Күйші өзімен-өзі оңаша қалғанда барып көз жасына ерік берді. Мана өзі басқаратын жемшөп цехының агрегатында оң қолы шөппен қоса туралып, саусақ, білек сүйектері күтір-күтір сынып жатқанын сезінген сәтте де, операция столында қолы кесіліп, онымен мәңгі қоштасқан кезде де, қайыспай сабыр сақтап еді. Енді, міне, сол қайсарлығы мен ерік-жігері жайына қалып, көз жасына ие бола алмай жатыр. Айтбай өзіне тоқтау айтып жұбатпады. Өкініш өзегін өртеп, көкірегін кернеген күйініші жасқа айналып, жастығына тырс-тырс тамып жатты. Күмбірлетіп күй тартқанда, домбыра шанағында сағымдай бұлдырап, жосыла жүйткіген жүйріктердей көз ілеспейтін қайран бес саусағы... Соны ойлаған сәтте есінен тана жаздайды.
Тағдыр тәлкегі деген осы екен-ау. Әйтпесе қарамағында істейтін жігіттерге: “техника деген де бір тілсіз дүлей, абай бола көріңдер, қателік арты қасірет” деп ақыл айтып, бәйек болып жүретін алдымен өзі емес пе еді.
Жемшөп цехына жаңадан жұмысқа тұрған жастарға техника тілін үйретіп, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінен сабақ беріп, емтихан алатын. Онсыз агрегатпен жұмыс істеуге жолатпайтын. Сол техника қауіпсіздігін цех бастығы өзі қалай сақтай алмай қалды. Қақалып қалған агрегатты тоқтатпай тұрып қол салды-ау. Кедергі қармен жентектелген шөпті алуын алып-ақ тастады. Бірақ жұлқына жүріп кеткен агрегаттың айналма бөлшегіндегі бір шегеге жеңі ілініп қалып, қолын тартып әкетті. Қапелімде сасқалақтап артында тұрған сөндіргіш тетікті тап басып таба алмай қалды. Агрегат та аш қасқырдай мұның саусақтарын әп-сәтте шайнап тастады.
Айтбай да жанұшырып екінші ұмтылыста барып сөндіргіш тетікке қол жеткізді. Сосын агрегатты кері айналымға қосты. Шайнауын шайнап тастағанымен, жұтып үлгірмеген екен, қолы терісіне ілігіп қайта шықты. Онан арғысы белгілі...
Айтбай өз басы мана қауіпке ұшыраған кезде өмірін ойлаған еді, енді, міне, өнерін, күй болашағын ойлап жатыр. Жанарынан жас ағыз-ған да сол-ды. Неге екені белгісіз, ойына “Ақсақ киік”, “Ақсақ құлан”, “Жетім бала” күйлерінің сазды сарыны, мұңды әуені оралды. Өз жағдайының сол күйлердің мазмұнымен ұқсасып, үйлесіп жатқанынан болар. Қолым шолақ боп, күн көрісім қиындап қалатын болды-ау деп уайымдамайды. Өзін дауысын жоғалтқан әншідей, аяғы ақсап, бәйгеден қалған жүйріктей сезінеді. Аяғы кеткен сәйгүлік дүйім жұртты сүйсіндіріп бәйге жолына қайта ойқастап шыға алмайды, дауысын жоғалтқан әнші де сүйікті сахнасында қайта ән салмайды. Топшысы сынып, қанаты қайырылған қыран да өзінің сонау заңғар көгіне қайта шырқап, еркін самғай алмайды. Айтбай да өзі сол қанатсыз қырандай халге тап болғанын бар жан-жүрегімен ұғынып, түйсінген сайын жан азабы асқындап, ет-бауыры езіле түсті.
Қаршадайынан қолына домбыра ұстады, жеті жасынан бастап күй тарта бастады. Әкесі күйші еді. “Нар идірген”, “Бозінген” т.б. халық күйлерін келістіре тартқанда Айтбай әкесінің осынау ғажап өнеріне сүйсіне таң қалып, шіркін, домбыраны мен де солай тарта алар ма едім деп армандайтын. Бірақ ол әкесінің өнерін толық үйреніп, игеріп үлгірмеді. Әкесі тым ерте кетті. Айтбай онда 13-ақ жаста болатын. Дегенмен, сүйікті әкесі оның бойына өнерге деген сүйіспеншілік ұрығын егіп, ұшқынын тұтатып кеткен еді.
