30 Шілде, 2010

Ауылдағы тарихи мұражай жәдігерлері

1388 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
зергер-ұста  Дәркембай Шоқпарұлының көп жылғы еңбегін  айшықтайды “Өткір кездік қап түбінде жатпайды”,  деген. Өнер де солай. Бар саналы ғұмы­рын ұлттық қолөнердің мәйегін теруге ар­на­ған жанның еңбегі еш кетпегені сон­дық­тан. Еңбекшіқазақ ауданы Ақши ауылында ұста Дәркембай Шоқпарұлы атындағы тарихи  қолөнер музей-үйі жөн­деліп,  мұрағаттар­мен толықты. Осы  сал­та­натқа әйгілі қолөнершінің ұрпақтары, ауылдастары мен зиялы қауым жиналып, жаңа ғимараттың көгілдір лентасын облыс әкімі Серік Үмбетов пен Дәркембай Шоқ­­па­рұлының досы, елімізге еңбек сіңірген өнер қайрат­кері, профессор Әшірбек Сығай қиды. Халықтық дәстүрлі қолөнерді қастер­леген ұста-зергердің ағаш түбірлері, діңі мен бұтақ тамырларынан ойып, мүсін­деген туындылары, темірден түйген зергерлік бұйымдары сонау жылдардың өзінде-ақ көрерменін тәнті еткен еді. Оның қолынан шыққан туындылар шет елдерде өткен қолөнер шеберлерінің алқалы жарысында жүлделі орындарға ие болғанын біреу білсе, біреу білмейді. Мәселен, тума талант иесінің “Балуан” атты туындысы бұрынғы Одақ көлеміндегі көрмелерді аралап, қазақ өнерінің даңқын шығарғанын ұмытуға болмас. Инемен құдық қазғандай бұл еңбегін  зергер-ұста, марқұм Дәркембай Шоқпар­ұлы 1996 жылы Акшидегі өз үйінде жалғастырыпты. Осылайша Елбасының “Мәдени мұра” бағдарламасы аясында “Ұста Дәркембай атындағы қолөнер мұра­жайы” мемлекеттік коммуналдық кә­сіп­орны құрылып, ел игілігі жолындағы жұ­мыстың тиянағы келтіріледі. Бүгінде мұ­ражай кіреберісіндегі аулада биік тұғырда мү­сінші-суреткер Мұратбай Үм­бе­тов қашап сал­ған Дәркембай Шоқпар­ұлының ес­керт­кіші келушілердің назарын еріксіз аударады. Мұражайдың ашылу салтанатына келген көпшілік сол жақ бөлмедегі зергер-ұстаның өмір жолы мен шығармашы­лы­ғы­нан мол мағлұмат беретін деректермен танысса, “Жігітке жеті өнер де аз” көрме залындағы жәдігерлер де көрерменді тәнті етті. Осындағы “Халық саз аспаптары”, “Құрал-саймандар, аңшылық-саятшы­лық” бөліміндегі зергерлік бұйымдар, құнды заттар көз сүріндіреді, таңдан­дырады, тамсандырады. Мұражайдың бүгінгі келбетіне қарап, Дәркембай арамызда жоқ деуге болмайды. Оның артында қалдырған өмірлік мұрасы, қазынасы арқылы екінші ғұмыры бастал­ғандай. Мұражай халық игілігі үшін, жал­пыға қызмет ету үшін жасалды, деді об­лыс әкімі. Бұдан соң тума талант иесінің үзеңгілес інісі әрі досы Әшірбек Сығай сөйлеп, еліміздің алтыннан қымбат тарихи қазынасына айналған қолөнер туындыларының ұлтымыз үшін баға жеткісіз байлық екенін атап өтті. Айтса айтқандай, Дәркембай Шоқпар­ұлы ұлттық өнер туралы ғылыми-таным­дық 200-ден аса еңбектің, осы саладағы оқу-әдістемелік 30 кітаптың авторы, әрі Қазақстан Суретшілер, Дизайнерлер ода­ғы­ның  мүшесі. Темірді қамырша илеген, ағаштан түйін түйген шебердің  ел аралап, тірнектеп 5000-нан аса ұлттық қолөнер туындыларын жинап, бүгінгі ұрпаққа қал­дырғаны оның бейнетті, зейнетті еңбегі­нің жемісі деуге лайық.  