31 Шілде, 2010

Кенеден келген кесел

681 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
“Егемен Қазақстан” газетінің 2010 жылғы 19 шілдедегі № 294 (26138) санында жарияланған “Кенеден келген кесел” атты мал дәрігері С.Байдабековтің мақаласына байланысты Ауыл шаруашылығы министрлігі төмендегідей түсініктеме жолдады. Қазақстан Республикасының оңтүстік аумағында адам арасында жиі тіркелетін Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы (бұдан әрі-КҚГҚ) табиғи ошақты кенелер арқылы тарайтын ауру болып саналады. Бұл індетпен тек қана адамдар ауырады, ал ауыл шаруашылық жануарлары ауыр­май­ды. Осыған байланысты, адам­дардың КҚГҚ індетін Үкімет қаулысымен бе­кітілетін жануар­лардың аса қауіпті ауру­ла­рының тізбесіне енгізілмегенін атап өтуді қажет деп санаймыз. Сондықтан эпи­демиологиялық тексеру және індетке қар­сы эпидемиологиялық іс-шаралар жүр­­гізу толығымен Қазақстан Рес­пуб­ли­ка­сының Денсаулық сақтау ми­нис­тр­лігінің құзыретіне жататынын атап өт­кі­міз келеді. Бірақ, Ауыл ша­руа­шылығы ми­нис­трлігі КҚГҚ ауруымен малдар ауыр­майды деп қол қусырып отырған жоқ. Ветеринария саласында КҚГҚ сияқты кенелер арқылы тарайтын пироплаз­ми­доз­дар тобына жататын көптеген мал аурулары кез­деседі. Бұл аурулармен күресудің негізгі жолдарының бірі ауру таратушы кенелерді акарацид пре­па­раттарын қолдану арқылы жою болып саналады. Сондықтан, пиропла­з­мидоздар тобына жататын мал ауруларының диаг­нос­тикасы, алдын алу және жою ша­ра­лары жергілікті бюджет есебінен қар­жы­лан­дырылатын жануарлардың энзо­оти­ялық аурулар тізбесіне енгізіліп, ал жер­гілікті жерлерде ауыл шаруашылығы жа­ну­арларына және мал қораларына жос­пар­лы түрде кенеге қарсы деза­ка­ри­за­ция­лау жұмыстарын жүргізуді ұйымдастыру заң негізінде жаңадан құрылған жергілікті ат­­қарушы органдардың ветеринария бө­лім­шелеріне беріліп отыр. Ауыл ша­руа­шылығы министрлігі тара­пы­нан, Рес­пуб­ликалық бюджет клас­си­фикаторының Жергілікті бюд­жеттің ведомстволық жік­теуіш шығыстарына көшу кестесіне “Жа­нуар­лар­дың энзоотиялық аурула­рының профилактикасы мен диаг­ностикасына арналған ша­раларды өткізу” деген толықтыру енгізілді. Осыған байланысты республика ау­ма­ғының аймақтарында КҚГҚ індетімен қатар, кене арқылы таралатын жа­ну­ар­лар­дың пиро­плазмидоз ауруларының жиі кез­десетінін және олардың тасы­мал­дау­шы­ларын жою жолдарының бірдейлігін ескере отырып, бұл ауруларға қарсы қол­данылатын препараттарды сатып алу, ар­найы ветеринариялық іс-шараларды жү­зеге асыру жергілікті атқарушы орган­дар­дың құзыретіне берілген және жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылады. Өткен жылы “Ветеринария туралы” заңға тиісті қосымшалар мен өзгерістер ен­гізіліп, оның негізгі қағидалары хал­ық­ара­лық талаптармен сәйкестендірілді. Онда ве­те­ринариялық шараларды жүргізу то­лығымен дерлік жергілікті атқарушы ор­ган­дардың құзырына беріліп, олардың арнайы ветеринария бөлімдері құрылған. Яғни, мал ауруларының алдын алу заң бойынша со­ларға жүктелген. Заңнамаға сәйкес жергілікті жерлерде ветери­нария­лық-сани­тар­лық жұмыстармен ли­цен­зия­лы мал дәрі­гер­лер айналысады. Олар жоқ елді мекендерде бұл жұмыстарды жер­гі­лікті ат­­қару органдарының мал дәрі­гер­ле­рі жүр­гізуге құқылы. Сонымен қатар жер­гілікті ат­қарушы органдар осы жұ­мыстарды жүргізу мақ­сатында арнайы мем­лекеттік ком­му­нал­дық вете­ри­на­риялық кәсіпорындар құруға да құқылы. Яғни, жергілікті жерлерде лицен­зиат мал дәрігерлерінің жоқ­тығынан мал ау­ру­ла­ры­ның алдын алу жұмыстарын кез­дей­соқ адам­дардың жүргізуіне тіпті негіз жоқ. Ал енді аталған ветери­нариялық іс ша­раларды орындауға байланысты кон­курс өткізу және олардың жеңімпаздарын анық­тау мәселелері жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне берілген. Бұл жерде ветеринариялық-санитарлық іс-шаралардың орын­даушысын анықтаудың конкурстан басқа жолы жоқ. Егер ор­ын­дау­шыны конкурс арқылы анықта­масақ, Қазақстан Респуб­ликасының “Мем­лекеттік сатып алу туралы” заңының нор­маларын бұзуға тура келеді, яғни сыбайлас жемқор­лыққа жол ашылады деген сөз. Осыған байланысты жергілікті атқарушы органдардың жаңадан құрылған ветеринария бөлім­шелеріндегі конкурс өткізудің биылғы жылы ілгері-кейін жүр­гі­зілуі көптеген жерлерде кадр мә­се­ле­лерінің уақытында шешілмеуі және олардың электронды конкурс өткізу әдістерімен толығымен таныс болмауы салдарынан деп есептейміз. Қазіргі таңда жануарлар арасында бе­лең алған бруцеллез ауруына тоқталатын болсақ. Бұл жерде, әрине індетті жоюдың бел­гіленген тәртібін сақтамай, оны өрес­кел бұзу фактілері жоқ емес. Ол негізінен мал дәрігерінің кәсіптік деңгейіне бай­ланысты жағдай. Олардың жұмыс сапасын қадағалайтын мемлекеттік ветери­на­рия­лық инспекторлар тарапынан да жіберіліп жатқан олқылықтар да жоқ емес. Осы орайда жергілікті жерлерде атқарылып жатқан ветери­нариялық-сани­тарлық іс-ша­ралардың сапасын тексеру мүмкін емес деген тұжырым орынсыз деп есептейміз. Себебі олардың жүр­гі­зіліп жат­­қан жұмыстарға тікелей қатысып бақылап тұруына ешкім тыйым салмайды. Сонымен қатар егілген малдың қанын тексеру арқылы мемлекеттік ветеринария­лық инспекторлар атқарылған жұ­мыс сапасына баға бере алады және осы мәселе бойынша рес­пуб­ли­калық ветеринариялық зерт­ха­насы тарапынан арнайы қаржы қа­рас­тырылып, тіпті жоспар бекітілген. Осыған қосымша айтарымыз қазіргі уақытта министрлік тара­пынан вете­ринариялық инс­пек­тор­лық жұмысты жетілдіру бағытында тиісті заңдарға қосымша толық­ты­ру­лар мен өзгерістер енгізу ша­ра­лары жүргізілуде. Оның ішінде тір­кемей күнделікті тексерістерді жүргізу мәселелері де бар. Ақылбек КҮРІШБАЕВ, Қазақстан Республикасы ауыл шаруашылығы министрі.