Алматылық “Аврора-Агро” жылыжай жүйесін ұлғайтып жатыр. Алматы облысы, Қарасай ауданындағы Елтай ауылындағы “Аврора-Агро” шаруа қожалығы 7 гектар жерге орналасқан жылыжайларында қияр мен қызанақ, сондай-ақ раушан гүлдерін өсіруде. Қазір қожалық алып жатқан алқаптың оң жағына әрқайсысы-ның көлемі 30х10 метрлік қырық жылыжай орналасса, сол жақ қапталында бірнеше бөліктен тұратын аса ауқымды жылыжайдың құрылысы жүргізілуде. Жұмыс істеп тұрған жылыжайларда бағасы қымбаттығына қарамастан өзіне салынған қаражатты ақтап тұрған түркиялық технология мен жарғақ пайдаланылса, жаңадан салынып жатқандардағы жұмыс ресейлік технология бойынша жүзеге асырылуда. Сонымен бірге, бірнеше жылғы тәжірибе барысында өзіндік технология да ойлап шығарылып, қолданылуда. Мұнда, басты назар мен күш экологиялық жағынан таза әрі сапалы көкөністер өсіруге аударылады.
Батыс Қазақстанда республика бюджетінен құйылған инвестиция көбеюде. Биылғы бірінші жартыжылдықта республикалық бюджет есебінен құйылған инвестиция көлемі 8,1 млрд. теңгені құрап, өткен жылғыдан 2,4 есеге өсті.
Аталмыш қаржы Орал қаласында ауысымына 500 адам қабылдайтын емхана, Зеленов ауданы, Переметный ауылында 120 төсектік аурухана, Теректінің Ақжайығында 100 төсектік аурухананы іске қосуға мүмкіндік берді. Сонымен қатар, Ақжайық ауданы, Чапаев ауылында ауысымына 250 адам қабылдайтын емхана, Оралда 200 төсектік балалар ауруханасы, Қаратөбе, Тасқала аудандары орталықтарында 100 орындық интернатымен қоса 300 орындық мектеп ғимараттары және басқа маңызды нысандар да құрылысы жалғасуда.
Петропавлда 5 инвестициялық жоба жүзеге асады. 2010-2020 жылдарға арналған үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының аясында орындалатын бұл нысандардың қатарында мәшине құрылысы саласындағы үш жоба, агроөнеркәсіптік кешен мен ауыл шаруашылығы саласында бір жоба және құрылыс индустриясы мен құрылыс материалдарын шығаруда бір жоба бар.
“ЗИКСТО” АҚ-та перспективалық және арнайы темір жол платформасын жасап шығару және оны пайдалануға беру жобасы іске асып жатыр. Жобаның жалпы құны 108 млн. 400 мың теңге. Ішкі рынокқа шығару үшін 300 арнайы платформа дайындап шығару жоспарланып отыр. Қазіргі таңда сертификациялық сынақтан өту үшін Санкт-Петербург қаласына жіберілген тәжірибелік үлгі дайындалды.
Жалпы, Солтүстік Қазақстан облысы бойынша үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында бес жыл ішінде 27,4 миллиард теңгенің 13 инвестициялық жобасын жүзеге асыру көзделген.
“Егемен-ақпарат”.