31 Шілде, 2010

Азаматтық секторды дамыту – биліктің басты мақсаты

745 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін
Елбасы Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасында Азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдамасында қоғамды дамытудағы азаматтардың белсенділіктерін арттырудың маңызы “Адами әлеуетті, азаматтардың іскерлігін жандандыру, азаматтық қоғамды одан әрі қалыптастыру негізінде ғана Қазақстанды өмір сүру сапасының стандарттары жоғары, қазіргі заманғы, серпінді мемлекет ретінде дамытуға болады” деп баса көрсетілген. Қазіргі уақытта елімізде түрлі әлеуметтік топтардың құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін қоғамдық бір­лес­тіктердің құрылуы ын­та­лан­ды­рылып келеді және бұл бағыттағы жұ­мыстарды үйлестіру жергілікті ат­қа­ру­шы органдарға нақты жауап­ке­р­ші­лік­тер жүктейді. Облыста демократиялық құн­дылықтар қатарында азаматтық бастамаларды әрдайым қолдау және басты назарда ұстау облыс әкімдігі жұ­мыс­тарының басты бағыттары қатарында. Азаматтық қоғам орнатудың негізгі көзі саналатын үкіметтік емес ұйым­дармен жұмыс жасау тетігі осы уақытқа дейін қол жеткізген табыстарды жал­ғастыруға бағдарланғандығын ерекше атап өткен жөн. Себебі, аза­мат­тық қоғам өкілдерінің облыстың қоғамдық-саяси өміріне белсене араласуына ық­пал жасалып, олардың өзекті әлеу­меттік-саяси про­блемаларды шешуге үлес қосуына баса назар аударылып келеді. Мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам институттары ара­сында тиімді әріптестік қарым-қа­тынас орнату, үкіметтік емес ұйымдардың әлеуметтік жауапкершілігін арттыру мақсатында облыста 2005 жылдан бері үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл және ынтымақтастық жөніндегі облыстық кеңес жұмыс жасайды. Кеңес отырыстарында үкіметтік емес сектор­дың өзекті мәселелері талқыланып, шешімін табуға ықпал жасау жолға қойылған. Сонымен бірге, үкіметтік емес ұй­ымдардың әлеуметтік маңызы бар жо­баларын мемлекеттік тапсырыс шең­берінде жүзеге асыру механизмін енгізу мемлекет пен азаматтық қоғам инс­ти­туттары арасындағы байланысты ны­ғайтуға септігін тигізіп отырғандығын уа­қыттың өзі дәлелдей түсуде. Облыс кө­лемінде үкіметтік емес ұйымдарды қол­дау 2005-2007 жылдары арнайы ай­мақтық бағдарлама аясында жүзеге асы­рылып келсе, 2008 жылдан бастап 2008-2010 жылдарға арналған өңірлік “Әлеумет” бағдарламасының 8 тар­ма­ғымен арнайы “Азаматтық қоғам” бө­лімі енгізіліп, азаматтық қоғам инс­титуттарын дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Жалпы, облыс көлемінде 2002 жылы – 380, 2005 жылы 519 үкіметтік емес ұйымдар әділет органдарынан “Заңды тұлға” ретінде тіркеуден өтсе, бүгінгі таңда облыстағы үкіметтік емес ұйымдардың саны 690-ға жетіп отыр. Қазір облыста азаматтық сектор тұрақты даму үстінде және облыс әкімдігімен үкі­мет­тік емес ұйымдардың әлеуетін қоғамымыздағы маңызды мәселелерді шешуге тартуда жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Әлемдік қаржы дағдарысы ел экономикасына айтарлықтай әсер еткен тұста да тіке­лей облыс әкімінің қолдауымен мем­лекеттік тапсырыс арқылы азаматтық қо­ғам құрылымдарына қаржылай қолдау көрсету көлемін қысқартпай, кері­сін­ше көбейту жолдары мен тетіктері қарас­ты­рылды. Жыл сайын үкіметтік емес ұйым­дар­дың саны мен белсенділігінің артуына орай, оларға бөлінетін мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс көлемі де ұлғая түсуде. Мы­салы, мемлекеттік тапсырыс қаржысы не­гізінен мүмкіндігі шектеулі ба­ла­ларды, мүгедектер мен мүгедек спорт­шыларды