04 Тамыз, 2010

Түстік өмірің болса, кешкілікке мал жина

550 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін
Баспаналы болу қай кезде де адамзат баласы үшін басты мәселелердің бірі болып қала  бермек. Біреулер отбасын құрып, жеке шаңырақ көтергісі келсе, біріміз пәтерімізді тар санап, кеңейтудің жолын іздейміз, тағы біреулердің қартайғанда немереміз ауласында асыр салып ойнайтын үйіміз болса ғой деп армандайтыны рас.  “Үй болмай – күй болмайды” дегендей, елімізде осыдан 7 жыл бұрын  аталмыш мәселені реттеу, азаматтарға төмен пайызбен несие беру үшін “Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” АҚ құрылған еді.  7 жыл ішінде қанша адам тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесінің қатысушысы атанды, қанша салымшыға заем берілді? Пәтер сатып алып, баспана тұрғызып, пәтерін кеңейткісі келетіндердің көкейіндегі көп сауалды “Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” АҚ басқарма төрайымының орынбасары Нұржами АЛТЫНСАҚА ханымға қойған едік. – Бүгінде Тұрғын үй құрылыс жинақ банкімен келісім-шартқа отырған 183 мыңнан астам салымшы бар болса, 22 мыңнан астам адам   банктен заем алды. 7000 заемшыға пәтер алуға, бас­пана салуға, оның ішінде 6000-ына пәтер алуға, 800-іне үй салуға, 200-ден астам адамға жер телімін сатып алуға банктен заем берілді. 7 жылдық  жұмыстың нәтижесі деп алсақ, Банк үшін бұл жақсы көрсеткіш. – Нұржами Қалықбайқызы, “Қа­зақ­­станның тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің” салымшысы мен алымшысы болудың шарттары қандай? – Біріншіден,  банктің негізгі жү­йелі  қағидасы бізге салымшы болу керек, ол үшін екі ғана құжат – өзінің жеке  куәлігі мен СТН-ді алып келуі қажет. Шарт 500 мың теңгеден кем бол­мауы тиіс. Алғаш шарт жасасқанда са­лымшыдан   0,5  пайыз комиссия алынады. Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесінің қатысушысына қойылатын талап: Банкпен келісім-шартқа отыр­ған салымшы шарттық соманың 50 пайызын, ай сайын өз есепшотына жар­на салу арқылы, белгілі бір мерзімде жинайды, ал 50 пайызын  мерзімді уақыт өткеннен кейін, Банк 4 түрлі тарифтік бағдарлама  бо­йынша, бағалау көрсеткішінің қажетті мәніне жеткен жағдайда, заем ретінде береді.  Негізгі шарты осы. Мәселен, 250 мыңды салымшы өзі жи­нақтаса, 250 мыңды Банктен заем ретінде алады. Біздің жарнамалардан  естіп-көріп жүрген боларсыз,  “Бастау” тарифтік бағдарламасы бойынша салымшы өз ақшасын шарттық мерзім – 3,5 жылда жинаса, Банк оған 5,5 жылға  5 пайыздық сыйақымен заем береді. Келесі кезекте “Өркен” тарифтік бағдарламасына тоқталсам, онда салымшы 5,5 жылдан аспайтын мерзімде өзінің 50 пайыз салымын жинақтап шығуы керек, ол кезде салымшыға 8,5 жылға 4,5 пайыз сыйақымен заем  беріледі. “Кемел” бағдарламасы бойынша 8,5 жыл жинақ жасалса, заем 15 жылға беріледі, сыйақысы 4 пайыз. Ал “Болашақ” тарифтік бағдарламасы жаңа туған сәбилерге, мектеп табалдырығын аттаған балдырғандар үшін  өте қолайлы, жинақтау мерзімі 15 жылды құрайды, ал заем 25 жылға