Бүгінде Қазақстан, Ресей және Беларусь мемлекеттері арасында Кеден одағының құрылғанына бір ай толып отыр. Бұл бағытта бірлескен іс-қимылдар мен өзара қарым-қатынастарды реттейтін Кеден кодексі талаптары қалай орындалуда? Еліміздегі бақылау-өткізу бекеттері кеден көкжиегіндегі жаңа талаптар мен міндеттер мүддесінен шыға алып отыр ма? Батыс Қазақстан облысы бойынша кедендік бақылау департаментінің бастығы Ә.Мауқұлов пен тілшіміздің әңгімесі осындай бағытта өрбіді.
– Әмірхан Әбенұлы, Кеден одағы мен Кеден кодексіне енгізілген соңғы өзгерістерге сәйкес бұдан бір ай бұрын, яғни биылғы жылдың 1 шілдесінде одаққа мүше мемлекеттер арқылы тасымалданатын тауарлар мен көлік құралдарын кедендік ресімдеу жойылды. Сондай-ақ, жолаушылардың кедендік декларациясын толтыру және көлік құралын кері шығару туралы міндеттемелер де алынып тасталды. Сондықтан да халық арасында: “Ендігі жерде кеденшілер не бітірмек, қол қусырып қарап отыра ма” деген түсінік те жоқ емес. Бұған не дейсіз?
– Кеден одағы жағдайында кеден органдарының атқаратын міндеттері өспесе кемімейді. Бүгінгі таңда республикадағы кедендік бақылау-өткізу бекеттері арқылы заңмен шектеу қойылған психотроптық, улы, радиоактивті, жарылғыш заттардың, есірткінің, әскери техника мен қару-жарақтың ел аумағына тасымалданбауын бақылап, азаматтар мен автокөліктерді тіркеуді жүзеге асырады. Алынған мәліметтер салық мекемелеріне жолданады. Қазір еліміздің салық органдары да Кеден одағы жағдайында толықтай жұмыс істеуге кірісіп кетті. Қаржы министрлігі Салық комитеті төрағасының орынбасары Ардақ Теңгебаевтың мәлімдеуінше, бүгінгі таңда мемлекет бюджетіне миллиард теңгеден астам салық төлемдері түскен.
Бұл күндері шекаралық өңірде орналасқан батысқазақстандық кеденшілер де Ресей мен Беларусь елдеріндегі әріптестерімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуде. Мұнда ең алдымен жүйелі түрде ақпараттар алмасуға баса көңіл бөлінген. Сонымен бірге мүмкіндігіне қарай әріптестермен Кеден одағы шеңберіндегі бірлескен іс-қимылдар туралы пікірлесіп отыруға тырысамыз.
– Одаққа мүше елдер арасындағы барыс-келіс пен жаңа жағдайда көлік құралдарын өткізу мен тасымалдау тәртібі жөнінде қандай мысал келтіре алар едіңіз?
– Алысқа бармай-ақ бұған Орал-Бұзылык тас жолы бойында орналасқан “Шаған” бірыңғай автокөлік өткізу бекетінің қызметі арқылы бірнеше оң мысалдар келтіруге болады. Әлгіндей өзіңіз айтқан одаққа мүше елдер арасындағы барыс-келістің барынша оңайлатылғаны мен қарапайымдатылғанына да осы бекеттің бүгінгі тыныс-тіршілігі куә.
Қазір мұнда автокөліктер шекарадан өту үшін бұрынғы кездегідей ұзын-шұбақ кезекте тұрмайды. Кедендік ресімдеулердің жойылуына байланысты уақыт та біраз үнемделді. Әсіресе бұрын жүк көліктері Ресейдің көршілес Орынбор және Самара облыстарына қатынау үшін аталмыш бекетте 1,5-2 сағат қаңтарылып тұратын. Қазір көлік құралдарын тіркеу бас-аяғы 15-20 минөтте аяқталады. Әсіресе батысқазақстандықтар шекарадан өту тәртібінің барынша жеңілдетілгеніне қуанышты.