қолдау, этнос­аралық және конфессияаралық қатынастарды реттеу мен ұлттық саясатты жүзеге асыру, сыбайлас жемқорлық көріністерінің алдын алуға бағытталған қызмет жұмысын жүргізу, ұлттық мәдениет пен салт-дәстүрді қолдау, отбасылық-демографиялық саясатты жүзеге асыру жұмыстарына бағытталып отыр. Былтыр бюджет көздері арқылы үкіметтік емес ұйымдардың әлеуметтік маңызды жобаларын қаржыландыру үшін 29 млн. 437 мың теңге бөлінсе, әлеуметтік саладағы облыстық бас­қар­малар бойынша әлеуметтік қызметтер үшін бюджет есебінен 134 млн. 394 мың 862 теңге көлемінде қаржы қаралды. Атап айтқанда, облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт бас­қар­масына бұқаралық спортты дамыту мақсатында, білім басқармасына “Әлеуметтік аз қамтамасыз етілген от­ба­сынан шыққан балаларды уақытша бас­панамен қамтамасыз ету”, об­лыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бас­қармасына қоғамдық келісімді ны­ғайтуға бағытталған әлеуметтік қызмет жұмысын ұйымдастыру (ардагерлерді әлеуметтік қолдау), кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасына “Алтын сапа” конкурсын ұйымдастыру, облыстық ауылшаруашылық басқармасына дала жұмыстарының маңызын насихаттау, еңбек адамдарына құрмет көрсету (“Алтын дән-2009” салтанатты ша­ра­сын ұйымдастыру), облыстық ішкі сая­сат басқармасына өңірлік жас­тар саясатын жүзеге асыру, мемлекеттік сая­сатты ақпараттық қамтамасыз ету, басқа да әлеуметтік қызмет түрлерін ұй­ымдастыру секілді барлығы 12 жоба жү­зеге асырылды. Бұл жобалар бір жа­ғынан әлеуметтің сұранысын қа­на­ғаттандырса, екінші жағынан жаңа жұ­мыс орындарын ашуға септігін тигізді. Мысалы, облыс тұрғындары ара­сында саламатты өмір салты қағи­дат­тарын орнықтырып, спорттың бұ­қа­ра­лы­лығын арттыру, осы мақсатта об­лыстағы жалпы білім беретін орта мек­тептердің, сонымен қатар, қала, аудан орталықтары, ауыл округтеріндегі спорт залдары мен алаңдарын тиімді пайдалану үшін әлеуметтік тапсырыс арқылы осы жұмысты атқаруға 81 млн. 98 мың теңге қаржы бөлінді. Жоба бо­йын­ша атқарылған жұмыстар нә­ти­жесінде 141 штаттық бірлік көлемінде 212 спорт нұсқаушысы қызметке қа­былданып, спорттық құрал-жабдықтар алынды және бүгінгі күні спорттың 17 түрі бойынша 25 мыңның үстінде адам түрлі спорттық клубтарға тартылды. Аталған жоба облыстың 114 елді мекенінде жүргізілді.  Сонымен қатар, жоғарыда аталған меморандум аясында осындай жобаларды жүзеге асыру үшін және бірлескен іс-қимылдар арқылы әлеуметтік проблемаларды шешу мақ­са­тында 1 млрд. 89 млн. 61 мың теңге қаржының жұмыстары атқарылды. Негізгі басымдық халықтың әлеуметтік әлсіз жіктеріне қолдау көрсету, мәдени мұраны насихаттау мен бұқаралық спортты дамыту, аймақта туризмді дамытуға бағытталған жұмыстарды жүзеге асыру, т.с.с. мемлекеттік үлес аз қамтылған салаларға берілді. Мысалы, түрлі әлеуметтік топ өкілдерінің мүд­делерін көздейтін жобалар үшін 156 мил­лион теңгенің үстінде қаржы қа­рал­ды. Сондай-ақ, бюджеттен тыс көз­дерден үкіметтік емес ұйымдардың әлеуметтік маңызды жобаларына 85 млн. 500 мың теңге бөлінді. Мемлекеттік жастар саясатын жү­зеге асыруда да аймақтағы жастар қоғамдық бірлестіктерінің әлеуетін пайдалану тетігі тиімді жүзеге асы­рылуда. Бұл бағытта да аймағымызда алғаш өткен жылдың 16 наурызында облыс әкімі, “Облыстық жастар орта­лы­ғы” қауымдастығы және “Игі­лік” корпоративтік қоры бірлескен іс-қимыл және әріптестік жайлы меморандумға қол қойды. Мемлекеттік органдар мен жастар қоғамдық бірлестіктері ара­сын­да бірлескен іс-қимыл жүйесін қа­лып­тас­тыруды көздеген меморандум ая­сында 517 млн. теңгеге 26 жоба қар­­жыландырылды. Ал облыстық бюд­жет­тен бөлінген 13 503 000 теңгеге жастар арасында өзекті деп саналатын тақырыптарды қамтитын 13 жоба жүзеге асырылды. Үкіметтік емес ұйымдардың жоба­ларына қаралған қаржыны игеру ашық та жүйелі түрде жүзеге асып отыр­ған­дығы – мемлекеттік тапсырыстың барлық ҮЕҰ-ға қолжетімділігін және әділетті бөлінетіндігін көрсетеді.    