беріледі. – Банктің басқа екінші деңгейде  ипотекалық несие беретін банктердің қандай айырмашылығы бар? – Басты төрт айырмашылығы бар: алдымен клиенттеріміз Банкпен  тұрғын үй құрылыс жинақтары туралы  шарт жасасып, салымшы болуы керек. Егер клиенттің айлық табысы жоғары болып, жинақтау мерзімінің аяқталуын күтпестен заемды қазір аламын дейтін болса, онда Банк аралық және алдын ала заемдарды ұсына алады. Бұл заемдардың әрине, сыйақы мөлшері 12-14 пайыз болады. Дегенмен келешекте, тарифтік бағдарлама бойынша жинақтау мерзімінен аспайтын, кемінде 3 жыл, алдын ала тұрғын үй заемын пайдалану мерзімі аяқталған соң, шарттық соманың 50 пайызын жинап және онымен алдын ала тұрғын үй заемын жылына 3,5-5% мөлшерлемемен қайта қаржыландыруға мүмкіндігі бар. Екіншіден, маңызды мәселе, тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіне мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп отыр. Әрбір салымшымыз өз шотына 2010 жылы 280 мың теңге көлемінде қаражат жинайтын болса, сол жинағына мемлекеттен 56 000 теңге сыйлықақы төленеді. Айлық есептік көрсеткіш өскен сайын мемлекеттік сыйлықақының көлемі де артып отырады. Үшіншіден, жүйе қатысушыларына мемлекет тарапынан көрсетілетін тағы бір қомақты көмек – салықты жеңілдету. Банктің несиесін пайдаланған азаматтар үстеме ақысына жеке табыс салығын төлемейді. Ол үшін заем алушы жұмыс орнына банктен анықтама апаруы керек. Бұл да  клиент­те­рімізге көрсетіліп жатқан Үкіметтің қол­дауы. Төртіншіден, Банктің ең басты ерек­шелігі де осы, жүйе қатысушысы ай сайын, тұрақты түрде Банктегі өз шотына жарна сала отырып, нарықтағы  ең төмен 3,5-5 пайыздық сыйақымен заем алуға қол жеткізеді. Тағы бір ескеретін жайт, біздің Банктің салымшысы ай сайын тұрақты түрде өз есепшотына қаржы салу арқылы өзінің жинақтау қабілетін байқап, жинақтау мәдениетін қалыптастырып қана қоймайды, кейіннен заем алған кезеңде де ай сайынғы төлемді уақытында төлей алатынына сенімді болады. – Қаржылық дағдарыс кезінде көптеген екінші деңгейдегі банктер арқылы қаражат алған үлескерлер   алданды. Үкіметтің араласуымен ғана шиеленісті жағдай ретке түсіп келеді.   Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің қызметі  арнаулы бақылау органдары арқылы қадағалана ма? – Әрине! Қаржылық бақылау агенттігі, оған қоса біздің акционеріміз – “Самұрық-Қазына” ұлттық әл-ауқат қоры”  бүгінгі күні Банк жұмысын қадағалап отыр. Осы арада мына бір маңызды шараны атап өткен жөн. Дағдарыспен  байланысты заемшылардың төлем қабілетінің төмендеуінің себебімен банк 2009 жылы қайта құрылымдау бағдарламасын енгізген болатын. Үстіміздегі жылдың қаңтар айында клиенттердің өтініштерін ескере отырып, Банк аталған бағдарламаны  жетілдірді. Ендігі жерде меншігінде жалғыз   тұрғын үйі бар қарызгерді баспанасыз қалдырмаудың жолдары қарастырылатын болады. Яғни, мемлекет тарапынан қаржы институттарына сондай талап қойылып отыр. Мұндай қарызгерлер қайта құрылымдау бағдар­ламасына қатыса алады. Нақтылайтын болсам, аталған бағдарлама