Елімізде ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және тастанды балалардың өмірден өз орнын табуына қолдау көрсету ең өзекті мәселе болып отырғаны рас. Білім және ғылым министрлігінің ата-анасынан айырылған балалар үшін “Қуан, сәби!” республикалық акциясын өткізу бастамасын көтеріп отырғаны да сондықтан. Осы акция аясында облыстық балалардың құқын қорғау департаменті мен облыстық ішкі саясат басқармасы бірігіп, Алға ауданының Бестамақ ауылына жақын жерде орналасқан облыстық Алға балалар үйінің “Ақбөбек” лагерінде “Бақыт нұры – балаға” атты мереке ұйымдастырды.
Қонақтар алдымен лагерьді аралап көрді. Алға балалар үйінің директоры Кенжеғазы Байғазиннің айтуынша, бұл бұрынғы химия зауытының лагері көрінеді. Он алты жылдан бері лагерь Алға балалар үйіне қарайды. Қазір 440 тәрбиеленуші жазғы демалысын осында өткізіп жатыр екен. Соңғы жылдары салынған бес үй, әкімшілік үйі, асхана, жуынатын бөлмелер балалардың игілігіне қызмет етеді. Асхана 120 орындық болғандықтан балалар үш ауысыммен тамақтанады. Балалардың өздері отырғызған көшеттер жайқалып өсіп, бой түзеп келеді. Рас, су мәселесі қиын екен, сондықтан балалар суды үнемдеп жұмсауға дағдыланған. Балалар үйінің директоры алдағы уақытта ауладан құдық қаздырғалы отырғанын жеткізді.
Лагерьдің сахнасына көтерілген тәрбиенушілер Ғалым Сұлтанов пен Ерболат Жұманиязов салған әнмен мереке шымылдығы ашылды. Мерекенің мақсаты — балаларды қамқорлығына алатын, ата-аналық сезім шуағын сыйлайтын, олардың үлкен өмір жолына сәтті қадам басуына бағыт-бағдар беретін қамқоршы азаматтарды тарту және балалардың туған-туыстарын, бауырларын, қамқоршыларын тауып, оларды отбасына орналастыру болып табылады. Облыстық балалардың құқын қорғау департаментінің директоры Күлпаршын Айдарханованың мәлімдеуінше, облыста 617 жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған бала бар екен. Сондай-ақ 1414 бала қамқоршылық және патронат отбасында тәрбиеленуде. Дегенмен бала десе жан жүрегі езілетін адамдардың арқасында қаламыздағы “Үміт” сәбилер үйіндегі балалар да азая бастапты. Бұл қуанарлық жәйт, әрине. Қазір қалалық білім бөлімінің есебінде сәбилерге бақыт сыйлауға ынталы екі жүздей ата-ана кезекте тұрған көрінеді. Ендігі мәселе – әртүрлі жағдайлар салдарынан ата-анасының қарауынсыз қалған балаларды аялап өсіруге шын жүрегімен берілген адамдарды осы игі іске көбірек тарту болмақ.
“Бесік” балалар қоры” қоғамдық қорының төрайымы Алма Жансаринова Алға балалар үйіне “Зерек” театр студиясы мен спорт клубын сыйлады. “Детский мир Mothercare” дүкенінің директоры Гүлнар Тумышева балаларға киім-кешек әкеліпті. Мерекелік концертте өнерпаз тәрбиеленушілер мен ақтөбелік танымал әншілер қосылып өнер көрсетті.
Мерекеге осы балалар үйінің бұрынғы тәрбиеленушілері Рыскүл Құрманғалиева мен Әсел Чебохина кішкентай бөпелері Жалғас пен Тимофейді де ала келіпті. Былтыр жаңадан шаңырақ көтерген Азамат пен Рысгүл, Максим мен Әсел облыс әкімі Елеусін Сағындықовтың өз қолынан пәтер кілтін алған болатын. Қазір олар өздерінің өмірлік жолдарын тауып, таңдаған мамандықтары бойынша еңбек етуде.
Мерекелік көңіл-күйде өткен бұл акция қайырымдылық пен адамгершіліктің айқын көрінісі болды. Ата-ана қамқорлығынан тыс қалған жарым көңіл балалар адамдардың мейірімі мен жүрек жылуын сезінген, сондай-ақ, адамгершілік қасиеттің қадіріне жеткен шара болды бұл.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ. Ақтөбе облысы.