АЗАМАТТАР ҚҰҚЫҒЫНЫҢ ТІРЕГІ
Қазақ елі көптен күткен еркіндік кеңістігіне зор құлшыныспен әрі белсене қадам басты. 1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялап, 1992 жылдың соңына дейін бұл шешімді іске асыру кезеңдерін бастады. Терең талқылау, салиқалы сараптау барысында біртұтас Қазақстан азаматтығы, тәуелсіз экономикалық жүйе, қаржы-несие, салық және кеден мәселелері, Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері белгіленді. 1992 жылы 4 маусымда мемлекеттің Туы, Елтаңбасы, 11 желтоқсанда Әнұранның жаңа мәтіні бекітілген. 1992 жылы Қазақстан БҰҰ-ға мүше болып қабылданды, 29 қыркүйекте қазақтардың Бірінші дүниежүзілік құрылтайы ашылды.
1993 жылы қаңтарда тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Конституциясы қабылданды. Осыдан кейін Қазақстанның сыртқы елдермен қатынасы күшейді. Ал 1995 жылдың наурызынан бастап егемендіктің тағы бір белесі басталды. Ол еліміздің Конституциялық Сотын танумен, Жоғары Кеңестің депутаттарының өкілеттілігіне қол сұғылмайтындығымен, Қазақстан халқы Ассамблеясының ашылуымен ерекшеленді.
1995 жылы 30 тамызда Бүкілхалықтық референдум өткізіліп, нәтижесінде Қазақстанның жаңа Конституциясы қабылданды. Дауыс беру еліміздің қалалары мен ауылдарындағы 10253 сайлау учаскелерінде жүрді. Бұл Конституцияның 1993 жылғы Конституциядан айырмашылығы, оның мазмұнының сапасында еді. Жаңа Конституцияға алғаш рет азаматтың құқығына қатысты ғана емес, адам дүниеге келген сәттен бастапқы кепілді құқықтарына қатысты нормаларға байланысты болды. Бұл орайда Қазақстан Республикасының Президенті саяси жүйенің басты тұлғасы болып табылады және билік тармақтарынан жоғары тұрады. Сөйтіп, президенттік басқару жүйесіндегі мемлекет қағидаттарына сай Парламент туралы конституциялық бөлім өзгерістерге ұшырады.
Ағымдағы жылдың 30 тамызында тәуелсіз еліміздің Конституциясының қабылданғанына 15 жыл толғалы отыр. Конституция – мемлекеттің Негізгі Заңы. Ол ең алдымен елдегі адам мен азаматтың құқықтарын, бостандықтарын жариялайтын, оларға кепілдік беретін, елдегі әлеуметтік құрылыстың негіздерін, басқару мен мемлекеттік құрылымның нысанын, орталық және жергілікті билік органдарының негіздерін, олардың құзыреті мен өзара қарым-қатынастарын, мемлекеттік рәміздерді және астананы айқындайтын өкімдік акт. Актілердің немесе конституциялық рәміздердің жиынтығы – барлық басқа заңдарға қатысты жоғары күшке ие Заң.
Қазіргі кезде Парсы шығанағындағы кейбір абсолютті монархиялық елдерде (Сауд Арабиясында, Оманда) ғана конституция жоқ. Конституция мемлекеттің бастапқы саяси және құқықтық құжаты болып табылады. Ол қоғамның өмір сүруінің саяси нысанын, мемлекеттік органдардың жүйесін құрып, орнықтыратын, олардың қалыптасу тәртібі мен жұмыс істеу тәсілін белгілейтін, азаматтың бостандықтары мен құқықтарын баянды ететін ұзақ мерзімдік қолданыстағы басты құжат. Бұрынғы Конституцияда межеленген мақсатқа қол жеткізілгенде, қоғамның алдына жаңа міндеттер қойылғанда ғана жаңа Конституция қабылдау қажеттігі туындайды. Көбінесе Конституция қағидалары тікелей қолданыста болады.
Тәуелсіз мемлекеттің жаңа Конституциясының кіріспесінде Қазақстан халқының бостандық, теңдік мұраттарына адал екендігі паш етілген. Жалпы ережелер аталатын 1-бөлімде Қазақстан Республикасының стратегиялық бағыты, демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуетті мемлекет құру негізделді. Сондай-ақ, жүзеге асыратын қызметтің негізгі қағидаттарын бекітті. Онда қоғамдық келісім, елдегі саяси тұрақтылық, елдің экономикалық дамуға бағытталуы қазақстандық патриотизм—отансүйгіштік, мемлекет өмірінің мейлінше маңызды мәселелерін демократиялық жолмен шешу қағидалары, мемлекеттік биліктің біртұтастығы мен тармақтарға бөлінуі, тағы басқалар айқындалған.