Ресейдің өнеркәсібі жоғары дамыған аймақтарымен қарым-қатынасты едәуір жақсартатын Орал-Бұзылық тас жолының бойындағы “Шаған” кеден бекеті облыстағы ең жақсы жабдықталған автобекеттердің бірі. 2009 жылдың күзінен бастап жұмыс істейтін екі жақты бақылау-өткізу бекетінің басты ерекшелігі – мұнда тексеру жұмыстары жедел атқарылады.
Бекетте көлік қозғалысына арналған сегіз қатар бар. Қос бірдей “Хайскан” жүйесі инспекторларды жолаушылар сөмкелерін қолмен ақтару азабынан арылтқан әмбебап қондырғы. Яғни оның ішіндегі түрлі бұйымдарды рентгеннің көмегімен оп-оңай анықтауға болады. “Янтарь 1 А” стационарлық радиациялық жүйесі, металлдетекторлар, “Трак-Т” деп аталатын электронды автомобиль таразылары және өзге де техникалық құралдар бекеттің өткізу әлеуетін көтереді.
Одақ жұмыс істей бастаған аз уақыттың ішінде департаментке қарасты барлық кедендік өткізу бекеттері арқылы өткен көлік құралдарының 6398-і Ресейге, 6270-і Қазақстанға тиесілі. Сонымен қатар жалпы құны 3,4 миллиард теңгені құрайтын сан-алуан тауар ел аумағына кіргізіліп, жалпы құны 6,4 миллиард теңгенің тауары керісінше ел аумағынан шығарылған.
Тағы да “Шаған” бекетінен алынған мәліметке сүйенсек, көршілес Ресеймен арадағы тауар айналымының күрт өсуі байқалады. Егер 2009 жылы тауар айналымы 40 пайызды құраса, биылғы алғашқы жартыжылдықтың ішінде ол 45 пайызға көбейген. Ал өзгертілген Кеден кодексі күшіне енген алғашқы 15 күн ішінде ресейлік тауардың үлес көлемі 58 пайызға артқан. Негізінен бұл үлес картоп пен сүт өнімдері, көлік дөңгелектері мен ауыл шаруашылығы техникасы, құрылыс материалдары мен металл бұйымдарына тиесілі. Алғашық жарты- жылдықта 278 миллион 802 мың теңге кеден төлемдері мен кеден салығы бюджетке түсті. Бекеттен әрлі-берлі өткен 62490 адамның 30060-ы облысқа келушілер болса, 32430 адам Ресей аймағына өткен.
– Батыс Қазақстан облысына іссапары кезінде республика Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов облыс кеденшілерімен кездескені белгілі. Осы кездесулер кезінде Үкімет басшысы қойған міндеттер жөнінде не айтар едіңіз?
– Кәрім Қажымқанұлы Кеден одағының тиімді екенін республика тұрғындары қазірдің өзінде сезініп отырғанын мәлімдеді. Бұдан әрі ол алда шешімін күтіп тұрған мәселелер де аз емес дей келе, ел кеденшілері бірінші кезекте мемлекет мүддесін қорғауға бағыт ұстауы қажеттігі туралы сөз қозғады. Сондықтан Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес Кеден одағының қызметін одан әрі тереңдетіп, өз ұстанымымызды одан әрі бекіте түсу қажеттілігін жеткізді.
Әсіресе, Батыс Қазақстан облысы мен Ресейдің көршілес облыстары арасында кооперациялық байланыс жүйесін дамытуға баса көңіл бөлу керек. Тек батыс өңірде ғана емес, еліміздің барлық аймақтарында сауда-саттық саласы мен кооперацияларды дамытып, сырттан инвестициялар тарту үшін Кеден одағының әлеуетін мейлінше тиімді пайдалануымыз қажет, – деп түйін жасады сөзінің соңында Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Темір ҚҰСАЙЫН.
Батыс Қазақстан облысы.