Қазақстандық даму: алғашқы жартыжылдықтағы жетістіктер
Дүние жүзінің дуалы ауыз сарапшылары жаһандық қаржы-экономикалық дағдарысына қарсы жасаған Қазақстанның іс-қимыл шараларына жоғары баға беріп, әлемнің дамыған экономикалары рецессияға ұшырап жатқанда, біздің еліміздің дағдарыстан кейінгі даму қарқынының серпінді болатынына болжам жасап, сенім білдірген еді. Ғасыр ғажайыбы атанған “қазақстандық экономикалық даму құбылысының” авторы, заманауи реформатор, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнаған “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты Жолдауында “Біз рецессияға жол бермедік, өйткені, не істеу керектігін білдік және мұны жедел істедік. Ұлы Неру бір кездері былай деген екен: “Табыс кім батыл қимылдаса, соның үлесіне жиі түседі”. Ал біз батыл қимылдадық. Біз төтеп бердік. Енді біз 2020 жылға дейінгі Даму стратегиясын орындауға кірісеміз” деп атап көрсеткен болатын.
Иә, болжам ақиқатқа айналды. Білгір басшымыздың білікті де баламасыз бастамаларының арқасында еліміз дағдарыстан қиналыссыз шығып, қаржы тапшылығы қысқан сол бір сындарлы кезеңнің өзінде болашақ серпінді даму үрдістеріне тұғыр жасап, тәуелсіз Қазақстан төрткүл дүниені тамсандырған жаңа экономикалық өрлеу дәуіріне қадам басты. Қазақстанның индустриялық-инновациялық өрлеу дәуірінің тарихи да табысты болатынына сенім нығая түскен сияқты. Оған еліміздің 2010 жылдың бірінші жартыжылдығындағы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы дәлел болғандай. Жартыжылдықтың қорытындысын саралаған Үкімет отырысында еліміздің индустриялық-инновациялық даму стратегиясының алғашқы мәресі қарышты серпіндермен басталғандығы айқындалды. Алты ай ішінде еліміздің ішкі жалпы өнімінің (ІЖӨ) өсуі 8 пайыз деңгейге жеткендігі атап көрсетілді. Ел экономикасының ең шешуші негізгі алты саласында, өнеркәсіпте, ауыл шаруашылығында, көлік саласында, сауда, байланыс және құрылыс салаларында айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізілді. Өнеркәсіп өндірісі бірінші жартыжылдықта өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 11 пайызға өсті.
ӨНЕРКӘСІП
Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстанның өнеркәсібі 5,5 трлн. теңгенің өнімін шығарды. Нақты индекс көлемі 111 пайызды құрады. Өңірлердің барлығы жоспарды өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда асыра орындады. Оның ішінде Павлодар, Қостанай, Оңтүстік Қазақстан облыстары және Алматы қаласы айтарлықтай үлкен өсімдерге қол жеткізді.
Өнеркәсіп өндірісіндегі бұл қомақты табыстарды жекелей саралайтын болсақ, тау-кен өнеркәсібінде 3,4 трлн. теңгенің өнімі шығарылды. Оның ішінде көмір шығару 59,9 млрд. теңге, металл рудасын өндіру 304,1 млрд. теңгені құрады. Жыл басынан бері тау-кен металлургия кешенінде жалпы құны 177,6 млрд. теңгені құрайтын жаңа өндіріс ошақтары пайдалануға беріліп, 6500 жаңа жұмыс орны ашылды. 2010 жылдық алғашқы жартыжылдығындағы өнеркәсіп өндірісі өсімінің көлемін төмендегі кестелерден көруге болады.
Осы кезеңде өңдеу өнеркәсібінде 1,7 трлн. теңгенің тауарлары өндірілді. 2009 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда нақты индекс көлемі 118,3 пайызға жетті. Оның ішінде тоқыма өнімдерін шығару 110,9 пайызға, химия өнеркәсібі өнімдерін өндіру 167,5 пайызға, металл емес басқа да минералды өнімдер шығару 237,2 пайызға, мәшине және жабдықтардан басқа дайын металл бұйымдарын шығару 168,7 пайызға, мәшине шығару 167,8 пайызға артты.
