“Түрк халкларынын ортак едебі есерлері”
Ыстамбұлда жарық көрді
Президент Н.Ә.Назарбаевтың ұсынысы бойынша Астанада Түркі академиясы құрылғанынан оқырман қауым жақсы хабардар. Жақында Түркиядан, Ыстамбұл қаласынан мұндай академияның түркі халықтарының қарашаңырағында – Қазақ елінде құрылуы жарасымды заңдылық екенін көрсететін құнды кітап жарық көрді. Ол – филология ғылымдарының докторы, профессор, Күлтегін сыйлығының лауреаты Немат Келімбетовтің “Түрік халықтарының ортақ әдеби мұралары” атты еңбегі. Біз бүгін оқырман назарына сол кітапты түрік тіліне аударған белгілі ғалым Әбдіуақап Қараның еңбекке жазған алғысөзін ұсынып отырмыз.
Ежелгі дәуірлерден қазірге дейін көптеген мемлекеттердің іргетасын қалаған түркілер мәдениет саласында, әсіресе әдеби салада көптеген маңызды туындыларды өмірге келтірген. Сондықтан түркілер әрі ауыз әдебиетіне, әрі жазба әдебиетке аса бай. Зерттеушілер түп тамыры заманымыздан бұрынғы ғасырларға дейін созылатын және шамамен үш мың жылдық тарихы бар түркі әдебиетін түрлі тұрғыдан қолға алып талдауда.
Түрік тіліне аударылып отырған профессор Немат Келімбетовтің осы еңбегі қазақ тілінде “Ежелгі әдеби жәдігерліктер” деген атпен жарық көрген. Біз оның атын түрік тіліне аударғанда “Түрк халкларынын ортақ едебі есерлері”, яғни “Түрік халықтарының ортақ әдеби мұралары” деп қоюды жөн көрдік. Өйткені, біріншіден, Түркияда ежелгі немесе ескі әдебиет дегенде еске алдымен Осман патшалығы дәуіріндегі әдебиет оралады. Екіншіден, осы еңбекте бүгінгі түрік халықтарының әдебиеттеріне негіз болған ортақ әдеби мұралар біртұтас қолға алынып зерттелуде. Еңбекте бұл мұраларға Исламға дейінгі дәуір, Исламдық дәуір және Алтын Орда әдебиеті деген үш тарауда талдау жасалуда.
Кітаптағы назар аударарлық маңызды жәйт, Келімбетовтің зерттеуінде мыңдаған жыл бұрын ортаға шыға бастаған Түркі әдеби мұраларының бір-бірінен үзік, байланыссыз емес екенін, қайта олардың арасында қазірге дейін жалғасып келген көркем өнер дәстүр жалғастығы болғандығы жөніндегі тезисін табыспен ортаға қойып отырғандығы.
Осы орайда нақты бір мысал берер болсақ, автор Қорқыт ата кітабындағы “Байбөрі баласы Бәмсі-Байрак туралы жыр” дастанының бас кейіпкері Бәмсі-Байрак пен қазақ халқының әлемге әйгілі дастанындағы Алпамыс батыр арасындағы байланысты дәлелдеп көрсетуде. Келімбетовтің тұжырымы бойынша, Бәмсі-Байрак уақыт өте келе түркі халықтарының әлеуметтік өміріндегі сан түрлі тарихи құбылыстарға сай кейбір өзгерістерге ұшыраған сияқты. Сөйтіп, Бәмсі-Байрак әңгімесі қазақ халқы арасында “Алпамыс батыр” дастанына айналған. Ғұндардың “алып” деген әскери атақты шайқаста ерлік көрсеткен батырлардың атына қосып айтқаны ғалымдардың зерттеулерінен белгілі. Міне осы жәйтті ескерткен Келімбетовтің пікірі бойынша, Бәмсі-Байрак Алп Бамсы болып та айтылған. Ал бұл есім кейін бірте-бірте Алпамса, Алпамша, Алпамыс атанып кеткен.
Екінші жағынан Бәмсі-Байрак жыры өзінің композициялық құрылысы тұрғысынан да “Алпамыс батыр” дастанына жақын келеді. Ал сюжеттік тұрғыдан бұл екі жырдың бірінші және екінші бөлімдері бірін-бірі қайталайды. Атап айтқанда, Бәмсі-Байрак пен Алпамыстың дүниеге келуі, сүйген қызына үйленуі, батырдың жау қолына қапылыста тұтқынға түсіп, ұзақ жылдар бойы зынданда жатуы, батыр сүйген жарының басқа біреулермен үйлену тойының үстінен шығуы, жыр қаһармандарының мұрат-мақсатына жетуі т.б. екі жырда да бір-біріне ұқсас болып келеді.
Қазақстанның белгілі ғалым және авторларынан профессор Немат Келімбетов әдебиеттану саласында бірқатар маңызды зерттеулердің авторы. 1937 жылы туылған автор жалпы түркі әдебиеті және тарихы туралы жасаған зерттеулері нәтижесінде “Ежелгі түркі поэзиясы және қазақ әдебиетіндегі дәстүр жалғастығы”, “Қазақ әдебиеті бастаулары”, “Көркемдік дәстүр жалғастығы”, “Ежелгі дәуір әдебиеті”, “Ежелгі әдеби жәдігерліктер” сынды еңбектерді дүниеге келтірген.
