31 Шілде, 2010

“Астана арландарының” асуы алда

429 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Шілде айында елімізде Қазақ­стан Бокс федерациясының баста­масымен спорттың осы түрінен кәсіби бокс­шылар арасында атал­мыш федера­цияның кубогы жолын­дағы алғашқы бәсекелердің басталғаны белгілі. Бұл жарыс елімізде ғана емес, дүниежүзі бойынша алғаш рет өт­кі­зіліп жатыр. Басқа елдерде де осын­дай бәсе­келер бар, әрине, бірақ олар­да спорттың өзге түрінен өте­ті­нін ескерте кеткіміз келеді. Соны­мен, биылдан бастап елімізде кәсіби боксшылар арасында тұңғыш рет “Қазақстан Бокс федера­циясының кубогы” жолындағы төрт дивизионға бөлінген жарыс бастау алды. Оның алғашқы жекпе-жектері газетімізде бұрын хабарланғандай, 17 шілде күні “Батыс” дивизионында өнер көрсе­тетін командалар арасында Ақтауда, 24 шілде күні Атырауда өтсе, бүгін Астанада “Шығыс” дивизионына кі­ретін елорда мен Павлодар облысы­ның командалары арасында өтеді. Жақында газетімізде тағы “Астана арландары” кәсіби боксшылар клу­бы туралы да жазылған еді. Биылғы жылы бокс алаңында болып жатқан осы жағымды жаңалықтар туралы жуырда біз Бокс федерациясының үйлесті­ру­шісі, “Astana Arlans” клу­бы­ның бас ди­ректоры Болат Манке­новпен кездесіп, әңгімелеп беруін өтінген едік. – Биылғы жылдан бастап Бокс федерациясының күнтізбесіне жаңа жарыстар енгізіліп отыр екен. Осы жа­рыстар туралы айтып берсеңіз. Оның қа­зақ боксы үшін қандай тиімді жақтары бар? – Қазір біз осы жарысты кәдімгі әуесқой бокстың ережесіне сәйкес, 3 минөттен 3 раунд бойынша өткізіп келеміз. Осы жерде Бокс федера­ция­­сы­ның президенті Тимур Құлы­баев­тың аталмыш жарысты өткізуде көп еңбек сіңіргенін атап өткім ке­леді. Ол федерацияның есептік мә­жілісінде бізге осындай сын­­дардың керектігін, олар қазақ боксының бәсекелестігін арттыратынын айтқан болатын. Сол жиында республи­калық федерацияның жүйесі, ұлттық құ­рама­ның жағдайы ғылым мен ме­дицина саласы жан-жақты талқыла­нып, қазір осы мәселелер бойынша тиісті жұ­мыс­тар жүргізіліп жатыр. Осы­ның нә­тижесінде бүгінде фе­дерацияның толық жүйесі құрылды, жұмысы реттеліп, төрт құрама жа­сақ­талды. Олар кез-келген жарыс­­тар­ға қатыса алады. Бапкерлер мен бокс­­шылар, төрешілер тиісті ай­лық­тары мен сыйақы­ларын алып жүр. – Қазір өңірлерде бокс­тың даму деңгейі қалай? Жаңадан өткізіліп жатқан жарыстың жергілікті жердегі спорттың осы түрін дамытуға қаншалықты пайдасы тиеді? – Иә, “Қазақстан Бокс феде­ра­ция­сының кубогы” жаңа жоба. Ол дүниежүзіндегі ешбір елде жоқ. Мұның мәні неде? 2007 жылы мем­лекеттік бапкер болып жүргенімде, мынандай статистикаға кезіккенім бар еді. Сол кезде өңірлерді аралап жүр­генімізде елімізде 18900-ден ас­там жастардың бокспен айналыса­ты­нын, ал оларды 690 бапкер жаттық­тырады деген ақпар алған едік. Бі­­рақ, бір қызығы елімізде осыншама жастар бокспен айналысып жүрсе де ауыр және басқа салмақтарда бәсекелестік деген мүлдем болмаған еді ғой. Аталмыш жарысты өткізудің бір мақсаты осы мәселеге арналып отыр. Яғни, елімізде қанша адамның бокспен айналысып жатқанын, оларды қанша бапкердің жаттық­тырып жүрге­нін білу. Құрғақ санға сенбей, бокстың жергілікті жерде дамуына көз жеткізу. Енді, 16 жел­тоқсан күні жарыстың шешуші айқастары өтеді. Сол кезде біз бокс туралы шын ақпараттарға көз жет­кізетін боламыз. Ал жалпы, Бокс фе­дерациясына Тимур Құлыбаев пре­зидент болып келгелі бері өңірлерде спорт­тың осы түрі жақсы дамып ке­леді. Егер бұрындары Қазақстан құ­рамасына кірмей қалған боксшылар бір жыл кезегін күтіп, жарыстардан сырт қалатын болса, қазір мұндай жағдай болмайтынына сенімдіміз. Аталмыш жарыстың негізгі мақсаты да осы, оны ел чемпионаты сияқты лайықты деңгейде өткізіп, талантты, жарыстарда бір ұпай санымен же­ңіліп қалған боксшыларды сыртта қалдырмай, олардың сағын сын­дыр­мау үшін қайтадан өзін дәлелдеуіне жағдай жасау. Тағы бір мәселе, өңірлерде ішкен асын жерге қоятын, бокс десе делебесі қозатын жан­күйер­лерді көбейту мәселесі бар. – Дұрыс екен. Енді “Астана ар­лан­дары” немесе “Astana arlans” клу­­­бы ту­ралы айтып берсеңіз. Бұл жо­баны жасау көптен бері ойла­рыңызда болды ма? – Бұл AІBA мен ІMG компания­сы­ның бірлескен жобасы. Нақтырақ айтсақ, Халықаралық әуесқой Бокс федерациясының президенті доктор Ву мырзаның бастамасымен жа­салған жоба деуге болады. 2008 жы­лы Бейжің Олимпиадасынан кейін ол кезінде түр­лі себептермен әуесқой бокстан кәсіпқой боксқа ауысқан спортшылардың да Олимпиадаға қатысуға толық құқы бар екенін айтып, осы жобаны әзірлеуге кірісіп кетті. Әзірше бұл жобаға Азия, Аф­рика, Америка мен Еуропа құрлық­тарынан 12 команда қатысып отыр. Соның ішінде Қазақстан сары құрлықта Үндістан, Әзірбайжан, Қытай елдерімен қолғап түйістіретін болады. Осы жобаға біз бірінші болып кірдік. Бізден кейін бәрі кірді. “Астана арландары” коман­дасында 17 жігіт бар. Олар бес салмақ бой­­­ын­ша күш сынасады. Жақында Лон­донда өткен конференцияда біз төрт легионермен келісім-шарт жасасып, оларды командаға алдырттық. – Ал біздің боксшылармен келісім-шарт қалай жасалды? – Келісім-шарттар белгілі бір мерзімге жасалады. Одан кейін оны ұзартуға болады. Боксшының жала­қысы 150 мың теңге.Сонымен бірге ол жекпе-жекте жеңіске жетсе, 5 мың доллар, ал жеңілсе 1000 доллар сыйақы алады. Команданың бапкері Бейбіт Есжанов, тағы бір бапкеріміз бар. Ол – Марат Мәзімбаев. Клубта 73 кг. салмақта өнер көрсететін Ол­им­пиада чемпионы Бақыт Сәрсек­баев пен басқа да танымал боксшы­лар бар. Әр құрлықта командалар 12 кездесуден өткізеді. Алтауы өз ала­ңында, ал қалғаны сырт алаңда өтетін болады. Біз Астанада үш, Алматыда үш жекпе-жек өткіземіз. Азия құрлығында жеңімпаз атанған командалар барлық айқастарын өткізіп болған соң Еуропа құрлы­ғының кубогымен кездеседі. Одан кейін келесі жылдың 11 мамыр күні финалдық сайыстар болады. Мұнда ең мықты деген боксшылар жекпе-жектерін өткізіп, сонда жеңімпаз атан­ғандар бір жарым жыл бұрын Олимпиадаға жолдама алады. Әңгімелескен Дастан КЕНЖАЛИН.
Соңғы жаңалықтар

Оқырман ойы: Игі істің дәнекері

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:40

«Egemen Qazaqstan» қалашығы

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:35

«Етжеңді» жобасы қалай өмірге келді?

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:30

Халық аңсаған хаттар

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:25

Қара шаңырақтың қасиеті

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:20