аясында жаңа төлем кестесін  түзу арқылы заемшылардың төлемеген қарыздарын белгілі мерзімге бөліп, жеңілдетіп құтылу мүмкіндігі жасалуда. Жалпы, уақытша қиындыққа тап болған заемшыларды Банк 2 топқа бөліп қарас­тыруда. Қайта құрылымдау   бағ­дар­ла­ма­сының бірінші санаты бойынша меншігінде жалғыз тұрғын үйі бар немесе жүктілікке, яки бала күтіміне байланысты табыссыз отырғандар, 1-2 топтағы мүгедек жандар қайта құрылымдау бағдарламасына қатысып, бес шарттың біреуін таңдай алады.  Екінші топ бойынша, Банкке өзінің табысы төмендегені немесе жұмыстан босауына байланысты құжаттар тапсырып, бағдарлама арқылы жеңілдіктерге қол жеткізуге болады. – Қайта құрылымдау бағдарламасы заемшылар үшін жасалынып жатқан банктің үлкен қолдауы мен көмегі екені аз айтылып жүрген жоқ. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің  мемлекеттік тұрғын үй бағдар­ламасын жүзеге асыратын негізгі оператор екені белгілі, нақты көрсеткіштерге тоқтала кетсеңіз... –  2005-2007 жылдары аталмыш бағдар­лама бойынша басқа да банктер де заемдар бере алатын. 2008-2010 жылғы Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы бойынша мемлекет “Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне” үлкен сенім артып, бізді негізгі оператор ретінде тағайындады. Сондықтан біздің көрсеткіштерге көз салсақ, банк ар­қылы  2005-2007 жылдары 2 600 адам 7 мил­лиард теңге көлемінде заем алды.   Мемлекет бізге қаражатты кейін бөлді, сондықтан  мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасын жүзеге асыруда 50 пайыз несиені өз тарапымыздан,  50 пайызын мемлекет ақшасынан беріп отырмыз. 2008-2010 жылғы бағдарлама арқылы бүгінге дейін банктен 20 миллиард  теңге көлемінде   5 600 адамға заем берілді. 2008-2010 жылдары осы бағдарлама бойынша бізге мемлекет 23,5 миллиард теңге қаражат бөл­ген, сол ақшаны түгелдей игеріп, бағдарлама қатысушыларына заем бердік.  Қазіргі таңда “Самұрық-Қазына” ұлттық әл-ауқат қоры” арқылы мемлекеттен  15 миллиардтай қаржы  бөлінуде. Қазіргі жағдайда бұл соманың 3 миллиард теңгесі  игерілді. – Қайта құрылымдау бағдарламасына қосып-аларыңыз бар ма? – Бүгінгі күні мәселе туындатып жатқан заемшылардың саны мыңнан асады. Бұл банктің кредиттік портфелінің 6 пайыздайы. Қазірге дейін осы бағдарлама бойынша 239 адам  банкпен қосымша шарт жасасты.  Кімдердің жеңілдіктерге ие болатынына жоғарыда тоқталып өттім. –  Аталған шара банктің кредиттік портфелінің, жеке капиталының жағдайын қиындатпай ма? – Бұл қадамдар банктің жеке капиталын төмендетеді-ақ. Біз Қаржылық бақылау агенттігінің талаптары бойынша провизия құруымыз қажет.  