31 Шілде, 2010

Мал шаруашылығын дамытудағы маңызды қадам

3643 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Кеше Астанада І халықаралық “Kazmeat&Mіlk 2010” атты мал шаруашылығы  форумы мен отандық ет өндірушілердің құрылтай съезі болып өтті Ауыл шаруашылығы мини­стр­лігінің ресми қолдауымен “Қаз­агромаркетинг” АҚ ұйым­дас­тырған форумда еліміздің мал шаруашылығы саласын дамы­ту­дың, осы саланың халық­аралық ұйымдарымен әріптестік қа­тынасын нығайтудың өзекті мәселелері талқыланды. Оның жұмысына Бүкіләлемдік сауда қоғамдастығының, Экономика­лық қарым-қатынас және даму қоғамдастығының өкілдері, отандық және шетелдік мал өсіру­шілер мен мал өнімдерін өнд­ірушілер ассоциацияларының басшылары, алдыңғы қатарлы әлемдік және қазақстандық мал шаруашылығы саласының өнім­дерін экспорттаушылар, мал ша­руашылығы өнімдерін өндіруші­лер және қайта өңдеушілер, Қазақстан, Ресей, Беларусь, Еуропа және Канаданың іскерлік топтарының өкілдері қатысты. Форум жұмысын Ауыл шаруа­шы­лығы министрі Ақылбек Кү­рішбаев қысқаша кіріспе сөзбен ашты. Қазақтың байтақ даласы ежелден бері мал өсіруге қолайлы қоныс болғандығын, сондықтан ата-бабамыз осы кәсіп түріне ерекше мән беріп, оны ғасырлар бойы тіршілігіне басты таяныш етіп келгендігін еске алған ми­нистр ендігі кезекте осы саланы заманға сай дамытудың жаңа мүм­кіндіктері қалыптаса баста­ған­дығын атап көрсетті. Еліміз алғаш нарықтық қатынасқа көшіп, шаруашылық жүргізудің бұрынғы жүйесі бұзылған тұста сала құл­ды­рауды бастан кешкенімен соң­ғы уақыттары мал шаруашы­лы­ғын дамыту мәселесіне мемлекет үлкен көңіл бөлуде. Соған сәйкес мал басының өсімі мен оның өнімі жылдан-жылға молайып келеді. Мұның өзі саланың ке­ле­шек дамуына негіз қалау үшін мал шаруашылығы өнімдерінің экспортын мейлінше жандан­дыру­ды қажет етеді. Сондықтан бүгінгі халықаралық форумның күн тәртібіне мал шаруашылығы кәсіпорындарының өндірістік тиімділігін жоғарылату, отандық селекцияны дамыту, мал шаруа­шылығының азық базасын жақ­сарту, мал шаруашылығы өнім­дері­нің сапасын арттыру, отандық баламалы мал шаруашылығында жүргізілетін әлемдік тәжірибенің әсер етуі, малдың және мал ша­руашылығы өнімдерінің логисти­касы секілді өзекті мәселелер қойылып отыр. Форумда негізгі баяндаманы Ауыл шаруашылығы министрлігі­нің жауапты хатшысы Евгений Аман жасады. Ол өз сөзінде Ауыл шаруашылығы министрлігі елі­міз­дің агроөнеркәсіп кешенін дамыту стратегиясында мал ша­руашылығын дамытуға ерекше кө­ңіл бөліп отырғандығын, өйт­кені мал шаруашылығы саласы өсімдік шаруашылығынан маңы­зы жағынан бірден бір кем емес екендігін, өсімдік шаруашылығын дамытуға осыған дейін өзге са­ла­ларға қарағанда, басымдық беріліп келгенімен ендігі кезекте мал ша­руашылығының алдынан да даму­дың жақсы мүмкіндіктері ашы­лып отырғандығын, бүгінгі күні бұл саланың да ішкі жалпы өнім­ге қомақты үлес қосып отырған­ды­ғын айтып өтті. “Бұл салаға қажетті деңгейде көңіл бөлетін бол­сақ, оның экспорттық әлеуе­тін арттыруға болатынына көз жет­кізіп отырмыз. Бізде мал өнім­дерін өткізетін нарық та бар. Ендігі әңгіме мал шаруашылығы саласының бәсекеге қабілеттілігін арттыруда. Министрлік