Талантты жас өнерпаздардың басын біріктіріп, олардың өнерлеріне шабыт беріп, шығармашылықтарына бағыт сілтеп жүрген өнер ұжымдары, Құдайға шүкір, елдің бас қаласы – Астанада жетерлік. Ансамбль дейсіз бе, би тобы дейсіз бе, саз мектептері дейсіз бе, әйтеуір өнердің сан қырын ашатын өнер орталықтары шетінен ашылып жатыр. Өнерді алға қарай жылжытатын, жас таланттардың танылуына елеулі ықпал етіп жүрген мұндай өнер мектептері мен орталықтарының ашылуы ата-аналар мен балаларды қуантып жатса, екінші жағынан ұлттық мәдениет пен өнерімізді насихаттаудың да өзіндік сара жолы.
Осы орайда Франция, Египет, Испания, Біріккен Араб Әмірлігі, Индонезия сынды мемлекеттерде ұлттылығымызды дәріптеп, рухани қазынамыз болып саналатын төл өнерімізді таныстырып жүрген, өздері шағын болса да 23 рет шетелдерге шығып, түрлі байқаулар мен фестивальдарға қатысып, ел абыройы мен қазақ атын әйгілеп жүрген Астана қаласы №2 балалар саз мектебінің жанынан құрылған “Шексіз әуен” атты жастар орталығының қазақ өнеріне сіңіріп жүрген еңбегін айтпасқа болмас.
Бір айта кететін жайт, өткен жылы осы өнер ұжымының бір ай бойы Францияда өткен үш бірдей халықаралық фестивальдарға қатысып, үлкен абыройға кенеліп қайтқандарын жазған болатынбыз. Ал енді, мінеки, биылғы, яғни 2010 жылы “Шексіз әуен” жастар орталығы Индонезияның астанасы Джакарта қаласында өткен І халықаралық “Арсена” мұсылмандар фестиваліне қатысып қайтыпты.
“Жүздері жарқын, түстері жылы, қонайқжай Индонезия халқын көргенде өзімізді, қазағымызды көргендей болдық. Бізді жылы қарсы алып, ерекше ілтипат білдіріп жатты. Фестиваль салауат айтудан басталып, сосын имам Құран бағыштады. Осындай жүректің ең бір абзал, ең бір пәк сезімі – Аллаға деген пендесінің махаббаты бойымызға керемет жігер бергендей болды. Сол кезде өнер ұжымындағы домбырашы, жыршы, әнші, термеші балалармен қоса, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің оқытушысы Гүлмира Мағзұмова жетекшілік ететін “Рауан” бишілер тобы, Көкшетау қалалық филармониясының танымал әншілері Майра Есмұқанова мен Бисара Макенова, Астана қалалық филармониясының домбырашылары да болды. Бәріміз қосылып, халқымыздың әнін айтып, биін билеп бердік. Өзге елдерден келген өнерпаздардың бізге деген ықыластары да ерекше болды. Бір жағынан олардың біздің ұлттық өнерімізге деген ілтипаттарын көріп, біз де риза болдық. Осы фестиваль аясында қала шеруі ұйымдастырылды. Шеру кезінде әр мемлекеттен келген делегаттар өздерінің мемлекеттік туын ұстап, әнұрандарын шырқады. Қаланың әсем жерлерін аралап, бас имамның тек қазақстандық делегаттарға арналған кездесуіне қатысып, бас имамның өзі басшылық ететін медресесінде болып қайттық. Сонымен қатар Джакарта қаласының бас имамы бізді үйіне шақырып, түскі ас берді. Біз үшін де бұл үлкен абырой болды. Балалар Джакарта қаласында өнер көрсетіп қана қоймай, осы қаладағы ең ірі хайуанаттар бағында болып, әлемдегі сирек кездесетін жануарларды өз көздерімен көріп қайтты. Үнді мұхитының суына қаңтар айында суға түсу балалар үшін ешқашан да ұмытылмайтын оқиға болғаны анық”, – деп Джакарта қаласында өткен фестивальдың тынысымен “Шексіз әуен” жастар орталығының директоры Оспан Сүлейменов бізді таныстырып өтті.
Жемісті басталған жыл нәтижелі жеміспен өз жалғасын тауып келеді. Осы жақында ғана “Шексіз әуен” орталығының ұжым мүшелері Қытай Халық Республикасында өткен “Шыңжаң халықаралық балалар фестиваліне” қатысып қайтты. Қазақстан, Ресей, Қытай, Үндістан, Пәкістан, Түркіменстан, Қырғызстан сынды 7 мемлекет қатысқан халықаралық балалар фестивалінде де қазақтың халық әні шырқалып, ұлттық биі көрермендердің көзайымына айналып, төл өнеріміз жиналған жұртшылық қауымды сүйсіндірген көрінеді.
№2 саз мектебінің жанынан құрылған бас-аяғы 20-дан астам ғана мүшесі бар өнер орталығының төл өнеріміз бен мәдениетіміздің өсіп-өркендеуіне, әлем халықтарына қазақ атын таныту жолында өз үлестерін қосып жүргеніне біз де шексіз ризамыз. Қадамдарына нұр жауып, өркендері өссін жас өрендердің!
Арай ҮЙРЕНІШБЕКҚЫЗЫ.