Италиядағы «Ла скала» театры 3600 кісілік болса, Рим опера театры – 2200 орындық, Париждегі «Гарнье» театрының концерт залы 1900 көрерменге қызмет көрсетеді. Ал «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры 1500 адамға шақталған. Мұндай заманауи үлгідегі ғажайып сәулет өнерінің туындысы бүкіл дүниежүзін қамтығанда өте сирек. Ғимарат сыйымдылығы жағынан әлем бойынша бүгінде төртінші орынды иеленеді.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев театрдың ашылу салтанатында: «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры – Тәуелсіздігіміздің 22 жыл ішіндегі 19-шы өнер шаңырағы болып саналады. Бұған дейін еліміздің әр қиырында 18 жаңа театр салынып, ел игілігіне берілген. Астанаға алғаш қоныс аударған кезде, тұңғыш рет біз Күләш Байсейітова атындағы опера және балет театрын ашып, кадрлар тарттық. Елдің сол өнер ордасына бойын үйреттік. Кейін Бейбітшілік және келісім сарайы, Тәуелсіздік сарайы, «Қазақстан» концерт залы бой көтеріп, бәрімізді қуантты. Міне, олардың қатары тағы бір теңдесі жоқ архитектуралық туындымен толып отыр. Сыртқы сән-салтанаты мен ішкі жабдығы әдемі үйлескен «Астана Опера» бізге арман болатын. Енді оның тұсауы кесілді» дей келіп, мұны ел өміріндегі, тарихымыздағы айтулы оқиға деп бағалады. Орталық Азия аумағы бойынша ерекше нысан саналатын өнер ошағының жалпы аумағы 64 163 шаршы метрді қамтиды. Қасбетіндегі бағаналарының биіктігі – 23 метр. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, Мәскеудегі Үлкен театрдың бағаналары одан әлдеқайда төмен – 11 метр. Елордалық жаңа театр ғимараты классикалық эллинизм, маньеризм және барокко стилінде бой көтерген. Ежелгі грек-рим мәнері мен қазақ ұлттық сәулет өнерінің озық үлгілері үйлесімді сабақтастырылған театр ХХІ ғасырдағы адамзат өркениетіне қосылған қомақты мұра болып танылды. Арқаға сән берген сәулетті үй заманауи талапқа сай сахналық және жарық беруші құрылғылармен жарақтандырылған. Өнер ошағында, сонымен қатар, 250 орындық камералық музыка залы, мұражай, мейрамхана, асхана, 326 орынға арналған жерүсті автотұрағы мен 92 орындық жерасты паркингі жұмыс істейді. Астаналық театр сахнасының шымылдығы жетпіс жылдай бұрын алғаш Алматыда қойылған Мұқан Төлебаевтың «Біржан-Сара» лирикалық-драмалық туындысымен ашылды. Ұлттық операдағы Біржан рөлін Ресейдің Мария театрының әншісі Ахмет Агади, ал ақын Сараны танымал опера әншісі Нұржамал Үсенбаева сомдады. Ресейлік режиссер Юрий Александровтың сахналауында ұлттық шығарманың жүзіне заманауи қан жүгірді.
Әлемдік деңгейдегі 20-дан астам театрмен ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойылды. Атап айтар болсақ, олардың ішінде «Ла Скала», «Сан-Карло», сонымен қатар «Опера Еуропа» халықаралық ассоциациясы (Ұлыбритания), «Кейптаун Опера» (ОАР), Шанхай үлкен театры (Қытай), Лирикалық опера (Сингапур), Қоғамдық театр (Италия), «Академия де ля Рош» (Франция), Ұлттық опера және балет театры (Болгария), «ATER» (Италия), Палиашвили атындағы Грузия опера және балет театры, Рим операсы сияқты айтулы өнер ұжымдары бар. Мұндай шығармашылық байланыстардың ел мәдениеті мен өнеріне тигізетін пайдасы ұшан-теңіз. Мысалы, жас әртістер үшін әлемдік деңгейдегі өнер иелерінің шеберлік сыныптарына қатысып, олардан оқып-үйренуіне жан-жақты жағдайлар туғызылған. Бұрын шақырулар көбіне Қазақстан тарапынан болса, соңғы уақытта шетелдік театрлардың отандық өнерге деген қызығушылығы арта түсуде.