Келімбетовтің осы кітаптан бұрын “Үміт үзгім келмейді” атты автобиографиялық хикаят монологы осы жылдың басында түрік тіліне аударылған болатын. Бұл еңбек бұдан бұрын орыс, украин, түркімен, неміс және қытай тілдерінде де жарық көрген.
Автордың шығармашылық салада “Үміт үзгім келмейді” атты еңбегінен басқа “Қариялар”, “Ұлыма хат” деген кітаптары да баршылық. “Қариялар” атты еңбегі ТМД елдерінде жылдың үздік кітабы атағына ие болды.
Келімбетовтің түркі халықтардың ортақ әдеби мұралары сынды кең байтақ тақырыпты қамтыған бұл зерттеуін түрік тіліне аударуда бірқатар қиыншылықтар болмай қойған жоқ. Оларды шешу барысында түпнұсқадан ауытқымауға ерекше күш жұмсадық. Әсіресе әдеби жәдігерлерден алынған үзінділердің түпнұсқасының түрік емлесіндегі транскрипциясын айна-қатесіз беру үшін аудармадан тыс тәсілдер қолдануға тура келді. Өйткені, Келімбетовтің “Диуани лұғат-ат түрік” сияқты мұралардан өзбек, қазақ немесе орыс тілдеріндегі еңбектерден алған үзінділерінің алфавит айырмашылықтары себебімен Түркиядағы ғалымдардың бұл салада қалыптасқан транскрипция жүйесімен үйлесімсіздік көрсетуі, кей жерлерде түсініксіздіктерге, тіпті қателіктерге апарып соқтыруы әбден ықтимал еді. Мұндай жағдайларға жол бермеу үшін мұралардан алынған үзінділерді, аударып жатқан еңбектің өзінен емес, Түркияда жарық көрген еңбектерден алып қойдық. Бұл еңбектерді де аударылған еңбектегі сілтемелердің қасында бұрышты жақша ішінде қосымша көрсеттік.
Сонымен бірге Келімбетов көне түркі әдеби мұраларынан алынған үзінділердің қазақша аудармасын да беріп отырған. Бұл аудармалар кейде қолданылған материалдың орыс немесе өзбек тілінде болуына байланысты аударманың да аудармасы болған. Біздің осы мәтіндерді қазақшадан түрікшеге аударуымыз аударманың үшінші рет жасалуы болатын еді. Сондықтан мәтінде әрі мағыналық адасулар, әрі эстетикалық бұзылушылықтар болуы ғажап емес еді. Міне, осындай жағдайларды болдырмау үшін әдеби мұралардан қазақшаға жасалған аудармаларды тағы бір рет түрік тіліне аударудың орнына, түрік ғалымдарының түпкі нұсқадан жасаған аудармаларының өзін қолдандық. Мұндай аударма мәтіндердің бұлақтарын бұрышты жақша ішінде қосымша көрсеттік.
Мысал үшін айтар болсақ, “Қорқыт ата”, Жүсіп Баласағұнның “Құтты білік”, Махмұт Қашқаридің “Диуани лұғат-ат түрік” еңбектерінен алынған үзінділердің түрік тіліндегі аудармалары үшін Мұхаррем Ергин, Решит Рахметі Арат, Бесим Аталай сынды Түркияның бұл саладағы мықты ғалымдарының зерттеулерін қолдандық, сондай-ақ бұлардың да сілтемелерін автордың сілтемелеріне қосымша бұрышты жақша ішінде қасында көрсеттік.
Бұлардан басқа аударма барысында кездескен кейбір терминологиялық қиыншылықтар үшін сол салалардың маманы болған түрік әріптестерден кеңес алып отырдық. Мәселен, қазақ әдебиетіндегі кейбір терминдердің түрік тіліндегі баламасын табуда Мармара университетінен филология ғылымдарының докторлары Орхан Сөйлемез бен Гөксел Өзтүрік, көне грек тарихшыларының есімдері мен еңбектері туралы осы саланың маманы, тарих ғылымдарының докторы Ферит Баз, парсы тіліндегі өлеңдердің түрік емлесінде дұрыс жазылуында Мимар Синан университеті тарих кафедрасының оқытушысы Гүлсерен Жежелинің берген кеңестері пайдалы болды. Оларға алғысым шексіз.
Белгілі ғалым, профессор Немат Келімбетовтің бұл еңбегінің түркі дүниесінің ортақ мәдени құндылықтарының айқындалуына және бұл саладағы зерттеулерге өзіндік зор үлесін қосатындығына сенімдімін.
Құрметпен, Әбдіуақап ҚАРА, тарих ғылымдарының докторы, Мимар Синан көркемөнер университетінің профессоры.
Ыстамбұл, мамыр 2010