Бүгінгі күні 2 миллиардтай қаражат осы мақсатқа жұмсалып отыр. Алайда, заемшыларды қолдау екі жаққа да тиімді, қалай болғанда да, банк белгілі мерзімде өзінің қарыздарын қайтарады. Дағдарыстың алғашқы кезеңінде Банктің Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстық филиалының кейбір заемшылары   мемлекет кешірім жасар деген үмітпен алған заемдарын уақытында  қайтармауға жол берді. Тек Елбасының бір сөйлеген сөзінде “Азаматтар алған заемдарын қайтару керек” деген ескертпесінен кейін ғана қарызгерлер қимылдап, төлем жасай бастағанын байқап отырмыз. Дегенмен, қазірде елдің төлем жасау  қабілеті дұрыстала бастады. – Қарапайым елдің келешекте  “Тұрғын үй құрылыс жинақ банкімен” жұмыс істеу тиімділігі қандай? – Әу баста бұл банк жалақылары төмен немесе орташа адамдар үшін ашылған делінетін. Бұл сөздің шындығы бар. Мемлекеттік бағдарламамен қоса алғанда, біздің жүйеге қатысатын адамдар –қаражаты шектеулі жандар. Мәселен, жалақысы 40 мың теңге болатындар шарт жасасқанда кемі 250 теңгеге бізбен 3 жылға, яғни 36 айға шартқа отырса, өз есепшотына айына 6 мың теңге жарна жасауы керек. Кейін тұрмысы жақсарып, жалақысы көбейіп жатса – шарттық соманың көлемін, заемның мөлшері мен мерзімін ұлғайтуға болады.   Үш жыл деген өте шы­ғады. Адамдар жинақтау мәдениетін түсіне бастаса – біздің банкпен шарт жасасудың тиімділігіне көздері жетеді. Әркім өз келешегін жоспарлап үйренуі керек. Қазір кім кімге тегін қарасып, қарыз береді?! – Алдағы күнге арналған жоспарларды нақтырақ атауға бола ма? – Ең алдымен клиенттердің көңілінен шығуды көздейміз. Сұранысқа ие, бәсекеге қабілетті өнімдерді халыққа ұсынуды мақсат тұтамыз. Былтыр қыркүйек айында Банктің Директорлар кеңесі мақұлдаған 2015 жылға дейінгі Даму жоспарымыз бар. Жоспарға сай негізгі мақсатымыз – Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің қызметін пайдаланушылар санын арттыру, яғни салымшылар қатарын 600 мыңға дейін жеткізуіміз керек. Екіншісі, жеке капи­талдың тиімділігін 10 пайыздық деңгейге дейін көтеру. Оған қоса, банктегі халық салымдарының нарықтық үлесін 3,3 пайызға дейін ұлғайту қажет, бүгінгі көр­сеткіш 1,59 пайыз. Тұрғын үй құрылысы мен сатып алуға берілетін заемдар бойынша нарықтық үлесті 8,2 пайызға жеткіземіз деп отырмыз, бүгінге бұл көрсеткіш 6,5 пайыз. Агенттер арқылы жасалатын тұрғын үй құрылыс жинақтары туралы шарттар да 35 пайызға дейін жоғарылауы тиіс. Мәселен, банк 2003 жылы қызметіне кіріскен кезде   салымшылардың 35-40 пайызына жуығы  агенттер арқылы келген. Алайда, қаржылық дағдарысқа байланысты 2009-2010 жылдары агенттердің жұмыс нәтижесі нашарлады. Енді біз жаңа бағдарлама  арқылы агенттік жүйенің жұмысын жандандырсақ деп отырмыз. Даму жоспарында клиенттерге қызмет көрсету сапасын да 95 пайызға жақсарту керектігі жоспарланған. Көпшілікке қызмет көрсеткеннен кейін түрлі наразылықтар мен түсінбеушіліктер туындауы мүмкін. Сондықтан әрбір өтініш бойынша жеке жұмыс істелінеді. Замана ағымына сай,  банк қызметіне толығымен автоматтандыру жүйесін енгізу ісі де кезек күттірмейді. Оған қоса, банктің та­ны­мал­дылығын арттырудың да қажеттілігі бай­қалуда. Өйткені, қарапайым салым­шылар өздері жақсы білетін, сенетін банктерге бара­ды. Біз сенімді, тұрақты қаржылық жү­йе болып табылатынымызға елдің көзін жет­­кізіп, осыны іс жүзінде дәлелдеуге тиістіміз. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Айнаш ЕСАЛИ.