Бұған дәлел, ұсынылған жоба­лар ең бірінші “Қызылорда облысының “Азаматтық альянсы” қауымдастығы жанынан құрылған тәуелсіз сарап­шы­лар кеңесінің оң шешімін алғаннан кейін қаржыландырылу үшін құра­мын­да мәслихат депутаттары, экономистер мен басқа да мамандары бар “Игілік” қоры жанындағы қамқоршылық кеңестің талдауынан өтеді. Қазіргі таңда облыс әкімдігі мен “Азаматтық альянс” және “Игілік” қоры арасындағы әріптестік байланыс өзінің өміршеңдігін және тиімділігін көрсетіп отыр. Нә­тижесінде ардагерлер мен әйелдердің, жастар мен балалардың, мүгедектер мен әлеуметтік қолдауды қажет ететін азаматтар мен отбасылардың мүдде­лерін көздейтін көптеген жобалар жүзеге асырылуда. Аймақтағы ҮЕҰ-лардың көш­ба­с­шы­сы және үйлестірушісі – “Қы­зыл­ор­да облы­сының Азаматтық альянсы” қауымдастығы аудандар мен шағын елді мекендерде ҮЕҰ-лардың дамуына жағдай жасау мақсатында облыстың бар­лық аудан орталықтарында “Ақ­параттық-ресурстық орталықтар” ашып, ҮЕҰ-ларға әдістемелік көмектер көр­сетеді. Сонымен қатар, біздің аймақта республика бойынша бұрын-соңды қолға алынбаған жаңа жо­ба­лардың да іс жүзіне асуы об­лы­сы­мыздағы ҮЕҰ-лардың белсенділігі мен ізде­німпаздығын көрсетеді. Мысалы, облыстағы “Чернобыль және Арал ба­лалары” қоғамдық қорының мүмкіндігі шектеулі балаларға инклюзивті білім беру жобасы республика бойынша қанатқақты жоба ретінде ұсынылған. Жоба жүзеге асқан жағдайда мүмкіндігі шектеулі балалардың бірқатары қоғамнан шектелмей, жалпы орта білім беретін мектептерде оқуға мүмкіндік алатын болады. Сонымен бірге, облыс ғалым­да­рының “Парасат” қоғамдық бір­лес­ті­гінің облыс бойынша туризм ин­дус­триясын дамытуға арналған жобалық құны 750 мың теңге құрайтын зерттеу жұмыстары Сыр бойының танымал­дығын арттыратындығы сөзсіз. Осындай игі жобалар қатарында облыстық Ардагерлер кеңесінің, жобалық құны 7,5 млн. теңгені құрайтын, “Қоғамдық келісімді нығайтуға бағытталған әлеуметтік қызмет жұмысын ұйымдастыру” жобасын да атауға болады. Меморандум аясында жүзеге асырылатын үкіметтік емес ұйым­дардың әлеуметтік маңызды жобаларын сараптау кеңесінің кезекті отырысында “Нұр Шах” қоғамдық бірлестігінің “Мұқтаж жандарға демеу және әлеуметтік қолдауды ұйымдастыру”, Қызылорда облысының әйелдер кеңесінің “Жетім балаларды патро­наттық тәрбиеге алған отбасыларға көмек көрсету орталығын ұйым­дастыру” тақырыптарындағы жобалары қаралып, өмірге жолдама алды. Сонымен бірге, облыс әкімі өткен жылдың қыр­күйек айындағы аймақтағы азаматтық қоғам құры­лымдарының облыстық форумында бюджеттен тыс қаржы көздері арқылы денсаулық жағдайларына байланысты үйден оқы­тылатын балаларға дербес компьютерлер алып беріп, интернет жүйесіне қосу арқылы терең де тиянақты, арнайы бағдарлама бойынша білім беру қажеттілігін айтып өткен болатын. Аймақ басшысының ұсынысын қолдаған “Қызылорда облыстық білім ұйымдарының ассоциациясы” қоғамдық бірлестігі “Үйде оқытылатын даму мүмкіндіктері шектеулі балаларды қашықтықтан оқыту технологияларын пайдалануға мүмкіндік жасау” жобасын даярлап, аталған игілікті жоба да мақұлданды.       