Балет труппасының директоры Тұрсынбек Нұрқалиев қазақстандық солистердің өнері итальялықтар және осы ұлан-ғайыр шараға жиналатын қонақтар тарапынан үлкен қызығушылық тудыратынына сенім білдірді. «Әртістеріміз үшін бұл сапар, бәрінен бұрын – үлкен тәжірибе. Олар әртүрлі елдің бишілерін тамашалап, олардың билеу стильдерін, балет мектептерін салыстыруға мүмкіндік алады және бұл оларды кәсіби тұрғыдан шыңдайтыны сөзсіз», – деді шебер.
Сондай-ақ, «Ла Скала», Прельжокаж балеті, Мария театры, Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театры, Новосібір опера және балет театры, Тбилиси мемлекеттік опера және балет театры ұсынған қойылымдар туралы өз алдына бөлек әңгіме қозғалуға әбден лайық. Қала күні мерекесі құрметіне «Сан-Карло» театрының труппасы мұнда «Жизель» балетін тарту етсе, ал желтоқсанда біздің театр Италияның Генуя қаласына Ю.Григоровичтің «Щелкунчик» балет-спектаклін апарғалы жатыр. 10 шілдеде опера жұлдыздары Дина Хамзина, Салтанат Ахметова, Медет Шотабаев Италияның «Карло Феличе» сахнасында өнер көрсетіп, Л.В. Бетховеннің Тоғызыншы симфониясын орындамақ. Биылғы желтоқсанда «Астана Операның» жетекші солистері «Карло Феличе» театрындағы «Богема» операсының қойылымына қатысады деп күтілуде.
Жәнібек Иманқұлов бұған дейін Б.Эйфманның «Роден» балетінде бас партияны сомдағандықтан, бұл оның «Астана Опера» сахнасындағы алғашқы ірі рөлі емес, ал Мария партиясын орындайтын Назерке Аймұхаметова үшін керісінше, бұл сәт өте жауапты күн болып табылады.
– Бұл – мүлтіксіз орындалуы тиіс айтарлықтай күрделі партия. Мұныңыз аз десеңіз, менің кейіпкерім көз жұмады, демек, спектакльде маған көп жүк артылатыны сөзсіз, ол үшін бар қайғыны сезінетіндей керемет актерлік шеберлік, зор эмоция қажет, – дейді әртіс өз сұхбатында.
Қазақстандық хореографтардың қойылымына өнертану ғылымдарының кандидаты, А. Ваганова атындағы Орыс балеті академиясының доценті Ольга Розанова өзінің «Тамаша аңыз... Тамаша балет...» атты мақаласында былайша ағынан жарылады: «1934 жылы В.Ходасевич өте жақсы көркемдеген және сол сценографиямен күні бүгінге дейін Мария театрында қойылып келе жатқан спектакльмен салыстырғанда, қазақтың «Бұрқағы» анағұрлым өзгеше әрі жақсы».
– Бұл жерде биді асқан шеберлікпен орындау, мүлтіксіз меңгеру жеткіліксіз, кейіпкердің өмірін өз басыңнан кешуіңе тура келеді, оның жан қайғысын көрсете алу көп еңбекті қажет етеді, мелодрамалық әсірелеуден бойды мейлінше аулақ ұстап, махаббат пен үмітке деген ынтықтан бастап, қажу мен қасарысуға дейінгі сезім-күйді жеткізу үшін кісіге қажыр-қайрат қаншалық қымбат екенін ұғынасыз. Бір сөзбен айтқанда, балерина нағыз актриса болмай, алдағы межеге жету қиын. Бұл талантты прималар – Әйгерім Бекетаеваның және Гауһар Усинаның қолынан келді, – деді өнертанушы.
Сюжетке А.Пушкиннің, «Көз жасының бұрқағы» деп те аталатын, Бақшасарай бұрқағы жайлы көне аңыздың негізінде жазылған аттас поэмасы негіз болған. «Татардың қатыгез қолбасшысы Герей хан Польшада сойқан салады. Кезекті шапқыншылық кезінде ол әскерімен келіп, князь қызы Марияның туған күніне орай өтіп жатқан салтанатты кеште польшалық қамалды басып алады. Жергілікті халықты қырып салған Герей хан, Марияны көргенде ессіз ғашық болады. Сұлулығы күн нұрымен таласқан нәзік тұтқынды Бақшасарайға алып келеді, сол жерде Мария, өзі келгелі бірінші әйел дәрежесінен айырылған, Герейдің сүйікті жұбайы – Заремаға кезігеді. Герей хан болса, Мариядан өзін ұнатуды жалынумен болады, жас қыз салқынқандылық танытады. Үлкен басы кішірейген Герей хан кеткен кезде, жататын бөлмеге Зарема келеді. Ол ханнан бас тартуды талап етсе, Мария Герейді ешқашан сүйе алмайтынын түсіндіруге тырысады. Алайда, Марияның бөлмесінен ханның ұмытып кеткен тақиясын көрген Зареманың қызғанышы басына шауып, жас қызды өлтіріп қояды».
