Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың “Жаңа онжылдық — жаңа экономикалық өрлеу — Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты биылғы Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген міндеттерді жүзеге асыру мақсатында Білім және ғылым министрлігі Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының жобасын әзірледі. Жоба Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында талқыланып, оған қатысқан Үкімет мүшелері, Парламент депутаттары, облыс әкімдерінің орынбасарлары, халықаралық ұйымдардың, Отанымыздың білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының өкілдері, жоғары оқу орындарының ректорлары, облыстық білім беру басқармаларының бастықтары, өзге де азаматтар ұсыныс-тілектерін білдірді. Жоба қазір талқылану үстінде. Осы мүмкіндікті пайдаланып, өз ұсыныстарын, тілек, талаптарын белсене білдірем дегендерге жол ашық. Себебі, ел болашағы үшін аталмыш бағдарламаның маңызы орасан зор.
Қазіргі күні біздің алдымызда тұрған негізгі міндет – бәсекеге төтеп бере алатын жоғары білікті жұмыс күшін даярлау. Жалпы, білім беруді дамыту мемлекеттің экономикалық гүлденуінің негізі болуы керек.
Бұдан бұрын қабылданған 2005-2010 жылдарға арналған бағдарламаны жүзеге асыра отырып қол жеткізген жетістіктерге тоқталар болсақ, білім беру сапасын бағалаудың ұлттық жүйесі құрылды. Білім берудің барлық деңгейі тиісті ұйымдар жүйесімен институционалды қамтамасыз етілді. Қазақстандық мектеп оқушылары тұңғыш рет TІMSS, PІSA халықаралық зерттеуге қатысты. Техникалық және кәсіптік білім қайтадан қалпына келтірілді. Бакалавр-магистр-Ph.D. докторы үш деңгейлі мамандар даярлау жүйесі енгізілді. Білім және ғылым саласы бойынша 130 халықаралық келісім-шарттарға қол қойылды.
Дегенмен, әлі де болса шешімін таппаған мәселелер жеткілікті. Білім беру мекемелерін салу, 12 жылдық білім беруге көшу, саланың төмен дәрежеде қаржыландырылуы, тиімсіз басқару, материалдық-техникалық базаның нашарлығы, шағын кешенді мектептер мен балабақшаның жетіспеушілігі, техникалық, кәсіптік және жоғары оқу орнын бітірген түлектердің еңбек рыногының сұранысына жауап бермеуі, білім беру мазмұнының тиімсіздігі, тағысын-тағылар. Мұның барлығы айналып келгенде қазақстандық білім беру саласының бәсекеге қабілетті болуына кедергі жасап отыр.
Осыны ескере отырып, 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламада білім берудің барлық жүйесін жаңғырту қарастырылған. Бағдарлама мақсаты экономиканың және азаматтардың әл-ауқатының тұрақты дамуын қамтамасыз ететін білім беру жүйесінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, адам капиталын дамыту үшін оны түбегейлі жаңғырту болып табылады.
Мемлекеттік бағдарламада білім берудің әрбір деңгейі бойынша 2020 жылға мынадай мақсаттық индикаторларға жету қарастырылған: бірінші, мектепке дейінгі тәрбие және оқыту саласында – қалалық, сонымен бірге, ауылдық жерлерде мектепке дейінгі тәрбие және оқытумен толық қамту; екінші, орта білім беру саласында – 12 жылдық оқытуға көшу, “Назарбаев интеллектуалды мектебі”, жоғары сатыдағы “Бейіндік мектеп” желілерін дамыту; үшінші, техникалық және кәсіптік білім беру саласында – ұлттық біліктілік жүйесін, бейіндік стандарттарды әзірлеу; төртінші, жоғары білім беру саласында – оның бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету, ғылым мен білімнің кірігуін, интеллектуалды жеке меншік өнімдерін коммерцияландыру үшін жағдайлар жасау, Болон процесі шеңберінде міндетті, ұсынылған өлшемдерді орындау.
Мемлекеттік бағдарлама шеңберінде педагог мәртебесін көтеру, шағын мектептердің даму стратегиясын жүзеге асыру, “e-learnіng” электронды оқыту мен жан басына шаққандағы (ваучерлік) қаржыландыруды енгізу, білім беруді басқару жүйесін жұртшылықты тарту арқылы жетілдіру сияқты көптеген мәселелерді шешу жоспарланып отыр.