Жоба бойынша әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балалары, бірінші кезекте компьютерлік сауаттылыққа бейімі бар отыз шақты бала мамандар арқылы желілік жүйемен бір реттеуіш орталықтан арнайы бағдарлама бойынша оқытылатын болады. Келесі кезекте, жоба тиімділігін көрсеткен жағдайда, үйден оқытылатын мүмкіндігі шектеулі балалардың мүмкіндігінше барлығын осындай әдіспен оқыту көзделуде. Мұндай өміршең жобалар таяу болашақта да жалғасын табарына сенімдіміз. Атап өткенім үкіметтік емес ұйымдардың жүзеге асырып жатқан жобаларының бір-екеуі ғана. Сондай-ақ, алдағы уақытта атқарылар тағы да мақсатты жобаларымыз баршылық. Мәселен, үкіметтік емес ұйымдардың жай-күйі,  олардың материалдық-техникалық жарақтануы, мемлекеттік тапсырыспен және бюджеттен тыс көздер арқылы олардың әлеуметтік маңызды жобаларын қаржы­ландыру, толыққанды жұмыс жасауларына жағдай жасаудағы мақсатты жұмыстарды жүргізудің жергілікті атқарушы органдар жұмысының күн тәртібінен түспеуі облыс әкімдігі тарапынан талап етіліп отыр және тұрақты бақылауға алынуда. Бұл мәсе­лелердің барлығы өткен жылдың қыркүйек айында “Билік пен азаматтық қоғам институттарының бірлескен іс-қимылы – тұрғындардың әлеуметтік проблемаларын шешудің тиімді жолы” тақырыбымен өткен ІV облыстық Азаматтық форумда жан-жақты талқыланып, сөз болды және осы бағыттағы алдағы мақсаттарымыз айқындалды. Сондай-ақ, облыс әкімінің жан-жақты қолдау көрсетуі арқылы этно-мәдени бірлестіктердің де белсенділігі артып, өз кезегінде олар аймақтың қоғамдық-саяси өмірінде маңызға ие шаралар өткізіп келеді. Қазіргі таңда облыста 9 этномәдени бірлестік бар. Оларға облыс әкімдігі тарапынан үнемі ұйымдастыру мәселелері бойынша және қаржылай қолдау көрсетіліп тұрады. Ондай бірлестіктер үшін қолайлы жағдай жасалған: барлығы да баспанамен қамтамасыз етіліп, жиһаз, компьютер, телевизор, музыкалық орталық, сандық фотоаппарат және басқа да қажетті құрал-саймандар алынып беріліп, басылымдарға тегін жазылу ұйымдас­тырылған. Мысалы, былтыр этномәдени бірлестіктерді қолдау мақсатында облыстық бюджеттен 5 млн. 825 мың теңге бөлінді. Облыстағы азаматтық қоғам инс­титуттарының ІV форумында облыс әкімі Болатбек Қуандықов атқарушы органдар мен үкіметтік емес ұйымдар арасында әріптестік байланыстарды одан әрі нығайту, үкіметтік емес ұйымдардың әлеуетін жергілікті деңгейдегі өзекті әлеуметтік мәселелерді шешуге кеңінен тарту, мемлекеттік тапсырыс арқылы әлеуметтік маңызы жоғары жобаларды жүзеге асыру және мемлекеттік саясаттың ашықтығын іс жүзінде көрсету мақсатында облыс әкімдігінің салалық басқармаларына берген тапсырмалары қатарында үкіметтік емес ұйымдар үшін арнайы “Қоғамдық қабылдаулар”, “Ашық есік” күндерін өткізуді міндеттеген болатын. Соған сәйкес өткен жылдың қараша айынан бастап арнайы бекітілген кесте бойынша осындай “Ашық есік” күндері ұйым­дастырылуда. Аталған басқосуларда көтерілген мәселелер атқарушы органдардың үкіметтік емес ұйымдармен әріптестік тұрғысындағы байланыстарының тиімділігін арттыруға ықпал етері сөзсіз. Елімізде өткізіліп тұратын республикалық Азаматтық форумның басты мақсаты да мемлекет пен азаматтық сектордың арасындағы қарым-қатынасты одан әрі нығайта түсуге бағытталып келеді. Сондықтан осы бағыттағы мақсатты жұмыстар облысымызда жалғасын табатын болады. Мемлекет пен үкіметтік емес ұйымдардың өзара әріптестігі көздеген мақсаттарға қол жеткізіп қана қоймай, елімізді демо­кратияландыру стра­тегиясын тиімді жүзеге асыруға жол ашады деген сенімдеміз. Марат ДӘДІКБАЙ, Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасының бастығы.