Кеше Астанада Ауыл шаруашылығы министрлігінің Су ресурстары жөніндегі комитетінің төрағасы Анарбек Орман 2002-2010 жылдарға арналып бекітілген “Ауыз су” салалық бағдарламасының орындалуы туралы баспасөз мәслихатын өткізді. Ол өз сөзінде еліміз бойынша 5 550 елді мекеннің таза ауыз суға қолжетімділігін жақсартуды көздейтін бұл бағдарламаның жер-жерлерде сапасыз, олқы орындалғандығы жайында баса айтты.
“Ауыз су” бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында түрлі көздерден 194,9 млрд. теңге бөлінген. Бұл жоспарланған қаржыландыру көлемінің 65 пайызына тең, деді А. Орман мырза. Бөлінген қаржыға 13 288 шақырым су құбыры және ауыз сумен қамтамасыз ету жүйесі күрделі жөндеулерден өткізілді. Ал 3 449 елді мекенде сумен қамтамасыз ету жақсартылыпты. Олқылықтар да жоқ емес. Бағдарламаның жүзеге асырылуы қоғамнан, Үкімет пен комитеттен сәйкесінше баға алды. Сараптама жүргізілуі барысында ең басты қателік жергілікті атқару органдарының су шаруашылық ғимараттарының құрылысы жобаларын қабылдау кезінде салақтыққа баруы. Ал бұл бөлінген қаржының дұрыс игерілмеуі, елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз етуде істің аяқталмауына әкелген. Бағдарлама жүзеге асуы барысында орын алған көптеген заң бұзушылықтар үшін кейбір лауазым иелеріне қатысты шаралар қолданылған көрінеді.
Қазіргі кезде елді мекендерді таза сумен қамтамасыз ету өзекті мәселеге айналып отыр. Бұл мәселенің шешімі 2002-2010 жылдарға арналып белгіленген болатын. Қазіргі таңда 3,4 мың ауылда ауыз су құбырлары жаңартылды немесе жаңадан салынды. Алайда, біздің түпкі мақсатымыз – елді мекендердегі тұрғындарға су жүйелерінен тәулігіне 24 сағат су алу мүмкіндігін беру. Бірақ кейбір кемшіліктердің салдарынан сол елді мекендердің көбінде, атап айтсақ, 2,5 мыңында ауыз су сағаттап беріледі. Яғни, 24 сағаттың орнына 6, 8, 10 сағат қана су береді. Мұның себебі неде? Біріншіден, жобалау кезінде көптеген қателіктерге жол берілген. Мысалы, көше-көшедегі су колонкасы үйді-үйге кіргізілмеген, өлшеуіш құралдары жоқ. Су жүйесін жүргізетін кәсіпорындар құрылмаған. Соның нәтижесінде кемшіліктер туындаған. Қазіргі күні “Ауыз су” бағдарламасы бойынша құрылыс нормасы мен ережесіне арнайы толықтырулар енгізілді. Онда 2010 жылдан бастап су жүйесінің құрылысы және оны жаңарту мәселелері бойынша құбырды әр үйге кіргізіп беру, өлшеуіш құралдармен қамтамасыз ету толық қарастырылып отыр, деді Су ресурстары комитетінің төрағасы А.Орман.
Сондай-ақ, бұрын су жүйесін жүргізуде кез келген жоба кіріп кете бергенін алға тартқан А.Орман, ендігі жерде су жүйесі қатаң тәртіппен тартылатындығын айтты. Болашақта Үкіметтің тапсырмасы бойынша арнайы тізім құрылмақ. Тізімнің алғашқысында су мәселесі толығымен шешілмеген аудан орталықтары, одан кейінгі кезеңде тұрғын халқы 1 мың және одан жоғары, ал 3-кезекте 1 мың адамнан аз тұрғыны бар елді мекендерге су жүйесі тартылатын болады.
Биыл ауыз сумен қамтамасыз ететін 308 нысан құрылысы мен жөндеу жұмыстарына республикалық бюджеттен 28,6 млрд.теңге қарастырылып отыр. Осы орайда елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету ісіне мамандандырылған, оларды пайдалануға беретін кәсіпорындардың жоқтығы мен олардың материалдық-техникалық жарақтандырылуының жеткіліксіздігі негізгі мәселелердің бірі болып отыр.
Баспасөз конференциясының соңында Анарбек Орман елді мекендердегі су құбыры, ауыз сумен қамтамасыз етуді жақсарту және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жетілдірудің 2020 жылға дейінгі бағдарламасындағы 2011-2015 жылдарға арналған арнайы тармақ туралы хабардар етті. 2011-2015 жылдар аралығына әзірленген бағдарламаның негізгі міндеттері ауыл халқын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету, 4 мыңға жуық елді мекенде су құбыры желісін салу, су шаруашылығы құрылыстарының сапалы, жаңа талаптарға сай жобаларын жасау, сондай-ақ су тұтынуды субсидиялау болып отыр. Субсидия мөлшері 30 пайыздан 93 пайызға дейін болмақ.
Венера ТҮГЕЛБАЙ.