Мектепте Айтбай бала күйшілердің алды болды. Мектеп оркестрінде алдыңғы орында отыратын еді. Жасы өскен сайын орындаушылық шеберлігі де артып, арман-мақсаты да айқындала берді. Мектеп бітірген соң, Алматы консерваториясына түсуді, сөйтіп, бар өмірін атадан қалған өнер жолына арнауды арман етті. Бірақ тағдыр оны басқа жолға түсірді. Музыкалық жоғары білім алу тәтті арман күйінде қала берді. Ақ қанатты арман оны қанша алысқа жетелесе де, ілесе кетуге ой-талабы көтергенімен мүмкіндігі көтермеді, қысқа жіп күрмеуге келмей, ауылдан шығандап шыға алмады. Сөйтіп, 1960 жылы Қостанайдан арнаулы орта оқу орнын бітіріп келіп, еңбек жолын электрик-механиктік жұмыстан бастады. Өзінің туған жер, өскен елі Қарасу кеңшарында өмір мектебінен өтіп жатты.
Одан кейін қат-қабат тірлік тауқыметі арманшыл жастың иығынан басып, ақыры өз ырқына көндіктіріп алған бұла жүрек қанша бұлқынғанымен босатпаған. Бірақ Айтбай музыкалық білім ала алмай қалдым деп мойымады. Ол өз бетінше шы-ғармашылық ізденіс жолына түскен еді. Кеңшар көркемөнерпаздар ұжымының белсенді мүшесі, ұйымдастырушы жетекшілерінің бірі бола жүріп аудандық, облыстық фестиваль, өнер жарыстарынан қалып көрген жері жоқ шығар. Әлденеше рет лауреат атанды.
Өзі шығарған алғашқы күйі де дүниеге келді. Бірақ “Тың толғауына” өзінің де, өзгелердің де көңілі онша тола қоймады. Есесіне, келесі қанат қағысы оны күйдің күмбезді көгіне еркін көтеріп әкетті. “Амангелді дүбірі” десе дегендей, ұлы жорық, көтеріліс дабылы, Амангелдінің сансыз сарбаздарының ереуіл дүбірі, шапқан ат тұяқтарының дауысы келеді құлаққа. Күй көптің көкейінен шықты. “Амангелді дүбірі” ел арасына тез тарап-ақ кетті.
Рас, қай өнер туындысы да толғаныстан, тебіреністен туатыны айқын. Бірақ солардың күйден толғағы күштісі жоқ-ау, сірә. Айтбайдың “Балалы киік” күйі де сондай бір жан тебірентерлік күшті көрініс әсерінен туған. Бұлар бірде мәшинемен аңшылай шыққан. Құба жонда киіктің жыртылып айырылатын кезі. Ауылдан қырға ұзап шыға бергені сол еді, қапталдан екі лағын ерткен балалы киік кезіге кетті. Іздегенге сұраған, мәшине киіктің соңына түсіп берді. Киік өзі мен көзі жәудіреген қос құралайының басына төнген қауіпті сезді. Екі-үш рет орғып-орғып алып зымырай жөнелді. Бұл лақтарына берген қауіп дабылы еді. Енесінің соңынан қос құралайы құлдырай тартты. Сөйтіп, қас-қағымда адам мен аңның егесі басталды.
Ана киік лақтарының жоны жылтылдап өзінен қалмай келе жатқанын көріп, жүрегі елжіреп кетті. Өзі өлсе де бауыр еті – балаларын қалай да құтқару керек. Сондай шешімге келген ана киік мәшинені өз соңына ерте-мерте лақтарынан басқа бағытқа жырыла қашты. Қос құралайына “Қош, қарашықтарым, аман бо-лыңдар, маған қарайламай қаша беріңдер” деп белгі бергендей болды. Киіктің осы қарекеті Айтбайдың санасына садақ оғындай жылдамдықпен сарт еткен сәтте, мәшине аңға оқ жетер жерге таяп қалған еді. Қуғын қызығына түскен аңшы жолдастары баласы үшін өзін құрбан етіп, оққа байлап келе жатқан киіктің мәрт мінезін елейтін емес.
