Тамыз мәслихаты қарсаңында
Шығыс Қазақстан облысында “Жаппай сапалы білім беру шарты ретінде оқу үрдісін технологияландыру” қанатқақты жоба қорытындысы өтті. Экспериментке облыстың 11 мектебі қатысты. Оған қатысқан 203 сыныптың 172-сі оң динамиканы көрсетті. Үлгерім сапасы 135 сыныптарда 3,5%-дан 66,8%-ға дейінгі ауқымда артты.
Білім беру жүйесіндегі инновациялар – бұл мұғалімдердің классикалық оқыту-тәрбиелеу-дамыту педагогикалық ұстанымдарын сақтай отырып, уақытпен бірлесе жұмыс істеу шеберліктері. Қазақстанның қазіргі заманғы білімі, бәсекелестіктің инфокоммуникациялық технологияларды қаншалықты меңгергені және жаһандық интернет желісі жағдайында қашықтықтан өзара әрекеттесуге қаншалықты даяр екеніне байланысты болатын, планетарлық ойлай білетін адамдардың жаңа генерациясына бағытталуы тиіс. Бірақ, бұл даярлық бірден, бір уақытта туындай алмайды, ол мектептегі мұғалімдердің мыңдаған сабақ өткізулерінен жинақталады. Сондықтан қазіргі заманғы инновациялық сабақтың үлгісі деп, мұғалімдердің жинақталған мол әдістемелік тәжірибесінің интеграциясындағы ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы әлемдік және отандық жетістіктердің трансфертін қамтамасыз ететін сабақты айтуға болады.
Шығыс Қазақстан облысының мұғалімдері оқу жылының аяғында жаппай сапалы білім беру шарты ретінде оқу үрдісін технологияландыру бойынша “Парасат” Ұлттық ғылыми-технологиялық холдингі Ұлттық ақпараттандыру орталығының қанатқақты жобасын қорытындылай келе, өздерінің жаңа инновациялық тәсілдерді меңгеруге даяр екендігін көрсетті. Экспериментке облыстың 11 мектебінен 203 мұғалім, 2123 оқушы қатысты. Экспериментке қамтылған 203 сыныптың 172-і оң динамиканы көрсетті. Үлгерім сапасы 135 сыныптарда 3,5%-дан 66,8%-ға дейінгі ауқымда артты, олардың құрамында: 7 сыныпта үлгерім сапасы 40%-дан 50%-ға дейінгі ауқымда артты; 10 сыныпта – 30%-дан 39%-ға дейін; 20 сыныпта – 20%-дан 29%-ға дейін; 52 сыныпта – 10%-дан 19%-ға дейін; 45 сыныпта үлгерім 3%-дан 9 %-ға дейін жақсарды. Эксперименттік мектептердегі үлгерім сапасы орташа есеппен 10%-ға артты. Жоғары динамика ауыл мектептерінде болды: Крупская атындағы Глубокое орта мектебі (13%-ға) мен “Молодежный” кенті орта мектебі (12,8%-ға) артқанын көрсетті.
Бұл жобаның ерекше педагогикалық маңыздылығын қорытындылау, әкімшілік қорларының арқасында, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың қолдау көрсетуімен жүзеге асты, ол эксперимент нәтижелерімен, мұғалімдердің пікірлерімен, мұғалімдердің облыстық білім арттыру институтының әдіскерлерімен, ата-аналар мен мектеп оқушыларымен, сонымен бірге Қазақстан Республикасы және Ресей Федерациясының ғалым-педагогтарының пікірлерімен тікелей танысты. Менің ойымша, Шығыс Қазақстан облысы жетістіктерге адамдарды ұйымдастыратын, болжам жасай білетін осындай жетекшіге қол жеткізді. Оған мысал ретінде айтарым, әкімнің мектептерді модернизациялауға мұғалімдермен бірге аса қағылез, белсенді атсалысуы. “Қашықтықтан оқыту үрдісі ретінде әзірленген электрондық оқулықтардың мектептер үшін үлкен маңызы бар, – дейді Бердібек Машбекұлы. Әсіресе олар ауыл және шағын комплектілі мектептер үшін маңызды. Өкінішке қарай, шағын комплектілі мектептердің санының ең көбі біздің облысымызда: облыстағы 747 мектептің – 509-ы шағын комплектілі. Қазір осы мәселемен айналысудамыз, оларды біріктіру, оңтайлы ету жұмыстарын жүргізудеміз, бірақ бәрібір осы шағын комплектілі мектептер қала береді, өйткені біз елді мекендерді сақтап қалуымыз керек. Сондықтан бұл жерде, әрине, оқытудың жоғары сапасын қамтамасыз ететін кейс технология бойынша ұсынылған электрондық оқыту орынды.”
