31 Шілде, 2010

Қазақстандық фармацевтика: дамудың жаңа мүмкіндіктері

8673 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
2014 жылға дейінгі кезеңге арналған үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде Үкімет алғашқы салалық бағдарламаны бекітті. Отандық фармация өндірісі одан әрі даму басымдығына ие болды. Неліктен бірінші кезекте осы саланың мәселесі қаралып отыр, жаңа бағдарламаның ерекшелігі неде? Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Нұрмұхамбет ӘБДІБЕКОВПЕН әңгіме осы төңіректе өрбиді. – Нұрмұхамбет Қанапияұлы, не­ліктен, айталық, болат құю өндірісі емес, фармацевтика саласы бірінші кезекте қолдауға ие болды? – Өйткені бұл отандық кәсіпорындар өз дамуында жақсы бастау алатын перспективалы рынок. Бұл саланы дамыту туралы Мемлекет басшысы “Нұр Отан” ХДП-ның ХІІ съезінде сөйлеген сөзінде нақты міндеттер белгілеген болатын. Бұл жоғарыда айтқанымыздай, перспективалы рынок бола тұра, өкінішке қарай, оны игеруде проблемалар да аз емес. Бүгінгі таңда қазақстандық фармацевтикалық кәсіпорындар осындай өнім шығаратын шетелдік өндірісшілерімен қатаң бәсе­келестікке түсуге мәжбүр. Қазақстандағы медикаменттердің жиынтық рыногы шамамен 6 мың атауларды құрайды. Сарапшылардың бағалауынша, 2009 жылы ақшалай көріністе алғанда медикаменттер рыногының көлемі 1 миллиард долларды құрады. Сонымен бірге мұнда ІЖӨ өсі­мі­нен орташа есеппен бір жарым-екі есе асып түсетіндей өсу тенденциясы байқалып отыр. – Отандық фармацевтикалық рыноктың бүгінгі жай-күйі қандай? – Қазақстандық фармацевтика өндірісі отандық денсаулық сақтау саласын 30 пайыз дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етеді. 2009 жылғы мәліметтер бойынша тегін медициналық жәрдемнің кепілдендірілген көлемі шеңберінде госпитальдық секторда бұл көрсеткіш 45 пайызды құрады. Сонымен бірге отандық өндірісшілер өнімдерінің негізгі бөлігі рентабельділігі төмен препараттардан тұрады. Олардың рыноктың жалпы көлеміндегі үлесі 85 пайызға жеткен, ал ерекше препараттар рыногы болса 15 пайыздан аспай отыр. Бұл өнді­ріс­шілердің жаңа ерекше дәрілік препараттарды зерттеу мен әзірлеуге өз табыстарынан қаржы бөлуге мүмкіндік бермей келеді. Қазақстандық фармацевтикалық өнеркәсіп дамып келе жатқан сала бола отырып, жалпы саны 79 кәсіпорыннан тұрады. Олардың қатарында ірі де, ұсақ та медициналық өнімдерді шығаратын өндірістер бар. Сонымен бірге Қазақстанда шығарылатын дәрілердің 90 пайыздан астамы неғұрлым ірі 6 зауыттың үлесіне тиеді. Олардың қатарында “Химфарм” АҚ, “Глобал Фарм БК”, “Нобел АФФ” АҚ, “Ромат” фарма­­цевтикалық компаниясы, “Нұр-Май Фарм” ЖШС, “Қарағанды фар­ма­цевтикалық кешені” тәрізді кәсіпорындар бар. Медициналық жабдықтар шығаратын өндірісі аяқталған циклдағы бірден-бір кәсіпорын – “Ақтө­бе­рент­ген” АҚ-ты да осы тұрғыда атап өтуге болады. 2005 жылдан 2008 жылға дейінгі кезеңде ішкі фармацевтикалық рынокта жоғары қарқынды өсу байқалды. Ол ел эконо­микасының өсуіне, соған сәйкес халықтың әл-ауқатының артуына бай­ла­нысты орын алды. 2005-2008 жылдары фар­ма­цевтикалық препараттарды ішкі рынокта сату кө­лемінің орташа жылдық өсімі 19 пайызды құрады. 2009 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасындағы фарма­цевтикалық өнімдер өндірісі 84,7 миллион долларға жетті. Бұл өнеркәсіп өндірісі көлемінің 0,13 пайызы және өңдеу өнеркәсібі өндірісі көлемінің 0,14 пайызы болып табылады. 