30 Шілде, 2010

Кемелдікті тану кеден қызметінен көрінеді

498 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Мәскеу бардық, Париж астық, Бейжің ұштық, Үрімшілетіп қайтқанымыз да бар, сонда байқағанымыз, алыс сапарға тәуекел етіп, “жолаушы” атанған жампозды ең алды­мен кеденшілер қарсы алады екен. Жылы қар­сы алса, құжатың мен қоржын-қосқолаңыңды қас-қағымда ресімдеп берсе, тіпті, қуанып та қаласың. Ал айналаңдағы айнадай жарқыраған тазалыққа, сыбырлап қана тілдескен сырбаз­дыққа, қызметшіні керек еткізбейтін  техника мен технологияға таңғалғаныңды айтпай-ақ қой. Сонда ойлайсың “е, біздің елдің басшысының да “Ең озық елу ел” деп, “2030” деп айта беретіні осы озық мәдениет пен озық өркениет екен ғой, ал оның... кеден мен кеден қызметінен басталатынын кім білген?!.” деп. “Көш жүре түзеледі” деген, біздің кеден мен кеденшілердің де жағдайы жылдан жылға жақсарып, түзеліп келеді. Бүгінде Жамбыл облысындағы кедендік бақылау департаменті қазақ-қырғыз елдері аумағындағы республика­лық және халықаралық дәрежедегі 10 автожолды, көпжақты байланысқа арналған 4 автожолды және екіжақты байланыстағы 6 автожолды бақылауда ұстап отыр. Заман талабына сай кеден департаменті қызмет көрсетудің сапасын арттыру мен оның мөлдірлігіне, мемлекеттік бақылауды жүргізу, жеңілдіктер мен оңайлатылған процедуралар­ды енгізу, әкімшілік кедергілерді жою шара­ларына бағытталған жүйелі әрі жоспарлы жұмыстарды жүргізуді де ұмыт қалдырмапты. Нақты айтсақ, бұл шаралардың ең бастысы бұрынғы үш кезеңдік кедендік ресімдеуден енді бір кезеңдік ресімдеуге көшу болып отыр. Бір кезеңдік  ресімдеу дегеніміз, кедендік ре­сім­деу кезінде қосымша ұсынылатын құжаттар тізімінің едәуір азаюы,  сыртқы экономика­лық қызметке қатысушылардың қағаз түрін­дегі есеп кәртішкелерін қысқарту, біріккен ба­қылау сияқты кәсіпкерлерге тиімді жақтардан тұрады. Мұнда кедендік төлемдер мен салықтарды өндіру саласындағы тәсілдер де жетілдіріле тү­суде. Мысалы, халықаралық қағидаттарға сәй­кес, кедендік құнды анықтау бағыты бойын­ша бақылау жасалып, тарифтік және тарифтік емес реттеулер қолданылып, жеңілдіктер мен преференцияларды ұсыну қатаң бақылауға алынған. Айта кету керек, үстіміздегі жылдың ақпан айынан бастап, елдің мемлекеттік шекарасындағы автокөлік өткізу пункттерін­дегі көліктік инспекцияның функцияларын кеден органдары жүргізе бастады. Қазақстандық кеден органдары аз уақыт ішінде тауарларын ресімдеуден өткізгісі келген сыртқы экономикалық қызметке қатысушы­ларға мүмкіндік бере отырып, халықаралық тәжірибеде қолданылып келе жатқан кедендік ресімдеулерден соң кедендік аудиттің рөлін көтеруді әдетке айналдыра бастапты. Элек­тронды ресімдеу тәжірибесі кеңінен қолда­нысқа енгізіліп, кедендік жүйені ақпараттан­дыру жұмыстары кезең-кезеңімен іске асы­рылып отыр. Ең бастысы, сыртқы экономика­лық қызметке қатысушылардың артық шығындарын қысқарту мақсатында өткізу пункттерінің жұмысын жандандыра отырып, тиімді кедендік бақылау мен тиімді ресімдеулер жүргізуге жағдай жасалуда. Қазақстанда кеден органдары құрылғалы бері ол көптеген оң өзгерістерге ұшырады. Өт­кен жылдар ішінде салынған кедендік бақы­лауды жүргізуге лайықты зәулім ғимараттар, шекара шебіндегі заман талабына сай бекет­тер, бақылау-өткізу пункттері соның айқын дәлелі. Олардың мультимедиялық құралдар мен заманауи техникалармен жабдықталып, үлкен қорға айналуы да қазақ кеден қызме­тінің іргесі беки түскенін көрсетсе керек. Сонымен бірге, өткен жылы есірткіге және есірткі бизнесіне қарсы күрес туралы мемле­кеттік бағдарлама аясында Жамбыл департа­ментін кедендік бақылаудың техникалық құралдарымен жабдықтауға қосымша 188 млн. 595 мың теңге бөлінген болса, биылғы жылға 2 млрд. 972 млн., ал 2011 жылға 940. млн. 448 мың теңге бөлу көзделуде. Жалпы алғанда, Жам­был облысына берілетін қаржының жал­пы сомасы 4 млрд. 102 млн. теңгені құрамақшы. Алмақтың да салмағы бар. Бүгінде қырғыз-қазақ елдері арасындағы тауар айналымы 57 млн. АҚШ долларын құрап отыр.  Өткен жылы облыс бойынша кедендік бақылау департаменті ел қазынасына 18 млрд. теңге өндірсе, ағымдағы жылдың өткен 5 айы ішінде 3,6 млрд. теңге өндірді. Жеңілдетілген тәртіп бойынша өндірілген кедендік төлемдер мен салықтар екі есеге артып, жалпы сомасы 59 млн. 041 мың теңгені құрады. Бүгінде сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар тарапынан кедендік ресімдеу кезіндегі заң бұзушылық көбейіп тұрғаны өтірік емес. Соның салдарынан қайта өндіріл­ген кедендік төлемдер мен салықтар сомасы жылдан жылға артып келеді. Мәселен, өткен жылы департаменттің тексеру қорытындысы нәтижесінде бюджетке қосымша 122 млн. 400 мың теңге қайта өндірілген. Өткен 5 айдағы бұл көрсеткіш 72 млн. 651 мың теңге болып отыр. Үстіміздегі жылы анықталған құқық бұзушылықтардан айыппұл ретінде өндірілген сома 572 300 теңгені құраған. Биыл сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларды жоспардан тыс тексерулер кезінде ҚРҚК 214, 209 баптары бойынша 5 факті анықталып, кедендік төлемдер мен салықтардан жалтарғаны үшін 72 млн. теңге бюджетке қайтарылыпты. Ал өткен жылы бұл көрсеткіш 6 млн. 800 теңге болған. Салыстырмалы түрде алып қарасақ, өсім 65 млн. 200 мың теңгені құрап отыр. Елбасының кеден органдарының алдына қойған кадрлық құрамды жақсарту, жұмыс­тарды түпкілікті өзгерту туралы талаптарын орындауда және құқық қорғау органдарының кадрлық бөлімшелерінің рөлін жоғарылату мақсатындағы міндеттер нақтылана түсті. Кеден қызметіндегі басқару жүйесін жетілдіру, құрылымдарды заманауи талаптарға сәйкес жасақтау, қызметке қабылдау кезінде сапалы жинақтау тетігін қалыптастыру, кадрлық резервтерді жасақтау, сыбайлас жемқорлықпен күрес, тәлімгерлік жұмыс, кадрларды дайындау және олардың біліктілігін арттыру жолға қойылғаны байқалады. Кеден одағына кіру барысында департа­менттің штаттық құрылымы 54 адамға ұлғайтылып, жамбылдық кеденшілерді тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі 4 ауданда оң шешімін таппақшы. Ал еліміздің Кеден одағына енуі кеден органдарының иығына  үлкен міндет пен жауапкершілік жүктейді. Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ. Жамбыл облысы.