Сырдың құярлығындағы Арал ауданында еліміздің индустриялық-инновациялық дамуына үлес қосатын жоталы тірліктер баршылық. Олар негізінен агроөнеркәсіп кешені, өндіріс және құрылыс индустриясы, туризм саласын қамтиды. Солардың ішінде “Атамекен холдинг” қаржы-өнеркәсіптік тобы” АҚ ұсынған “Арал вагон” зауытының құрылысын салу жобасы ең іргелілердің бірі болып табылады. Бұл жобаның құны 13 560 млн. теңге тұрады. Осы зауыт іске қосылған кезде мұнда 1 150 адам жұмыс істейтін болады. Өткен жылы ресейлік “Металлқұрылымдары зауыты” ААҚ-пен келісім жасалу нәтижесінде “Қазақстан-Ресей” вагон құрастыру кәсіпорнының “Арал вагон” ЖШС ашылды. “Қазақстанда жасалған” деген арнайы сертификат алынып, вагондар сынақтан өткізілді. Осындай тәсілмен әрқайсысы 72 тоннаға есептелген ауыр жүк таситын 8 вагонның контейнерін “Қазақстан темір жолы” ұлттық компаниясы” АҚ қабылдап алды.
Дегенмен, шешімін күткен мәселелер де кездеседі. Зауыт толық қуатымен жұмыс істеу үшін инвестиция, вагондарға тапсырыс алу тұрғысынан қолдау күтуде. Егер “Қазақстан темір жолы” ұлттық компаниясы” АҚ-пен ұзақ мерзімді келісім-шарт жасалса, кәсіпорындағы еңбек ырғағы қалыпқа түсер еді.
“Фирма Дана” ЖШС Шөміш стансасының маңындағы кварц құмы кен орнында жұмыс жасайды. Олар қуаттылығы жылына 450000 тонна өнім өндіретін кен байыту комбинатын салуды жоспарлаған. Сол бағытта “Кварц құмын байыту фабрикасының құрылысы” жобасы ұсынылды. Оған қоса, Қазақстанның Даму банкімен бірлесе жобаға сараптама жасалып, нақтыланған болатын. Жоба 2008 жылы басталып, 2011 жылы аяқталуы тиіс. Ол кезде аумаққа 4,5 миллиард теңге көлемінде инвестиция тартылады. Бұл жергілікті 200 тұрғын жұмыспен қамтылады деген сөз.
Аудан әкімінің орынбасары Бөрі Дабыловтың айтуынша, бүгінгі таңда 980 метр жерге темір жол жүргізілген. Қалған 18 шақырымға жобалық-сметалық құжаттар дайындалуда. Кәсіпорын өз қаражатынан 800 млн. теңге инвестиция құйды. Инфрақұрылым төңірегінде түйткілді мәселе жоқ. Кәсіпорын жобаны қаржыландыру үшін Қазақстанның Даму банкі, Ислам банкімен жұмыс жасауда. Ендігі міндет несиелендіруді жеделдету болып отыр.
Ас тұзын шығаратын зауытты жаңғырту жобасы да ауқымды. Құны 750 млн. теңгелік жобамен “Экстра” маркалы тұз шығару зауытын модернизациялау көзделуде. Ондай жағдайда қосымша 300 адам еңбекке тартылады. Экстра класты тұз өндірісі “Аралтұз” АҚ-тың базасында өндірілмек. Инфрақұрылым жайы шешілген. Қажетті құрал-жабдықтар жеткізу үшін испандық компаниямен келісім-шартқа қол жеткізілді. Кәсіпорын “Ислам банкі”, “Азия кредит”, “АТФ Банк”, “Қазақстанның Даму банкі АҚ-тармен жұмыс жасауда. Банкке кепілге қойылатын акциялар, цехтар, темір жол тұйығы, тағы басқа мүліктер талапқа сай келеді.
Бізді су шаянын өсіретін өндірісті ұйымдастыру жобасы да қатты қызықтырды. Жобаның мерзімін оны ұсынушылар “Жер-Ана Групп” ЖШС мен “ҚазАгро Холдинг” АҚ ағымдағы жылдың сәуір-қазан айларына белгілеген. Ақеспе елді мекенінде жүзеге асатын жобаның құны 661,1 млн. теңге. Оның ішінде өз қаражаты 330,6 млн. теңге шамасында. Оңтүстіккореялық компаниямен арада келісім жасалған. Құрылыс салу барысында 80 адам, тұрақты 250 адам жұмысқа қабылданады.
Толқыны көкке тулаған Қамбаш көлінің атағы көпшілікке мәлім. Автокөлік жолына жақын, табиғаты көркем мекеннен қашанда халық үзілмейді. Әсіресе, демалыс күндері жағалаудан бос жер таба алмайсыз. Тіпті, алыс-жақын шетелдерден келген меймандарды да жолықтыруға болады. Көл жағасына қонақүй салу жобасын “Торжынбай Төре” ЖШС ұсынған. Жобаның құны 15,1 млн. теңгеге бағаланған. Мақсат Қамбаш көлі жағалауынан заманауи үлгідегі демалыс орнын ашу болып отыр.
Әйткенмен, қаржы мәселесі тығырыққа тірейтіндей. Көл жағасына су жеткізіп, электр желісін тарту да күшке түседі. Инфрақұрылымға қомақты қаржы керек. Соған қарамастан, мұнда біршама тірлік тындырылған. Көл жағасындағы баспаналар, ақшаңқан киіз үйлер алыстан көз тартады. Қамбаш көлін үлкен демалыс орнына айналдыру үшін әлі де ауқымды тірліктер атқару керектігі байқалады.
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ, журналист.
Қызылорда облысы, Арал ауданы.