2009 жыл бойына Қазақстанға әкелінген дәрі-дәрмек құ­рал­дары импортының көлемі 816,9 миллион АҚШ доллары, ал экспорт 17,8 миллион доллар бол­ды. 2009 жылдың ая­ғына қарасты Қазақстан Рес­пуб­­ликасында 6490 медициналық препа­раттар (шөптер мен баламалы құралдар негізінде алынған 150-200 дәрі-дәрмекті қоса есептегенде) тіркелді. Қазақстанның фармацевтикалық рыногы үлкендігі жағынан ТМД елдері бойынша Ресей мен Украина рынок­тарынан кейін үшінші болып табылады. “ІMS Health” халықаралық кон­салтингтік компанияның мәліметтері бойынша, ТМД елдерінің фармацев­тикалық рыногындағы Қазақстанның үлесі 2008 жылы 5 пайызды құрады. Ал орташа жан басына шаққанда фарма­цев­тикалық өнімдерді тұтыну Қазақстанда орта есеп­пен 73,33 доллар болып, ТМД бойынша көлемі жағынан екінші орында тұрды. Бірақ кез келген еуропалық елге қарағанда ол әлі де төмен. – Бастау алу мүмкіндіктері шынымен де тамаша-ақ. Сөйте тұра отандық фармация осы уақыттар бойына өзінің даму жолын таба алмай келді. Оны қалай түсіндіруге болады? – Дәрі-дәрмек өндірісі қашанда мейлінше баяу дамиды. Он бес жыл ішінде дәрі-дәрмектер рыногындағы отандық өндірісшілердің үлесі ақшалай көріністе алғанда 3-тен 8 пайызға дейін ұлғайды. Дәрі-дәрмектіің құны тұрғы­сынан алғанда Қазақстанның фарма­цевтикалық кәсіпорындары республикада қолданылатын медикаменттердің 10 пайыздан аспайтындай ғана көлемін шығарады. Жоғарыда айтып өткенімдей, 2005-2008 жылдары ішкі фарма­цев­тикалық рынокта жоғары өсу қарқыны орын алды. Бұл кезеңде елдегі эконо­микалық ахуалдың тұрақтылығы мен халықтың жоғары табыс табуы сұра­ныстың неғұрлым қымбат, инновациялық фармацевтикалық өнімдерге қарай бет бұруына әкеліп соқтырды. Әдетте ондай дәрі-дәрмек шетелдерден импортталады. Осы уақыттарда отандық фармөн­дірісшілердің позициясы төмендей түсті. Менің ойымша, фармацевтика өндірісінің негізгі проблемасы да дәл осы отандық ас­сор­ти­менттің “арзан” және “тар ауқымды” бо­лу­ын­да жатыр. Бүгінде Қазақстанның фар­ма­цев­тикалық рыногының негізгі бөлігі им­порт­талатын өнімдерден тұрады. Ол бағалық тұр­ғыдан алғанда 90 пайызды, ал нақты заттық кө­ріністе 70 пайызды құрайды. Отандық дәрілік құ­ралдардың үлесі тиісінше 10 және 30 пайызға ғана болып отыр. Оның сыртында қазақстандық фар­ма­це­в­тикалық өнеркәсіп жалпы табыстылық жағынан да шетелдік компанияларға жол беріп келеді. – Отандық фармацияның “ахиллес өкшесі”, яғни олқылығы неде? Шетел өндірісшілері бізді қай жағынан ұтып отыр? – Айналым қаржылары жетіспеу­шілігінің фармацевтерге кәсіпорынды мо­дер­низациялап, олардың өндірістік қуатын арт­тыруға мүмкіндік бермегені еш құпия емес. Оның сыртында Қазақ­станның фар­ма­цевтика өнеркәсібі шикізат (субстанциялар), жабдықтар мен қаптаушы материалдар импортына өте тәуелді. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметтері бойынша, 2008 жылы импорттық медикаменттер рыноктың барлық құнының 90 пайызын құрады. Физикалық көлем тұрғысынан алғанда ахуал сәл жақсырақ – ІMS Health бағалауынша, импорт 70 пайыз деңгейін құрайды. Бірақ жалпы табыстылықта ұтыла отырса да, отандық фарминдустрия денсаулық сақтау саласын нақты көрсеткіште 30 пайыз дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етеді. – Ол мемлекеттің қолдауы арқасында жүзеге асып отыр ма? – Белгілі бір дәрежеде солай. “СК-Фармация” бірегей дистрибьюторы арқылы іс-қимыл жасай отырып мемлекет медикаменттер жеткізіп беруде барған сайын маңызды рөл атқаруда. Бірақ сонымен бірге бөлшек сектордағы ахуал мен тұтыну шығындарының деңгейі әлі де болса өсудің басты факторы болып қалып отыр. – Отандық фармацевтика өнімдері ры­но­гындағы жағдайды қалай бейнелеуге бола­ды? Қазақстандықтар кімдердің дәрілерін жиі­рек сатып алады және баға өлшемдері қандай? – Бағалық көріністе алғанда Қазақ­стан­ның рыногына импорттық фармацевтикалық өнімдерді негізгі жеткізушілер ЕО мен АҚШ ком­паниялары бо­лып табылады. 2008 жылы халықққа рецепт бо­йынша берілетін препараттар рынок құнының 65 пайызын құрады, ал рецепсіз берілетін дәрі-дәр­мек­тер – 36 пайыз. 