– Тез, үдет, қарауылға ал! – десіп бір-біріне бұйрық берісіп жамырай шуласып, жапан даланы бастарына көтеріп келеді. Енді сәл кешіксе, қосауыз мылтықтың аузынан көк түтін бұрқ еткелі тұр. Айтбай мәшиненің кабинасын қос қолдап бірнеше дүркін қатты-қатты соғып-соғып жіберді. Қорқып кеткен жүргізуші мәшинесін кілт тоқтатты. Кабинадағылар “не болып қалды?” десіп үрпиісіп өре түрегелді. Айтбай:
– Ештеңе де болған жоқ. Егіз лағын жетім етіп обалына қалармыз. Ет жегілерің келсе, біздің үйден тоқты жеп кетіңдер, – деп балалы киікті одан әрі қуғызбай, жолдастарын кері оралтты.
Осы көрініс күйші жігітті қатты тебірентті. Жатса да, тұрса да балалы бөкен көз алдынан кетпей тұрып алды.
Айтбайдың осындай терең тебі-реністен туған жаңа күйі – “Балалы киік” жауыздыққа, мылтыққа қарсы күй болып шықты.
Әуесқой композитор туған ауылында электрик бола жүріп, күй артынан күй, ән артынан ән туындатып жатты. 1972 жылы облыстық “Торғай әуендері” фестивалінің тұңғыш лауреаты атанып, жеке орындаушылар арасында бірінші орынды жеңіп алды. Өз күйі “Амангелді дүбірін” облыс сахнасы төрінде дүбірлетті. Сөйтіп, облыстық өнер жарысында сан саңлақтың арасынан Айтбайдың сәйгүлігі дара келіп, абыройы асып, мерейі үстем болып оралды. Шығармашылық табыс оның жігеріне жігер, шабытына шабыт қосып, жаңа асуларға құлшындырып, қанаттандыра түсті.
1975 жыл. Жеңістің 30 жылдығы. Осы тұста “Ер есімі – ел есінде” атты күй дүниеге келді. Оны тыңдап отырғанда “қайран есіл ерлерім-ай” деген жоқтау сарыны өксікке, өкінішке, аһ ұрған арманға толы үн ап-анық естіліп тұрады. Дұрысын айтсақ, “Ер есімі – ел есінде” – күй-реквием.
Айтбай кейін де сан жарысқа қатысып, өзге күйлерімен бірге “Амангелді дүбірін” талай сахна төрінде дүбірлетті. Күйлерін респуб-ликалық телестудия мен Қазақ радиосына да жаздырды. Ол көркем-өнерпаздардың Бүкілодақтық 1 фестивалінің лауреаты. 1976 жылы Қызылорда қаласында өткен домбырашылардың республикалық жарысында топты жарып бірінші орынды жеңіп алды.
Иә, аз айтты не, көп айтты не, композитор өнер көгіне, күй күмбезіне жаңа көтеріліп, еркін көтеріліп келе жатыр еді...
...1978 жылдың жадыраған жазы. Арқалық қаласындағы кеншілердің мәдениет сарайында дәстүрлі “Торғай әуендері” фестивалі өтіп жатты. Бұл жолғы облыстық өнер жарысына Айтбай өмірінде бірінші рет көрермен боп қатынасты. Амангелді ауданы көркемөнерпаздар ұжымының дом-быра оркестрі “Амангелді дүбірін” күмбірлете жөнелді. Айтбайдың көз алды тұманданып, жанары жасқа толып жүре берді... Оның оркестрдегі орнында өзінің қаршадай қызы Анаргүл отыр еді.