агро­өнер­кәсіптік кешенін дамыту стра­тегиясында осы мәселеге жіті көңіл бөлуде”, – деді жауапты хатшы. Баяндамашының сөзіне қара­ған­да, бүгінде елімізде 6 мил­лион­­нан астам ірі қара, 17,5 мил­лион қой, 1,5 миллионға жуық жылқы, 155 мың түйе, 33 мил­лион құс, сондай-ақ 1,3 миллион шош­қа бар екен. Бұл көрсеткіш 2000 жылдардың басындағы дең­гейге қарағанда, 1,5 есеге артық. Де­ген­мен, қазіргі кездегі мал ша­руашылығының даму қарқыны мен оның өнімділігі нақты мүмкіндіктерге сәйкес келмей отыр. Мұның  бірнеше себептері бар. Е.Аман осы мәселелерге нақ­ты тоқталды. Бүгінде малдың 85 пайызы жеке иеліктер мен үй шаруашылықтарында шоғырлан­ғандығын, бұл өз кезегінде мал шаруашылығын қазіргі заманғы технологиялар негізінде дамытуға мүмкіндік бермей келе жатқан­ды­ғын, өнімнің сапасы төмен болуы да нақ осы мәселеге байланысты екендігін тілге тиек етті. Екінші себеп мал шаруашы­лы­ғындағы өнім өндіру ісінің маусым­дық сипатына байланыс­ты. Яғни, бұл салада өнім өн­дірудің жүйелігі әр кезеңде бірдей емес. Соның салдарынан сала әр ай сайын рынокқа тұрақты өнім көлемін бере алмай келеді. Ба­ға­ның ауытқымалы сипаты нақ осы мәселеге тығыз қатысты болып отыр. “Үшінші себебіне тоқталатын болсақ, малдардың генетикалық әлеуеті төмен деңгейде. Бүгінде бізде ірі қара тобындағы асыл тұ­қымды малдың үлесі тек қана 5,6 пайызды құрайды. Бұл көрсеткіш дамыған елдерге қарағанда, он есе кем. Осындай жағдай малдың басқа түрлері бойынша да қа­лыптасып отыр”, – деп атап өтті жауапты хатшы. Мал шаруашылығы саласын дамыту үшін жаңа бағытта сала­лық заңнама базасын жетілдіру және оларды халықаралық нор­ма­лармен үйлестіру, өндірістік негізде жұмыс атқаратын, мал шаруашылығы өнімдерін ішкі және сыртқы нарыққа тұрақты шығарып отыратын мамандан­ды­рылған орта және ірі шаруашы­лық­тарды құру, мал шаруа­шылығы өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен мал азығы қорын күшейту жөнінде кешенді іс-шаралар жүргізілуде. Сонымен қатар ынталандыру шараларын әзірлей отырып, саланы ірілен­ді­руге, оны өндірістік негізге қою арқылы малдың генетикалық әлеуетін жоғарылатуға бағыт­тал­ған мемлекеттік қолдаудың тиімді және айқын тетіктері жасалған. 2015 жылға қарай 35 заманауи бордақылау алаңының,  30 сүт ке­ше­нінің, 6 бройлерлік құс фаб­ри­касының құрылысын аяқтау жоспарлануда. Қолда бар мал басын асыл­дан­дыру мақсатында 2009 жылдан бері елімізде ұдайы өндірісті жеделдету арқылы және бірыңғай ақпараттық деректер базасының селекциялық бірыңғай басқару жүйесін құру мақсатында ірі көлемді селекция бағдарламасы жүзеге аса бастады. 2011 жылдан бастап Қазақ­станда алғаш рет өнімділігі жоғары етті бағыттағы  ірі қара малды сатып әкелу, сондай-ақ солардың негізінде ұдайы өндірісті жеделдету бойынша репродуктивті шаруа­шы­лықтарды құру жоспарланған. Осыған орай, Ауыл шаруа­шы­лығы министрлігі, “Қазагромар­ке­тинг” АҚ және “Мал шаруашы­лығы мен ветеринариясының ғылыми-инновациялық орталығы” ЖШС бизнес құрылымдарының,  қоғамдық бірлестіктердің, ғылыми және мемлекеттік ұйымдардың  өкілдерінің кездесуін ұйымдастыру арқылы мал шаруашылығы саласы­ның жағдайын жан-жақты қарас­тыру, болашақ дамуын анықтау ісі өзекті бола түскендей. Сонымен қатар форумда кез кел­ген меншік түрі бойынша алсақ та мал шаруашылығы өнімдерін өндірудің тиімділігі көп ретте іс-қимылды бірлестіруге байланысты болып келетіндігі, ендігі кезекте сала бойынша бір одаққа біріге отырып жұмыс істеудің жемісті болатындығы туралы көп айтылды. Түстен кейін форумның пле­нар­лық мәжілісінде мал шаруашы­лығын дамытудың мәселелері одан әрі талқыланды. Мал шаруашы­лығы және ветеринария ғылыми-инновациялық орталығының бас директоры Айбын Төреханов “Мал шаруашылығындағы кең көлемдегі селекция: артықшылықтары мен перспективалары” деген тақырыпта тартымды баяндама жасады. Онда отандық селекцияның қазіргі жағ­дайымен қатар әлемдік тәжіри­белерге талдау жасалды. Сондай-ақ канадалық “Alte Genetіcs” компаниясының халық­ара­лық менеджері Борис Борисла­вович пен белоруссиялық Мал шаруашылығы ғылыми өндірістік орталығының директоры Иван Коронецтің солтүстік америкалық және беларустық селекциялық тәжірибелерді ортаға салған баян­дамалары да көпшілік көңілінен шықты. Мәжілісте басқа да мамандар мен қонақтар сөз алып, саланы дамытудың толғандырған мәселелері мен әдіс-тәсілдерін өз тараптарынан баяндады. *   *   * Осы күні форум аясында отан­дық ет өндірушілер мен өңдеуші­лердің алғашқы құрылтай съезі болып өтті. Оны “Қазақстанның ет одағы” қауымдастығының белсенді жеке және заңды тұлғалары ұйым­дастырды. Осы съездің ашылуында қысқа­ша баяндама жасаған “Қазақстан­ның ет одағы” басқармасының төр­ағасы Иван Сауэр бұл құрылым­ның бірте-бірте бірігу сатысын бастан кешіріп отырғандығын, қазіргі күні оның мүшелерінің саны 30-ға жеткендігін, ендігі кезекте оны заңды деңгейге көтеру мүм­кін­дігі пайда болғандығын айта келе, еліміздегі тиімді жұмыс істеп жат­қан кәсіпкерлік бірлестіктер мен одақтардың тәжірибесіне тоқталды. Соның ішінде өз қатысушылары үшін әлемдік рынокқа шығуға ғана емес, сонымен қатар әлемдегі ірі экспорттаушы ретінде қалып­тасуына қызмет көрсетіп отырған Қазақстанның астық одағы мен қатысушылардың бірлескен мүдде­лерін білдіріп, Үкіметпен тиімді әріптестік қатынас орнатудың жо­лын айқындап, осы арқылы ұйым­ның дамуына айтарлықтай ықпал еткен Құс өсірушілер одағының жұмыстары үлгі етілді. Енді осын­дай ықпалды қоғамдық бірлестік ет өндірушілер мен өңдеушілер үшін де қажет болып отыр. Съезде сөз сөйлеген “Атамекен” одағы” ұлттық экономикалық пала­та­сының атқарушы директоры Берік Дүйсенбинов, Ауыл шаруа­шылығы министрлігінің Мал ша­руашылығы департаментінің ди­ректоры Рабиға Тоқсейітова, “Ижевск” өндірістік кооперативі­нің бас директоры Ибрагим Жан­ғоразов және басқалар осындай ұйымның құрылуына қолдау білді­ретіндіктерін жеткізді. Сөйтіп, ал­ғашқы құрылтай съезінің депутат­тарының бірауыздан шешім қабыл­дауымен “Қазақстанның ет одағы” аталатын бірлестік заңды негізде дүниеге келіп, оның басқарма мүшелері сайланды. Сондай-ақ осы съезд бары­сында осы одаққа қосылуға тілек білдірушілер саны едәуір артып, оның құрамы жаңа ұйымдар, ауыл шаруашылығы субъектілерімен толықты. Сұңғат ӘЛІПБАЙ. ---------------------------------- Суреттерді түсірген  Орынбай БАЛМҰРАТ.