Елімізде 2010 жылдың бірінші жартыжылдығында уран өндіру мөлшері 8452 тонна жетті. Алдын-ала белгіленген жоспар бойынша жыл аяғына дейін тағы да 9770 тонна уран өндіру көзделініп отыр. Сөйтіп, Қазақстан осы маңызды өнім шығаруда әлемде бірінші орынға шықпақ. Есепті кезеңде еліміз бойынша 42 млрд. кВт/сағ. электр қуаты өндірілді. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 8 пайызға артық. Сонымен бірге электрмен жабдықтау, газ тарату, бу және ауаны кондициялау салаларында жалпы құны 369,3 млрд. теңгенің өнімдері шығарылды.
Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен соңғы жылдары еліміздің компанияларында отандық өнімдерді сатып алуға бірінші кезектегі басымдық беріліп отыр. Атап айтқанда, 2010 жылдың алғашқы 6 айында “Самұрық-Қазына” ҰӘҚ пен “ҚазАгро” ҰБХ” АҚ-қа қарасты кәсіпорындар жалпы құны 2 396,4 млрд. теңгенің тауарларын сатып алса, оның ішінде отандық тауарлардың үлесі 1503,0 млрд. теңге немесе 62,7 пайызды құрады.
ИНДУСТРИЯЛЫҚ-ИННОВАЦИЯЛЫҚ ДАМУ
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің биылғы Жолдауында “Индустриялық даму – бұл біздің жаңа онжылдықтағы мүмкіншілігіміз, ел дамуы үшін жаңа мүмкіндіктер. Қазақстан табысты индустриялық держава болады – мен бұған әбден сенімдімін” деп атап көрсетті. Ақиқатында биыл бастау алған индустрияландыру бесжылдықтары еліміздің өркениет биігінен лайықты орнын алатын әлеуетті де дамыған державаға лайық қадам жасағандығы дәлел болады. Үстіміздегі жылдың бірінші жартыжылдығында еліміз бойынша жалпы құны 396 млрд. теңге тұратын 72 ірі өндіріс нысаны пайдалануға беріліп, 12 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Жыл аяғына дейін жалпы құны 459 млрд. теңге болатын тағы да 72 ірі өндіріс орталығы бой көтермек. Бір жылдың ішінде 144 ірі индустриялық-инновациялық жобаны іске қосу бұрын-соңды ешқандай мемлекет тарихында болып көрмеген. Бұл индустриялық өрлеу еліміздің ертеңгі қуатты дамуының берік базасы болатындығы сөзсіз.
Екінші жартыжылдықта іске қосылатын ірі индустриялық жобалар бойынша қазірдің өзінде Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстары жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп отыр. Бүгінгі күнге дейін екінші жартыжылдықта іске қосылатын ірі жобаларға бөлінген 459 млрд. теңге қаржының 307 млрд. теңгесі игерілді.
ӘЛ-АУҚАТ ҚОРЫНЫҢ ӘЛЕУЕТІ
“Самұрық-Қазына” ұлттық әл-ауқат қоры Қазақстанның 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарында анықталған мемлекеттің стратегиялық саясатын жүзеге асырады. Осы орайда үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасын, индустрияландыру картасын, “Бизнестің жол картасы-2020” бағдарламасын іс жүзіне асыруда қор тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар ауқымды, міндет зор. Қорға қарасты ірі ұлттық компаниялардың өндірістік әлеуеті де артып келеді. Мұнай мен газ конденсатын өндіру былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3 пайызға артты. Мұнай тасымалы бойынша көрсеткіш 7,6 пайызға, газ тасымалы бойынша 11,9 пайызға, шикізатты қайта өңдеу көлемі 58,2 пайызға артты. Қазақстан темір жолы бойынша тарифтік тауар айналымының өсімі 13,6 пайыз болды. Ел экономикасының күретамыры саналатын темір жол бойынша жолаушылар тасымалдау 5,9 пайызға, жүк тасымалы 16,1 пайызға артты.
