...ЕЛДІ МЕКЕН АТАУЛАРЫ
Мың өліп, мың тірілген халқымыздың тілі мен дінін, дәстүрін сақтаудағы ерен істері атап айтуға тұрарлық. Тіл – халқымыздың тарихы, өркениет пен мәдениетіміздің мәйегі. Сондықтан да өңірдегі бір кездері себепсіз тарихи атауларынан айырылған селолық округ аймағындағы елді мекендер жаңа атауларға ие болып, жұртшылықтың мерейін өсірді.
“Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылымы туралы” Заңына сәйкес облыс әкімдігінің қаулысы мен облыстық мәслихаттың шешімі бойынша Ақсу ауданындағы Қызыл ту ауылының атауы Барлыбек Сырттанов, Алакөл ауданының Герасимовка ауылдық округі Сапақ селолық округі, Еңбекшіқазақ ауданындағы Красный Восток ауылының атауы Өрікті, осы ауданның Октябрь селолық округінің атауы Бартоғай, Көктөбе селолық округіне қарасты Совет ауылының атауы Қызылжар ауылы болып өзгертілді.
Осылайша ана тіліміздің мәртебесі мен ұлттық рухымыз асқақтап, елдігіміздің ертеңіне деген берік сенім қалыптасқанын көпшілік ризашылықпен қабылдады.
Күмісжан БАЙЖАН. Алматы облысы.
...ЖАҒАЖАЙ САЛЫНУДА
Сырдария ауданының орталығы Тереңөзек кенті жыл өткен сайын көріктеніп, тұрғындардың дем алуына мүмкіндігінше жағдай жасалып келеді. Соның айқын бір айғағы, күні кеше тағы бір демалыс орны ғимаратының іргетасы қаланды. Яғни, орталық стадион жанындағы алаңқайға жағажай салу жұмыстары бастау алды.
Жалпы, көлемі 1,5 гектарға жуық алқапты алатын бұл жағажай кент тұрғындарының бос уақытында дем алуына барлық жағдай жасайтын орын болмақ. Мұнда суда шомылу ғана емес, күнге қыздырынуға, серуендеуге, тамақтануға, түрлі спорттық ойын шараларына қатысуға мүмкіндік жасалмақ. Жаңа жағажайдың суы Сырдария өзенінің “Әйтек” каналы арқылы жаңартылып тұрады.
Жағажай құрылысын “Дәнекер” ЖШС-і қарқынды да, сапалы жүргізуде.
Еркін ӘБІЛ. Қызылорда облысы, Сырдария ауданы.
...ФУТБОЛ АЛАҢЫ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ
Саламатты өмір салты, дене шынықтыру, спортпен айналысу, денсаулықты шыңдау ауыл мен қалада жасөспірімдер мен жастар арасындағы басты тәрбиелік мақсатқа айналды. Бұл жайында Елбасы Жолдауында да нақты айтылды. Жуырда Қашыр ауданының орталығы Тереңкөл ауылында мини-футбол ойынына арналған жасанды спорттық алаң ашылды. Футболдан өткен әлем чемпионаты тереңкөлдік жастарға серпін беріп, футболға деген қызығушылықтарын арттырған болса керек.
Алаң жай алаң емес, оған синтетикалық жасыл газон төселген, доп қуып, еркін жүгіруге лайық. Ауыл жастары үшін бос уақыттарында дене шынықтырып, футбол ойнауға жақсы болды. Командалар арнайы киімдермен қамтамасыз етілген. Аудан жастары үшін жақсы бір жаңалық болған жаңа спорттық алаңның ашылу салтанатына арнап спорттық шаралар ұйымдастырылды. Сол күні, Тереңкөл және Бесжан ауылдарының футбол командалары өзара кездесіп, алғашқы ойындарын да өткізді.
Фарида БЫҚАЙ. ПАВЛОДАР.