04 Тамыз, 2010

Туған жерге туыңды тік

2087 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
Биыл жылдағыдай емес, жауын-шашын мол түсті. Жұмадан бастап жауған жауын келер жұмаға дейін басылмаған апталар болды. Соған орай мал несібесі – көк қаулап шықты. Кейбір тұстарда тіпті ірі қара болмаса ұсақ малды жайып жіберсең көрінбей де қалады. Әне, қырға қарай біршама қой-ешкі өрмелей жайылып барады. Жиырма шақты ірі қара қырға шығып та алыпты. Мал деген қазақ үшін көз қуанышы ғой, шіркін! Анау бір қиын жылдары күнделікті тұрмыс үшін сойылып, еті сатылып кеткенде бұл дала құлаққа ұрған танадай құлазып қалған жоқ па? Содан ес тез жиылды, мал қайта құрала бастады. Қазір, Құдайға шүкір, бозала таңнан әр ауладан біраз қара-құра шығып, кешке өрістен оралады. Әдепхан да көкмайсаны кешіп, қырға көтеріліп келеді. Бұл үйден мана таң алакеуімде шығып кеткен. Күн әлі көтерілген жоқ. Көкжиек нарттай болып енді ғана қызарған. Бүгін күн ыситын шығар. Әйтсе де шық әлі кеппеген. Әр бұтаның басынан пыр етіп торғай ұшады. Неше түрлі құс әні қызыл-сары гүлі бар жасыл көрпе жамылып жатқан мына даланы ғажайып бір әуенге бөлейді. Таңғы шықтан балағы әбден су-су болған Әдекең жоғары қарады. Әнеки, осыдан біржарым жылдай бұрын өздері қайта көтерген атасының жаңа кесенесі жақын қалыпты. Таңғы сағыммен маңдайшасы мен есігін айналдыра өрген өрнекті кір­піштері айқын көрініп тұр. Әдекең әне-міне дегенше кесенеге келіп жетті. Алдыңғы күнгі нөсер күмбезді де, жерден едәуір биіктете көтерілген тұғырын да тап-таза етіп жуып өтіпті. Ол оң жақтан келіп тұғырдың жиегіне отырды. Көкмайсаға отыра кетпеді. Өйткені, нөсер жаңбыры бар, таңғы шық бар, малмандай су болудан жасқанды. Сәл-пәл демін басқан соң ішке кірді. Тізе басып отырып құран бағыштап, бетін сипады. Содан кейін сол отырған күйі: – Ассалаумағалейкүм, ата. Мен саған не қуанышта, не реніште келетінім өзіңе аян ғой. Аллаға шүкір, менің қуанышым мол. Адам қашан да ұрпағымен бақытты емес пе. Мен де алты ұл, төрт қыз өсіріп қатарға қостым. Бәрі де жоғары білімді, бәрі де үйлі-баранды. Қазақ ұрпағын саусақпен санамайды ғой, соған орай олардан тараған ұрпақтар да баршылық дейін де қояйын. Солардың ішінде үлкен шөпше­гіңіз Айбынның орны ерекше. Ол ауылда өскендіктен бе, әйтеуір сол ауылға байланысты мамандықты таңдады. Орта мектепті алтын белгімен бітіріп, Мәскеудегі жоғары оқу орнын аяқтады. Содан бері үлкен-үлкен қызметтер атқарып келеді. Қазір ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор. Мына кесенені көтеру үшін шеберлер мен қажетті құрылыс материал­дарын тапқан да осы ұрпағың. Қалған шөпшектерің де өз мамандықтарымен халқына қызмет етуде. Ал, жатқан жерің жәннатта, топырағың торқа болсын. Мен жүрейін, – деп орнынан тұрып етекке беттеді. Манағыдай емес, күн көк­жиектен көтеріліп қалыпты. Шынында да бүгінгі күннің ыстық болатын түрі бар. Күн көзі ащы-ақ. Әлден қуырып барады. “Бұлттан шыққан күн ащы” деген рас-ау өзі. *** Иә, бұл кесененің Әдепхан үшін мән-маңызы мүлде алабөтен. Атасы Жақыбай мен әкесінің ағасы Ерғали сонау зобалаң жылдары шекарадан өтердегі қызылдармен қақтығыста оққа ұшқан. Қай жерде беті жабылғанын кім білсін. Әйтеуір басына барып, құран бағыш­тайтын бейіттері жоқ. Қырыққа келмей зертең ауруынан көз жұмған, қатарынан озық туған от ауызды, орақ тілді айтыс ақыны – әкесі Төреханның мәйіті жат жерде қалды. Өзі де сол шекараның арғы бетінде дүниеге келген. Бірақ мына жер жәннаты – ата жұрт хақында да, атына да әбден қанық. Әуелі әкесінен, содан соң Шаруан әжесінен естіді, бір көрсем деп армандады. Әсіресе әжесінің Әулиеағаш десе аузынан суы құритын. Бұл жерді – Әулиеағашты да көрудің сәті Әдепханға 15 жасқа келгенде түсті. ...