Тек серпінді жоба ғана емес, оның нәтижелерінің таныстырылым формасы да инновациялық сипат алады. Педагогтарға қазіргі заманғы компьютерлік технологияларды пайдалану арқылы Ұлттық ақпараттандыру орталығы дайындаған әдеттегідей емес, цифрлық баяндама ұсынылды. Бұл талдау нысанын жүйелі, көрнекі, қысқаша таныстыратын жоғары жетістік. Бұл бір баяндамашының монологы болған жоқ, керісінше ұйымдастырушылар, білім беру басшылары, әдіскерлер ғана емес, ата-аналар, мектеп оқушылары мен мұғалімдер қатысқан ірі дәлелдер негізімен берілген қанатқақты жобаның қорытындысының ұжымдық бағасы болды. Мұндай формадағы баяндама алғаш рет ұсынылып отыр, оның жаңалығы, қызығушы аудиторияның аумағын кеңейтуге мүмкіндік бере отырып, әрбір ұстазға жетуінде. Егер оны аудиторияда 200 адам талқыласа, дәл сол уақытта республика мектептерінің барлық педагогикалық ұжымына СД-де жетуі мүмкін. Сұрақтар, бағалы пікірлермен кері байланыс интернет арқылы қамтамасыз етілуі мүмкін. Алдымызда мұғалімдердің тамыз конференциясы келе жатыр, аталған тәжірибені білім беру жүйесінің басшылары іліп әкетеді деп ойлаймын. Жасыратыны жоқ, осы конференциялардың негізгі баяндамалары барлық ұстаздар қауымына жетпейді. Баяндамалардың негізгі қағидалары педагогикалық ұжым мекемелерінің жетекшілеріне көбінесе ауызша немесе тезис түрінде беріледі.
Цифрлық баяндамада мектептегі инновациялар ғылыми-педагогикалық ізденіске мұғалімдердің өздерін тарту жағдайында ғана мүмкін болатыны туралы өте маңызды пікір айтылды. Сондықтан Ұлттық ақпараттандыру орталығы ғылыми-педагогикалық идеялардан бастап, оны тәжірибеде жүзеге асыруға дейінгі электрондық оқытуды, мұғалімдермен бірге серпінді және жаппай енгізуді жүзеге асырады. Орталықта әзірленген электрондық оқулықтың ғылыми-педагогикалық негізі бар. Бұл дәстүрлі түсінігіміздегі оқулықтар емес, мектеп оқушыларын қашықтықтан оқыту үрдісі. Олардың әрқайсысын түрлі мамандардан құралған – дидакттар, әдіскерлер, пәндік білім саласының ғалымдары, программистер, дизайнерлер, суретшілер, кәсіби дикторлар сияқты авторлық ұжым дайындайды. Олардың бірлескен әрекеттері ХХІ ғасыр талаптарына жауап беретін жаңа буын оқулықтарын дайындауға, мұғалімдерге оқытудың жаңа парадигмасын меңгеруге, мектепте компьютерлік техника мен интерактивті тақтаны тиімді пайдалануға, сабақтарды жаңаша өткізуге мүмкіндік береді.
Осы таныстырылымға қатыса отырып, мұғалімдермен өнімді шығармашылық қатынас аурасын жасауға ене отырып, мен еліміздің болашағы – мектепте, осы мектептен түлеп ұшып, экономика мен қоғамды басқаратын адамдардың қолында екенін терең түсіндім. Бәсекелес мемлекет – ол бәсекелес мектеп, ол бәсекелес мұғалімдер!
Инновациялар мектептен, мұғалімдердің педагогикалық қызметінен бастау алады. Бірақ олар, педагог-ғалым-зерттеушілердің кіріктірілген әрекетінсіз кәсіби өсудің маңызды деңгейін жеңіп шыға алмайды. Мектептерге дәл осындай, Ұлттық ақпараттандыру орталығы мен Шығыс Қазақстан облысының білім басқармасының бастамасымен жасалған инновациялық жобалар қажет. Жобаны бастамас бұрын, экспериментке қатысушы әрбір мұғалімге күнтізбелік-тақырып жоспарланған әдістемелік нұсқаулар тапсырылды, тренингтік курстар өткізілді, олар эксперимент жүргізу барысында шебер-сыныптар, сабақ жоспарлары арқылы тәжірибе алмасты, электрондық оқулықтар алды. Бұл – тақырыпты жанды түрде түсіндіретін, әрі анимацияланған мультимедиалық түсініктемесі бар, оқушылардың оқу жетістіктеріне автоматтандырылған бақылау жасалатын, тағы бір маңыздысы – есептерді шығару тәсілдерін, грамматиклық және лексикалық ережелерді және басқа да маңызды дағдыларды меңгеруге болатын интерактивті тапсырмалар арқылы оқытудың ұйымдасқан ортасы. Айтқандай, бұл оқулықтарды 16 жылдан бері профессор Г.Нұрғалиеваның жетекшілігімен 50-ден астам авторлар ұжымы әзірлеп келеді. Инновациялар – бұл жаңа талаптар мен білім беру қызметтеріне сұраныс есебімен жаңартылған модернизацияланған тәжірибе. Бұл ұрпақтан ұрпаққа берілетін Ұлттық байлығымыз болып табылады. Сондықтан аяқталған қанатқақты жоба бұл – білім берудегі инновациялық электронды оқытуды белсенділікпен меңгеретін, Шығыс Қазақстан облысының эксперименттік сыныптарының озық мұғалімдері мен басқа облыс мұғалімдерінің әдістемелік тәжірибелерін пайдалану бойынша, электрондық оқулықтарды жаңартудың жаңа жұмысының басталуы.