Қазақстанның атом өнеркәсібі жылдан-жылға дамып, халықаралық рынокта өзінің лайықты орнын алып келеді. Үстіміздегі жылдың алғашқы жартыжылдығында осы салада бериллий өндіру 90 пайызға орындалып, өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 42,5 пайыз артты. Сол сияқты уран өндіру көлемі де өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 42,5 пайызға өсіп отыр.
Экономиканы жаңғырту жөніндегі мемлекеттік комиссияның шешіміне сәйкес “Самұрық-Қазына” қоры дағдарысқа қарсы бағдарлама аясында Ұлттық қордан бөлінген қаражат есебінен жалпы құны 27,2 млрд. теңге болатын 3 ірі жоба-ны қаржыландырып отыр. Атап айтқанда, “Шымбұлақ” тау шаңғысы курортын дамытуға 15 млрд. теңге, Тараз металлургия зауытының ферроқорытпа өндірісін жаңғыртуға 7,23 млрд. теңге, Ақтау теңіз айлағын солтүстік бағытта кеңейту жобасына 5 млрд. теңге қаржы құйылып отыр. Тұтастай алғанда жыл аяғына дейін қор тарапынан тартылған инвесторлардың қатысуымен 8 индустриялық ірі жоба пайдалануға беріледі. Қор дағдарысқа қарсы қабылданған іс-шаралар бағдарламасының операторы болып табылады. Осы мақсатқа Ұлттық қордан 1 трлн. 087,5 млрд. теңге көлемінде қаржы бөлінген. Қазіргі уақытта оның 983,2 млрд. теңгесі немесе 90,4 пайызы игерілді.
Қор тарапынан еліміздің қаржы секторын тұрақтандыру мәселесі бойынша да келелі істер атқарылды. Альянс банк және Темірбанк қаржы орталықтарын қайта құрылымдаудың жұмыстары іс жүзінде толық аяқталды. Биылғы жылдың қыркүйегінде БТА банкті қайта құрылым-даудың заңды рәсімдері аяқталып, бұл қаржы ұйымы толыққанды қызмет ететін болады. Сонымен бірге қорға еліміздегі үлескерлердің қатысуымен салынып жатқан проблемалық тұрғын үй кешен-дерінің жұмысын жандандыру міндеті жүктелген. Осыған байланысты қор еліміздің екінші деңгейлі 5 банкінің қатысуымен проблемалық құрылысқа қаржы құйып отыр. Атап айтқанда, қор 5242 үлескер қатысқан аяқталмаған 14 құрылыс нысанын қаржыландыруда. Сондай-ақ жылжымайтын мүлік қоры арқылы жалпы құны 89,3 млрд. теңге тұратын аяқталмаған 26 құрылыс нысандарын қаржыландыруға шарт жасалды. Оның ішінде Астана қаласында жалпы құны 69,7 млрд. теңге тұратын 24 нысан, Алматы облысында 16,1 млрд. теңге тұратын бір құрылыс нысаны және Алматы қаласында жалпы құны 3,5 млрд. теңге тұратын бір құрылыс нысаны қаржыландырылуда.
“Самұрық-Қазына” қоры еліміздің шағын және орта бизнес субъектілерін дамыту мәселесіне де қомақты үлес қосып отыр. Үстіміздегі жылдың бірінші жартыжылдығында қор шағын және орта бизнес субъектілерінің жалпы құны 421 млрд. теңгеден асатын 9026 жобасын қаржыландыруда. Осы жобаларды жүзеге асыру барысында 12382 жаңа жұмыс орны ашылды.
Сонымен, “Самұрық-Қазына” қоры директорлар кеңесінің 2009 жылғы 18 қыркүйектегі шешімімен мақұлданған дамудың стратегиялық бағыттарын орындаумен қатар, үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасына, индустрияландыру картасына, тұрақтандыру бағдарлама-сының және “Бизнестің жол картасы-2020” бағдарламасының іс-шараларына, сондай-ақ қазақстандық қамтуды арттыру жөніндегі іс-шараларға енгізіл-ген инвестициялық жобаларды іске асыруға басты назар аударылуда.