Күйшінің көңілі теңіздей толқыды. Көз алдына сонау бір жылы өздері қуған балалы киік елестеді. Міне, сол киіктің лағындай қызы Анаргүл сақа күйшілерден қалысатын емес, күйді қысылмай, шабыттана тартып отыр. Анаргүл бір сәтте жанарымен зал ішін шарлап, алдыңғы орындардың бірінен әкесін тауып алды. Әке мен бала көзі бір сәтке түйісе қалды. Екеуі бір-бірінің ойын айнытпай оқыды.
– Әке, сенің орныңды жоқтатпайын деп бар өнерімді салып жатырмын, қағысым қалай?
– Жарайсың сары қызым! Менің орнымды жоқтатқан жоқсың. Қолым кесілді деп уайымдап жүрсем бекер екен... Қолым сау екен – ол сен екенсің.
...Күндер зырлап, айлар жылжып 1979 жыл да жетті. Айтбайдың өзі ауылда, ойы Алматыда. Анаргүлі облыстық жас музыканттардың жарысында жеңіске жетіп, республикалық конкурсқа аттанып кеткен-ді. Әке жүрегі қалай болар екен деп қобалжиды.
– Сүйінші, сүйінші! Анаргүл лауреат болып келіпті, – деген сөзді естігенде Айтбайдың жүрегі жарылып кете жаздаған.
...Содан кейін де зымырап оншақты жыл өтіп кетті. 1988 жылдың бір сәтті күні Айтбай ойда жоқта қалбалақтап Арқалыққа біздің үйге келе қалды.
– Ауызша ыңылдап анама арнап бір ән шығарып едім, соған сөз керек деді ол.
– Ән болса, ақындарда әрқашанда жыр дайын, іздеп көрейін, – деп өз бөлмеме кіріп, өлеңдерімді қарап отырғанмын. Бір кезде төргі бөлмеден домбыра дауысы артынша күмбірлеп қоя берді. Таныс күй – “Амангелді дүбірі”, біздің үйде оны тарта алатын ешкім жоқ-ты.
Әйел ас үйден, мен өз бөлмемнен бір мезгілде төр бөлмеге ентелей кіріп келдік. О, ғажап! Мұндай да керемет болады екен-ау. Көз алдымыздағы мына көрініске таң-тамаша болып, тіліміз байланып, аузымызды ашып калдық. Айтбай шынтақтан төмен шолақ қолының тұқылына сым байлап алып өз күйін көсілтіп отыр. Сілейіп тұрғанбыз, күй біткенде барып бізге тіл бітті.
– Міне керемет! Мына өнерді қашан шығарғансың, – деп барып құшақтай алдық. Өнерге, күйге қайта келуіңмен! деп құттықтап жатырмыз.
– Бақандай он жыл бойы жынымнан айырылған бақсыдай есенгіреп жүр едім. Есімді енді жиғандаймын. Өнерді әуелде бермесін, берген соң онсыз өмір мән-мағынасынан айырылады екен. Енді, міне, өмірге екінші рет қайта келіп жатырмын десем, артық емес. Сым саусақ қайран бес саусаққа қайдан жетсін, дегенмен, көріп отырсың, әжептәуір тарта алатын болдым. Қаптаулы электр сымын күрте сыртынан білегіме байлаймын да, сыртынан дәкемен орап қоямын. Сөйтіп, ұзақ жаттығудан кейін домбыраны қайта меңгеріп алдым, – деп сыр шертті. Таңданысымда шек болсайшы. Бұл деген қазақтың күй өнері тарихындағы бұрын-соңды болмаған оқиға, қайталанбастай құбылыс қой.
Сөйтіп, сол жылдан бастап Айтбайдың шығармашылық өміріне үлкен өзгеріс еніп, зая кеткен жылдардың есесін жаңа ән, жаңа күйлермен қайтарып жатты.
1991 жылы өзінің 50 жылдық мерейтойын үлкен шығармашылық өрлеу үстінде қарсы алды. “Қарасу” кеңшарының сәулетті мәдениет үйінде оның осы тойын облыстың мәдениет саласындағы басшы қызметкерлері, өнер өрісіндегі әріптестері түгелдей келіп қатысып, дүрілдетіп өткізді. Бұл күні Айтбайдың күйлері мен әндері шырқалды. Мен өзім өлеңін жазған “Аяулы ана” әнін сонда тұңғыш рет тыңдадым.