...Санаулы күндерден кейін екінші театр маусымы өз мәресіне жетуге таяу. Бұл күн опера труппасы мен музыкалық аспапта орындаушылардың қатысуымен өтетін тамаша гала-концертпен түйінделмек. Жауһар туындылар ішінде әндер, ариялар, қазақ композиторларының, атап айтсақ, А.Жұбанов, Л.Хамиди, Е.Рахмадиев шығармалары, Верди, Россини, Оффенбах, Бородин және Бернстайн операларынан үзінділер бар.
Жер бетіндегі ең көне Сан-Карло театры Қазақстанға алғаш рет гастрольдік сапармен атбасын тіремек. Тек екі күн. Қала күні мерекесіне ғаламат тарту әзірлепті. Осы күндерде «Астана Опера» сахнасында Адольф Аданның «Жизель» балеті әлемдік деңгейдегі жұлдыздар – Норвегияның ұлттық балетінің прима балеринасы Иоланда Корреаның және балет жұлдызы Йоэль Карреньоның қатысуымен өтеді деп күтілуде.
Жизель партиясын орындайтын прима балерина Иоланда Корреа туралы айтатын болсақ, әлем жұлдызы тамаша техникасымен әйгілі, оның билеу мәнерінде мін жоқ, оған керемет үйлесімділік – сахнада жарқырап, жеңіл, әсем әрі өзін сергек сезіне қимылдау, музыкаға деген жоғары қабілет тән, деседі театртанушы мамандар. Оның серігі Йоэль Карреньо болса, ханзада Альберттің рөлін қапысыз сомдайды. Кубалық биші қайталанбас әртістік қабілетімен және сахнаға сай тамаша дене бітімімен ерекшеленсе, ал күрделі динамикасы мен қозғалыс-қимылдары асқан шеберлікпен, таза орындалуымен, би қимылын мәнерлі әдіске сала білуімен дара бағаланып жүр.
60 адамнан тұратын неаполитандық театрдың балет труппасы «Жизель» балетін КСРО халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Людмила Семеняканың редакциясында ұсынбақ. Еске сала кетейік, Үлкен театрдың примасы Жизель партиясын дүниежүзінде ең үздік орындайтындардың бірі болып саналады.
Сюжетке негізінен аңызға айналған қыздар-виллисалар, тойға дейін көз жұмған, алданған қалыңдықтар негіз болған. Олар өмір бақи орман кезіп, түнгі жолаушыларды еліктіріп, әлсіреп өлгенше биге шыр айналдыруға мәжбүр. «Гүлмен әрленген некеқияр көйлектерін киіп... айдың жарығында тоқтаусыз билейтін виллисалар билеуге берілген уақыт аяқталуға жақын қалғанын сезген сайын құмарлана әрі жылдамырақ билей түседі, сосын олар мұздай суық мүрделеріне қайта оралады...» (Г. Гейне). Оқиға желісі бойынша, Жизель есімді ауыл қызы Альбертке – шаруа болып киінген ақсүйекке ғашық болады. Жизель жігіттің өзін сүйетініне берік сенімді. Альберттің қалыңдығы бар екенінен ол әлі хабарсыз. Көп ұзамай шындық ашылады. Жизель құсадан көз жұмады. О дүниелік болса да, ол өзін сатып кеткен күйеу жігітті сүйіп өтеді. Ар-ұяты қинаған Альберт түн ішінде оның қабіріне келгенде, қыз оны виллисалардан құтқарады.
Аталған гастроль бір жыл бұрын қол қойылған қос театр арасындағы ынтымақтастық жөніндегі меморандум шеңберінде жүзеге асқан алғашқы жоба болып табылады.
Джузеппе Вердидің керемет музыкасы қойылымның негізгі түйіні болып саналады. Қатыгез жандар бейнесі арқылы Дж.Верди діни қызметкерлердің зұлматын қаншалықты жек көретінін масқаралайды, өз кезегінде осы зұлматқа Аида мен Радаместің жан сұлулығы һәм өнегелі қажырлығы қарсы тұрады, олардың махаббаты барлық сынға төтеп беріп, өлім алдында да тізе бүкпейді. Опера құдіреті адам баласының көкірегіне жылы сезім себелеп тұрады.
Қарашаш ТОҚСАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан».