Шілде айында елімізде Қазақстан Бокс федерациясының бастамасымен спорттың осы түрінен кәсіби боксшылар арасында аталмыш федерацияның кубогы жолындағы алғашқы бәсекелердің басталғаны белгілі.
Бұл жарыс елімізде ғана емес, дүниежүзі бойынша алғаш рет өткізіліп жатыр. Басқа елдерде де осындай бәсекелер бар, әрине, бірақ оларда спорттың өзге түрінен өтетінін ескерте кеткіміз келеді. Сонымен, биылдан бастап елімізде кәсіби боксшылар арасында тұңғыш рет “Қазақстан Бокс федерациясының кубогы” жолындағы төрт дивизионға бөлінген жарыс бастау алды. Оның алғашқы жекпе-жектері газетімізде бұрын хабарланғандай, 17 шілде күні “Батыс” дивизионында өнер көрсететін командалар арасында Ақтауда, 24 шілде күні Атырауда өтсе, бүгін Астанада “Шығыс” дивизионына кіретін елорда мен Павлодар облысының командалары арасында өтеді. Жақында газетімізде тағы “Астана арландары” кәсіби боксшылар клубы туралы да жазылған еді. Биылғы жылы бокс алаңында болып жатқан осы жағымды жаңалықтар туралы жуырда біз Бокс федерациясының үйлестірушісі, “Astana Arlans” клубының бас директоры Болат Манкеновпен кездесіп, әңгімелеп беруін өтінген едік.
– Биылғы жылдан бастап Бокс федерациясының күнтізбесіне жаңа жарыстар енгізіліп отыр екен. Осы жарыстар туралы айтып берсеңіз. Оның қазақ боксы үшін қандай тиімді жақтары бар?
– Қазір біз осы жарысты кәдімгі әуесқой бокстың ережесіне сәйкес, 3 минөттен 3 раунд бойынша өткізіп келеміз. Осы жерде Бокс федерациясының президенті Тимур Құлыбаевтың аталмыш жарысты өткізуде көп еңбек сіңіргенін атап өткім келеді. Ол федерацияның есептік мәжілісінде бізге осындай сындардың керектігін, олар қазақ боксының бәсекелестігін арттыратынын айтқан болатын. Сол жиында республикалық федерацияның жүйесі, ұлттық құраманың жағдайы ғылым мен медицина саласы жан-жақты талқыланып, қазір осы мәселелер бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Осының нәтижесінде бүгінде федерацияның толық жүйесі құрылды, жұмысы реттеліп, төрт құрама жасақталды. Олар кез-келген жарыстарға қатыса алады. Бапкерлер мен боксшылар, төрешілер тиісті айлықтары мен сыйақыларын алып жүр.
– Қазір өңірлерде бокстың даму деңгейі қалай? Жаңадан өткізіліп жатқан жарыстың жергілікті жердегі спорттың осы түрін дамытуға қаншалықты пайдасы тиеді?
– Иә, “Қазақстан Бокс федерациясының кубогы” жаңа жоба. Ол дүниежүзіндегі ешбір елде жоқ. Мұның мәні неде? 2007 жылы мемлекеттік бапкер болып жүргенімде, мынандай статистикаға кезіккенім бар еді. Сол кезде өңірлерді аралап жүргенімізде елімізде 18900-ден астам жастардың бокспен айналысатынын, ал оларды 690 бапкер жаттықтырады деген ақпар алған едік. Бірақ, бір қызығы елімізде осыншама жастар бокспен айналысып жүрсе де ауыр және басқа салмақтарда бәсекелестік деген мүлдем болмаған еді ғой. Аталмыш жарысты өткізудің бір мақсаты осы мәселеге арналып отыр. Яғни, елімізде қанша адамның бокспен айналысып жатқанын, оларды қанша бапкердің жаттықтырып жүргенін білу. Құрғақ санға сенбей, бокстың жергілікті жерде дамуына көз жеткізу. Енді, 16 желтоқсан күні жарыстың шешуші айқастары өтеді. Сол кезде біз бокс туралы шын ақпараттарға көз жеткізетін боламыз. Ал жалпы, Бокс федерациясына Тимур Құлыбаев президент болып келгелі бері өңірлерде спорттың осы түрі жақсы дамып келеді. Егер бұрындары Қазақстан құрамасына кірмей қалған боксшылар бір жыл кезегін күтіп, жарыстардан сырт қалатын болса, қазір мұндай жағдай болмайтынына сенімдіміз. Аталмыш жарыстың негізгі мақсаты да осы, оны ел чемпионаты сияқты лайықты деңгейде өткізіп, талантты, жарыстарда бір ұпай санымен жеңіліп қалған боксшыларды сыртта қалдырмай, олардың сағын сындырмау үшін қайтадан өзін дәлелдеуіне жағдай жасау. Тағы бір мәселе, өңірлерде ішкен асын жерге қоятын, бокс десе делебесі қозатын жанкүйерлерді көбейту мәселесі бар.
– Дұрыс екен. Енді “Астана арландары” немесе “Astana arlans” клубы туралы айтып берсеңіз. Бұл жобаны жасау көптен бері ойларыңызда болды ма?
– Бұл AІBA мен ІMG компаниясының бірлескен жобасы. Нақтырақ айтсақ, Халықаралық әуесқой Бокс федерациясының президенті доктор Ву мырзаның бастамасымен жасалған жоба деуге болады. 2008 жылы Бейжің Олимпиадасынан кейін ол кезінде түрлі себептермен әуесқой бокстан кәсіпқой боксқа ауысқан спортшылардың да Олимпиадаға қатысуға толық құқы бар екенін айтып, осы жобаны әзірлеуге кірісіп кетті. Әзірше бұл жобаға Азия, Африка, Америка мен Еуропа құрлықтарынан 12 команда қатысып отыр. Соның ішінде Қазақстан сары құрлықта Үндістан, Әзірбайжан, Қытай елдерімен қолғап түйістіретін болады. Осы жобаға біз бірінші болып кірдік. Бізден кейін бәрі кірді. “Астана арландары” командасында 17 жігіт бар. Олар бес салмақ бойынша күш сынасады. Жақында Лондонда өткен конференцияда біз төрт легионермен келісім-шарт жасасып, оларды командаға алдырттық.
– Ал біздің боксшылармен келісім-шарт қалай жасалды?
– Келісім-шарттар белгілі бір мерзімге жасалады. Одан кейін оны ұзартуға болады. Боксшының жалақысы 150 мың теңге.Сонымен бірге ол жекпе-жекте жеңіске жетсе, 5 мың доллар, ал жеңілсе 1000 доллар сыйақы алады. Команданың бапкері Бейбіт Есжанов, тағы бір бапкеріміз бар. Ол – Марат Мәзімбаев. Клубта 73 кг. салмақта өнер көрсететін Олимпиада чемпионы Бақыт Сәрсекбаев пен басқа да танымал боксшылар бар. Әр құрлықта командалар 12 кездесуден өткізеді. Алтауы өз алаңында, ал қалғаны сырт алаңда өтетін болады. Біз Астанада үш, Алматыда үш жекпе-жек өткіземіз. Азия құрлығында жеңімпаз атанған командалар барлық айқастарын өткізіп болған соң Еуропа құрлығының кубогымен кездеседі. Одан кейін келесі жылдың 11 мамыр күні финалдық сайыстар болады. Мұнда ең мықты деген боксшылар жекпе-жектерін өткізіп, сонда жеңімпаз атанғандар бір жарым жыл бұрын Олимпиадаға жолдама алады.
Әңгімелескен Дастан КЕНЖАЛИН.