АГРАРЛЫҚ САЛАНЫҢ ЖЕТІСТІГІ
Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында еліміздің аграрлық саласында даму тұрақтылығы сақталды. Осы мерзімде ауыл шаруашылығы өндірісінде жалпы өнімнің өсуі 3,1 пайызды құрады. Мемлекет тарапынан дер кезінде көрсетілген шынайы қолдау шараларының нәтижесінде көктемгі егіс жұмыстары сапалы аяқталды. Сонымен бірге егіс алқаптарын әртараптандыру мақсаттарында айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізілді. Мәселен, майлы дақылдар егістігінің көлемі жарты миллион гектарға ұлғайтылды. Сол сияқты көкөніс, қант қызылшасы, картоп, жем-шөп алқаптары да өсті. Ылғал сақтау технологиясын қолдану деңгейі 11,2 млн. гектарға жетті. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 900 мың гектарға артық. Шегірткеге қарсы жоспарланған барлық фитосанитарлық шаралар дер кезінде орындалды.
Мал шаруашылығында да бастау алған тұрақты даму үрдісі жалғасын тауып келеді. Алғашқы жартыжылдықта малдың барлық түрлерінің саны 2 ден 4 пайызға дейін, ал құс саны 8 пайызға дейін өсті. Осыған байланысты елімізде мал шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемі ұлғайды. Есепті кезеңде ет өндіру 3,9 пайызға, сүт 2,3, жұмыртқа өндіру 10,9 пайызға артты. Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өндеу саласы да бірінші жартыжылдықты жақсы көрсеткіштермен қорытындылады. Осы мерзім ішінде бұл саланың өсу мөлшері 14,6 пайызға жетті. Жалпы алғанда, биылғы алғашқы жартыжылдықтағы аграрлық саланың дамуы ішкі азық-түлік рыногының тұрақтылығын қамтамасыз етіп отыр.
Бүгінгі таңда аграрлық саланың алдында тұрған басты міндет еліміздің құрғақшылықтан зардап шеккен аймақтарында азық-түлік астығының тұрақтандыру қорларын құру болып табылады. Осы мақсатпен қазір Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы астығының 400 мың тоннасын құрғақшылықтан зардап шеккен аймақтарға жіберу шаралары жүзеге асырылуда. Бұл біріншіден астық шықпай қалған аймақтарда азық-түлік тапшылығын болдырмауға, екіншіден, солтүстік аудандардың элеваторларын өткен жылдан қалған артық астықтан босатуға ықпал етеді.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің алдында тұрған тағы да бір келелі міндет, мал шаруашылығында қалыптасқан тұрақтылықты сақтап, ауыл шаруашылығы құрылымдарында малдың, әсіресе аналық мал басының азаюын болдырмау. Бұл үшін Үкімет қорынан арнайы қаржы бөліп, мал басын өсіру шараларына қолдау көрсету керек. Бұл мақсатқа “Мал өнімдері корпорациясы” АҚ-тың әлеуетін толық пайдалану қажет. Бұл акционерлік қоғам алдағы уақытта өз қаражаты есебінен 6 мың ірі қара мал сатып алып, оларды жаңадан ашылатын бордақылау алаңдарында күтімге қоюы керек. Міне, осы шараларды ойдағыдай жүзеге асыру барысында еліміздегі ауа райы құрғақшылығынан болатын жағымсыз әсерлерді жойып, мал басының азаюына жол берілмейді және агроөнеркәсіп кешеніндегі тұрақтылық сақталатын болады.
ҚАРЖЫ ЖӘНЕ ФИСКАЛДЫҚ САЯСАТ
Ағымдағы жылдың алғашқы жартыжылдығында фискалдық саясат ағымдағы кезеңнің міндеттерін шешумен қатар, ұзақ мерзімді басымдықтарға, еліміз азаматтарының өмір сүру деңгейін арттыруға, жұ-мыссыздықтың өсуіне жол бермеуге, қаржы секторын тұрақтандыруға, жылжымайтын мүлік рыногындағы түйткілдерді шешуге, шағын және орта бизнесті қолдауға, агроөнеркәсіп кешенін дамытуға және қаржы- экономикалық дағдарысынан кейінгі кезеңдегі еліміздің серпінді даму ахуалын қалыптастыруға арналған шараларды іс жүзіне асыруға бағытталған.
2010 жылдың алғашқы жартысында мемлекеттік бюджетке (қарыздардың түсімін есептемегенде) 2 036,7 млрд. теңге қаржы түсті. Бұл есепті кезеңге жоспарланған төлемнің 93,7 пайызын құрайды. Жартыжылдықтағы бюджеттің шығысы 2 241,3 млрд. теңге немесе жоспардың 93,4 пайызын құрап отыр. Есепті кезеңдегі бюджет тапшылығы 204,5 млрд. теңге болды. Бюджет қаражатының есепті кезеңдегі бос қалған қаржысы 14,4 млрд. теңгені құрады. Бюджет кірістері өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 19,6 пайызға ұлғайды. Салық түсімдерінен түскен қаржы 1181,4 млрд. теңге немесе 106,7 пайыз болды. Өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда бюджетке түскен салық түсімдері 223,7 млрд. теңгеге ұлғайды. 2010 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша салық және бюджетке төленетін басқа да төлемдер бойынша берешек қаржы 150,8 млрд. теңгені құрады.
Ұлттық қор активтері бүгінде 4 803,2 млрд. теңгені құрады. Бұл ретте мұнай секторының кәсіпорындарынан тікелей салықтар бойынша түскен түсімдер 1 093,1 млрд. теңге болып, өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 439,7 млрд. теңгеге өсті.
Жартыжылдықтың қорытындысы бойынша республикалық бюджет шығысының атқарылу мөлшері 2035,4 млрд. теңге немесе 95,5 пайыз болды. Белгіленген бюджет шығыстарының 96,9 млрд. теңгесі игерілмей қалды. Бұл бөлінген қаржының 14,2 млрд. теңгесінің игерілмеуінің объективті, 82,7 млрд. теңгесінің субъективті себептері бар. Үстіміздегі жылдың алғашқы жартыжылдығында республикалық бюджеттен жергілікті бюджеттерге 377,0 млрд. теңге мөлшерінде нысаналы трансферттер бөлінді. Жергілікті атқарушы органдардың мәліметі бойынша бүгінгі күнге дейін олардың 343,9 млрд. теңгесі немесе 91,2 пайызы игерілді. Республика бойынша жергілікті атқарушы органдар трансфертті қаржының 33,1 млрд. теңгесін игермеген.
Республикалық бюджеттен бөлінген нысаналы трансферттерді игеру барысында “Жол картасының” бюджеттік бағдарламаларын жүзеге асыру шаралары атқарылуда. Биылғы жылы республикалық бюджеттен “Жол картасы” шараларын орындауға 98,0 млрд. теңге бөлу көзделінген. Алғашқы жартыжылдықта өңірлерге оның 57,6 млрд. теңгесі аударылды. Жергі-лікті атқарушы органдар бұл қаржының 55,5 млрд. теңгесін немесе 96,6 пайызын игерді. Осы орайда “Жол картасының” нысандарын іске қосу негізгі алты бағыт бойынша жүзеге асырылып жатқандығын атап айту керек. Бюджеттік қаражат көп бөлінген негізгі бағыттарға инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды жөндеу және қайта жаңғырту, елді мекендерді және қалаларды абаттандыру шаралары жатады. Бұл мақсаттарға 2010 жылы республикалық бюджеттен 32,8 млрд. теңге бөлу көзделінген. Алғашқы жартыжылдықта бұл қаржыдан өңірлерге 20,0 млрд. теңге бөлінді және оның 19,5 млрд. теңгесі немесе 97,6 пайызы игерілді.