Қазірге кезде Қазақстанда мектепке дейінгі тәрбие және оқытумен балалардың тек қана 38,7%-ы ғана қамтылған. Балабақшаларда орта есеппен 100 орынға 111 баладан келеді (қалалық жерлерде – 120). Қалалық жерлерде әрбір үшінші бала, ал ауылдық жерлерде 100 баланың ішінен бесеуі ғана балабақшаға барады. Сондықтан, балабақша тапшылығын азайту күн тәртібінде тұрған негізгі мәселе. Елбасы Н.Назарбаев та өзінің биылғы жылғы Жолдауында осы мәселені қадап айтып, “Балапан” мемлекеттік бағдарламасын әзірлеуді тапсырды. Бұл бағдарламаларды жүзеге асыру негізінде біз 2020 жылға қарай ауылдық және қалалық жерлерде балабақша тапшылығы толығымен шешімін табады деп отырмыз. Бұл мақсатты жүзеге асыру үшін мектепке дейінгі ұйымдардың баламалы – жеке меншік, отбасылық, ведомстволық, мемлекеттік желісін дамыту көзделіп отыр. Бұл бағытта басым мақсат “Балапан” мемлекеттік бағдарламасына артылады. Оған қоса, оқу бағдарламалары жаңартылып, оқу-әдістемелік кешендер әзірленеді, мектепке дейінгі ұйымдар жоғары білікті кадрлармен қамтамасыз етіледі, ата-аналар үшін консультативтік бөлімшелер құрылады.
2015 жылдан бастап еліміз мектептері 12 жылдық білім беруге кезең-кезеңмен көшіріледі. 11 жылдық мектептің 9-сыныбынан 12 жылдық мектептің 11-сыныбына секіріп өту 2015-2016 жылдардан бастап 2019-2020 жылдар арасында жүзеге асырылады.
Инклюзивті білім беру жүйесін дамыту да қолға алынбақ. Барлық өңірлерде ересек жастағы балаларға түзеу-педагогикалық қолдау көрсету үшін түзеу және инклюзивті білім беру кабинеттері құрылады. 2015 жылға дейін желі 380-нен 540 бірлікке дейін өседі.
Педагог мәртебесін арттыруға бағытталған түрлі шараларға қарамастан, педагог мамандығына сұраныс аз. Қазіргі күні еліміздегі әрбір бесінші мұғалім 50 және одан үлкен жаста. Педагогтардың жалпы санынан 3 жылға дейінгі өтілі барлар – 13%. Жыл сайынғы жас кадрлар есебінен толығу тек 2,6%-ды құрап отыр. Төмен жалақы (еліміздегі орташа жалақының 60% жуығы), педагог мамандығының беделінің болмауы жоғары білікті мамандардың осы саладан кетуіне ықпал етеді. Сондықтан мемлекеттік бағдарламада осы мәселеге барынша ден қойылған.
Педагог мәртебесін көтеру үшін педагогикалық қызметкерлер еңбегіне мемлекеттік қолдауды күшейтіп, олардың еңбегін ынталандыру артпақ. Олардың орташа жалақысын экономикадағы орташа жалақыға жеткізу көзделіп отыр. 2016 жылы педагогтардың 70%-ы ваучерлік қаржыландыру принципі бойынша біліктілігін арттырады. Бұл өз кезегінде кәсіби шеберлік деңгейі бойынша педагогке қойылатын талаптарды жоғарылатады.
Педагогтерді даярлау және олардың біліктілігін арттыру сапасын қамтамасыз етуді бақылау үшін еліміздің барлық аймақтарында тәуелсіз аттестациялық агенттіктер құрылады.
Білім беру сапасын және басқару тиімділігін арттыру үшін оқу процесін автоматтандыру, педагогтар мен оқушыларды ең жақсы білім беру ресурстарына және технологияларына тең қол жеткізуін қамтамасыз ету үшін білім беру мекемелерінде “e-learnіng” электронды оқыту жүйесі енгізіледі. Ол үшін педагогтар құзіретіне ақпараттық-коммуникациялық технологияны (АКТ) қалыптастырып, қажетті инфрақұрылым құру, оқу процесіне автоматтандыруды енгізу жоспарланған. 2011 мен 2015 жылдар аралығында әр педагог АКТ қолдану бойынша біліктілігін арттыру курсынан өтеді.
Қазақстандық білім беру жүйесінің ерекшелігі – шағын жинақы мектептердің (ШЖМ) болуында десек болады. Елімізде жалпы орта білім беретін 7576 ұйымның 56,8%-ы ШЖМ құрайды, ауылдық жерлерде бұл көрсеткіш 70%-ға жуық.
Соңғы 15 жылда негізгі ШЖМ-ның саны екі есеге көбейді. Біз енді ондағы білім сапасын арттыру бойынша жұмыс жасамақпыз. Отанымызда мектебі жоқ 1522 елді мекенінде 36 960 оқушы тұрады. Оларды тасымалдауды ұйымдастыру ісі аса маңызды. 2011 жылы “Мектептері жоқ елді мекендерде тұратын білім алушылар мен тәрбиеленушілерді мектепке және кері тегін әрі қауіпсіз жеткізумен қамтамасыз ету” стандарты әзірленіп қабылданады.
Бірнеше жақын жерлерде орналасқан ШЖМ-ны бірыңғай білім кеңістігіне біріктіретін өңірлерде 160 “тірек мектебін” құру көзделіп отыр.