Шығыс Қазақстан облысының мұғалімдері 2020 жылға дейінгі білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы жобасының негізгі 8 бағытының бірі болып көрсетілген электрондық оқытуды жүзеге асыруға кірісті. Аталған жоба электрондық оқытуды кейс технологиясымен іске асырады, мектеп оқушылары, әсіресе, ауыл мектептері үшін маңызды, мультимедиалық ақпараттарды көшіріп алу үшін интернетке қосылуды қажет етпейтін CD дискілерге жазылған электрондық оқулықтармен оқиды. Интербелсенділік пен қашықтықтан өзара әрекеттесу электрондық оқулықтардың өз бағдарламасында қарастырылған. Бұл электрондық оқытуды республикалық бюджетті жоспарлау барысында қарастыруды қажет ететін, өте маңызды кез. Порталдарға цифрлық білім беру қорларын орналастыруда, интернеттің өткізу қабілеті әлі де болса төменгі жағдайда қалып отырған шалғайдағы ауыл үшін емес, тек қала мектептерінің оқушылары үшін жағдай жасалған. Мұғалімдер атап өткендей, жобаны жүргізу барысында мектептердің техникалық базасының жеткіліксіздігі белгілі болды. Бастауыш сыныптарда компьютерлер жоқ. Олар қазақ, орыс және ағылшын тілдерінің мұғалімдері сабақ өткізетін мультимедиалық лингафон кабинеттеріне барады. Бұл кабинеттердің жұмысы тым артық екені түсінікті. Бастауыш сыныптарға интерактивті тақталар да жетіспейді, дегенмен бүгін саудада интерактивті тақтаның қызметін толығымен атқаратын, арзан интерактивті қосымша құралдардың көптеген түрлері пайда болды. Бастауыш мектептердің компьютерлік паркін құру қажет, өйткені дәл осы бастапқы мектеп жасында үйренетін материалдың көрнекілігі айрықша әсер етеді, әзірленген электрондық оқулықтарда осындай мол анимацияланған және интерактивті оқу материалдары бар.
Жалпы айтқанда, біз Қазақстанда “Электрондық оқулықтар” қолданбалы оқыту бағдарламасының шынайы нарығы туындаған жағдайға келдік. Шамасы, күн тәртібіне әрбір мектеп оқушысын пән бойынша электрондық оқулықтармен мемлекеттік тұрғыдан қамтамасыз ету туралы мәселе қоюға болады, дегенмен бүгінгі күні оқулықтармен тіпті мектептердің жабдықталуын қамтамасыз еткеніміз жақсы. Білім және ғылым министрлігінің мәліметтері бойынша, 90% мектептің білім беру мазмұны цифрлық форматқа көшірілді, алайда олармен республика мектептерінің 30%-ға жуығы ғана қамтамасыз етілген.
Жақын арада 7-8 жылда, Ресей ғалымдарының болжамы бойынша мектептер электрондық оқулықтарға көшеді. Бұл қағаз өндірісін дамыту қиындықтары мен ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың дамуымен және ең маңыздысы, мектеп оқушыларын ақпараттар мен білім алудың қазіргі заманғы аспаптарына бағдарлаумен байланысты. Міне, бүкіл әлемдік педагогикалық көпшілік электрондық оқытуға көңіл бөліп отырғаны осыдан. 2010 жылдың басында 39 мемлекеттің өкілдері дайындаған электрондық оқытудың әлемдік тәжірибесі туралы 2 бөлімді халықаралық электрондық кітап жарыққа шықты. Міне, осындай жайттардан біздің мұғалімдеріміз де тек хабардар болып қана қоймай, өзінің кәсіби біліктілігін көтеріп, сапалы білім беру жайын шығармашылық тұрғыдан жан-жақты ойластыруы тиіс.
Светлана ФЕРХО, Парламент Мәжілісінің депутаты.