“Адам және азамат” деп аталатын бөлімде адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтары баян етілген, азаматтық қатынастарды реттейтін нормалар мазмұндалған. “Президент” бөлімінде президенттік басқару нысанындағы мемлекет болып табылатын Қазақстан Республикасындағы Мемлекет басшысының немесе Елбасының мәртебесі мен құзырлы өкілеттігі жан-жақты сипатталған. Ал Парламентке қатысты бөлім Қазақстан Республикасының заң шығару қызметін жүзеге асыратын жоғары өкілдік органы – қос палаталы Парламенттің өкілеттігі, оның депутаттарын сайлау қағидалары және депутаттардың өкілеттігі, құқықтық жағдайы мен мәртебесі, Парламенттің ұйымдастырылуы мен қызмет етуі, таратылу мүмкіндіктері негізделген. “Соттар және сот төрелігі” бөлімінде мемлекеттік билік тармағының бірі болып табылатын тәуелсіз сот билігін жүргізу, сот төрелігін жүзеге асыру, сотта іс жүргізу нысандары мен сот жүйесі тұжырымдалған.
Қазақстанның әр азаматы ҚР Конституциясын, оның ішінде өз құқықтары мен міндеттерін бұлжытпай орындауға міндетті. Алайда, нақты өмір ағымында негізгі заң талаптарын бұзушылық фактілері кездесіп жатады. Оның себептері де әртүрлі. Бірқатар азаматтар өз құқықтарын білмеуден сүрінсе, енді бір тұлғалар заң қағидаларын біле тұра оны бұзуға жол береді. Қандайда болсын, тәртіп бұзушылық, басқа да қылмыс жасаған адамдар сот органдарының алдында жауап береді.
Елімізде қазіргі кезде қолданыстағы заң ережелерін орындамау – Конституция баптарын бұзу деген сөз. Өйткені Қазақстан Республикасында қабылданған заңдардың бәрі Негізгі Заң – Конституцияға сәйкестендірілген. Бүгінде үй мүліктерін ұрлау, адамдарды соққыға жығып, киім-кешектерін тартып алу, мал ұрлау, кісі өлтіру қылмыстары орын алып жатады. Қылмысты мас күйінде жасаушылар да кездеседі.
Қолданыстағы Конституцияның 75-бабында Қазақстан Республикасында сот төрелігін тек сот қана жүзеге асырады деп көрсетілген. Ал 77-бапта судья сот төрелігін іске асыру кезінде тәуелсіз, ол Конституция мен заңға ғана бағынады делінген. Ата Заңымызда көрсетілгендей, бұл бір жағынан судьяларға мәртебе десек, екінші жағынан ол үлкен жауапкершілік жүктейді.
Сондықтан да судьяларға қателесуге болмайды.
Әртүрлі жағдайда сот алдында жауап беретін адамдардың ішінде өзінің Конституциялық құқықтарын білмейтіндері де жиі кездеседі. Ал ол жеке тұлғаның өз басына қосымша проблемалар туғызумен қатар, соттың да іс қарауын қиындатады. Сондықтан мектеп оқушыларынан бастап, зейнеткерлерге дейін еліміздің Негізгі Заңы – Конституцияны бес саусақтай білуі тиіс.
Біздің еліміз өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде қалыптастыруда. Осының нәтижесінде Қазақстанда нарықтық реформалар ойдағыдай жүзеге асырылды, халықтың әл-ауқаты өсіп, экономикасы қарқынды дамып келеді. Саяси жағынан тұрақты мемлекеттің қашанда озық тұратыны анық. Біздің еліміз солардың алғы шебінде тұр.
Сәбит ӨСКЕМБЕКОВ, Ақмола облыстық соты апелляциялық алқасының төрағасы.
Ақмола облысы.
* * *
АДАМ – ҚОҒАМЫМЫЗДЫҢ БАСТЫ БАЙЛЫҒЫ
Ата Заңымыздың 17-бабында “Адамның қадір-қасиетіне қол сұғылмайды. Ешкімді азаптауға, оған зорлық-зомбылық жасауға, басқалай қатыгездік немесе адамдардың қадір-қасиетін қорлайтындай жәбір көрсетуге, не жазалауға болмайды” деп атап көрсетілуінің өзі қоғамымыздың басты қазынасы – адамдардың конституциялық құқықтарының қорғалуына қаншалықты дәрежеде мән берілгендігін аңғартса керек.
Осы қағидалардың мүлтіксіз орындалуын мақсат тұтып, қылмыстық іс жүргізу кезінде азаматтардың конституциялық құқықтарының қорғалуына прокурорлық қадағалаудың пәрменділігін арттыру жолында және азаптау, зорлық-зомбылық жасау, басқалай қатыгездік немесе адамдардың қадір-қасиетін қорлайтындай жәбір көрсетуге, не жазалауға қарсы конвенция міндеттемелерінің тиісті деңгейде орындалуын көздеп, Қазақстан Республикасының Бас прокуроры ағымдағы жылдың 1 ақпанында “Қылмыстық іс жүргізу аясына тартылған және мамандандырылған мекемелерде ұсталынған азаматтардың азаптау және басқа да заңсыз тәсілдер жайлы арыздарын тексеру туралы” нұсқаулық қабылдады.