СЫРТҚЫ САУДА АЙНАЛЫМЫ: ЭКСПОРТ ЖӘНЕ ИМПОРТ
Сараптау нәтижелері көрсетіп отырғанындай, 2010 жылдың алғашқы жартыжылдығында тұтыну тауарларына деген сұраныстың біршама артқандығы байқалады. Алғашқы жартыжылдықта бөлшек сауда көлемі 13,1 пайызға өсті. 2009 жылдың бірінші жартыжылдығында бұл көрсеткіш 8,6 пайызға кеміген болатын. Қазақстанның экспорттық жағдайының қайтадан қалпына келуі әлемдік тауар рыногындағы баға конъюнктурасының оң өзгерістеріне байланысты болып отыр. Мәселен, әлемдік рынокта Brent маркалы мұнайдың бағасы 2009 жылдың бірінші жартыжылдығымен салыстырғанда 17 долларға өсіп, 1 баррелі 78,9 АҚШ долларын құрап отыр. Алюминийдің әрбір тоннасының әлемдік бағасы 465 долларға өсіп, 2130 долларды құраса, мыстың әрбір тоннасы шамамен 2 мың долларға қымбаттап, 7121,5 АҚШ долларына жетті.
Баға конъюнктурасының жағымды нәтижесі Қазақстан тауарлары экспорты көлемінің 74 пайызға артуына мүмкіндік жасады. Жалпы, сыртқы сауда айналымы өткен жылдың бірінші жартыжылдығымен салыстырғанда 40 пайызға артты. Ал шетелдерден келетін тауар им-портының көлемі 4,5 пайызға төмендеп, 10,3 млрд. АҚШ долларын құрады.
ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОЛДАУ
Еліміздің экономикасындағы оң жетістіктер халықты әлеуметтік қолдау шараларын барынша кеңейтуге және әлеуметтік саланың әлеуетін арттыруға жағдай жасауда. Өткен жылдардағыдай, үстіміздегі жылы да зейнетақыны арттыру, жәрдемақылар жүйесін жетілдіру, әлеуметтік қызмет көрсету мекемелерінің әлеуетін арттыру мақсатында кешенді жұмыстар жүргізіліп жатыр. Алғашқы жартыжылдықта республикалық бюджеттен әлеуметтік көмек және әлеуметтік қамсыздандыруға бөлінетін шығыстар 19,8 пайызға арттырылды. Бұл қаржының мөлшері 833,6 млрд. теңге немесе мемлекеттік бюджеттің жалпы шығысы көлемінің 20 пайызын, яғни еліміздің ІЖӨ-нің 5 пайызын құрайды.
2010 жылдың алғашқы жартыжылдығының қорытындысы бойынша жоспарланған әлеуметтік қамсыздандыру және әлеуметтік көмекке бөлінген бюджеттік қаржы 100 пайыз игерілді. Жыл басынан бері зейнетақы төлемдерінің мөлшері 25 пайызға арттырылса, базалық зейнетақы төлемдері 9 пайызға көбейді. Сөйтіп, ең төменгі зейнетақы төлемдерінің мөлшері 18325 теңге, орташа зейнетақы 27599 теңге және жоғары зейнетақы төлемдерінің мөлшері 39893 теңгені құрады.
Елімізде жүзеге асырылып жатқан индустриялық-инновациялық бағдарлама, “Жол картасы” аясында атқарылатын іс-шаралар жұмыссыздық көлемін азайтуға игі жол ашты. Ағымдағы жылдың басында жұмыссыздар саны 524 мың адам, жұмыссыздық деңгейі 6,3 пайыз болған болса, жылдың екінші тоқсанында жұмыссыздардың саны 504 мың адамға дейін, жұмыссыздық деңгейі 5,8 пайызға дейін қысқарды. Жұмыссыздықтың төмендеуі тиісінше экономикамен айналысатын адамдар қатарының өсуімен сипатталады. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда биылғы жылдың екінші тоқсанында жұмыспен қамтылған халықтың саны 213 мың адамға артып, жалпы алғанда 8,1 млн. адамды құрады.
Жыл басынан бері жұмыспен қамту органдарына жұмысқа орналасу үшін 263 мың адам өтініш білдірсе, оның ішінде қазірге дейін 196 мың адам тұрақты жұмысқа орналастырылды. Белсенді жұмыспен қамту шараларының аясында кәсіптік даярлауға жұмыссыз қалған 40 мың адам жіберілді. 60 мыңнан астам адам қоғамдық жұмыстарға тартылды. Сонымен бірге халықтың нысаналы тобының қатарынан 33 мың жұмыссыз азаматтар әлеуметтік жұмыс орындарына орналастырылды. Оқу орындарын бітірген 21 мың жас түлек “Жастар практикасы” бағдарламасы бойынша еңбекке тартылды.
Бірінші жартыжылдықта экономикамызда 140 мың жаңа жұмыс орны ашылса, оның 68 мыңы ауылдық жерлердің үлесіне тиеді. Жыл басынан бері жаңадан ашылған жалпы жұмыс орындарының 90 мыңнан астамы тұрақты жұмыс орындары болып табылады. Шағын және орта бизнес саласында жыл басынан бері тағы да 40 мың жаңа жұмыс орны құрылды. Қазіргі күнге дейін биылғы жылдың “Жол картасы” шеңберінде жоспарланған 129 мың жұмыс орнының 122 мыңы немесе 94 пайызы алғашқы жартыжылдықта ашылды.
Қазіргі күнге дейін “Жол картасы” бойынша 3398 жоба жүзеге асырылуда. Оның ішінде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жүйесі нысандары бойынша 658 жоба, жол жөндеу жұмыстары бойынша 788 жоба, әлеуметтік нысандарды жөндеу және жылу жүйесі бойынша 1398 жоба, әлеуметтік-мәдени нысандарды жөндеу жұмыстары бойынша 459 жоба қолға алынды. 1 шілдеге дейінгі ахуал бойынша жөндеу жұмыстарына бөлінген 133,2 млрд. теңгенің 76,9 млрд. теңгесі немесе жылдық қаржының 58 пайызы игерілді. Оның 52 млрд. теңгесі республикалық бюджеттен, 24,7 млрд. теңгесі жергілікті бюджеттен бөлінген қаржыларды құрайды.
“Жол картасы” жобалары бойынша еңбекке тартылған адамдардың орташа жалақысының мөлшері жалпы республика бойынша шамамен 34 мың теңгені құрап отыр. Өңірлер бойынша орташа жалақы мөлшерінің ең жоғарғы көрсеткіші Алматы қаласында 47,6 мың теңге және Астана қаласында 40,3 мың теңге, сонымен бірге Ақмола облысында 40,7 мың теңге болып отыр. Биылғы жылдың 1 сәуірінен бастап бюджет саласы қызметкерлерінің жалақысы 25 пайызға арттырылды. Сөйтіп, еліміздегі бюджет саласындағы 1,4 млн. қызметкерлер үшін республикалық бюджеттен қосымша 53,8 млрд. теңге қаржы бөлінді.
Жалпы, бірінші жартыжылдықта еліміздегі макроэкономикалық тұрақтылық сақталды. Үстіміздегі жылдың басынан бері инфляция деңгейінің төмендеу үрдістері орын алды. Егер ол қаңтар айында 1,4 пайызды құраса, шілдеде 0,2 пайызға төмендеді. Ал жыл басынан бергі жалпы инфляция деңгейі 4,4 пайыз болып отыр.
2010 жылдың бірінші жартыжылдығында еліміздің халықаралық қорларының көлемі 5,7 млрд. АҚШ долларына өсіп, 53,1 млрд. АҚШ долларын құрады. Соның ішінде Ұлттық қордың активтерінің көлемі 26,5 млрд. АҚШ доллары көлемінде болып отыр. Елімізді индустрияландыру бесжылдықтары бастау алған алғашқы стратегиялық жылы ел экономикасында орын алған осы жоғарғы жетістіктер алдағы уақыттағы экономикамыздың өрлеу дәуірінің тұғырлы да табысты болатындығын паш етсе керек.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.