20 АҚШ долларынан жо­ға­ры тұратын өнімдер 2008 жылы 23 пайызға кө­те­­ріле отырып рыноктың айтарлықтай бөлігін құрады. – Қазақстандық сатып алушыларды өз­де­ріне қарай тарту үшін отандық өндіріс­ші­лер­ге қандай көмек көрсету қажет деп ойлайсыз? – Қазақстан Республикасында 2010-2014 жылдары фармацевтика өнеркәсібін дамыту жөніндегі бағдарламада протек­ционистік те, маркетингтік және бизнес шешімдер пакеті де қарас­тырылған. Осы орайда бағдарламада нақты индикативтік көрсеткіштердің белгі­ленгендігін атап айту қажет. Біз 2014 жылға қарай республиканың нақты көріністе алғандағы сұранысының 50 пайыздық деңгейін отандық өндіріс есебінен қамтамасыз етуді ойластырып отырмыз. Оған еңбек өнімділігін арттыру, ассор­ти­ментті айтарлықтай кеңейту, қазіргі бар кә­сіпорындарды модер­низациялау және жа­ңаларын салу арқылы қол жеткізілмек. Сол сияқты отандық дәрі-дәрмектерді тегін медициналық көмектің мемлекеттік көлемі шең­берінде Бірегей дистрибьютор жүйесі бойынша жеткізіп беру жолдары да қарастырылуда. Оның сыртында кәсіпорындардың шығындарына өтемақы төлеу жолымен қазақстандық фармацевтикалық өнімдер экспортының үлесін арттыруды да жос­парлап отырмыз. Бүгінде ол көрсеткіш 5 пайыздан аспайды. Сондай-ақ шетелдік өкілдіктерді, сауда орындарын, кеңселерді ұстау, өнімді шетелде тіркеу және серти­фикаттау, мамандандырылған көрме­лерге қатысу шығындары субси­дияланатын болады. Дегенмен, ең басты міндет – қазіргі барларын модерни­зациялап, жаңа өндірістер ашу. – Осы жөнінде нақтырақ айтып өтсеңіз? – Отандық фармацевтика өнер­кәсібінің алдына қойылған мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізу үшін Үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде бірқатар инвестициялық жобалар жүзеге асыры­ла­тын болады. Әзірге рыноктағы жабылмаған “нишаларға” бағытталған олардың саны негізгі 15 және қосалқы 3 жобадан тұрады. Олардың қатарында полимер мате­риал­дардан бір реттік медициналық бұйымдар шығаратын Алма­тыдағы зауыт құрылысы, Алматы облысындағы инфузионды ерітінділер шығаратын зауыт құрылысы бар. Сол сияқты Алматыда жұмыс істеп тұрған көзге және құлаққа тамызатын тамшылар мен спрейлер (бүрікпе дәрілер) шығаратын өндірісті модернизациялап, оның өнімділігін жылына 15 миллион данаға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Астанадағы “Химфарм” жаңа зауы­тының құрылысы да негізгі жобалардың қатарына кіреді. Ол жылына 1000 миллион дана таблеткалар, кап­­­сулалар және 30 миллион дана анти­био­тик­тер шығаруға арналған. Сондай-ақ Шым­кент­тегі “Химфарм” АҚ-ты ұлғайту да жоспарда тұр. Мұнда жылына 4 миллион данаға дейін инфузионды ертінділер мен 300 миллион данаға дейін ампулалар шығарылатын болады. “Нобел-Алматы” АҚ бойынша бұрынғы бар өндірістерді модерниза­циялау және жаңаларын салу жөніндегі жобалар да өз маңыздылығымен ерекшеленеді. “Глобал Нью Лайф” ЖШС Ал­маты облысында толық циклді фар­ма­цевтикалық зауыт құрылысының жобасын қолға алып отыр. Дәл осындай жұмыстар Семейдегі және Павлодардағы медициналық препараттар зауыттарында да жүзеге асырылатын болады. “Ақтөберентген” АҚ “Дженерал элек­трик” компаниясының лицензиясы бо­йын­ша жаңа томографтар шығаруды жолға қой­ды. Сонымен қатар тек дәрілік құралдар ғана емес, сонымен бірге түрлі қаптаушы ма­териалдар, бір реттік шприцтер, кон­тей­нерлер т.с.с. шығаратын жаңа зауыттарды іске қосу да жоспарда бар. Бұл үдеріске өңірлік билік те араласып, барлық облыстардың әкімдіктері өз жобаларын өңірлік индустрияландыру карталарына енгізді. Бір сөзбен айтқанда, фармацевтика са­ласының ішкі рыногын кем дегенде 50 па­йыз отандық өніммен қамтамасыз етуге перс­пектива да, барлық қажетті ресурстар да бар. Әңгімелескен Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ.