06 Шілде, 2015

Супрематикалық силуэттер

1271 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
Астана куни 2015Ару Астанаға дос сүйсініп, дұшпан күйінетіндей өзге келбет керек болды. Осы мақсатта дүниенің әр түкпірінен ең мықты архитекторлар шақырылды. Қазақстан тарапы оларға әлем тарихында пайда болған жаңа елордада тұрқы бөлек кешендердің көп болуы қажет екенін айтты. Ал, сәулетшілер ұлттық нақыштағы нысандармен қатар, ХХ ғасырдың басында Ресейде пайда болып, тек сол өткен жүз жылдықтың соңында кеңінен қолданысқа ене бастаған «супрематизм» стиліндегі ғимараттар тұрғызуды ұсынды. Сөйтіп, Астанада түрлі-түсті, сан алуан (тік төртбұрыш, төртбұрыш, дөңгелек, үшбұрыш) пішіндерді қарапайым геометриялық өлшемге негіздейтін, жартылай қиял, жартылай фантастикаға құрылған архитектураның аталған бағыты бойынша ғимараттар салына бастады. Жалпы, әлемдік архитектураға енгеніне бір ғасыр енді толса да, супрематика стиліне сәулетшілер көптеп арқа сүйей бастаған. Әсіресе, соңғы жиырма жылдықта әлемнің түкпір-түкпірінде бой көтерген ең биік әрі тұрқы бөлек ғимараттар осы стильдің еншісіне тиесілі. Қазақстанның бас қаласы Астанада да сәулет өнерінің аталған бағыты бойынша бой көтерген нысандар баршылық. Тіпті, елордамызда супрематиканың дамыған түрі – неосупрематика стилінде тұрғызылған кешендер де көптеп кезігеді. Неосупрематизм дегеніміз – классикалық супрематизмнің нышандарын эстетикамен толықтыру негізінде пайда болған стиль. Нақты айтқанда, неосупрематизмге түзу әрі күрт төмен түсірілген сызықпен, сүйір бұрышпен аяқталатын дәстүрлі құрылысқа таңсық пішіндер жатады. Есілдің сол жағалауындағы «Сулы-жасыл бульварь» («Водно-зеленый бульварь») деп аталатын іскерлік және тұрғын үй кешені дәл осы неосупрематизм стилінде салынған. Яғни, бұл кешен өзінің айналасындағы архитектураның заманауи нысандарымен шебер үйлесім тапқан. Кешеннің ең төменгісі – 4, жоғарғысы – 30 қабат. Яғни, 6 бөліктен тұратын нысан төменнен жоғарыға қарай өрлейді. Стильден бөлек, ақ және көк жолақпен безендірілген кешеннің осындай қиғаш пішін алуының бір сыры «Бәйтерекпен» байланыс­ты. Өйткені, егер кешеннің барлық бөлігі бастапқыда жоспарланғандай тек биік қабаттардан тұратын болса, онда елордадағы «Нұржол» бульварының қақ ортасындағы 97 метрлік монумент алыс­тан көрінбей қалатын еді. Сол себепті де, кешеннің «Бәйтерек» жағы әуелгі есептен он есеге дейін төмендетілген. BAL_5214Супрематизмнің өзі латын тілінен аударғанда «supremus» – «ең биік, ең жоғары» деген мағынаны білдіреді. Сондықтан, осы стильде салынған ғимараттар мен кешендер, тұрғын үйлер «Астана архитектурасына» өзгеше айшық беріп тұр. Мәселен, оларға: «Солтүстік шұғыласы», «Меруерт мекен», «Асыл тас», «Гранд Алатау», «А­с­тана Триумфы», «Ка­питал» секілді тұрғын үй кешендерін, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының ғи­маратын, Көлік жә­не коммуникация министрлігіне ар­налған «Transport Tower» ғимаратын, «Хан Шатыр» сауда, ойын-сауық орталығын, сондай-ақ, құрылысы 2016 жылы аяқталатын «Абу-Даби Плаза» көпфункциялы кешенін жатқызуға болады. Біз солардың бір парасына тоқталуды жөн көрдік. Мәселен, Астанаға көрік беріп тұрған «Хан Шатыр» – 2010 жылдың 6 шілдесінде ашылған айрықша нысан. Құрылыстың жобасын архитектор Норман Фостер жасады. Нысан құрылысының төбесі 150 метрлік мөлдір шатырмен жабылған. Оның құрылысына қолданылған материалдардың химиялық құрамының арқасында сырттағы ауа райына қарамастан, іштегі микроклимат үнемі бірқалыпты болып тұрады. Орталықтың биіктігі 150 метр болса, ішкі аумағы 127 мың шаршы метрді құрайды. Іргетасының өзі 20 метрге жетеді. «Хан Шатырдың» басты артықшылығы – жылдың төрт мезгілінде де температурасы +35 градус болып тұратын жасанды жағажайында. Жасанды жағажайдың құмы арнайы Мальдив аралдарынан әкелінген. Аты айтып, көзге көрініп тұрғандай, «Хан Шатырдың» кәдуілгі шатырдан еш айырмасы жоқ. Десек те, ғимараттың қақ ортасына орнатылған жуан діңгекке тартылған уық секілді болат арқандар көзге киіз үйді елестетеді. 2008 жылы құрылысы аяқталған «Солтүстік шұғыласы» (Северное сияние) тұрғын үй кешені де қалаға өзгеше сән беріп отыр. Елорданың Есіл ауданында орналасқан бұл тұрғын үй кешені 34, 39 және 44 қабаттан тұрады. 3 нысаннан тұратын кешеннің ең үлкенінің биіктігі 180 метрге жетеді. Алыстан қарағанда, жасыл-көк шынылы ғимараттарды толқып тұрған теңіз суына ұқсатуға болады. Супрематика стилінің «дигиталды вертикализм» бағыты бойынша тұрғызылған «Transport Tower» – әуел бастан-ақ Көлік және коммуникация министрлігі үшін тұрғызылған ғимарат. 2002 жылы қолданысқа берілген, 36 қабаттан тұратын кешеннің биіктігі – 155 метр. Жалпы аумағы – 32 394 шаршы метр. Бұл кешенді салуға Түркия, Хорватия, Швейцария секілді елдердің сәулетшілері ұсыныс білдіргенімен, жобаны жүзеге асыруды байқауға қатысқан қазақстандық компания жеңіп алды. Ғимарат соңғы үлгідегі техникалық қондырғылармен жабдықталған. Мәселен, нысанның жоғарғы қабаттарына көтерілу үшін мұнда 10 жеделсаты үздіксіз жұмыс істеп тұр. Елордадағы «Меруерт мекен» (Изумрудный квартал) деп аталатын 37, 40 және 53 қабатты 3 ғимараттан тұратын тұрғын үй кешенінің архитектурасы да өзгеше. Сырттай қарағанда, ашылған кітапқа ұқсайтындығына байланысты елордалықтар арасында «Кітап» аталып кеткен кешеннің ортаңғы ғимаратының биіктігі – 210 метр. Бұл ғимарат өзінің ассиметриялылығымен ерекшеленеді. Мәселен, «Кітап» төменнен жоғары қарай түзу болып келеді де, 32-ші қабаттан бас­тап, бірінші қабатпен салыстырғанда, оның көлемі 15 метрге дейін ұлғайып, кеңейе түседі. Жоба құны – 350 миллион доллар болған кешеннің жалпы аумағы – 280 мың шаршы метрді алып жатыр. Супермат-1 «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы бас кеңсесінің ғимараты да Астанадағы биік нысандардың санатында тұр. Аталған компанияға тиесілі кешеннің жоғарғы қабаттары 3 жерден бір-бірімен көпір іспеттес етіп байланыстырылған жартылай дөңгелек пішіндегі 37 және 40 қабатты қос ғимараттан тұрады. Биіктігі 175 метрге жететін ғимаратқа жоғарыдан зер