Санкция сансыратады
Иранға қарсы санкцияларды Еуроодақ толық қолдап отыр және оны жүзеге асыруға кірісті. Олар Иран мұнай-газ секторына инвестиция салмайды және осы салада бұл елге технологиялар мен құрал-жабдық сатпайды. Иранның жетекші 40 саясаткері Еуроодақ еліне келе де алмайды. Сондай-ақ Иран банктері – Еуропада, Еуроодақ банктері Иранда қаржылық аударымдар жасай алмайды. Иран басшылығы қаншама даурықпа мәлімдемелер жасап, санкция өздеріне түк емес дегенмен, ол бұл елдің экономикасына үлкен соққы болып тиеді.
Премьер қызметінен кетті
Үкімет басшылары қызметінен кетіп жатады. Оңтүстік Корея премьер-министрі Чон Ун Чханның кетуі қызықтау болды. Бұрынғы ел басшылығының үкіметтің жартысын ел астанасы Сеулден оның оңтүстігіндегі Сечжон қаласына көшіру жөніндегі жоспарына өзгеріс енгізе алмағанына, яғни оны парламентте өткізе алмағанына өзін кінәлі санаған. Астананы ішінара көшіруге қазіргі Президент Ли Мен Бак та қарсы. Бұл артық қаржы жұмсауға, әкімшілік сапырылысқа соқтырады дейді олар. Премьердің бұл қадамы енді парламентті де ойландырар.
Генералдарды жыққан жансыз
Чехияның әскери барлауы ресейлік бір жансызды әшкереледі. Әшкереленген Роберт Р. Ресейге қашып үлгеріпті. Бірақ өз кезегінде Чехияның жоғары шенді үш генералын жығып кетті. Жансызға елдің үлкен мекемесінің адамы мағлұмат беріп отырған екен. Мұны естіген соң, президенттің әскери кеңсесінің бастығы Франтишек Грабал, Чехияның НАТО-дағы өкілі Йозеф Сетлак және Бас штаб бастығының бірінші орынбасары Йозеф Прокш дереу қызметтерінен кететіндерін мәлімдеген.
Жасамыс әжелер — Жапонияда
Міне, ширек ғасырдан бері Жапония әйелдер жасының ұзақтығы жөнінен бірінші орында келеді. Онда әйелдердің орташа жасы – 86,44 жыл болса, ал ер адамдардың орта жасы 79,59 жыл. Бұл да аз емес-ау, әлем елдері арасында бесінші орында. Елдің денсаулық министрлігі алдағы уақытта бұл елде адамдардың орташа жасы өсе түседі дегенді айтады.
У суға қосылмасын
Қытайдың солтүстік-шығысындағы Цзилинь провинциясында тасқын су кезінде жергілікті екі химиялық кәсіпорынның 7 мың бөшкесі Сунгари өзеніне ағып кетіпті. Оның 4 мыңы бос екен де, 3 мыңында тез от алатын улы химикаттар бар көрінеді. У суға қосылса, өзен бойындағы халыққа қауіп. Аталған өзен Ресей мен Қытайдың шекарасындағы Хейлундзянға (Амур) құяды. Содан Ресей де шошып отыр. Соңғы хабарға қарағанда, бөшкелер негізінен “ұсталған” көрінеді.
Жаңбыр жаудан да жаман
Пәкстанда нөсер жауын әрқашан болып тұрады. Бірақ дәл осындай алапат жауын соңғы 80 жылда болмаған екен. Жер дүние топан суға айналып кеткендей. Ең жаманы – сол топан судан халықтың біразы қашып құтыла алмапты – соңғы мәліметке қарағанда, 1100 адам суға кетіпті.
Сығанның да елі бар
Сығандардың жүрмейтін жері жоқ, бұлардың елі жоқ па дейміз ғой. Бар екен. Болгарияның ішкі істер министрі Цветан Цветановтың мәлімдеуіне қарағанда, оның елі Румыниямен бірлесе отырып, Франциядан қуылған сығандарды өздеріне қабылдап алуды қарастырып жатқан көрінеді. Ал Румынияның премьер-министрі Эмиль Боктың пікірінше, Еуроодақ елдері сығандарды жан-жақты қыспаққа алып, кемсітетін сияқты.
Милиционер фашистер
Ресейдің Оңтүстік Сахалин қалалық соты ұлтшыл милиционерлерге, осында құрылған “Славян одағы” экстремистік қауымдастығының мүшелеріне үкім шығарды. Фашист милиционерлердің жетекшісі саналатын қылмыстық іздестіру бөлімінің офицері Иван Розенко 4 жылға сотталса, ұйымның тағы бір мүшесі шартты түрде 2 жылға кесіліпті. Жұмсақ жаза оларды райынан қайтара қоймас.
Әзірлеген Мамадияр ЖАҚЫП.