Халықтың оны “қол­өнер атасы –  дархан Дәркембай” атауы да көпшіліктен алған нақты баға. Республикалық қолөнер музейінде, “Қаз­­реставрация” бірлестігінде бас сурет­ші,  реставратор қызметін атқарған, Те­мір­бек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының “Металл мен ағаш­ты көркемдеп өңдеу” кафедрасының мең­герушісі болған  Дәркембай Шоқпарұлы өмірінің соңғы 10 жылын осы мекенде өткізіпті. Осында “Асыл” атты шеберлер дайындайтын мектеп ашып, шәкірт тәрбиелегенін де көпшілік ризашылықпен айтады. Ғұмырын ұлттық қолөнердің жоғын жоқтап, барының бабын табумен өткерген ол кенеттен көз жұмып, соңына өшпестей  із қалдырды. Бүгінде аталған мұражайдың басшысы әке жолын жалғастырған Дәулет Дәркем­байұлы қолға алынған жұмыстар жайлы ойын былайша түйіндеді. –Бұған дейінгі ұстахана үйі толық реконструкциядан өтті. Бұған бюджеттен 33 млн. теңге бөлініп, 6 бөлмелі ескі үй 6 үлкен залдан тү­ратын заман тала­бына сай мұра­жайға айналды. Көрме зал­да­рында шы­ғар­ма­шы­лығы мен қыз­метіне қа­тысты жәді­герлер мен ұлттық үй жи­һаз­дары, ыдыс-аяқ, саз аспаптары мен зергерлік бұйым­­дар, ер-тұр­ман, қару-жарақ, құрал -сайман, ұстаның қолынан шыққан дүниелер қойыл­ды. Музей­дегі экспо­наттық қор­да 2500-ге жуық жәдігер бар. Жалпы, әкемнің  қолынан шыққан дү­ние­лер талай көрмеге қойылып, Қазақ­стан мен Орталық Азия республи­каларын былай қойғанда, Чехословакия, Румыния, Үн­дістан, Англия мен Израиль сынды елдер­дегі талғампаз өнерсүйер қауымды да таңдай қақтырғанын айтуға болады, деді. Музей үйінің ашылуына ұстаның шә­кірттері де келіпті. Тәлімін алғандардың саны 500-ден асады, алды өнер-ғылым, педагогика саласында жемісті  еңбек етіп, ұлттық қолөнерді дамыту қамын күйтте­гендер. Ұстаның ізін басып, ісін жалғас­тырушы – ұлы Дәулет. Музей директоры да сол. Қасында әкесі көзі тірісінде асырап алып, қазақы тәрбие берген ағайынды Леонид пен Андрей Кочетовтар да жұмыс жасайды екен. Ұлты орыс болса да, “қазақпын” деп ана тілімізде жаңыл­май сөйлеген жігіттер енді Шоқпаровтың атын аламыз деп    әбігерленіп жүр екен. –Баланы өмірге әкелгендер емес, оны тәрбиелеп, оқытқан, өмірге бейімдеген жанды ата-ана деуге болады. Жасымыздан  Дәркембай әкеміз бізді бағып-қақты, өнерге баулыды. Енді осы кәсіпті жалғас­тырып келеміз. Бұйыртса, әкеміздің аты мен ісін  алға апаруды мақсат етпекпіз, деді Леонид. Ұстаның жұбайы Балжан апа да, ұрпақтары да, өнерді ұлықтар көпшілік те риза. Мұражайға құтты болсын айтып, үздіксіз кіріп-шығып жатқан жұртта сан жоқ. Олардың  ендігі  бұйымтайы ауыл­дағы орта мектепке  Дәркембай Шоқпар­ұлының есімі берілсе  деген тілек.  Му­зейге жақын орна­ласқан білім шаңырағы әзірге Н.Островский атында. Көпшілік қолдаса бітпейтін іс жоқ, оның да орайы келер деп түйдік. Күмісжан БАЙЖАН. Суретте: Ауылдағы мұражайдың ашылу салтанатынан. Алматы облысы.