Елімізде 882 техникалық және кәсіптік білім беру орындары бар, оның 322-сі кәсіптік лицей болса, қалғаны колледждер. Оның 20 пайызға жуығы ауылдық жерлерде орналасқан. Қазіргі кезде мұнда барлығы 609,0 мың адам білім алуда. Алайда, ТжКБ жүйесінде оқыту жастар үшін тартымсыз әрі беделсіз болып отыр.
Инженер-педагогикалық қызметкерлердің мәртебесінің төмен болуы жоғары білікті кадрларды тартуға мүмкіндік бермей отыр. Оның үстіне мамандарға қойылатын ескірген біліктілік талаптары бойынша кадрларды даярлау мазмұны индустрия және жұмыс берушілер сұраныстарын қамтамасыз ете алмайды.
Сондықтан техникалық және кәсіптік білім беру саласында экономикалық сұранысты ескере отырып, Ұлттық біліктілік жүйесі енгізіледі. Сонымен қатар индустрия жобалары бойынша мамандарды даярлаудың инфрақұрылымы дамытылып, ТжКБ білім берудің мәртебесін көтеру жоспарланып отыр.
2020 жылға қарай ТжКБ оқу орындарының 90%-ы жаңартылады және заманауи оқу-өндірістік және технологиялық құрал-жабдықтармен жабдықталады (заманауи станоктар, интерактивті оқу құралдары, тренажерлер, виртуалды тренингтік лабораториялар және т.б.)
ТжКБ түлектері жұмыс берушілер мойындаған сертификаттар алатын болады. Халықаралық тәжірибеге сәйкес, біліктілікті сертификаттау жөніндегі ұлттық органдар құрылады.
Жоғары білім беру саласында еңбек рыногының қажеттіліктерін, елдің индустриялық-инновациялық дамуының және жеке тұлғаның қажеттіліктерін қанағаттандыратын жоғары білім сапасының деңгейіне көшу көзделіп отыр. Жоғары оқу орындарының түлектерінің 80%-ының жұмысқа тұруына қол жеткізуіміз қажет. Ол үшін жоғары білім мазмұны мен құрылымын Болондық процестің параметрлерімен сәйкестендіру арқылы еуропалық жоғары білім аймағына кірігуді қамтамасыз ету керек. Білім және ғылымның ықпалдасуын қамтамасыз ету, жоғары оқу орындарының материалдық-техникалық базасын нығайту, интеллектуалды жеке меншіктің өнімдерін коммерциялау үшін жағдай жасалынады.
Жоғары білім берудің сапасын бағалау жүйесінің тиімділігін қамтамасыз ету үшін ұлттық аккредитациялық ұйымдар халықаралық аккредитациялық агенттіктер желісіне енеді.
Бағдарлама екі кезеңде (2011-2015жж. – І кезең; 2016-2020жж. – ІІ кезең) іске асырылады. Бағдарламаны іске асырудың бірінші кезеңінде жекелеген бағыттар бойынша білім беруді дамытудың модельдері әзірленеді, олар сынақтан өткізіліп, осыған байланысты жұмыс жүргізіледі. Екінші кезеңде құрал-жабдықтар сатып алынады, инвестицияларды (білім берудің материалдық инфрақұрылымын жаңарту және өзге шығынды жұмыстар) көздейтін іс-шаралар жүзеге асырылады, әдістемелік, кадрлық, ақпараттық қамтамасыз ету арқылы алдыңғы кезеңдерде алынған нәтижелер орындалады.
Мемлекет ел экономикасының қарқынды дамуын қамтамасыз етуді; әлемдік кеңістіктегі адами капиталдың бәсекеге қабілеттілігін арттыруды; қазақстандық білім беру жүйесінің тиімділігін қамтамасыз ету; халықаралық рейтингтегі көрсеткіштерді жақсартуды; бала тәрбиесіндегі ата-аналар жауапкершілігін жетілдіруді қамтамасыз етсе, ата-аналар білім беру ұйымдарын таңдау мүмкіндігіне; қорғаншылық кеңестері арқылы білімді басқаруға араласуға; мектепалды тәрбие мен оқытуда қолжетімділікті қамтамасыз етуге; баланың табыстары туралы ата-ана білім беру ұйымы байланысы арқылы қашықтықтан ақпарат алуға құқылы болады. Ал педагогтар педагог мәртебесін арттыруды; жалақыны экономикадағы орташа жалақы деңгейін жеткізуді; қызметтік өсу жүйесін енгізуді; қызметтің барлық кезеңінде кәсіби біліктілікті, оның ішінде шетелде дамытуды талап ете алады. Білім алушыларға барлығына бірдей сапалы білімге қол жеткізуге; үздік білім беру ресурстары мен технологияларын пайдалануға; коммуникативтік және кәсіби біліктілікті дамытуға мүмкіндік жасалады.
Бағдарламаның бірінші кезеңін іске асыру үшін 4 млн. теңгеге жуық қаржы кетеді деп болжанып отыр.
Жаңа бағдарламаның осындай оң нәтижелерге қол жеткізуге болатын тұстарын сала қызметкерлерінің есіне сала отырып, талқылау ісіне шақырамын.
Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ, Білім және ғылым министрі.