Бұл күнде Айтбай шығармашылық ізденісте. Бұл орайда оның “Бабалар үні” атты топтама күйлерін айтуға болады. Топтама “Елім-ай!”, “Ару арман”, “Нарқыз”, “Сейтқұл аңызы”, “Бозтайлақ”, “Қаратау”, “Жұбату” тақырыпты жеті күйден құралады. Әрқайсысының мазмұнын аттарынан аңғарасың. Бергі тарихы-мыздың шерлі шежіресін шертетін “32-жыл”, “37-жыл”, “Алжир”, “Ер есімі-ел есінде ” атты күйлері де тыңдаушы жүрегіне жол тауып жатқан күйлер.
Ал “Амангелді дүбірі” мен “Қызыл керуен” тақырыптас. “Балалы киік”, “Ақ қайың”, “Домбыра сазы”, “Айтбай сарыны”, “Бүркітті байрақ” күйлері бүгінгі күннің мұңын мұңдап, жырын жырлайды, сыр толғайды.
Айтбай күйлерін әйгілі композиторымыз Н.Тілендиев жоғары бағалаған. Аруақты күйші деп кездескен сайын құшақтай көрісіп, арқасынан қағып, жылы сөзін айтып, ақыл-кеңес беріп, қамқор болып жүрді. “Айтбай сарыны” күйінің осылай деп атын қойған да Нұрғиса. Дүниежүзі қазақтарының құрылтайына барған жолы Нұрғисаның алдында Айтбай өзінің “Көкейкесті” күйін орындаған. Сонда Нұрғиса:
– Көкейкесті деген бір емес, бірнеше күйлер бар. Қабаттастырып қайтесің. Мұны сен “Айтбай сарыны” деп тарт, солай айтылсын, – деген.
Айтбайды айтқанда, Анар аты ауызда тұрады. Әкесіне жете туғанын, аса туғанын болашағы біледі. Өзі музыкалық білім ала алмай қалған Айтбай нота білмеудің қорлығын әбден көріп келеді. Сол кемістіктің орны толсын деп қызын 7 сыныптан бастап аудан орталығында оқытып, Аманкелді музыка мектебіне берген екен десем, бүгінде Анар Мұздаха-нованың күй тартқанын көрудің, естудің өзі бір ғанибет. Оның да өнерге қосқан үлесі зор. Соған орай Анарға 1994 жылы “Дарын” мемлекеттік сыйлығы берілді және сол сыйлықты республика Президенті Н.Назарбаевтың өз қолынан алды.
Анар бүгінде Астанада, филармонияның атақты күйшісі. Шығарма-шылық талантының нағыз толысқан, орындаушылық шеберлігінің шыңға шыққан шағында. “Самғау” күйімен көрермендер көңілін көкке самғатып, талантына тәнті етумен келеді. Сахнада көбіне өз әкесі композитор Айтбай Мұздахановтың күйлерін тартып, насихаттайды. Сым саусақты сазгер Айтбайдың өзі баяғыдай туған ауылы Қарасуда. Туған жерге, атамекенге кіндігінен байланған. Сол туған жері қасиетті Торғай топырағы шығармашылық шабытын шарықтатады; өнерін өрге өрлетеді. Бүгінде ол ауылының қадірлі ақсақалы, аймағының ардақты азаматы. Зейнеткерлікке шыққанмен, шығармашылық жұмыста. Сым саусағынан әлі де тамаша әндер мен көк нөсер күйлер туындай бермек.
2008 жылы Астанадағы “Сарыарқа” баспасынан Айтбайдың “Бабалар үні” атты күйлері мен әндері жинағы үлкен кітап болып басылып шықты. Оған 30 күйі мен 12 әні енген. Бұл оның 45 жылдық тынымсыз шығармашалық еңбегінің жемісі.
Жұма-Назар СОМЖҮРЕК, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.