Иә, шекара ашылды дегенді естігенде Шығыс Түркістандағы Кеңес Одағынан әртүрлі тағдыр­мен жат жұрт асқан азаматтардан маза кетеді. Жақыбай әулетінің үлкені Шаруан бәйбіше күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан қалады. үлкен ұлы Нұрғалидың миын жейді. Нұрғали әкесі бірнеше тілде еркін сөйлеп, еркін жазатын сауатты кісі болса да, қаншама уақыт, қанша есікті тоздырып жүріп рұқсатты әрең алады. Бірақ Кеңес үкіметі тың игеруге қатыссын деген желеумен оларды Көкшетау облысына асырды. Сөйтіп туған жерге табаны тигенмен атамекені – Жаркент өңірі көзден бұл-бұл ұшты. Бұл 1955 жылдың мамыр айы болатын. Шаруан анадан тағы да маза кетті. Нұрғали әкесі жаз бойы жарғақ құлағы жастыққа тимей жүріп, тағы да рұқсат алды. Сөйтіп, Жақыбай әулетінің аяғы Әулиеағашқа – Панфилов ауда­нының бұрынғы Ленин атындағы колхозына сол жылдың 25 желтоқсанында тиді. Содан еш жерге қарайламастан, қыстың ызғарлы суығына да қарамастан тайлы-таяғына дейін қалмай Салпық аталарының кесенесіне, одан Әулиеағашқа келіп тәу еткен. Мауқы басылған соң келген іздерімен кері қайтқан. Жолда келе жатып қолтығынан демеген немересі Әдепханға Шаруан ана бұл Әулиеағаштың дәл қай кезден өсіп тұрғанын дөп басып айта алмайтынын, бірақ әкесі Төрехан­ның да, оның өзге бауырларының да, атасы Жақыбай бидің де, үлкен атасы Салпық бидің де, оның әкесі Ілештің де, Ілештің әкесі Туматайдың да осы Әулиеағаш төңірегінде дүниеге келгенін айтқан. “Сонда бұл ағаштың үш ғасырдай өсіп тұрғаны ма? – деп сұраған Әдепханға: “Одан әрі бір Құдай білсін, өзің есептеп көр”, – деген. – Мен осы ауылға келін болып түскенде, қасиетіңнен айналайын, Әулиеағашқа жан-жақтан ауырған, мертіккен, желік пайда болған адамдар мен бала көтермеген әйелдер, үлкен са­парларға, жорықтарға аттанатын ата-бабаларың арнайы келіп түнеп, дұға жасап Құдайдан ақ тілеу тілейтін. Бұл жарықтықтың түбінде шыланып жатқан дымқыл топырақты қотырға, сары жараға, көз ауруына жақса, құлан-таза айығып кетеді, – деп еді Шаруан анам деп Әдекең әлі күнге еске алады. ...Әдепхан 1959 жылы Жаркент қаласындағы Ы.Алтынсарин атындағы орта мектепті бітіріп, Алматы қаласына жол тартты. Ондағы Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық инсти­тутының өзі ұнататын физика-математика факультетіне құжат тапсырып, емтихандардан сүрін­бей өтті. Әрине, жоғары оқу орнына түсу бар да оны одан әрі жалғастырып алып кету бар, ойдағыдай бітіру бар. Әдепхан оқудың көбісін араб әрпімен оқып, жазды. Ал инс-титутта лекцияны өзі жүйрік әріппен ілесіп жазғанмен, қосым-ша оқу құралдары кириллица ғой. Алғашқы жылы соған қиналатын. Оның үстіне бұл мектепті есейіп барып бітірді. Курстастарының көбісі өзінен кемінде екі жас кіші. Намысқа тырысқан ол кітап­ханадан шықпайтын. Бос ауди-тория­ларға кіріп, лаборатория-ларда тәжірибе жасаудан жалықпайтын. Кейбіреулер секілді қызық қумады. Бос уақытында театрға барды, мұражай аралады. Сабағына қинала қалса, ретін тауып түсіндіріп жіберулерін өтініп, ұстаздарын да мазалаушы еді. Өз ісіне берілген мұғалімдері бас тартпайды, түсіндіріп бағады. Тіпті олар бұған іш тарта қарайтын. Өз институтында, ҚазМУ-де зиялылармен кездесу бола қалса біреуінен де қалмауға тырысатын. Солардың дуалы әңгімелерін тыңдап, дидарларын көруге