Бұрындары жаз шығысымен төрт түлік өсірген малшы қауымы көш түзеп, шалғыны белден келетін, таза ауа мен тұнық сулы тауды жағалайтын еді. Нарықтың өтпелі кезеңінде олар осы үрдістерінен жаңылып, шамасына, көрпесіне қарай көсілді. Қиындыққа қарамастан, бірін екі етсе, соңғы жылдары мал саны өсіп, өріс талғайтын, шұрайлы жайылым іздейтін кез де келіпті. Демек, шөбі шүйгін жайлау төрі олар үшін таптырмайтын мекен болғандықтан жаз қызығы осында жалғасуда.
Той – қазына, дейтін халқымыз осы кезде бас қосып, қыстан аман-есен шыққанын, өрісі малға толғанын атап өтетін дәстүрлі жайлау тойын мерекелейтіні бар. Еңбекшіқазақтық малшылардың осындай мерекесіне биыл Талғар ауданындағы әріптестері де қосылыпты. Асы жайлауындағы шопандар кеңесіне облыс әкімі Серік Үмбетов, Парламент Мәжілісінің депутаттары мен бауырлас Түркия елінен келген бір топ қонақтар қатысып, оның мерейін әрлендіріп, тау бөктері қызық-тамашаға толды.
Аудан орталығынан 80 шақырым қашықтықтағы жол күрделі жөндеуден өтіп, қатынас жақсарған. Жайлау төрінде 240 мыңнан астам қой-ешкі, 40 мың ірі қара, 15 мың жылқы бағылып, күтілуде. Елбасының тапсырмасына сай халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыс жанданып, мал басын өз төлі есебінен өсіру бағытындағы жұмыстардың тиянағы келтірілуде. Сондықтан да болар жиын барысында агроөнеркәсіптік кешенді дамытудағы еңбек өнімділігін арттыру, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен экспорттық әлеуетті жетілдіру бағытындағы жұмыстардың тиянағы келтірілгені сөз болды. Өткен жылы саладағы жалпы өнім 220 млрд. теңгені құраған. Ал, биылғы 6 айда 63 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, әр жүз аналықтан айтарлықтай төл алынғаны да табыстың тай қазаны тасығанының дәлелі.
Қазіргі кезде өңірде түлік санына шаққанда асыл тұқымды малдың үлесі артып, қолда бар тұқымның генофондын сақтауда да нәтижелі жұмыстар қолға алынған. Атап айтқанда, өңірде 152 асыл тұқымды мал шаруашылығы жұмыс істейді. Саланы дамытуға мемлекеттен жанды көмек көрсетіліп, биылғы жылы аталған салаға республикалық бюджеттен 302,3 млн. теңге көлемінде субсидия бөлу көзделіпті. Оның 242,1 млн. теңгесі асыл тұқымды мал сатып алуға, 42,4 млн. теңгесі асыл тұқымды балапан шығаратын жұмыртқа алуға, 17,8 млн. теңгесі ірі қара малын ұрықтандыруға жұмсалмақшы.
Биылғы жылы мал өнімдерін жақсартып, сапасын арттыруды субсидиялауға республикалық бюджеттен 3 млрд. 859,4 млн. теңге қарастырылса, оның тең жартысы игерілгені қуантады. Мұндай жеңілдікті “Адал”, “Айдарбаев” шаруашылықтары пайдаланып, бүгінде тұтынушы талабын қанағаттандырып отыр. Нәтижесінде ет пен сүттің көпшілігі өңдеуден өткізіліп келеді. Өңірде тауарлы сүт фермасы, балық өңдеу зауыты, сүт қабылдау мен көкөніс, жеміс-жидек қоймалары, тағы басқа орындар жұмыс істеп тұр. Осындай іргелі істерді өз сөзіне арқау еткен облыс басшысы мал шаруашылығын өркендетудегі өзге де маңызды мәселелерді егжей-тегжейлі ортаға салды.
