02 Қыркүйек, 2015

Таныс та бейтаныс ел туралы толғаныс

616 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Безимени-1«Астана-полиграфия» АҚ баспасынан белгілі журналист, аудармашы Амангелді Жұмабектің аудармасымен ауылшаруашылық ғылымдарының докторы, академик Ғалым Құдайбергеновтің «Таныс та бейтаныс Монғолия» («Монголия глазами «кочевника»), «Замана белестері» («Знамение времени») атты кітаптары жарық көрді. Бірден басын ашып айтатын мәселе, бұл кітаптарды қазақ оқырмандары жылы қабылдады. Қос аударма да құйылып тұр. Сөз тіркестері мен сөйлем құрылысының жатықтығы сондай, төл туындыға бергісіз, оқырман бір демде қызыға оқып шығады. Осыған қарап, шығарманың орысша түпнұсқасының да осал еместігін танисыз. Ал автор туралы өз ойын Аман­гелді Жұмабек былай түйін­­дейді: «Ақмола облыстық «Ком­­мунизм нұры» («Арқа ажары») газетінде экономика және ауыл шаруашылығы бөлімінде аға-тілші, бөлім меңгерушісі қыз­метінде ұзақ жыл жүргенде облыс аумағында араламаған шаруашылықтар, көрмеген егіс алқаптары жоқ десем асыра айт­қандығым емес. Оның үстіне А.И.Бараев атындағы Қазақ астық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты ғалымдарының жыл сайынғы көктемгі тұқым себу мен егін орағына қатысты ұсыныстары мен тұжырымдарын орыс тілі­нен алып жариялаудың, онда өткізіліп тұратын республикалық ауқымдағы ғылыми конференция­лар жайлы толымды мақалалар жазудың салмағы да мойнымда болатын. Соның нәтижесінде академиктер Эрвин Францевич Госсенмен, Мехлис Қасымұлы Сүлейменовпен, Ғалым Құл­жанұлы Құдайбергеновпен тағы да басқа белгілі ғалымдармен жүздесіп, сұхбаттар алған кездерім де аз болмаған... Көп жылдар өткеннен кейін ойламаған жерден Ғалым Құлжанұлы екеуміздің шығармашылық байланысымыз қайта жалғасты. Бірде ол мені арнайы іздеп келіп, әңгімені төтесінен қойды. «Қысқасы сөздің төркіні мынада. Мен 1982-1988 жылдарда шетелдік іссапарда, Моңғолия Халық Республикасының өсімдік шаруашылығы және егіншілік ғылыми-зерттеу институтының ғылыми кеңесшісі ретінде Дарқан қаласында қызмет атқардым. Сонда жүргенде осы елдің тарихы, мәдениеті, табиғаты, салт-дәстүрі, қысқасы көрген-білгендерімнің бәрін жол сапар очеркі ретінде жазып келдім. Соның нәтижесінде орыс тілінде 500 беттік кітапты өз оқырмандарыма ұсындым. Енді Моңғолияны жақын тани түссем деген зиялы қауымның қызы­ғушылығын тудыратын тарау­лы тақырыптарын қазақ азаматтары да оқысын деген ойға келіп отырмын. Осыған не айтарыңыз бар?», – деді ол сұраулы кескінмен. Безимени-2Біз сол жолы өзара бір тоқ­тамға келіп тарастық. Міне, сол шығармашылық тандемнің нәтижесінде «Таныс та бейтаныс Монғолия», «Замана белестері» кітаптары жарыққа шықты...». Сәтті шыққан шығарма туралы жоғарыда айтқан ойымызды түйіндей келіп, мына жайларды атап көрсетуді жөн көрдік. Алғашқы кітап академик Ғалым Құдайбергенов өзі біраз жыл тұрған әрі еңбек еткен Моңғолия туралы жолсапар очеркі түрінде жазылған туынды. Шығарманы жазудағы ұстанған публицистикалық тілі мен философиялық ой-толға­ныстары кітаптың жалпы маз­мұнымен үйлесімді түрде қабысып, автордың моңғол халқының тарихын, экономикасын, сонымен қатар, күні кешелері дәл со­лар­дай көшпелі ғұмыр кешкен қазақтармен көп жағдайда ұқ­састығы бар тұрмыс-салтын, дәстүрлерін жан-жақты сипаттауға баса мән берген. Сонымен бірге, автордың, өзгелерге ұқсамас ой-толғамдары, пайымдаулары біздің қас-қағым сәтте сан құбылып, бол­жап болмас бейнелілігімен талай­ды таңғалдырып жатқан тұста оқыр­­мандарды да бейжай қал­дыр­майтыны анық. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».