салғанда, компанияның имидждік белгісін көруге болады. Алдағы уақытта елордадағы нысандар басқа да биік ғимараттармен толыға түспек. Оған «Абу-Даби Плаза» кешені – дәлел. «Абу-Даби Плаза» кешенінің орталық нысаны – биіктігі 382 метр (88 қабат) болатын мұнара-ғимарат. Сәулетшілердің айтуынша, «Абу-Даби Плаза» тек Қазақстанда емес, сонымен қатар, Орталық Азиядағы және ТМД-дағы ең биік және теңдесі жоқ ғимарат атанбақ. Оның құрылыс жұмыстары 2010 жылдың қараша айында басталғандықтан, 2016 жылдың қараша айында толықтай пайдалануға беру көзделуде. Егер, бұл жоба сәтті жүзеге асса, жақын болашақта кешен ішінде қонақ үй, кеңселер, пәтерлер, сауда орталығы ғана емес, тіпті, қысқы бақ та болады. Супермат-4Мамандардың есебі бойынша, жалпы аумағы 510 мың шаршы метр жерді алатын нысан жобасының құны 1,6 млрд. АҚШ долларына тең екен. Қазіргі таңда бұл нысанның құрылысын Қазақстан және Біріккен Араб Әмірліктері бірлесе жүргізуде. Әлбетте, әуел бастан-ақ, бұл ауқымды жобаны жүзеге асыру үшін оны сенімді қолға тапсыру көзделеді. Сол үшін де, алдын ала арнайы байқау жарияланады. Байқауда әлемге әйгілі сәулетшілер өз бақтарын сынайды. Алайда, жоба тек жүзден жүйрік шық­қанға ғана берілетіні анық. Сөйтіп, «Абу-Даби Плазаны» дүниежүзінде талай зәулім әрі әсем ғимараттар салып, аты мәш­һүр болған ағыл­шындық сәу­летші Норман Фостердің компаниясы жеңіп алады. Жеңімпаз атанған бойда көп ойланбастан білекті түріп, іске кіріскен ар­хи­тек­торлардың алдында, ең бі­рінші кезекте жо­бада қа­за­қы қо­нақ­жай­лылықты паш ететін жергілікті мәдениет пен экологияға мән беру мақсаты тұрады. Фостердің командасы Астананың климаттық ерекшелігін зерттеуді қолға алады. Олар қалада қыстың қатал, жаздың аптап ыстық екенін аңғарады. Сондай-ақ, салынуы тиіс кешен құрылысы мен Антрактидада аяздан қорғану үшін бір жерге топтасып, биологиялық жылылығын сақтайтын «Император пингвиндері» арасында өте нәзік байланыс барын байқайды. Осылайша, бір қарағанда, жапсарлас қонған қазақы киіз үйлерді еске салатын кешен жобасы кеңістік бойынша одан ары дамытылады. Биіктігі 382 метрге жететін басты нысан айналасына биіктігі әркелкі ондаған мұнара жапсарласа салынады. Ал, 18-ші қабатта орналасатын тіреулердің бірі сырттан қарағанда көкте қалқып тұрғандай әсер береді. Бұл тіреу күн нұры сауда орталығы мен қысқы баққа түсіп тұруы үшін арнайы қойылмақ. Демек, алдын ала болжам бойынша, келер жылы құрылысы толықтай аяқталатын «Абу-Даби Плаза» ғимараты Астананың бай архитектуралық ансамблін өзгеше мәнермен толықтыра түспек. Әрине, сырт көз дәстүрлі архи­тек­тураға жат көрінетін кез келген стильге әуелде сыни көзбен қарары анық. Алайда, уақыт өте келе, адамзат бала­сының қолынан шыққан әрбір биік туынды сәулет өнеріне де жаңа леп, соны сипат әкелетіні мойындалмай қоймайды. Бұл – тек Астанада ғана емес, әлемнің көптеген елінде архитектураның түрлі бағыты бойынша бой көтерген құрылыс нысандарына да қатысты айтылған сөз. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,  «Егемен Қазақстан».