Жиында аудан әкімі Әлихан Тойбаев, Қаражота селолық округінің әкімі Әбілбек Айтақынов, шаруа қожалығының басшысы Бешен Доғалов және басқалар Мемлекет басшысының мал шаруашылығын өркендетудегі алға қойған міндеттерін жүзеге асыру қажеттігін ортаға салып, кейбір мәселелерді де атап өтті.
Көк майсалы жазықтағы дүбірлі тойды малшы қауым асыға күткені бірден байқалады. Қыстан аман-есен шығып, малын төлдетіп, қырқымын өткізген жұрт бір-бірімен көрісіп, мәре-сәре. Шопандар қуанышын бөліскен Парламент Мәжілісінің депутаттары Уәлихан Қалижан, Зағипа Балиева осы өңірдің азаматтары болса да Асы жайлауына алғаш көтеріліпті. Малшы қауымының бүгінгі жағдайын білген халық қалаулылары Жетісу жеріндегі мал шаруашылығының жақсарып, мал тұқымын асылдандырудағы жақсы істерді көздерімен көріп, байқағанын да жасырмады.
Тәуелсіздігімізді ең бірінші болып қарсы алған елден шопандар мерекесіне депутаттар, әкімдер мен кәсіпкерлер қатысты. Жер жаннаты Жетісудың тамаша табиғатына тамсана қараған қонақтар Түркияда мұндай мерекенің жоқ екенін айтады.
Озат шопандардың еңбегін бағалаған облыс басшысы әріптестерінен оза шапқандарды Құрмет грамотасы, Алғыс хат және бағалы сыйлықтармен марапаттады. Ауыл шаруашылығын өркендетуде Қанат Үмбеталиев, Нұрлан Мұхамеджанов, Ұлдахан Құрманжанов және тағы басқа бір топ майталмандардың маңдай тері арқасында ауданның ғана емес, облыстың көрсеткіштерін еселеудегі еңбектері ерекше аталды.
Осыдан он жыл бұрынғы Асымен бүгінгі Асыны салыстыруға мүлдем келмейді. Өткен жылы қалталы азаматтар шопандарға Алланың үйі – мешіт салса, енді олар бес уақыт намазын оқып, мінәжат етуде. Шопандардың төл мерекесінде жылжымалы поштаның жұмысы жанданды. Енді жайлаудағы жұрт хат-хабар алмасу үшін ауылға барып әуреленбейді. Арнайы автокөлік малшы қауымын аралап, қажет заттарын жеткізіп, өз қызметін ұсынады.
Заман өзгеріп, ұмыт болған дүниелердің жаңаша жаңғыруын шопанның ақ таяғын ұстаған ағайын да құба-құп көруде. Мәселен, 72 жастағы Құдайберген ақсақалдың Асыда ата кәсіпті жалғастырғанына 55 жыл болыпты. Нәсібін ата кәсіптен айырған қария қыстауға, көктеуге, жайлауға шығып, күздеуге келетін халқымыздың көшпелі дәстүрін жалғастырған жандардың бірі. Жастарға айтары, үйретері мол тақуа жан.
Қазақ халқының әр қуанышының ажырамас бөлігі ұлттық ат спорты ойындары десек, жайлау төрінде ат жарыстырып, жүлдегерге бәйге тіккен ағайын палуан күрестіріп, көкпар тартысты. Тіпті, боз кілем үстіндегі үлкен мен кішінің күш сынасуының өзі қандай жарасымды. Жеңімпаздар қаржылай сыйлықтармен марапатталды. Қауымның қуанышын қазақ эстрадасының жұлдыздары да еселей түсті. Олар биік сахнадан гөрі қалың жұрттың арасында ән айтуды жөн көргені де жарасымды еді.
Малшылар кеңесін әр аудан өзіндік реңкімен, салтанатымен атап өтуде. Облыс басшысының мұндай тойды облыстық деңгейде өткізсек деген ойын малшы қауымы қолдады. Демек, жайлаудағы тойдың жалғасы бар. Ол Жетісудағы еңбек майталмандарын біріктіретіні де анық.
Күмісжан БАЙЖАН.
Алматы облысы.