құмартатын. Мұқаң, Сәбең, Ғабең, Мәлік, Қанекең, Баукең, Қасекең тәрізді ұлылармен кездесуде көппен бірге залда отырған бұл да олардың ғаламат әңгімелеріне қанығып сусындады. Бұл кездесу­лердің бұған пайдадан басқа зияны болған жоқ. Әсіресе болашақ мұғалім болғандықтан бұл да сөзді нота тергендей теріп сөйлеуді үйренді. Қысқы, жазғы демалыстарында ауылға тартады. Алматыдан Жаркентке дейін автобуспен жол ұзақ. Бірақ Әдепхан одан еш жалыққан емес. Әр сапарында осы жолмен алғаш рет келе жатқандай әсер алатын. Өйткені, жылдың әр маусымының өзіндік әсемдігі, өзіндік сұлулығы болады ғой. Әдепхан да зулап келе жатқан автобус терезесінен атамекен табиғатына тамсана да, қызыға да қараудан шаршаған емес. Әуелі көңілінде жатталып, кейін қағазға түскен жыл мезгілдері жайлы өлеңдері де осы әсерлерден туындаса керек. Ал, келген сайын Салпық атасы мен Әулиеағашқа бір соқпай кетпейтін, ата-бабасы табиғатын аялай отырып, мыңғырта мал өсірген, салт-дәстүрге бай той-томалақтарын думандата өткізген, әкесі Төрехан талай рет айтысқа түсіп, небір мен деген ақынды сөзден мүдірткен атамекен – Жаркент жерінен, Әулиеағаштан алар әсері мүлде ерекше еді. Содан көңілін өлең буды, жүрегін өлең толқытты. Ақыры отырды, сол өлеңдерді қағазға түсірді. “Әулиеағаш – атамекен” деп тақырып қойды. Сондағы осыдан 48 жыл бұрынғы өлең мынау еді. Бұл өңірге атақты Үлкенағаш,  ұлы ағаш, Қайың емес, тал емес, ол кәдімгі қара ағаш. Шыңтуайттап қарасаң, сол болмаса бұл аймақ, Қалатұғын сияқты көсе таудай жалаңаш. Өзі ме екен ол әлде, көзі ме екен бабамның, Өркен жайып өрбіген төзімі екен анамның. Кең дүниеге таралып, жатқан ұлы тамыры, Ой-қиялын өрбітер сезімі екен адамның. Өзеннің ол тыңдайды, ағысынан сыр қанша, Дала қалғып, оянар ұйқысынан тұрғанша. Жамыраған жан-жаққа оның үрім-бұтағы, Асығады далаға бір салтанат құрғанша. Заманының сырласы,  ғасырлардың құрдасы, Көлеңкесін жамылып, жатыр әне қыр басы. Ағаштардың өмірін күнтізбеге түсірсек, Басталады алдымен осы ағаштан жыл басы. Бұл алқапқа еркінше тамыр жайып таралған, Жеті қат жер астынан өміріне нәр алған. Өсіп-өніп ұрпағы ну орманға айналған, Бұл Үлкенағашта енді қандай бар арман. Саяжайым, мекенім, алтын тұғыр қорғаным, Талай ғасыр сырыңды, томдадың да толғадың. Немере мен шөбере, туажатқа толтырған, Ақсақалы ағаштың, берекесі орманның. Әдепхан Қазақтың Абай атын­дағы педагогикалық инсти­тутын бітіргеннен кейін ешқайда көңілі аумай, бірден елге тартқан. Сөйтіп, Көктал ауылындағы Абай атындағы орта мектепке физика-математика пәнінің мұғалімі болып орналасып, зейнетке шыққанша, одан кейін де сол мамандығымен еңбек етті. Әрине, өсіп келе жатқан өскелең ұрпақ­тың ой-түйсігі де өскелең келеді. Әдекең сол талаптан шығуға ты­рысып, шәкірттерінің сый-құр­метіне бөленді. Өзі бұл күндері жо­ғары санатты ұстаз, Қазақстан Рес­публикасы Халыққа білім беру үздігі. Панфилов ауданының құр­метті азаматы. Республиканың түп­­кір-түпкіріндегі кезінде өзі оқыт­қан шәкірттері қазір зейнет жа­сына жетсе де “ағайлап” теле­фон соғып, хат-хабар жазып жатады. *** Әжесі мен анасының басына барып құран бағыштаған Әдекең Әулиеағашқа келді. Бұл ағаштың қозыкөш жерді алып жатқан бөрікбасы жапырақ жайыпты. Таудан соққан сырбаз самалмен бұтақтары ырғалып, жапырақтары ән салады. Әр бұтаққа қонақтаған небір құстар әуені де жан жадыратады. Осы бір көрініске басы айналып ұзақ тұрған Әдепхан Төреханұлы едәуір ширығып, мынау әсерден айырылып қалмай тұрғанда үйге жетуге асықты. Ақкөл ОТАРБАЕВ, журналист. Алматы облысы.