Облыс орталығындағы «Руханият» музейінде облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының және облыстық тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен ҚР Президенті Н.Назарбаевтың «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына Жолдауынан туындайтын міндеттерді насихаттау мақсатында және Қазақ хандығының 550 жылдығын мерекелеу шаралары аясында «Нұрлы Жол – ұлттық тарихқа бастар жол» деген тақырыпта акция өткізілді.
Қазақ-орыс халықаралық университеті Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты Дәулет Әбенов еліміздегі мұражай ісінің қалыптасуын орыстың этнограф-ғалымы Владимир Дальдің 1831 жылы Орынборда қазақ өлкесінің тарихы мен этнографиясына арналған музей ашуымен сабақтастырды. Ол Кеңес Одағы кезінде көне тарихымызға қатысты көптеген сәулет өнері нысандарының тыңды игеру жылдары түреннің тісіне ілініп, жойылғанын айта келіп, бұл акцияны әлі көзден жасырын жатқан көне экспонаттарды сақтап қалуға деген сәтті қадам ретінде бағалады. Ал, еңбек ардагері Ағыбай Бекназаров акцияны бағалы бастама дей келіп, тарихымызды түгендеу, халқымызға қатысты жәдігерлерді жинау, қазақ халқының белгілі тұлғаларын жас ұрпақтың жадында жаңғырту келешекке қызмет етудің үлгісі екенін, жас ұрпақты ата-баба өткен жолмен таныстыру, оларды елін сүюге, бойларында елжандылық қасиет қалыптастыруға ықпал ететінін әңгіме өзегіне айналдырды. Қазақтың тарихи тұлғаларын жадыда жаңғырту арқылы ұлтымызды ұлықтауға болатынына тоқталды. Халқымызды өзгелерге танытудың музейлерден бастау алатынын, сондықтан бұл бағытта әркімнің үлес қосуы қажеттігін жеткізді.
Акцияға қатысулар арасынан өңірімізге қатысты заттар мен бұйымдар, өңірде туып-өскен қазақтың біртуар тұлғалары жайлы кітаптар, құнды деректер мен құжаттар тапсыру рәсімі болды. Бұл жолы облыстық тарихи-өлкетану музейі 50-ге жуық жәдігерлермен толықты.
Акцияға қатысушылар облыстық тарихи-өлкетану музейінің экспонаттар қорынан жасақталған көшпелі көрмені тамашалады. Музейдің археология және этнография бөлімінің меңгерушісі Айнұр Мақсатқызы акцияның тұсаукесеріне қатысушыларға көшпелі көрмеге қойылған құрбандық ыдысы, өте ерте кездегі қыш құмыралар, қару-жарақтар мен жебенің ұштары, сармат қыз-келіншектерінің алтын әшекей бұйымдары, сүйек қасықтар, басқа жәдігерлер тарихына байланысты әңгімелеп, тереңірек таныстырды.
– Акция барысында Ақтөбеліктер Қазақ хандығының 550 жылдығы мен Ұлы Жеңістің 70 жылдығы аясында Ұлы Отан соғысының сұрапыл жылдарынан сыр шертетін фото-бейне материалдарын, сарғайған хаттарын, тың игерушілерге қатысты тарихи маңызды құжаттарды немесе көшірмелерін, сонымен қатар өздерінің отбасында сақталған естелікке толы музейлік жәдігерлікке сұранып тұрған ата-бабаларының мұрасын, ауызша-жазбаша деректерін, тұтынған тұрмыстық бұйымдарын, күй, сөз өнерін орындаушылар хақындағы мағлұматтарын немесе көшірмелерін тапсыра алады, – дейді облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері Орал Өтепова.
Сонымен, облыста тарихымызды түгендеуге байланысты тағы бір тағылымды шара басталып кетті.
Сатыбалды Сәуірбай,
«Егемен Қазақстан».
Ақтөбе облысы.