Сонымен қатар, 2010 жылдың 1 ақпанында Бас прокурор Әділет, Ішкі істер, Денсаулық сақтау министрлерінің және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің “Уақытша ұстау абақтысында, тергеу абақтысында және қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелерінде ұсталатын адамдарға медициналық куәландыру жүргізуге сот-медицина мамандарының міндетті түрде қатысуын қамтамасыз ету туралы” бірлескен бұйрығын мақұлдап, Бас прокуратура, Ішкі істер министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті және Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің “Құқық қорғау органдары және азаматтық қоғамның субъектілерінің алдын-ала тергеу және анықтаудың заңсыз тәсілдері жайлы арыздарды тексерудегі бірлескен іс-қимылдары жайлы” бірлескен бұйрығы қабылданды.
Сонымен қатар, Біріккен Ұлттар Ұйымының Арнайы баяндамашысы М.Новактың жазбаша түрдегі ресми мәлімдемесінің негізінде сотталғандардың конституциялық құқықтарының сақталуына қадағалауды күшейту жөнінде жұмыс жоспары жасалды.
Осыған орай, Бас прокуратура саяси қуғын-сүргінге ұшыраған адамдардың құқықтарын қайтару және жазалардың орындалуында прокурорлық қадағалаудың пәрменділігін арттыру мақсатында азаматтарды ақтау және жазаның орындалу заңдылығына прокурорлық қадағалауды жетілдірудің 2010-2012 жылдарға арналған тұжырымдамасын дайындап, қолданысқа енгізу мәселесін қарастыруда.
Адамдардың бас бостандығынан айыру орындарында ұсталуында, жазаның орындалуында әлеуметтік әділеттіліктің қалпына келтірілуі, сотталғандардың заңда қаралған реттегі құқықтарының сақталуы прокуратура органдарының әрдайым назарында болып, бұзылған тәртіп пен құқық бұзушылыққа қарсы батыл да принципшіл көзқарас ұсталынып, кінәлі жауапты лауазымды адамдардың жауапкершілікке тартылулары қамтамасыз етілуде.
Енді бұл пікірімізге дәлел ретінде біраз деректер мен мысалдар келтірелік. Өткен 2009 жылы жазаның орындалу заңдылығын қадағалауды ұйымдастыру кезінде прокуратура органдары қызметтерінің аса өзекті бағыттарының бірі ретінде түзеу мекемелері мен тергеу абақтыларындағы сезіктілер мен айыпталушылардың және сотталғандардың конституциялық құқықтарының сақталуына баса назар аударылып, қылмыстық атқару жүйесіне қарасты мекемелер мен органдарында 2623 тексеру жүргізіп, нәтижесінде 5105-ден астам түрлі заң бұзушылық фактілері анықталды.
Прокурорлық ықпал ету актілерінің қаралу қортындылары бойынша қылмыстық-атқару жүйесінің мұндай заң бұзушылықтардың орын алуына кінәлі 1370 қызметкерлері тәртіптік жауапкершілікке тартылып, 25-і қызметтерінен босатылды. Сондай-ақ, жаппай саяси қуғын-сүргінге ұшыраған адамдарға қатысты әділдіктің орнатылуын қамтамасыз ету мақсатында 1611 мұрағаттық істер мен арнайы қоныстанушыларға қатысты құжаттар зерделенген.
Ал ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында прокуратура органдары аталған салада 2397 тексеру жүргізіп, соның нәтижесінде 3353-тен астам түрлі заң бұзушылық жайлары анықталды.
Келтірілген деректерден прокурорлық қызметте жоғарғы әлеуметтік құндылықтар ретінде адамның құқықтары мен бостандықтарының қорғалуы әрдайым бірінші кезекте тұратын мәселе екендігін байқау қиынға соқпас деп ойлаймын.
Еліміз егемендік алған сәттен бастап осы заманғы құқықтық жүйені қалыптастыруға бағытталған ауқымды іс-шараларды ұдайы жүргізіп келеді. Солардың бірі қылмыстық атқару саясатын дамыту болып табылады.
Еліміздің құқықтық саласын жетілдіру ең алдымен оны адам құқықтары туралы халықаралық актілердің және сотталғандармен қарым-қатынастың негізгі қағидаттары мен тәртібін айқындайтын халықаралық келісімдердің ережелеріне сәйкес келтіруге байланысты болатыны белгілі. Бұндай жетістікке жету үшін бірінші кезекте бас бостандығынан айыру орындарының өзіндік мәдениетін өзгерту арқылы сотталғандардың мінез-құлқының түзелуінің шын мәніндегі жақсаруына қол жеткізу алғышарт болып табылатындығын естен шығармағанымыз абзал.
Мемлекетіміздің тиісті халықаралық ұйымдарға қосылуы еліміздегі қылмыстық жазаларды атқару саласында халықаралық стандарттың дендеп енгізілуін талап етеді. Сондықтан да бірінші кезекте бас бостандығынан айыру орындарындағы сотталғандардың конституциялық құқықтарының бұлжымай сақталуына әркез ерекше назар аударылуы бүгінгі күннің талабы ғана емес, оны нақты жүзеге асыру баршамыздың ортақ абыройлы міндетіміз.
Б. СЫЗДЫҚОВ, Бас прокуратураның бөлім бастығы.