп қана қоймай, өзінің басты рухани құндылықтары – халық арасындағы достықты, тағаттылықты, бейбітшілік пен келісімді сақтай алғанын атап көрсетті.
«Бүкіл ғылыми қоғамдастық Нұрсұлтан Назарбаевтың бағытын қолдайды», – деп атап айтты сөз сөйлеген кезінде Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының президенті Мұрат Жұрынов.
Өз кезегінде Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры Тілектес Есполов тек соңғы бес жыл ішінде ғана Мемлекет басшысының қолдауы нәтижесінде отандық ғылымды қаржыландыру екі есе өскенін көлденең тартты. Бұдан бөлек, мемлекеттің білім беру саласына бөлген қаржысы айтарлықтай артты. «Нәтижесінде аталған саланы дамыту индексі бойынша Қазақстан әлемдік көшбасшы елдер қатарына кіріп отыр», – деп қосты Т.Есполов.
Кездесу кезінде Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин де сөз сөйледі. Ол қазіргі кезеңді шығармашылық адамдары үшін алтын кезең деп есептейді. Өйткені, олар дана көшбасшысы мен жұдырықтай жұмылған халқы бар жас, ырғақты даму үстіндегі және қуатты мемлекетті жеке сезіне отырып, өздерінің шығармаларына арқау етудің тамаша мүмкіндігіне ие.
Қазақстандық академик Сұлтан Сартаев кездесу кезінде елге жиі шығып тұратынын, барлық жерде құрылыс крандарын көретінін айтты. Бұл, ғалымның пікірінше, Қазақстанды қазірдің өзінде алдыңғы қатарлы өңірлік державалардың қатарына қосқан Президенттің дана саясатының басты нәтижелерінің бірі.
Атақты әнші Әлібек Дінішев Нұрсұлтан Назарбаев отандық мәдениет пен өнерді дамыту үшін өте көп нәрсе жасағанын атап өтті. Бұған бүкіл еліміз бойынша ашылып жатқан жаңа театрлар жарқын айғақ болып табылады.
РҚШ мүшелері барған келесі жер «Инновациялық технологиялар паркі» еркін экономикалық аймағы болды. 2011 жылдан бері аталған арнайы экономикалық аймаққа қатысушылар 2 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отырса, ол 150 инновациялық кәсіпорынның басын біріктіреді. Өткен жылы мұнда өндірілген өнім көлемі 10,5 миллиард теңгені, ал төлеген салық көлемі 2,4 миллиард теңгені құрады.
Жас жаңашылдар Нұрсұлтан Назарбаевқа қазақстандық әзірлеуші-ғалымдарға өздерін көрсетуге мүмкіндік берген инновациялық технологиялар паркін құрғаны үшін ризашылықтарын білдірді.
Атап айтқанда, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша құрылған Халықаралық ақпараттық технологиялар университетіне басшылық жасайтын жас ғалым Дамир Шинабеков Нұрсұлтан Назарбаев болашақтың экономикасына берік негіз қалағанын мәлімдеді. «Ақпараттық технологиялар паркі, жаңа буындағы ғылыми зертханалардың желісі, «Назарбаев Университет», Назарбаев зияткерлік мектептері – осының барлығы Елбасының туындылары болып табылатын серпінді жобалар, енді бұлар елімізді әлемдегі жетекші инновациялық мемлекеттер қатарына қосатын болады», – деп атап көрсетті Дамир Шинабеков.
Кәсіпкерлікті жаңадан бастап жүрген Эдуард Югай инновациялық технологиялар паркінің арқасында өз ісін бастаған. Ол жоғары технологиялық құрал-жабдықтарды дайындаумен айналысады және алғашқы пайдасын алып та үлгерген. Осы үшін ол Нұрсұлтан Назарбаевқа шын жүректен шыққан ризашылығын білдірді.
Кездесуге қатысушылар, тұтастай алғанда, 26 сәуірде өтетін президенттік сайлауда Нұрсұлтан Назарбаевтың кандидатурасын қолдайтындарын айтты. Сөйтіп, кездесуге қатысушылар Нұрсұлтан Назарбаевқа дауыс бере отырып, еліміздің өркендеуі, бірлігі, бейбітшілік пен келісім үшін дауыс беретіндерін атап көрсетті.
Қанат ЕСКЕНДІР,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.